Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарын әлеуметтік қорғау

4622
Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарын  әлеуметтік қорғау - e-history.kz

КСРО ядролық стратегиялық объектісі болған бұл полигонда ядролық және термоядролық жарылыстар жасалып, соның әсерінен Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын адамдар азап шегіп, бірі мүгедек болып қалса, екіншісі, айықпас дертке шалдықты. 

40 жылға созылған бұл жарлыстардың зардабы ұшан-теңіз. Алғашқы сынақ ретінде жарылыс болған жерлерде қалдырылғандардың өмірі ұзаққа созылмады. Белгісіз ауруларға ұшырап, азаппен қайтыс болғандардың қатары көбейе түсті. Радиацияның кесірінен дүниеге келгендер генетикалық мутацияға (түрдің, кескін-кейіптің өзгеруі) ұшырады. Ғалымдардың пайымдауынша, әрбір мың дүниеге келетін баланың 48-і кемтар болып туған. Дүние есігін ашқан мың баланың 100-і тумай жатып шетінеді. Аяқ-қолсыз туғандар мен ақыл-есінің кем болғандардың, анемияға, аллергиялық, созылмалы ауруларға ұшырағандардың саны артты. Обырмен ауырғандардың да қатары өсті. Бұл қасірет әлі де өз зардабын тартқызуда. Сал, мешел, қолсыз, аяқсыз, таңдайсыз болып өмірге келу Семей аймағындағы тұрғындарға тән құбылысқа айналды. 

1992 жылғы 18 желтоқсанда Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Заң қабылданды. 21баптан тұратын бұл заңда ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтарды қорғау, оларға өтемдер, жеңілдiк беру, аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту жөніндегi шаралары айқындалды.
Заң бойынша ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың өз денсаулығы мен мүлкіне келтiрiлген зиянның орнын толтыртуға құқықтарын қамтамасыз ету мiндеттелінді. Ядролық сынақ жүргiзген кезде радиоактивтi шөгiндiлердiң әсерiне ұшыраған аумақтар эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай төтенше, ең жоғары, жоғары, ең төмен радиациялық қаупті, жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аймақтарға бөлiндi. 

Радиациялық қауiптi аймақта зардап шеккен азаматтардың қатарына 1949-1965 жылдар аралығында әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар болған кезде сол аймақта аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет атқарған азаматтар, сонымен қатар 1966-1990 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңiнде осы аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет атқарған азаматтар, 1949-1990 жылға дейiнгi аралықта жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет атқарған азаматтар жатқызылды. Ядролық сынақ апатына ұшырағандарға медициналық көмек ұйымдастырылып, дәргерлік тексеруден өткiзілді.

Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдар арнай түрде тіркеуге алынып, жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжаттар болып табылатын куәлiк берiлдi. Зардап шеккен азаматтарға берілетін жәрдемақы эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай белгіленді. Жоғары, ең төмен радиациялық қауіпті аймақ және жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақтағы аймақ бойынша төленетін біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері де нақтыланды. Ең бастысы, ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін біржолғы ақшалай өтемақы алу құқығын бірінші кезекте зейнеткерлік жасқа толған азаматтар пайдаланды. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтардың барлығына аймағына орай зейнетақыға белгілі есептік көрсеткіш бойынша үстемеақы төленді. Сонымен бірге әйелдерге, балаларға және жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына берілетін қосымша жеңілдіктер мен өтемдер белгіленді.

Егеменді болған еліміз жарты ғасырға жуық жерімізді бүлдіріп, ауамызды ластаған, азаматын ауру қылған бұл қасіреттен құтылуға белсене кірісті. Ядролық сынақ алаңы жабылысымен адамдардың, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және емдеу жолында ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау мәселесі қолға алынды. 1990 жылдың қаңтарынан офтальмологиялық орталық ашылып, аймақта жылдан-жылға көбейіп бара жатқан көз патологиясы, катаракта сияқты ауруларға ем көрсете бастады. 

Полигон уақытына жетпей босану, әлсіз, жарымжан баланы дүниеге әкелу, бедеулік, босанған әйелдер арасында психикалық ауруға ұшырау, анемиялық аурулар көбейген еді. Ананы қорғау орталығының ашылуы осы аурулардың алдын алу, оларды емдеу және толықтай сауығуына барлық жағдайларды жасау мәселесін де қолға алды. 

Семей қаласында ашылған халықтық және дәстүрден тыс медициналық орталық та аурудың алдын алу, диагностика, ауруларды емдеу, медициналық жәрдем және халықтың және ресми медициналық әдістері мен әртүрлі шипагерлікті үйлестіру негізінде жұмыс істеді. Сонымен қатар 1991 жылы ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Семей қаласында, филиалы Курчатов қаласында болатын радиациялық медицина және экологиялық институты құру туралы қаулысы шықты. Бұл институт бұрынғы Семей радиологиялық диспансері негізінде құрылып, өлкелік патологияға арналған иммун жетіспеушілігінің табиғатын зерттеуге байланысты барлық мәселелер кешенін ұйымдастыруды қолға алды. Институт 1949-1963 жылдары ауа мен жер бетіндегі ядролық жарылыстар кезінде аталған аудандарда тұрған халықтың денсаулығына ерекше назар аударды. 

1997 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Қазақстанның ядролық сынақтан зардап шеккен аймақтарына көмек көрсету туралы қарар қабылданды.

Смағұлова Светлана Одепқызы — Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?