Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Абыз - Түркі текті қазақ халқының киелік дәстүрінің институты

29693

Алпысбес Махсат Алпысбесұлы

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі

Абыз деп әдетінде көпті көрген үлкен, ұзақ жасаған  қария, көп білетін адамды атаймызү Ерте уақыттарда есепші,  ақылман, сəуегей, көріпкел, жұлдызнамашы,  шешен, насихаткер тұлғаларды абыз дейтін болғанға ұқсайды. Дегенмен, абыз – ерекше түйсік,  сезгіш сана иесі, ал абыздық – дəстүр əрі білім  мектебі, рухани құндылық өзегіне айналған  ерекше құбылыс. Ол түркілік шамандық,  бақсылықтан жалғасқан. Абыз тұлғасы көне  тарих уағында қалыптасып жетілген.

Түркілік  кезеңнің дүниетанымы абыздардың мазмұны  мен атқарар қызметі аралас өнер үлгілері  мен туындылары арқылы дəріптелген. Абыздар тəңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп,  қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар  берген. Байырғы бақсылар табиғатқа жақын,  ал өмірі оның сырларына толы, үндес  болған. Күй атасы Қорқыт атанған абыз баба  Тұранды жайлаған түркi халықтарының  ой-санасында таза тəңірлік діннің өкілі  болғанымен, түркi халықтары ислам дінін  қабылдағаннан кейін, исламият əлеміне қоян- қолтық тікелей араласып кеткен.

Тəңірлік  ой-сана мен дүниетанымдағы өзгерістері  бейнеленген алғашқы тəңірлік-исламдық  маргиналдық сана табиғаты «Қорқыт ата»  кітабында байқалады. Қазақ тұрмысында  да абыздық ерекше əлеуметтік маңызға  ие болған. Түйе қазақ сахарасында көш  мақсатында пайдаланылса, бураны салт міну  дəстүрі тек абыздарға тəн болған. Абыздық  дəстүр шамандық лақабымен басқа да түркі- моңғол ұлыстарында бар. Абыздардың иесін  шақырған сарынын қазақ диуаналарының сөзімен салыстырғанда, мағыналық, бей- нелік үндестік көп. Қорқыттың өзі жəне  Қорқытқа дейінгі абыздар дүниетанымы таза  тəңірлік діннің жетекші өкілдері болғаны  тарихи шындық.

Қорқыт жырында Қорқыт  ата қаншалықты ислам дүниетанымында  болса да, тəңірлік таным көріністері əр жерде көрініс беріп жатады. Тыва, ұранқайлар  (ораңқайлар) бақсы, балгерлерінің фольклоры мен сарындық дəстүрінде олар  «қара суды теріс ағызған» жəне азар, арғыз  деп аталған. Олар шындығында да асқан  тəуіптік, көріпкел қасиетке ие болған.  Əдетінде абыздың қолында киелі аспап  – қобыз болған.

Абыз (~абыс~абуз) сөзі  шығыс түркі тілдерінде де бар. Татар мен  қалмақта абыз – ұстаз, мұғалім, мұсылман  дінін дəріптеуші. Абыздың қазақтың көшпелі  өмір тұрмысындағы əлеуметтік-рухани орны  аса маңызды болған. Абыз – ескі заманда оқымысты,  білгіш, көреген; сəуегей, балгер; шаман ді- ніндегі халықтардың молда, сопы, бақсы  сияқты адамдардың лауазымы; түркілердің у,  сиқырлық, магия мəніндегі ортақ ап түбірінен  өрбіген сөзі; түрік тілінде hafiz – Құранды түгел жатқа білетін адам; abit – құдайға  құлшылық ететін, бір құдайға сиынатын  адам; якут тілінде аба, абла, абыс, ап мағына  жағынан өте жақын ұғымдар; В. Радлов зерттеуінде: Абыс – ата, рухани көсем (священник) – делінеді. Бірақ абыз – араб сөзі емес,  көне түркі сөзі.

Бұл  сөздің де түптік морфемасы сол аба ұғымы.  Мысалы, абдыра – сандықтың үлкен түрі; аб- жылан – жыланның үлкені, айдаһар. Аба – үлкен, алып деген мағынаны білдіреді. Алтай төркіндес халықтарды біртекті етіп  көрсететін белгілер тіл генезисі мен оның  ерекшеліктерін қарастыруда байқалады.  Тілдің құрылымдық тұрғыдағы ең қарапайым  бөліктері фонемалар мен морфемалар екені  анық. Фонема тілдің ең кіші құрылымдық элементі жəне саны жағынан ең азы болғанымен  оның атқаратын қызметі көп, өйткені ол орны  жағынан сөздің басы, ортасы мен аяғында да  кездеседі. Ұғымдық аумағы жағынан морфе- ма үлкен болғанымен фонемаға тəуелді.

Фонема мен морфема мағына жағынан сөзден  кем болса да, олардың да дербес мағына жа- сайтын жерлері бар. Фонеманың ең алғашқы  əрі қарапайым түрі кəдімгі – а, е дыбыстары  болса керек. Жəне түркі халықтарының тіл  жүйесінде бұл екі дыбыс ауыспалы (мыса- лы, ана, ене) келеді. Кез келген халықта ең  басты мағынаға ие сөздер – ана, апа, ата, аға  сөздері емес пе?!

Осындағы – а түбір морфемасы алтайлық тілдер үшін ортақ. Көне  түркі тілінде – а түбір морфемасына – ға  жұрнағын жалғау арқылы аға сөзі жасалған.  Көне жазу ескерткіштерінде – аб сөзі аң ау- лау, аңды алдап торға түсіру мағынасын  білдіреді. Бұл ұғымдардың ара-жігін жақсы  танып-білу керек. Якут тілінде аб-а, ап-у  –тылсым, сиқыр, жадылау, арбау, бас айналдыру, сондай-ақ суда өсетін улы шөптің та- мыры, ащы дəм. Əуелгі дəуір аңшылары аң  аулауда магиялық тəсілдерге көп сүйенген,  сиқырлы-айлалы тəсіл қолданған.

Түркі тілдес халықтардың ортасында, жергілікті диалектілерде, шағатай деректерінде аба сөзі  аға, ата, əке, ұлы мағынасында белгілі. Яғни,  аба дегеніміз – үлкен адам, қасиет иесі, тұлға.  Баба – жасы ұлғайған, көпті көрген, кемеңгер  қария. Осы аға сөзінің бастапқы мағынасы  – туысқан адамдардың еркек жағынан жасы  үлкені. Енді аб, аба сөздерінен өрбіген абыз  ұғымының түп мағынасына этимологиялық  талдау арқылы дендеп көрейік.

Абыз сөзі де  осы аб, аба ұғымынан дамыған. Мұндағы –  ыз жұрнағы істеуші, жасаушы мағынасында  қолданылғандай. Аб – тылсым сиқыр, немесе  аба – үлкен. Абыз –тылсым күш иесі, сиқыр  істеуші, үлкендік жасаушы. Қазақта абақ де- ген ескі сөз бар, оның мағынасы: ұлы, аға  деген мəнді білдіреді. (Абақ керей = үлкен  керей, яғни негізгі керей тайпасы). Шыңғыс  ханның ұрпағынан Абақ хан деген төре та- рихта болған. Қазақта Абақ таңбасы бар.  Бұдан басқа ежелгі түркілерде абақ сөзі көне  космологиялық білім, түсініктермен байланысты болған. Ғұлама ғалым А. Машанидің  көрсетуінше (Машани Ж. Шаңырақ.  – А., 2008. – 236б. - 167 бетте), абақ де- ген сөздің негізі Ай мен Күн сияқты аспан  шырақтарының жерге түскен сəулесінің ізін  ұстау, қоршап, белгілеп сақтау. Абақ, абақты  сөзі содан шыққан дейді. Оның үлгісін ғалым  былай сипаттайды: абақтың алғашқы түрі  – құм толтырған сандықша (қобди) – соған  түскен аспан шырақтарының сəулесін құм  бетіне тас, бұршақ, құмалақ салып, немесе шыбық шаншып белгілейтін болған. Сол  құмның бетіне жер бетіндегі белгілерді, тауларды, өзендерді де таңбалайтын болған.  Жердің, Көктің картасын жасау соның не- гізінде шықты. Адам баласы əуелі уақытты,  одан кейін кеңістікті есепке алып игерген.  Бертін келе құмалақтарды жіпке тізіп, сол  бойынша жылжып отыру əдісі жасалған.  Ерте Тұрандықтар жеті хат көк шырақтарын  ат деп, əсіресе соның біріншісі Айды, онан  кейін Күнді атаған. Қазақта бар «Ат байла- дым Абаққа» деген сөз осы космогониялық  АБА60 аңыздардың сілемі. Абақ сөзінің мəнісі ең  арғы көне мəдениеттің бір белгісін сақтаған.  Ежелгі түркілер үшін Абақ (Аб+ақ =  Үлкен+ақ) сөзі Ғарыш мағынасын қамтыса  керек, əрі жұлдызнамалық есептің көне  түрі болған сынайлы. Ежелгі түркілердің  осы ғарышнамалық есеп ілімі кейін арабтар қабылдап дамытқан.

Арабтардан Еуропа  жұртына келген. Осы күні қазаққа үлкен ұстаз  болған А. Машани Абақ есебі ғылым тарихын- да аса зор орын алғанын, ол Тұраннан тарап  арабтарға жайылғанын, Леонардо Пизанский  (1175-1240) деген ортағасырлық итальяндық  оқымысты арабша есеп кітабын 1202-1228  жж. латыншаға аударып шығарғанын айтады.  Осы Пизалық Леонардо Фибоначчидің (итал.  Leonardo Pisano, Fibonacci) əкесі Боначчи  итальян саудагері болған. Ол Алжир, Мысыр  елдерінде сауда істерімен жүргенінде өзінің  баласын арабша мектепте оқытады. Леонар- до əкесінің арқасында математикадан терең  білім алып, оны Батысқа жайып арифмети- ка мен алгебрадан алғашқы оқулық жазған.  Еңбектерін Мұхамед бин Мус алгебрасынан алған. Сөйтіп Леонардо ортағасырда өз  уақытындағы батыс математиктерінің ірі  өкіліне айналған. Алгебра есептерін геоме- трияда қолданудың жолын арабтардан алып,  еуропалықтарға бірінші болып көрсетіп берген. Оның жазған кітабының өзі сол түркілік  абақ атын өзгертпей сақтаған. Ол мынадай  атақты үш кітап көшіріп жазған: «Абақ кітабы» («Liber Abaci», 1202), «Геометрия  тəжірибесі» («Practica Geometriae», 1220)  жəне «Төртбұрыш кітабы» («Liber quadrator- um», 1225).

Еуропалықтар бұл еңбектерді Декарт уақытына дейін қолданып əрі дамытқан  (XVII). Бұған дейін Еуропада алгебра оқулығы  болмаған. Леонардо көп уақыт Шығыс елдерінде тұрған. Мұнда түркілерге тəн қасиетті  тоғыз сан жəне сыфр (нөл) арқылы кез келген  санды жазуға болатыны айтылған. Қазақта  «Есеп білмеген – есек» деген сөз бар. Қазақ  халқы есеп ғылымын қатты қадірлегенін  көрсетеді. Абажа – аю аулауға құратын үлкен  тор, шарбақ, қақпан. Киіз үйдің үлкен қылып  жасалған шаңырағын, су тасуға арналған аса  үлкен күбіні абажа деп атайды. Өте үлкен,  икемсіз зор затты абажадай деп атайды. Зерттеуші А. Махмұдовтың түсіндіруінше, абжылан  – арбайтын, сиқырлы жылан. Үлкен су, өзен  – аб (Обь). Сібірде Абақан деген жер-су аты  бар. Үлкен сыртқы жамылғыш түріндегі ки- імді қазақта аба дейді. Абақ деп балық аулауда қолданылатын ау түрін жəне кəдімгі есеп  шотты атаған. Кейін осы сөздің түбірінен  абақты сөзі жасалған. Жынысы қорған,  қоршау, қаша түрінде біткен тауды аба деп  атайды. Ат байлап, жем салатын оттықты абақ  дейді. Сондықтан, семантикалық жағынан  аба сөзі сыртқы, сыртындағы, үлкен, кең  жəне пана мағынасын қамтитын ұғымды  сөз.

Аспан əлемін бейнелейтін аңыздар  қазақта көп сақталған. «Уызхан (Өгізхан  – Үркер)», «Ер Төстік», «Қозы Көрпеш-Баян  сұлу», «Алыптар ертегісі», «Құла мерген»,  «Бозайғыр» жəне тағы басқалары Шумер- ге ауысып барған ескі Тұран мəдениеті нышандарын сақтаған көне космологиялық  білімдердің əуез сарқыны.

Арабтар Тұранға VIII ғасырда  ғана аяқ басты. Бұған дейін тұрандықтардың  араб жеріне барғаны болмаса, араб Тұранға  келген емес. Орыста абыз ұғымы діни  мағынада немесе теріс сипатта қолданылады.  Мысалы, абыс м. ряз., тамб. мулла, татарский  поп; поганец, нечестивец, негодяй, неслух,  околотень, наглец. (Даль. Русс. Сл.). «Сыpты  абыз, іші желғабыз адам» деген сөз қазақта  бар. Біpеудің абызында болу деген мағынада  біреуге ырықты болуды білдіреді. Себебі ескі  заманаларда қазақта абыз ру басы болған,  ол рудың ақсақалы, үлкені болғандықтан,  абыз сөзі барлық үлкендіктің аты болып кеткен. Түркі тіліндегі шежіре сөзі арабтағы  шаджара сөзімен ұқсас болғанындай, абыз  сөзі де арабтың хафиз/сақтаушы сөзімен  үндес əрі мағыналас қалыптасқан. Абыз сөзі  осы тұрғыда қазақтың шежіреші сөзіне де  жақын.  

Қазақтың шежірелік сөзінде бұрын өткен  белгілі абыздар қатарында Қойлыбай абыз,  Нысан абыз, Құрманбай абыз, Сабырбай  абыз, Сары абыз, Ботан абыз, Қараман абыз,  Көшербай абыз, Мəстек (Құдайберген) абыз,  Дəнсат абыз, Өтеміс абыз, Байқонақ абыз,  Құрманбай абыз, Шаншар абыздар бар.  Шаншар абыздың баласы – Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жəнібек. Келдібектен – Асан,  Үсен, Бадана, Бөдене, Сəдібек, Қазыбек.  Қазыбек Келдібекұлы Қаз дауысты Қазыбек  би атанған. Өз елінен зорлық көріп, Шаншар  абыздың елін пана тұтып іздеп, Кіші жүзден  келген жолаушыларға Шаншар абыз айтқан  екен: ”Ер болып туған жігіттің өз кəсібі  өзінен, малдың өз нəсібі өзінен. Елден ел  кетсе жұт, елге ел қосылса құт. Дарияны еш- кімде жалап арам қылмас, отты ешкім үрлеп  өшіре алмас. Бұл айтқан сөздерің дұрыс,  қарсы отырып қабыл алдық. «Төскейде малымыз қосылсын, төсекте басымыз қосылсын”  деп құдалыққа келісім ишарасын білдіреді.  Бұның соңы, Келдібек Тоқмейілге үйленген.  Тоқмейіл ана Қазыбек, Сəдібек, Асан, Үсен,  Бөдене, Балапан есімді алты ұл туған. Қазақ  əдебиетінде абыз бейнесін суреттеген ақын- жазушылар көп. Еңлік-Кебек оқиғасын  баяндаған Шəкəрім: «ол кезде балгер болған  Нысан абыз, шын дəулескер бақсының өзі  нағыз. Жыны айта ма, кім білсін, шыны  айта ма, айтқаны келеді деп қылады аңыз»  – Нысан абыздың бейнесін анық көрсеткен.  «Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса – оны абыз дейді екен. Ол абыз, демек,  əуелде шаман дініндегілердің өз молдасы- на қоятын аты екен» (Абай).

«Ел ғайыптан  хабар алып, болашақты болжайтын деп та- бынатын ақылды, ойшыл, адал қария абыз  болған» (Шəкəрім). Мəшһүр Жүсіп жазып  алған «Бақсының сөзі» батасында атақты  абыз-əулие, əнбие, машайыхтардың аты ата- лады, соның ішінде Қаз дауысты Қазыбек  бидің есімі екі мəрте аталады: «Əуелі, Құдай,  сен оңда! Сен оңдасаң, біз мұнда! Тілеген  тілек жəне бер, қас бедеуге бала бер! Жақсы  Құдай, жай Құдай! Мырза Құдай, бай Құдай!  Əуелі Құдайым Көк жасаған, сонан кейін  Жер жасаған! Сыйынайын, бірінші, Құдай!  Екінші, сыйынамын, Мұхаммед! Біріңе біз  құл болдық, Біріңе – үмбет болдық. Үшінші  – төрт жар. Төртінші – сексен сегіз машайық.  Жүз жиырма төрт пайғамбар. Меккедегі  əулие. Мединедегі əулие. Хан Шыңғыс та  əулие! Қызылтаудың басында – Қыз əулие.  Баянауласында – Қоңыр əулие. Өгізтаудың  басында – Өгіз əулие. Қошқартаудың басын- да – Қошқар əулие! Таудағы бұланның, іштен  шыққан айдаһар жыланның, өлі десем, өлі  емес, тірі десем, тірі емес, атасы – Қорқыт  əулие! Уақ атасы – ер Көкше: ерлігінің бел- гісі – Садағына келген – сан кісі, мылтығына  келген – мың кісі! Сары, Баян, Сарша,  Өтеулі! Үш жүз өскен ат – Бəйгеге қосқан  Көрпебай, Арғын атасы – Қарақожа, ханда – Абылай, қарада – Қазыбек. Жалаң аяқ  – Əзиз, диуана пірім. Төртуылда – Торайғыр,  нағашысы – Тұрлыбек. Өзімнің нағашы атам  – жағалбайлы Түнқат, Қаракерей Қабанбай,  Қаз дауысты Қазыбек...», - дейді.  

Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік  жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған,  сөз сөйлесе – төгілген шешен, ой ойла- са – көріпкел көсем, халқының рухани  əлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен  тұяқ кемеңгер тұлға абыздық деңгейге жете  алған. Парсы Дарий патша: «баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір  дінде болуын қамтамасыз ету қажет» деген деседі. Абыздар осы міндетті атқарған.

 Абыздардың міндеті – қоғамды рухани  тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып  отыру. Тұрандық халықтардың – ертедегі  үйсін, ғұн елдерінің билік жүйесі көп саты- лы лауазым қабаттарында абыз лауазымы  болғаны тарихи деректемелерде айтылады.  Көне үйсін елінің басты шешім қабылдаушы  – Күн бидің əкімшілігі дұғлы – бас уəзір, бас  қолбасы, дарту – бас жасауыл, абыз – бас  бағам, ұлыс бегі, орда бегі, атқосшы сияқты  9 сатылы қабаттан, ғұндардың басты шешім  қабылдаушы – Тəңірқұттың басқару жүйесі –  24 əскери-əкімшілік шен мансаптары құраған.  Оның он екісі Тəңірқұттан төмен сол Білге  – сол қанаты шығыс жақта тұрады, оң қанаты  батыс жағында тəңірқұттан төмен оң Білге  бастаған тағы 12 шенді мансаптылар. Барлық  24 дəрежелі Тəңірқұттың шенділері өзіне  қарасты мыңбасы, жүзбасы, онбасы, кіші хан,  ақылман жасауыл, дувей, даңға, сақа қатарлы  мансаптыларды тағайындаған.

Жаңа жылдың  алғашқы айында ел басылары тəңірқұттың  ордасына жиналып, көктемгі құрбандық  шалған. Жаңа жылды көктемде атау – түркілік  рəсім. Ақылға сыйымды құбылыс. Тəңірқұт  дегені – Күн Ұлықтың бейнесі аспандай  Тəңір құты деген сөз. Мемлекет басқарудың  шен дəрежелі мансапты сатылары дəстүр  ретінде өзгеріссіз жалғасын тауып, абыздар  атқаратын тəңіршілдік дүниетаным негізінде  жаңғырған. Көне үйсін ұлысында 15 лауазымды ұлық ең биік мемлекет басқару орындарын меңгерген. Осы тұрандық ғұн, үйсін  əскери-əкімшілік шенді құрылымдарының  ортасында маңызды лауазым – бас ақылгөй  абыз, санаткер абыз, төреші абыздар болған.  Ақылгөй абыз – көріпкелдік өнер иесі,  қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай  тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз – есепші, жұлдызнамашы, табиғат  білгір, əртүрлі өнер атаулының, терең ғылым- білім иесі, бойына біткен өнердің күшімен  даму жолын танып біліп, елдің рухани  ұйытқысы болған, қалың қауымды саясат  маңына сүттей ұйытып отырған. «Ескі кездегі шамандарды абыз деп ру бастықтары, ру  ақсақалдары, бақсы-балгерлер мен қобызшы,  домбырашы, əншілердің барлығы да абыздардан өрбіген» (Қ. Жұбанов). Төреші абыз  – қоғамның əділет, құқ, заң, тəртіп, əлеумет  қарым-қатынасын реттеу əдеттерінен жөн  сілтеп, төрешілік еткен. Қазақтың атақты  билерінің түп-төркіні мен билік қызметі осы  абыздықтан бастау алған əдепкі құбылыс.  Абыз үшін қоғамның саяси-əлеуметтік  мүддесі шешуші əрі басты нəрсе саналған.  Ол үшін қоғамның рухани тұтастығын сақтау  маңызды. V-VIII ғғ. Түркі қағанаты заманында абыздық қызметін Тоныкөк, Қорқыт  ата атқарған. Тоныкөк қоғамның ақылгөй  көріпкелі болудың үстіне, Қытай мен Түрік  елі арасындағы идеологиялық күрестің дəл  ортасында қызу атсалысып, жау жақтың теріс ниет, аяр айла-тəсілінің шырмауына түсіп  қалмау жағына ескерту жасап отыруында көп  мағыналы сырлар жатыр. Əз Жəнібек заманында ханның абызы – Асан Қайғы. «Бұдан  соң қилы-қилы заман болар, заман азып,  заң тозып, жаман болар. Қарағайдың басына шортан шығып, балалардың өмірі тамам  болар», – деп ханға болжау айтқан ақылгөй  болған, қазақ қауымының келешегі туралы көріпкелдік пікірін толғаған. Отарлану  қасіретінен құтылудың жолы ретінде Желмаясына мініп жаңа қоныс іздеп, Жиделі-Байсынды жақсы қоныс деуі жай қиял емес еді.  

Тарихта Майқы би, Мөңке билердің атақ-даңқы аса әйгілі. Олар да өз кезінде ханның абызы болған тұлғалар. Асан қайғы абыздың дəстүрін жалғастырушы  Абылай хан заманының абызы Бұқар жырау.  Абылайдың абызы Бұқар жыраудан кейін,  хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі  отаршылдық қалыпқа түскен соң, қасиетті,  ақылгөй, өнерпаз, болжағыш, көріпкел абыз,  мыс., Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы,  Шортанбай Қанайұлы, Мəшһүр Жүсіптер  болғанымен олардың əз Жəнібегі, хан Абылайы болмады. Заман өзгеріп биігіне өрлей  алмаған дарынды қасиет иелері қайғылы ойға  тұншығып, арманда кетіп жатты, өмірден  өтіп жатты. Қазақ ғалымы М. Мырзахметұлы  «билік сатысында абыздың жауапты қызметін  атқарар көріпкел, тұла бойын өнер құдыреті  билеген, ұлттық идеологияның көрігін  жағатын абыздық лауазым» бүгінде де қажет  екенін ескертеді. Қазақ халқы қайта тұтас  ел болған соң, жаңа мемлекет құрған соң,  байырғы жақсы дəстүрлер уақыт өте келе заман талабына қарай жаңғыртылып қалпына  келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?