
Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы қасірет. Осы бір алапат майданда қазақ жауынгерлері жау фашистпен қасық қаны қалғанша шайқасты. Бұған дәлел жетерлік. Мысалы, атақты британ журналисі, соғыс жылдары «Сандей таймс» («The Sunday Times») газеті мен ВВС радио компаниясында қызмет атқарған Александр Верт (1901-1969) өзінің естелігінде: «Сталинград шайқасында Қызыл Армияның ең ер жүрек жауынгерлері қазақтар болды» деп жазса, сол тұста «Красная звезда» газетінің майдан даласындағы тілшісі қызметін атқарған Илья Эренбург «Қазақтар» атты очеркінде: «Маған бір фриц былай деді: «Біздің қарсылас солдаттарымыз қорқынышты болды, оларды ешқандай от тоқтата алмайды, бізге тура жүгіреді. Олардың қазақтар екенін мен кейін естідім. Бұрын мұндай халықтың бар екенін де білмеген едім…» деген сөзін келтіреді.
Яғни әлемді қанға бөктірген екінші дүниежүзілік соғыста қазақтар ат аттандырып, сүйек сындырып ұлтымыздың бетіне шіркеу түсірмеді. Бұл үлкен абырой, зор мәртебе. Осындай қан майданда қазақтың атын асқақтатқан тұлғаның бірі – майдангер танкист-механик Мақсұт Қабылдин.
Жауынгер Мақсұт Қаймолдаұлы 1920жылы 5мамырда Павлодар облысындадүниеге келген екен. Марқұмның туғанына биыл 105 жыл толып отыр. Мақсұт аға дүние есігін ашқан ол заман – қазан төңкерісінен кейінгі ақ қашып, қызыл қуған һәм ақ патша тақтан құлап, жаңа мизамның заң-жарғысы қазақ даласына толық орныға қоймаған кез. Арада қазақ даласын жыландай жалмаған мешін жылдың (1931) ашығы мен өмір бойын жинаған мал-мүлкі иесіне пәле болып жабысқан «байталау» («кәнпескі») науқаны...
Осының бәрін көзімен көріп, көкірегіне түйген Мақсұт 20 жасқа толғанда Қызыл Армия қатарына шақырылады. Оған дейін біршама оқу-тоқудың басын қайырып, орысшаға жатылған жігіт 1940 жылы қазан айында Чита облысындағытанк дивизиясынан бірақ шығады.
Бұл жылдары Қызыл Армияның қауқары енді-енді бекіп келе жатқан тұс. Жас жауынгер Мақсұт әуелі БТ-2 («Быстроходные танк») танкісін тізгіндеді. Бұл техника 1931 жылы американдықтардың аналогы негізінде жасалған шынжыр табанды жүрісі жеңіл, сауыты жұқалау келген жарағы жарамсыздау қару.
Қазақтан шыққан алғашқы танкистердің бірі – Мақсұт Қабылдин армия қатарында міндетін атқарып жүріп, фашистік Германия Кеңес одағына соғыс жариялағанын естиді. Туған жерден шалғай, өскен елден жырақ жүрген жігітке бұл хабар оңай тимегені анық. Алда қандай заман боларын аңдап болмайды. Ауылда қалған ата-анасын қайта көре ме, көрмей ме, ол бір тәңірге аян...
Осындай аласапыранға толы соғыстың алғашқы айларында Читадағы танк дивизиясы батысқа көшіріледі. Қазақ танкисі ұзын эшелонға тиеп, үстіне сібірдің бал қарағайының бұта-бүргенін жауып жасырған танкілермен бірге Белоруссия майданынан бірақ шығады. Сөйтіп, 1941 жылдың 7 шілдесі күні тақымына тиген кеңестік жаңа Т-34 маркалы танкісін тізгіндеп Витебской облысының Орша (Ръша) қаласы маңында қан майданға кіреді.

Соғыстың алғашқы жылы кеңес жауынгерлері үшін сәтті болған жоқ. Қай тараптан болмасын Қызыл Армия шегіне соғысуға мәжбүр болды. Осы шегіністің нәтижесінде танкист М.Қабылдин дивизиясы шегіне-шегіне арқасын Мәскеуге тіреп тоқтады. Атақты қазақстандық 28 батырдың саяси жетекшісі В.К.Клочковтың «Отанмыз кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва...» деген тарихи сөзі осы күндері айтылса керек.
Тарихтан білеміз: 1941 жылдың желтоқсан айында атақты «Мәскеу үшін шайқас» басталды. Бұл орасан зор майдан болады. Немістер Кеңес одағының астанасының астаң-кестеңін шығару үшін қала маңына 74 дивизиясын (1,8 млн жауынгері бар) әкеліп төкті.
Бұған төтеп беру үшін Бас Командование бар күшін салды. Бұл оқиғаны терең білгісі келген адам дәл осы майданның бел ортасында болған қаһарман қазақ Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» деректі хикаятынан оқыса болады.
Сөздің төтесін айтсақ, 1941 жылдың аязды желтоқсан айында Қызыл Армияфашистерге қарсы басталған алапат шайқас бастады. Бұл айқасқа аты аңызға айналған Т-34 танкінің экипаж құрамында Қабылдинде қатысты. Осы жолғы қан майданнан тірі қалудың өзі үлкен олжа еді. Ең соңғы жанын шүберекке түйіп алға ұмтылған кеңестік жауынгерлер аппақ қардың үстіне фашистердің қызыл қанын төкті.
Осы майданда қазақстандық қосындар ерекше ерлік көрсетті. Астанаға тиіп тұрған Волоколам тас жолын 16-шы армия құрамында Алматы да жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы қорғады. Ақыры Қызыл Армия алғаш рет жаудың бетін қайтарды.
Сөйтіп, есін жиып, еңсесін көтерген кеңес әскері 1942 жылдың қаңтар айында жаппай шаубылға шығып, Вермах дивизияларын батысқа қарай ығыстырды. Осы қатарда Т-34 танкісін тақымдап Керекудің керемет жігіті Мақсұт Қаймолдаұлы да қасқа маңдайын танктің люкіне тіреп алып жортып бара жатты.
****
Арада бес-алты күн өткенде Мәскеу облысы Гжатскқаласы маңында қырғын шайқас болады. Қабылдин мінген танкі саптың алдында жаяу жауынгерлерге жол ашып келе жатқан еді. Неміс зеңбіректерінің ұңғысынан атылған топ-топ снарядтар танктың маңдай бетіндегі берік сауытқа соғылып, жан-жаққа жарықшақтана ұшуда. Бір сәт кідіруге болмайды. Бұйрық солай. Машинаның тар кабинасында танкінің жүргізу тұтқасын қысып ұстаған Мақсұт люктің айналмалы тетігінде орналасқан алақандай дүрбіден жан-жағын жіті шолуда...
Бір кезде жаймен жылжып келе жатқан танк солқ етіп тоқтады. Экипаж мүшелері бастабында не болғанын аңғармады. Танктың люкіне жапсарлас орналасқан темір сауыт майдай еріп, кабина ішіне отты түтін бөккенде барып білді. Жау зеңбірегінің оғы танктің талмау жері бөктер тұсына дөп тиген екен.
Танк жанып жатыр. Бұларға қарайтын ешкім жоқ, оқ пен оттың ортасында жанын шүберекке түйіп, алға ұмтылған жауынгерлердің ойы жауды жасқау. Өйткені, сен жауды өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Бұл соғыстың бұлжымас ақиқаты...
****
Арада үш күн өтеді. Жаудың бетін қайтарған қосындар тірісін түгендеп, өлісін жерлеу үшін азғана күн дамыл жасайды. Майдан даласында өлген жауынгерлер мүрдесін жинап, тізімге алып хаттап-шоттап келе жатқан арнайы топ күл талқаны шығып, майырылып қалған Т-34 танкісіне тоқтайды.
Люктен үңіліп қараса барлық экипаж мүшелері жансыз сұлқ жатыр. Оларды машинаның ішінен шығарып, жауынгерлердің мойына іліп алған медальонды ашып, сонда көрсетілген адрес бойынша қарақағаз (қазанама) жолдайды.
Мына қызыққа қараңыз, жерлеу тобы танкшілердің мәйітін тиеп жатып, бір жауынгердің шалажансар жаны барын байқайды. Дереу оны шұғыл түрде санчасқа жіберді. Бұл адам танктің механик-жүргізуші су ішерлігі бар керекулік қазақ Мақсұт Қабылдин екен. Яғни, осы 5 желтоқсан күні тағдырдың қалауымен Мақсұт көкеміз қайта «тіріледі». Бұл күнді майдангердің балалары мен немерелері әкесінің, атасының «қайта туған күні» ретінде жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған екен.
****
Осы орайда майдангердің баласы елімізге танымал мұнай саласының маманы Қайыргелді Қабылдин мырза республикалық «SPUTПIK Қазақстан» порталында жарияланған әкесі Мақсұт туралы естелігінде тағы бір қызық деректі келтіреді.
– Әкем майдандағы мынадай бір қызықты оқиғаны есіне жиі алатын, - дейді баласы Қайыргелді. – Бірде түнгі шайқас алдында оның бөлімшесіне пошта келген. Қазақстаннан жеткен конверттер мен газеттердің арасында Мақсұт Қабылдинге мұқият оралған сәлемдеме болған. Ашып қараса ауылдағы анасы майдандағы ұлына құрт пен кептірілген жылқы етін салып жіберіпті. Әкем сәлем-сауқатты дереу әріптестеріне үлестіріп беріп, ал хатты өзіне алып қалады. Оның анасы сол сәлемдемесімен-ақ барлық кеңес қорғаушыларына арнап: «Құрметті Отан қорғаушылар! Менің аналық тілегім – мықты болыңдар, күш-қуаттарың арта берсін, жауды жойып, аман-есен оралыңдар!» деп жазғандай әсер қалдырған. Сол түні жеңіс кеңестік бөлімшелер жағында болған. Ал батальон командирі Василий Беляев шайқастан кейін қарамағындағы қазақ солдатына қарата: "Көрдіңіз бе, қазақтың құртының дәмі мен күші де қару ретінде қажет. Қазақ батырлары өз Отанын жаудан батыл қорғады», депті.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, соғыста жаралған танкист Мақсұт ағамыз әскери госпитальда жатып ұзақ емделеді. 1943 жылы көктемде әскери саптық қызметкежарамсыз деп танылып туған жері Керекуге оралды. Елге келген соң қатардағы милиционерлік қызметтен бастап, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бұл салада үзбей 30 жыл қызмет атқарып, майор шенінде құрметті демалысқа шығады.

Осы аралықта «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталыпты. Майдангер соғыстан кейінгі өмірінде 10 баланың әкесі атанып, бақытты ғұмыр кешіп, 1988 жылы бақилық болған екен.
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей марқұмының балалары майдагер әкесінің ерлік ісін ұлықтау мақсатында жыл сайын 9 мамыр күні марқұм әкесінің туған жерінде «Мақсұт Қабылдин атында қазақ күресінен» турнир ұйымдастыруды әдетке айналдырыпты.