Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада «Түнгі Бозоққа саяхат» фестивалі өтті

1100
Астанада «Түнгі Бозоққа саяхат» фестивалі өтті - e-history.kz

Астана іргесіндегі Бозоқ археологиялық паркінде алғаш рет «Түнгі Бозоққа саяхат: алау аясындағы аңыздар» атты бірегей фестиваль болып өтті. 

«Фестивальдің мақсаты — жастарды тек кітаппен емес, ертең тарихқа айналатын бүгінгі күнмен тәрбиелеу», - дейді ұйымдастырушылар. «Бұл шара еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптеудің маңызды кезеңі болды. Іс-шараның негізгі мақсаты — материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, насихаттау және тарихи жадыны жандандыру. Бұл шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи-мәдени мұраны қазіргі заман талаптары тұрғысынан қайта пайымдау жөніндегі стратегиялық көзқарасымен сабақтасып отыр», - дейді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева.

Бірегей фестиваль археологиялық парк «Бозоқтың» оңтүстік кіріс порталы маңында, Үркер мен Қараөткел тұрғын алаптарының арасында өтті. Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ғалымдар, археологтар, этнологтар, шығармашылық интеллигенция өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тарих пәні мұғалімдері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, мәдениет қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай қатысушыларды Халықаралық музей күнімен құттықтап, тарихи жадтың ұлттық санадағы маңызын атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Гүлзейнеп Пазылова аталмыш фестивальдің ұлттық мұраны насихаттауға жаңаша серпін беретінін айтты. Сондай-ақ ол алдағы уақытта осындай осындай іс-шаралар мен археологиялық парктерді мәдени-ағартушылық кеңістік ретінде дамыту бастамаларына мемлекет тарапынан үздіксіз қолдау жасалатынын атап өтті. Ал Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл «Бозоқ» ұлттық паркі жобасының ғылыми маңызын тілге тиек етіп, археологиялық мұраны сақтау бағытындағы жүйелі тәсілдердің қажеттілігін айтты.

Археологиялық парк тарихында алғаш рет «Бозоқ» ескерткішінің алауы жағылды. Бұл рәсімге Есіл археологиялық экспедициясының қатысушылары мен К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Қалымжанқызы Хабдулина қатысты. Сонымен қатар, Бозоқ ескерткішінің қасиетті орын екендігі ескеріліп, еліміздің жетекші этнологтарының бірі Зұбайда Сұрағанова көне «Аластау»  рәсімін өткізді. 

Фестиваль соңында қасиетті от маңында ұйымдастырылған аңыздар түні болды. Бұл бөлімде археологтар мен тарихшылар келушілерге Ұлы даланың ұмытылмас мұралары мен аңыздарын айтып берді. 

«Бозоқ» музей-қорығы мен Роза Бағланова атындағы «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» Орталық концерт залы бірлесіп ұсынған «ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕР» концерттік бағдарламасында халықаралық байқаулардың лауреаттары, қазақ дәстүрлі вокал өнерінің шеберлері — Құмарбек Қалқатай, Дәрия Бекпенбет, Асқар Мұқият, Айзат Қарабек өнер көрсетті.

«Түнгі Бозоққа саяхат: Алау аясындағы аңыздар» фестивалі қатысушыларға терең тарихи сезім мен ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік берді.

«Көп іс-шаралар қаланың ішінде болады да қарапайым халық оны көре алмай жатады. Өйткені ол қаланың іші, көбі ақылы. Бізде барлығы тегін түрде, қаланың шетінде қарапайым халыққа демалыс үшін біз осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз», - дейді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлы.

Бүгінде Бозоқта ірі тарихи кешен құрылысы басталған. Болашақта бұл жерде дәстүрлі ойындар, атқа міну сабақтары мен тарихтан сыр шертетін түрлі қойылымдар көрсетілмек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?