Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«...Жердегі әмірші көктегі Құдайдың көлеңкесі емес»

2287
«...Жердегі  әмірші көктегі Құдайдың көлеңкесі емес» - e-history.kz
Биыл түркі топырағынан шыққан ұлы кемеңгер әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл.

Осыған байланысты ел президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  әл-Фарабидің   мерейтойына байланысыты  «Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып белгіленсін. Үкімет Әбу  Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспардың жобасын мемлекеттік  комиссияның қарауына 2019 жылғы 1 қазанға дейін енгізуді қамтамасыз етсін»  деп қаулы қабылдаған болатын. Анығында адамзаттың тарихы деген тұлғаның тарихы ғой. Рас, тұлғаның қадіріне жетпеген ел ұзаққа бара алмайды. Біз осы мақсатта белгілі кәсіпкер,  «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила мырзамен әл-Фарабидың идеясы  жайында біршама сөз өрбіткен едік. Бұл өткен сандағы сұхбаттың жалғасы. 


 Сұхбаттың басы: Біреулер байлықты бақыт деп есептейді...

- Жаңа сөз арасында әл-Фарабиге қатысты кітап жазып жатқаныңызды айтып қалдыңыз?

- Мен осы кітапты жазарда көп ойландым. Маған кеңес берушілердің көбі «Аха кітапты өте қарапайым, жеңіл тілмен жазыңыз, ондай болмағанда оны адамдар оқымайды, қазіргі заманда «клиптік ойлау» (клиповое мышление) орын алған, адамдар басын қатырғысы келмейді, тез жеңіл кітаптарды ғана оқиды» деумен болды.

Бірақ мен «Бүкіл қоғам жеңіл-желпі нәрсемен әуестеніп кетсе онда адамдар топастанып, тобырға айналады. Ал, біздің қазаққа ондай емес, күрделі кітап қажет. Осындай еңбек ғана ой өрісін жетілдіреді деген сенімдемін.  Несін жасырайын сондай кітапқа ниеттеніп отырмын. Осы кітапты оқыған оқырман  миға салмақ түсіретін маңызы мол ақпаратты қызыға оқиды деп үміттенемін.

Сондықтан қоғамның, адамның жеке басының дамуы, бақыт жайлы әңгіме қозғаған соң, әлемнің екінші ұстазы атанған, аты бүкіл әлемге мәшһүр ұлы ғұлама, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың еңбектеріне соқпай кетуді өзіме күнә санадым.

Әл-Фарабидің мұраты Ватиканның ұзын құрсауы жетпеген ғылыми кітаптарды  грек тілінен араб тіліне аудару, болашақ үшін сақтап қалу болды.  Аристотельдің және Платонның еңбектерін жүйеге келтірді.  Аристотель ғылыми ойлау жүйесін қалыптастарды. Бұл өз кезегінде діни наным сенімге мүлде қарама қайшы дүние-тұғын. Әл-Фараби да өзін қоршаған әлемді  танып білуде логикаға арқа сүйейді. Сөйтіп адамның парасатына сенеді.

Мен өзім өкінішке қарай Әл-Фараби еңбектерімен кейіннен ғана таныса бастадым.  Санамызды теледидар мен интернет жаулаған заманда кітап оқитын адамдар азайып бара жатыр ғой. Біз жастарға әл-Фараби бабамыздың еңбектерін берсем «Аға неге өте күрделі жазады, миым ашып кетті, түсіне алмаймын» деп шағымданады.  Бұндай  мәселе барлық ғалымдардың еңбектерінде бар. Өте жоғары деңгейге шығып кеткен ғалымдар халықтың бәрін өздерінің деңгейінде деп ұғады ғой, оларға өте қарапайым тілде сөйлеу, жазу мүлде қиын болып кететін секілді.

 

- Мәселен...

- Осыдан 10  жыл бұрын менің қолыма Брайсон Биллдің  «Краткая история почти всего на свете» атты кітабы түсті.  Жазушы  әлемге аты шыққан, Нобель сыйлығын алған атақты астрономия, физика, жаратылыстану ғалымдарымен сөйлесіп, табиғаттың тылсымын түсіндіріп берулерін өтінеді. Оларға үнемі «Енді осыны адам тілімен қайта айтып беріңізші, түк ұқпадым» деп жалынумен болады.  Кітап көлемді, сондай-ақ танымды дүниелері өте көп болып шыққан. Автор барынша қарапайым, жалпақ тілмен жазуға тырысқандай болыпты. Бірақ сол кітапты қанша адамға оқуға ұсындым, бәрі тым күрделі екен деп оқымай қойды..

Мен де Брайсн Биллдің ізімен ұлы ғалымның еңбегінің біраз бөліктерін қарапайым тілмен түсіндіруге талпынып көрейін.  Шын ниеттенген адамдар әрине, түпнұсқадан оқып, сусындағандары дұрыс болады ғой.

Ендігі сөзді әл-Фараби бабамыздың өзіне берейік.

«Адамзаттың асыл қазынасы ғылым жетістіктері мен азат ойды құтқару жұмысы. Адам тек қана ғылым дамыған мемлекетте өмір сүруі тиіс. Ал ғылымға, білімге  өнергі тосқауыл қоятын мемлекетті тастап кетіп қалуы керек! Адам тылсым күштердің құлы немесе құрбаны емес, керісінше өз тағдырының иегері.

Адамның өмірлік парызы жұмақта емес, осы өмірде жетілу, бақытты болу, ізгі қоғам құру.

Дүниені жаратуда Құдайды жоққа да шығара алмаймыз. Ол бірінші себепші ғана. Дүние өз табиғи заңдылықтарымын жаратылған. Химиялық, биологиялық, физиологиялық, физикалық. Философия бірінші кезекте болса, дін екінші кезекте. Жаратушы адамның әр ісіне араласпайды, жердегі әмірші, көктегі Құдайдың көлеңкесі емес».  Көрдіңіз бе қоғамның дамуының өз заңдылықтары бар Демек ізгілік қоғамда әміршіге қойылатын өзіндік талаптары бар. Фарабидің арманы ізгі қоғам. Ондай қоғамдарды құру ізгі адамдардың ғана қолынан келеді.

Маған ең көңіліме қонған еңбегінің бірі бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты» болды. Енді қалған еңбектерімен де тереңірек танысуға қалай да уақыт табуым керек деп шештім.  Әл-Фараби  қоғамды жүйе деп қабылдап, оны адамның денесімен салыстырады. Қайырымды қаланы әл-Фараби сау әрі мінсіз адам денесіне ұқсас дейді. 

«Сау ағза мүлтіксіз жұмыс істейді, бір-бірінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектесіп, септігін тигізеді.  Ағзаны басты мүшелері бас (ми) және жүрек басқарып, басқа мүшелерге бір істердің дұрыс және мезгілінде атқарылуын талап еткеніндей қала басшысы да төмендегілерден  талап етуі тиіс. Жүрек басқа ағзалардың бірігіп, белгілі бір жүйемен жұмыс істеуін ұйымдастырғаны секілді, қала басшылары да сол жүйені құрып, оның мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс.  Жүрек денеде орын алған кез-келген орынсыздықтың барлығы жойып отыратыны секілді, басшы да қалада орын алған әрбір келеңсіздіктерді жойып отыруы керек.

Қала басшысы алты түрлi қасиетке ие болуы керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы шарт. Осынша ізгі қасиет бір адамның басынан табыла беруі мүмкін болмаса, онда сондай қасиеттері бар алты адам бірігіп басқарсын (яғни парламенттік жүйені меңзеп отыр ғой).

Ізгі қала: Ізгілікті дана. Заңды бұзбауға тиіс. Ісімен де, сөзімен де үлгі болып, қала бақуатын ойлауы парыз. Егер бір адамның басынан табылмаса алты адам басқарсын.

Тұрғындары ешқашан бақытты болып көрмеген, әлі оған ұмтылудың не екенін білмеген қала болмаған қала» дейді. Өстіп, атақты ғұлама әділ де ізгі қоғам қандай болуы жайлы толғанған, оның алғы шарттарын жазып кеткен.

Осы трактаттың енді ең маңызды деген жерлерінен біраз үзінділер келтіріп кетейін:

«Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен қала  жетпек, ал кемелділіктің ең төмен дәрежесінде тұрған қоғам бұған әсте жете алмайды. Шынында игілік жаратылысынан сондай, оған адам өзінің қалауын және еркінше таңдауы арқылы жетуге болады (ал зұлымдыққа да адам қалауы мен таңдауы арқылы жетеді, сондықтан зұлымдық болып табылатын кейбір мақсатқа жетуге қала септігін тигізе алады), әрбір қала бақытқа жеткізу үшін қызмет ете алады. Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл жер жүзі осылайша қайырымды болмақ.

- Бұл бейне бір Аристотель мен Платон хакімдерден тамыздық алған  «мінсіз мемлекет» идеясын толыққанды жазып шыққан еңбек екен ғой.

- Ұлы ойшыл осылай бір ізгі қала құрау арқылы бүкіл жер жүзіне үлгі көрсетуді арманған.  Адамдардың санасы жетіліп, осындай ізгі қалалар мен қоғамдар құруға болады деп болжаған.  Адамдар кемелділік дәрежесіне жетіп толық мәніндегі қоғам құра алады деп оның сипатын да көрсетіп берген.

Міне, сондықтан да бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлегін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады. Осындай қауымның барлық мүшелерінің іс-әрекеті жиналып келгенде олардың әрқайсысына өмір сүру үшін және кемелділікке жету үшін керекті нәрсенің бәрін тауып беріп отырады. Сөйтіп ғана адамзат индивидтері көбейе түсіп, жер жүзіндегі әртүрлі мекендерге қоныс тепті, осының нәтижесінде әлеуметтік қоғам  пайда болды, ал бұлардың біреулері толық мәніндегі қоғамдар болса, екінші  толық емес мәніндегі қоғамдар.

Өкінішке қарай Қазақстан дәл қазір толық емес мәніндегі қоғам екендігін мойындауымызға тура келеді. Оған кінәліні сырттан емес, әр қоғам мүшесі, осыны айтып отырған мен және сұхбатты оқып отырған сіз, бүкіл қоғам мүшелері  өз басымыздан іздеп, түзетуге тырысқанда ғана толық мәніндегі қоғам құра аламыз.

- Енді осы екі қоғамның өзара ара жігін ашалап айтып берсеңіз?

- Әуелі толық емес мәніндегі қоғамдардың сипаты қандай болатыны білу үшін  ұлы ойшылдың өз еңбегіне үңілейік. «Қайырымды қала надан қалаға, өнегесіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы. Сондай-ақ мұндай қалаға жеке адамдар да осы қалалардың өкілдері де қарсы болмақ.

 Надан қала дегеніміз - ешқашан да бақытты көріп-білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіріп шықпаған тұрғындар қаласы. Олар мұны ешқашан бастан кешіріп те көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес. Игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы нәрселерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен, денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады.

Ал аса зор, толық бақыт барлық осы игіліктердің жиынтығы. Бақытсыздық атаулы – тәндегі дерт, кедейлік, ләззаттың жоқтығы, құштарлыққа салынудың мүмкін еместігі, сыйқұрметтің жоқтығы сияқты нәрселер осы игіліктерге қарсы тұрады» дейді.

Өкінішке қарай дәл қазіргі біздің қоғамда игілік деп байлық, ләззат, құштарлықа салыну мен даңқ сияқты нәрселер деп ұғатын замандастарымыз көбірек қой. Мойындайтын болсақ, біз қазір сол алдамшы нәрселерді қуалап, барған сайын наданданып бара жатырмыз.   Соның кеселенін бақытсыздық та бізді күн санап жайлап жатыр.  Ол неге, неден болды, ары қарай не болады деген сұраққа басымызды қатыруды да артық деп санаймыз.  Олай болғанда ұлы ойшыл айтқандай «ешқашан бақытты көріп білмеген, оған талпыну да ойына кіріп шықпаған» тұрғындарға айналып, ұрпағымыз да осы күйде кешетінін қаперімізге кірмей отыр.  Енді Надан қаланы: Ділгер қала, Пасықтық пен Бақытсыздық қаласы,  Даңғой қала, Мансапшыл қала, Құштар қала, Өнегесіз қала, Құбылмалы қала, Адасқан қала деген қалалардың сипаттамаларын беріп кетеді. Біздің қоғамда қандай сипаттар бар екенін енді өзіңіз сараптай беріңіз.

Надан қаланың өзі  бірнеше қалаға бөлінеді.

«Ділгер қаласы дегеніміз - сондай қала, оның тұрғындары тек ділгер заттармен ғана, яғни тәннің тіршілік етуіне керекті нәрселермен тағаммен, сусынмен, киіммен, тұрғын үймен, сұхбаттасумен және осыған жету үшін бір-біріне көмектесумен ғана шектелуге тырысады. Алыс-беріс қаласы дегеніміз - сол, оның тұрғындары дәулет пен байлыққа жету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады, бірақ бұл басқа бір нәрсеге жетудің құралы емес, күллі өмірінің мақсаты». Біздің дәл қазіргі өмірімізді сипаттап отырғанына келісесіз бе? Күн көрістің ғана қамымен өмір сүрап жатқан біз осы ділгер мен алыс беріс қаласын өз қолымызбен жасап жатырмыз ғой.

«Пасықтық пен бақытсыздық қаласы дегеніміз - сондай қала, оның тұрғындары тағамнан, ішімдіктен, сұхбаттасудан ләззат алуға тырысады, қысқасы - олар сезім мен қиялға әсер ететін ләззаттарға құштар келеді, қандай түрде болса да сауық құрып, сайран салуға құштар келеді».

 Қазіргі сіз бен біз өмір сүріп жатқан қалалардың өмірін бейне бір кинокамераға түсіріп, баяндап бергендей емес пе? Түнгі кафе мен ресторандар, теледидар мен интернет толған көңіл көтеретін жеңіл әндер, музыкалар, сайқымазақтар осы қаланың нақ өзі емес пе?

 «Ал, даңғой қала дегеніміз - сондай қала, оны мекендеушілер жұрттың сый-құрметіне бөленіп, мақтау алу үшін, өздері жайында басқа халықтар біліп, айта жүруі үшін, сөзбен де, іспен де мадақтап, дәріптеуі үшін, өздерін не жат көзіне, не бір-біріне сән-салтанатымен жарқырата көрсету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады,  мұның бәрін олар бұған қаншалық ынтызарлығына қарай немесе осы қаншалық қолынан келуіне қарай істейді». Бұл қала енді нағыз Қазақстанның қазіргі халін сипаттап тұр. Бітпейтін саммиттер мен жиналыстар, спорт жарыстары біздің әлемдегі ең даңғой «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» қоғамға айналғанымызды көрсетіп ақ тұр емес пе?

«Мансапшыл қала дегеніміз - сондай қала, оның тұрғындары өзгелерді өздеріне бағындыруға, ал өздері ешкімге де бағынбауға тырысады; олардың күш-жігері өздеріне жеңіс әперетін қуанышқа жетуге ғана жұмсалады». Бұл да біздің мансапқұмарлығымызды бейнелеп отыр ғой деп түсінемін.

«Құштар қала дегеніміз - сондай қала, оның тұрғындары әркім өз құштарлығын ешбір тежеусіз, өз қалауынша еркін істеу деп біліп, осыған ұмтылады. Надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас болады. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының құштарлықтары мен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді». Жоғарыда біз атап өткен нәрселердің бәрі - надан қала тұрғындарының кәсібі, мұны олардың өмірлік мақсаты деп санауға  әбден болады.

- Құдай-ау мынаның бәрі біздің қазіргі аумай қалған өз ақуалымыз ғой...

- Дәл солай. Біздің қалаларда салынып тасталған неше түрлі зәулім тойханалар мен үйлер құштар қаланың шын белгісі емес пе?

Құбылмалы қала дегеніміз - сондай қала, оның көзқарастары мен іс-әрекеті бұрын қайырымды қаланың көзқарастары мен іс-әрекеті сияқты болса да, кейін ол өзгеріп кеткен: санасына өзгеше идеялар ұялап, іс-әрекеті мүлде басқаша болған.

«Малым  жанымның, жаным арымның садағасы», «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген бабалардан қалған  көзқарасымыз қазір де аузымызда болғанымен іс жүзінде мүлде «алты бақан алауыз» қоғам құрып алдық қой. 

«Ал, адасқан қала дегеніміз - сол, оның ойынша, бақыт бұ дүниедегі өмірден кейін келмек. Бірақ оның түсінігі өзгеріп кеткен, сондықтан пейілі кең, құдіреті күшті Алла-Тағала туралы, екінші жаратындылар туралы және әрекетшіл парасат туралы оның түсініктерінің терістігі соншалық, бұлардың инабаттылыққа негіз болуы да, барлық зат біткеннің кейіпкері мен образдары ретінде қабылдануы да мүмкін емес.

Бұл қаланың бірінші басшысы іс жүзінде солай болмаса да, өзін Тәңірі көктен жебеген адам етіп көрсетушілердің санатына жатады және осы мақсатпен қиянат жасап, өтірік айтып, менмендік көрсетеді.

Бұл қалалардың әміршілері қайырымды қалалардың әміршілеріне қарама-қарсы; біреулерінің билігі екіншілерінің билігіне қарама-қарсы; бұлардың барлық адамдары жөнінде де осыны айту керек. Уақыт жағынан бірінен соң бірі келіп отыратын, қайырымды қалалардың әміршілері бейне біртұтас жан және бейне біртұтас мәңгілік ағза іспетті.

Сондай-ақ, егер зәуде бір қалада немесе көптеген қалада бір мезгілде бірнеше ағзам болатын болса, онда бұлардың бәрі қосылып, бейне біртұтас ағзам түрінде, ал бұлардың жандары бейне біртұтас жан ретінде көрінбек. Барлық басқа дәрежедегі қала тұрғындарының жайы да осындай: түрлі-түрлі заманда өмір сүріп, бірінен соң бірі дүниеге келіп отыратын бұл адамдардың бәрі бейне мәңгі жасайтын біртұтас жан іспетті. Сондай-ақ, егер дәрежесі бірдей бірнеше адам бір қалада немесе көптеген қалада бір мезгілде өмір сүрер болса, дәрежелері жағынан олардың не басшылық жасаушыларға, не қызмет көрсетушілерге жататындығына қарамастан, бүл адамдардың жандары бейне біртұтас жан тәрізді болмақ» дейді.

Біз өкінішке қарай қазіргі өмір сүріп жатқан қоғамымызда ұлы ойшыл сараптап берген надан қаланың барлық сипаты орын алғанын мойындауымыз керек. Осы еңбекті Отырарда туған біздің ұлы бабамыз, мына біз үшін жазып кетті емес пе? Неге 1150 жылдан соң  сол ұрпағы оянып, баба арманын іске асырмасқа? Ол үшін тұтас қазақ халқының ниеті мен бірлігі ғана керек қой. Мен шынайы, бабалар үнін еститін, өсиетін орындайтын уақыт келді деп есептеймін. Соны толыққанды орындайтын ізгі ұрпақ келіп,  қайырымды қоғам құра алмыз  деп үміттенемін.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет!     

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?