Еліміздің өндірісінің барлық салаларының, тіпті біздің өмір-тіршілігіміздің сан-түрлі жағының химия өнеркәсібімен байланыстылығын күнделікті өмірден байқауымызға болатындығы даусыз нәрсе. Қазіргі кезде өндірістік процестердің, өндірістің күрделі өнімнің көпшілігі химияның өндіріске араласуынсыз өмірге келмейтіндігі белгілі жайт. Химия өнімдеріне деген сұраныс тек өндіріс саласында ғана емес, ол күнделікті тұрмыста да қажеттілік тауып үлкен сұранысқа ие болып, күннен-күнге өсіп отыр. Әлемдік жаһандану жағдайындағы, ғылыми-техникалық прогресстің дамуында химияның алатын рөлі зор. Химияны дамыту арқылы, әлемде табиғи шикізат қорларын үнемдеуге қол жетті. Мәселен, адамзат химиялық өнімдерді пайдалану арқылы қаншама, ағашты үнемдеп, тамырына балта шабудан аман алып қалғанынан ғана оның пайдалылығының біржағын көруге болады. Әрине, өндіріс қалдықтары мәселелері әлемді толғандырып, әлі-де соңына дейін шешілмеген күйі қалып отыр.
Химиялық процесстер өндіріс тиімділігіне өз әсерін тигізіп, оны одан әрі арттыра түсуде. Химия өнеркәсібі әлемдік өнеркәсіптің өнімнің 20 мыңнан аса түрін шығарады. Бұл өнімдер машина жасау, жеңіл өнеркәсіптерінде, медицинада, электрондық өндірісте кеңінен қолданылуда.
Қазақстан химия өнеркәсібін дамыту үшін қажетті шикізатқа бай республика болып табылады. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы біздің елімізде бар. 70 элементтің қоры барланып зерттелген. Ал, өндіріске 60-тан астам элемент тартылған. Бүгінгі күнге дейін минерал шикізатының 1225 түрі бар және 493 кен орыны белгілі.
Пайдалы қазындылар қорының көлемі жағынан Қазақстан ТМД елдерінің алдынғы қатарында күміс, хромит, қорғасын мен мырыш өндіруден бірінші орында, мұнай, көмір, мыс, никель мен фосфат шикізатын өндіруі бойынша — екінші, алтын өндіру жағынан үшінші орында тұр.
Қазақстанда мұнай мен газдың елеулі қоры бар, олар негізінен еліміздің батыс бөлігіне орналасқан. Мұнай өңдеу негізінде елімізде мұнайхимиясы саласы да дамуда. Жыл сайын мұнда 32 миллион тонна мұнай өндіріледі, сөйтіп бұлт жайт республикамызды әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына қояды.
Табиғаты бай, табиғи шикізаты мол, қазақ даласында химия өнеркәсібі алғы шарттары еліміз аумағында ежелден қалыптаса бастады. Қола дәуірде Қазақстан ен даласын мекендеген тайпалар әлемдегі алғашқы қола өндірушілердің бірі болды.
Б.з.д. ІІ ғ. Қытай мен Батыс Европа елдері аралығын қамтыған Ұлы Жібек жолының қалыптасуы әлем елдерінің арасында мәдени-ғылыми жетістіктермен алмасу процесіне түрткі болып, алхимияның одан әрі дамуына жағдай жасады.
VI-ХІІ ғғ. Түрік мәдениетінің шарықтап даму тұсында қазақ даласында өмір сүрген әлемге аты әйгілі Әл-Фараби, Әбу-Райхан Бируни, Ибн-Сина т.б., еңбектерінде химиялық заттардың қасиеті, қышқылдар мен тұздар, түрлі дәрі — дәрмектер алу жолдары, химиялық процестердің жүру барысы туралы көптеген жазбалар кездеседі.
Моңғолдар шапқыншылығы тұсында химиялық заттардың қасиетін анықтау, оларды соғыс ісіне пайдалану ісі, жолға қойылып, химия саласындағы жетістіктер кең түрде қолданысқа түсті.
Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы тұсында химиялық заттардың қасиеттерін анықтау көрші орналасқан Ресей, Қытай мемлекеттерін күшейтіп, отты қаруға ие болған, осы елдер сыртқы саясатта басымдыққа ие бола бастаған. Осыған орай, қазақ хандары Ресей, Қытай елдеріне елшіліктер жіберіп отты қаруға ие болу жолдарын қарастырған.
Ел ішіндегі тұрмыстық заттарды дайындап, түрлі қоспалар арқылы бояйтын шеберлердің, бақсы-балгерлер атадан қалған дәстүрді жалғастырып, дәрі-дәрмек жасау ісінде халықтық химия негіздері өз жалғасын тапты. Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына өтуі, орыс мәдениеті арқылы батыс мәдениетімен жалғасуы, шығыс мәдениетінен бастау алған химия ғылымның дамуына жағдай жасады.
Қазан төңкерісінен дейінгі кезеңде Қазақстан аумағында 1884 жылдан бастап, Ресей көпестері Иванов пен Савинков іргесін қалаған, Шымкент қаласында 80 адам жұмыс істеген, жылына 25–30 тонна сантонин өндірген шағын ғана сантонин зауыты, қарапайым ұсақ және жеке майдагер кәсіпорындар құрамындағы арнайы цехтар болған. Риддер кәсіпорынында кен өңдеу фабрикасында күкірт қышқылын шығаратын цех, Сарысу кен өңдеу фабрикасында таскөмір смоласын өндіруге арналған, смола айдау қондырғылары жұмыс жасаған [1. С.24].
Кеңес өкіметі жылдары республика аумағында химия өнеркәсібі негізі қалыптасып, оны дамытуға үлкен мүмкіншіліктер туып, қажетті жағдайлар жасала бастады. Елде лабораториялар мен зерттеу орындары ашылған. Алғашқы ашылған жоғарғы оқу орындарында химия пәні оқытылып, мамандар дайындала бастады. Бірінші бесжылдық жылдары (1928–1932 жж.) ғалымдардың күшімен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде химиялық шикізатың үлкен қорлары ашылды: Ақтөбе облысында фосфориттер мен хромиттер, Қызылорда облысының Арал ауданында табиғи натрий сульфаты, ас тұзы, Батыс және Орталық Қазақстанда әр түрлі минералдық тұздар, Қаратау сілемдерінде, өзінің қоры, сапасы және орналасу қабаттары жағынан көптеген белгілі кен орындарынан асып түсетін фосфориттер қоры табылды.
1932 жылдың өзінде-ақ еліміздің шыны зауыттарын шикізатпен жабдықтаған табиғи натрий кендерінің негізінде «Арал-сульфат» комбинаты ұйымдастырылды. Ақтөбе даласында Богдановск кен орны фосфориттерінің негізінде аз уақыттың ішінде химия зауыты салынды, бұл зауыт 1935 жылы фосфор тыңайтқышы — преципитаттың алғашқы тонналарын берді. Бұл сол кездегі минералдық тыңайтқыштардың шығаратын ірі зауыт болды.
1936 жылы Қаратау бассейнінде фосфориттер кен орындары ашылып, елімізде химия өндірісін одан әрі дамытуға өзіндік үлесін қосты. Осы негізде Шымкент химия-фармацевт зауыты қайта құрылып, өндірістік қуаты ұлғайтылды. Бұл зауыт 1940 жылы дәрі қоспаларының (препараттарының) 25-тей түрлерін жасап, химия-фармакология ісінің негізін қалады. Сонымен бірге республикамыз жоғарғы концентратты аммофос тыңайтқышы мен тиімділігі жоғары жем-шөп қоспасы ретінде, фтордан арылған фосфат алғаш өндірушілердің бірі болды. Осы жылдары Шымкент және Жамбыл қалаларында сары сульфат шығаратын зауыттардың салынуы, химия өндірісі саласында осы өнім өндірушілердің алдыңғы қатарына шығарды. ХХ-шы ғасырдың 80 — жылдары Қазақстанда фосфордың 90%, жем-шөп фосфатының 40% — ы, өнімнің 150 түрі өндірілген [2.С.61–62].
Сөйтіп, 1940 жылға қарай химия өнеркәсібі халық шаруашылығының бір саласы ретінде қалыптасып, отандық шикізаттық негізінде жұмыс жасай бастаған. Шикізат кендері зерттеліп, оны пайдалану, Москваның ұйғарымымен іске асырылып, химиялық шикізатты өңдейтін зауыттар салынса да, олардан өнім шығаратын өндіріс орындары көпшілігі Ресей жерінде салынды.
Республиканың бүкіл өнеркәсібінде сол кезде химия өнеркәсібі үлес салмағы 2,5%, ал саланың негізгі өнеркәсіптік-өндірістік қорлардың жалпы көлеміндегі үлесі — 2,9 болды. Осы кезден бастап химик — өндірісшілер мамандар қалыптасып, оларды дайындау ісі одан әрі жалғасты. Өнеркәсіпте істейтін барлық жұмысшылар құрамында, бұл саладағы жұмысшыларының үлес салмағы 1940 жылы 1,6% еді.
Ұлы Отан соғысы дамып келе жатқан саланың жұмысын қиындата түсті. Соғыс жылдары «Қаратау» тау-кен химия комбинаты салынды, ол 1944 жылы өнімнің алғашқы тонналарын берді. Қарағанды облысында синтетикалық каучук заводы салынып, 1943 жылы пайдалануға берілді. Сол кезде Қостанайда жасанды талшық өндіретін тәжірибелік — өнеркәсіптік қондырғы жұмыс істей бастады, кейін ол қазіргі заманғы зауыт болып өсіп жетілді. 1943 жылы дон хромиттер кен орындары негізінде жұмыс жасайттын, Ақтөбе ферросплав зауыты алғашқы қару-жарақ шығаруға өте қажетті өнімдерін шығара бастады[3]. 1943 жылы салына бастаған Гурьевтің мұнайды қайта өңдеу зауыты 1945 жылы-ақ жоғары сапалы бензин бере бастады.
Осыған орай, мұнайды игеруді арттыру мақсатында, 1946 жылы Қазақ КСР-і Ғылым академиясы құрылғаннан кейін-ақ, академик Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысымен Гурьев қаласында Орал-Ембі ғылыми -зерттеу базасы жасақталып, жұмыс істей бастады. База басшысы ретінде С.Қ.Қарымсақов тағайындалған[4].
Соғыстан кейінгі уақытта өлкеміздің табиғи байлығы игеріліп оны одан әрі дамытуға назар аударыла бастады. Соғыс жылдарында майданды жанар жағармаймен қамтамасыз еткен Атырау өлкесі мүмкіндігінің молдығы орталықтағы басшылар қатеріне іліксе керек. 1948 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша жылына 25 мың тонна спирт шығаратын химия зауытының бастады [5. 5-п].
Республика ғылыми орталықтарында болашақ зауыттың жұмыстарының ғылыми негізде ұйымдастырылуы жөнінде мәселелер күн тәртібіне қойылып қызу талқыланып, ғылыми бөлімшелердің негізгі шикізат базалары мен кәсіпорындарына жақын орналастырылуына назар аударылды. Мұндай шаралар еңбек өнімділігіне өзіндік жақсы әсер етіп, өлкенің ғылыми потенциалын көтеретіндігі басшыларды ойландырмай қоймады. Осындай мақсатта 1949 жылы Гурьев қаласында Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясының жұмысы ұйымдастырылды. Оның шешімдері болашақ Батыс Қазақстанның химия ғылымын дамытуға септігін тигізді. Сессия өз жұмысы барысында өлкеміздің шаруашылық өміріндегі көптеген маңызды мәселелерді талқылап, Қазақстанның батыс өңірінің өндіргіш күштерін одан әрі жетілдіріп, химия ғылымын дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. 1949 жылдан бастап Гурьев қаласындағы Орал-Ембі ғылыми — зерттеу базасында 7 сектор жұмыс істей бастаған.
Өндірістік ғылыми қажеттіктердің өсуі, жаңа мұнай кеніштері орындарында барлау, зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне орай, ғылыми — зерттеу базасының, база лабораторияларның жұмыс ауқымының өсуіне әсер етіп, қосымша ғылыми кадрлар тартуға мүмкіндік берді. Осыған орай, 1956 жылы Гурьев қаласындағы Орал — Ембі ғылыми — зерттеу базасы, Мұнай ғылыми — зерттеу институтына, көп ұзамай ол 1960 жылы Қазақстан мұнай химиясы және табиғи тұздар институты болып құрылды.
Мұнай кеніштерін барлау және зерттеу жұмыстарын одан әрі жандандыруға жете назар аударылып, осы жылы жоғарыдағы ғылыми мекемемен қатар, Қазақ КСР Ғылым академиясының геология және геофизика институты (КазНИГРИ) құрылды.
Ғылым академиясының ықпалымен өндіріс пен ғылымның байланысы өз жемісін бере бастады. Ақтөбе химия зауытын қайта құру жұмысы басталып, онда 50-жылдары күкірт қышқылын және суперфосфат өндіретін жаңа қуаттар іске қосылды. Қарағанды синтетикалық каучук зауытында ацетальдегид және сірке қышқылының негізгі өндіруші екі цехы пайдалануға берілді. «Қаратау» тау-кен химия комбинатының құрамында 1955 жылы «Шолақтау» руднигі, екі бөлімшесі (бункерлік және кептіру) бар ұсату-ұнтақтау фабрикасы, фосфорит ұнын жасайтын цех, әр түрлі қосалқы шаруашылық, күш беретін шағын станция болды.
Жамбыл қаласында суперфосфат зауыты салынды. 1950 жылы зауыт жұмысы жолға қойылып, жай суперфосфат өндіре бастады. 1956 жылдан бастап, Ақтөбе хром қосылыстар зауыты іске қосылып, жұмыс істей бастаған, бұл республиканың жоғары механикаландырылған және автоматтандырылған зауыттарының бірі болды.
Соғыстан кейінгі жылдары химия өнеркәсібі бөлімше құрылымы өркендеген салаға айналды. Химиялық өнімдердің басты түрлерінің саны айтарлықтай өсті.
1965 жылға қарай Қазақстанның химия өнеркәсібі республиканың өндірістік құрылымы жан -жақты дамыған жетекші салаларының біріне айналды.
Республиканың химия өнеркәсібінің дамуында 1965 жылдан 1975 жылға дейінгі уақыт, әсіресе, тоғызыншы бесжылдық, сапа жағынан ерекше кезең болды. Минералдық тыңайтқыштар өндіруді шапшаң арттыру үшін Қаратау фосфорит кенінде кен-руда кәсіпорындарын және оның негізінде химия кәсіпорындарын салу Қазақстанның үлкен химиясының екпінді құрылыстары деп жарияланды. 1964 жылы «Қаратау» кен-химия комбинатының байыту фабрикасында, Ақсай және Шолақтау рудниктерінде, республиканың өзге-де кәсіпорындарындарында жаңа қуаттар іске қосылды [6.С.491].
Қазақстанның оңтүстігі аса қысқа мерзім ішінде еліміздің сары фосфор және күрделі жоғары концентратты тыңайтқыштар жөніндегі базасына айналды. 1959 жылы Шымкентте гидролиз зауыты жұмыс істей бастады. 1963 жылы Шымкент шина жөндеу зауыты қатарға қосылды, Ақмолада, Қостанайда, Қарағандыда, Павлодарда шина өңдеу зауыттары салынды. 1966 жылы Гурьев химия зауытында этилен өндірісінің цехы жұмысқа кірісті [7.С.362].
60-жылдары химия өнеркәсібінің кәсіпорындарын басқа салаларымен, атап айтқанда кооперативтендіру кеңінен өркендеді. 1963 жылы Балхаш кен-металургия комбинатында және Шымкент қорғасын зауытында күкірт қышқылы цехтары іске қосылды. Қарағанды металургия зауытында коксхимия өндірісі өркендеді. Міне осының бәрі Қазақстанда үлкен химияның іргесін нығайтты.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары химия өнеркәсібі бұл көрсеткіштер дәрежесі бойынша республика өнеркәсібі салаларының ішінде 7-інші және 4-інші орын алды. Товар өнімінің 1 сомына шаққан шығын жылдан-жылға кеміді. Химия өнеркәсібінің құрылымы елеулі түрде өзгерді: тау-кен химия және негізгі химия сияқты салалардың үлесі артып, халықтың жан басына шаққанда химия өндірісінің өнімі үздіксіз өсті.
1966 жылдан бастап республикада сары фосфор өндірісі жолға қойылды және оның өнімімен жаңадан салынған Шымкент өндірістік бірлестігі «Фосфорда», Гурьев химия зауытында төменгі қысымдағы Қазақстан полиэтиленінің алғашқы тонналары өндірілді.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығының дамуы, астық және техникалық дақылдар түсімдерінің, мал шаруашылығының және басқа салалардың өнімділігінің онан әрі артуы жан-жақты химияландырмайынша мүмкін емес. Осыған байланысты ауыл шаруашылығына жыл сайын минералдық тыңайтқыштар жеткізу өсіру қажеттігі артып отыр.
Өткен ғасырдың 60-70-шы жылдарының өзінде-ақ бұл іс қолға алынып жақсы нәтиже бере бастаған. 80-шы жылдарының орта шенінен бастап еліміздің басқа өндірістік салалаымен қатар химия өнеркәсібінде тоқырау процестері басталды. Еліміздегі саяси процестер экономикаға өз әсерін тиізбей қоймады, байырғы қалыптасқан экономикалқ байланыстар үзілді. Нәтижесінде көптеген ірі-ірі кәсіпорындар экономикалық дағдарыстарға ұшырап, жалпы өнім мөлшерін азайтып, ал кейбіреуі өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.
КСРО-ның ыдырауына байланысты Қазақстан Республикасының қиын да, әрі жауапты іс, жаңа тәуелсіз еліміздің химия өндірісін қалыптастыру ісі басталды. Бұл жұмысты жолға қою республика басшылығына оңай бола қойған жоқ. Химия өндірісі саласын дамыту болашақтың ісі екендігі белгілі, оны қалыптастыру, оған жоғарғы қарқын беру еліміздің алдына қойған эконмикалық мақсаттарының бірі болып табылады. Химия өндірісінің әртүрлі салаларын жолға қою және дамыту ісі қолға алынып жалғасу үстінде.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 40–90 жылдары аралығында өлкемізде химия саласының негізі қаланып, оның түрлі салаларының дамуына жағдай жасалды. 1940 жылдан жобаланған химия зауыты құрылысы, 1966 жылы Атырау өлкесін алғашқы химия өнеркәсібі кәсіпорыны ретінде іске қосылды. Атырау өңірінде одақ көлемінде белгілі Химия және табиғи тұздар институты, Химия зауыты, Мұнай өңдеу зауыты салынып жұмыс жасады. Химия және табиғи тұздар институты пен зауыт көптеген жетістіктерге жетіп, мұнай химия саласын дамытуға өз үлесін қосты. Оның ішіндегі басты жетістік, ол Атырау өлкесінде мұнайды өңдейтін және оны ғылыми тұрғыдан зерттейтін кәсіпорын мен ғылыми зерттеу орнының пайда болуы мен дамуы және осы жылдарда өз байлығымызды игеретін мамандарымыздың пайда болуы болғандығы сөзсіз. Ол мамандарымыз қазір өндіріс пен ғылым саласынның әртүрлі кәсіпорындарында табысты еңбек етуде.
Әдебиеттер тізімі:
1. Симаков К. Очерк развития промышленности Казахстана. Издательство «Казахстан».А-А. 1970.
2. Кунаев Д. А. Советский Казахстан. Издательство «Казахстан» А-А. 1980.
3. Великая Отечественная война Советского Союза: Краткая история М., 1970. С.80. История Великая
Отечественной войны. Т.2. М.,1961.С.155; Книга памяти Казахстана. Алматы, 1995.С.385–386.
Масано в. Н. Э., Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.В., Алексеенко А.Н., Баратова Г. С. История Казахстана:
народы и культуры. Алматы, Издательство Дайк Пресс. 2001. С.307.
4. Институт химии нефти и природных солей АН Казахской ССР. Алма-ата. 1985.
5. Атырау Облысы Мемлекеттік мұрағаты (АОММ). 1171 қор. 3 тізім, 45-іс.
6. Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очеркі. Алма-ата. 1985.
7. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (Очерк). Алматы, Дәуір баспасы, 1994.
Турдалиев Ә.О., Турдалиев Қ.О., Жауымбаев А.А.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемелекеттік университеті