Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың тұңғыш банкирі Төребек Османов және оның балалары

832
Қазақтың тұңғыш банкирі Төребек Османов және оның балалары - e-history.kz

Төребек Османов 1893 жылдың 3 мамырында Сыр өңіріндегі Қызылқұмда, Қызылорда уезіне қарасты ауылда дүние есігін ашты. Ол өмірге келген отбасы – қарапайым мал шаруашылығымен айналысқан, көпбалалы, орташалау тұрмысты қазақ шаңырағы еді. Төребектің есімінен белгілі болатындай, шыққан тегі – төре. Ата-баба шежіресін түгендер болсақ, арғы бабасы Әбілхайыр ханға барып тіреледі. Өз атасы Жиенғазыдан үш ұл туады: Осман, Омар, Қожамқұл. Османның Асан, Төребек, Молдабек, Мәлік және Назым есімді үш ұлы, екі қызы болады.

Қайратты әкесі мен мейірбан анасы перзенттерінің ішінен зерек әрі білімге құштар Төребектің болашағына үмітпен қарады. Балалық шағы заманына сай қиындықтармен астасқанымен, білімге деген құштарлығы ерте байқалды. Ауылдастарынан алғашқы болып, Төребек орыс-түзем мектебінің табалдырығын аттайды. Бұл қазақ даласында орыс тілінде оқытатын алғашқы білім ордаларының бірі болатын. Жас баланың білімге деген құштарлығы мен табандылығы оны 1906 жылы мектепті үздік аяқтауға жеткізді. Бірақ Төребек үшін бұл тек бастамасы еді.

Оның балалық шағы – қазақ баласының отарлық кезеңдегі тағдырын, оқу-білімге ұмтылысының қандай қиын жолмен келгенін паш ететін тағылымды үлгі. Әке-шешесінің қарапайым тірлігінен шығып, қала мектебіне барып, одан әрі ірі білім ордаларын тәмамдап, елге қызмет ету – бұл Төребек Османовтың ғана емес, сол дәуірдегі қазақ зиялыларының ортақ жолы еді.

Қаражат тапшылығына қарамастан, білімге деген ынтасы мен ата-анасының сенімі арқасында ол Қызылорда қалалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1910 жылы сәтті тәмамдайды. Өз ортасындағы үздіктердің бірі болған бозбала одан кейін Ташкент мұғалімдер семинариясына қабылданып, 1914 жылы оны да толық курстан өтіп, халық мұғалімі дипломын алып шығады.

1914 жылдан 1916 жылға дейін Ташкент уезіндегі ауыл мектептерінде қарапайым халыққа білім нұрын шашқан ұстаз ретінде еңбек етті. Бірақ Төребектің тағдыры тек ұстаздықпен шектелмеді – ол сол кезеңде-ақ қаржылық сауаттылыққа ден қойып, несие-жинақ серіктестіктерінде есеп жүргізуші (счетовод) қызметін қоса атқарды.

Төребектің алғашқы еңбек жолы мен өмірлік ұстанымдары оның болашақтағы үлкен жолына негіз қалады. Қоғамның ауыр өткелдерінде, отарлық қысым мен аласапыран заманында ол өзін ұлтқа қызмет ету жолындағы азамат ретінде көрсете білді. Елге білім беру, халықтың қаржы сауатын арттыру, экономиканы ұйымдастыру – оның ғұмырлық мұратына айналды.

Төребек Османовтың қаржы саласындағы қызметі әлі патшалық Ресей тұсында, Қазан төңкерісіне дейін-ақ басталған болатын. 1916-1918 жылдар аралығында ол Ташкенттегі Мемлекеттік банктің бөлімшесінде шағын несие инспекциясы бойынша нұсқаушы-іс жүргізуші ретінде еңбек етті. Сонымен қатар, бухгалтердің көмекшісі қызметін де қатар атқарып, қаржы жүйесінің терең қыр-сырын меңгере бастайды.

Кейін, 1920 жылға дейін ол Түркістан Халық Комиссариатының қаржы бөлімінде шағын несие бойынша нұсқаушы ретінде жұмыс істеді. Бұл кезеңде ол қаржыдан бөлек, әлеуметтік салаға да араласа бастады – атап айтқанда, Перовск қаласындағы жұмысшы кооперативінің төрағасы болды.

XX ғасырдың 20-шы жылдары еліміз үшін ең қиын, ауыр кезеңдердің бірі болды. Ашаршылық, азамат соғысы, шаруашылық күйреуі – бәрі қатар жүрді. Осындай сын сағатта білімі мен еңбекқорлығын дәлелдей білген Төребек Османов ел басқару ісіне тартылып, бірқатар жауапты лауазымдарда қызмет атқарды.

1920-1921 жылдары Ақмешіт қаласындағы Халық Комиссариатының еңбек бөлімінде азық-түлік комиссарының ісін басқарды. Ал 1921-1922 жылдары тұтынушылар кооперациясы басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалып, елдің сауда-экономикалық қатынасын дамытуға үлес қосты.

Сол уақытта ол Қызылорда уездік атқару комитетінің мүшесі ретінде де қоғам өміріне белсене араласты. Сонымен қатар Перовск аудандық одағының төрағасы, әрі 1921-1922 жылдары «Қосшы» (Беднота) атты кедейлер одағының қалалық бөлімшесін басқарып, ауылдағы кедей бұқараның сөзін сөйлеп, мүддесін қорғады.

«Қосшы» одағы – Түркістан Компартиясының V съезінің шешімімен 1921 жылы құрылған ұйым. Оның басты мақсаты – ауылдағы әлеуметтік теңсіздікті жою, кедей шаруалардың саяси-құқықтық белсенділігін арттыру, жер бөлісін әділетті жүргізу және сауатсыздықпен күресу болды. Осы одақтың жұмысына жетекшілік еткен Төребек Османов ел ішіндегі әлеуметтік әділдікті орнатуға бар күш-жігерін жұмсады.

Ол ауыл-аумақтарда жерді кедейлерге әділ бөлуді, кулактарды әшкерелеуді, сайлау ұйымдастыруды, кооперативтік бірлестіктер құруды жолға қойды. Сонымен бірге халық арасында саяси-ағартушылық жұмыстарды жүргізіп, сауат ашуға ұйытқы болды.

1922 жылдың қыркүйегінен бастап Төребек Османов Ташкент қаласына шақырылып, Түркістан өлкелік тұтынушылар қоғамы одағы басқармасының мүшесі ретінде қызметін жалғастырды. Бұл – ел көлеміндегі ірі сауда-экономикалық құрылым болатын. 1924-1925 жылдары ол Түркістан өлкелік ауылшаруашылық кооперациясының (Турксельсоюз) басқарма мүшесі болды және осы уақытта Центросоюз кеңесіне де мүше ретінде енді.

Мұның бәрі – оның қаржы, сауда және кооперация саласындағы біліктілігінің, елге деген адалдығы мен еңбекқорлығының айғағы еді. Сол дәуірдің ауыр жағдайында халықты аштық пен жоқшылықтан аман алып қалуға, шаруашылықты қалыпқа келтіруге бел шеше кіріскен тұлғалардың бірі – осы Төребек Османов болатын.

Төребек және Фатима Османовалар

1924 жылы Төребек Османов коммунистік идеяларға сеніп, партия қатарына өтуді мақсат етеді. Ол партия қатарына кандидат ретінде қабылдау туралы өтініш жазып, 1925 жылдың 13 қаңтарында уездік комитеттің шешімімен кандидат ретінде тіркеледі. Ал арада екі жыл өткенде, 1927 жылдың 16 сәуірінде ресми түрде Коммунистік партияның толыққанды мүшесі болып қабылданады. Бұл сол дәуірдегі әрбір мемлекетшіл адамның мойнындағы жауапкершілікті одан әрі арттыра түскен болатын.

Оның партиялық көзқарасы, қаржы жүйесіндегі тәжірибесі мен ұлтқа деген адалдығы оны бірінен соң бірі ірі қызметтерге бастады. 1925 жылдың басында ол Қазақ облыстық ауылшаруашылық кооперациясы одағының басқарма төрағалығына тағайындалады. Бұл қызметті сол жылдың 5 қыркүйегіне дейін абыроймен атқарады.

Сол жылдың қазан айында оның тағдыры Қазақстандағы банк жүйесінің тарихымен тығыз тоғысады. Ол сол кездегі Өнеркәсіп банкі (кейінгі БанкТұранӘлем, қазіргі БТА банк) Қазақ бөлімшесінің басқарушысы болып тағайындалып, сол жылдың көктемінде астана Орынбордан Қызылордаға көшірілген тұста жаңа міндетпен жол тартады.

Батыс Қазақстан облысына Мемлекеттік банк бөлімшесінің басқарушысы ретінде тағайындалуы – Төребек Османовтың осы салада жинаған мол тәжірибесі мен кәсіби абыройының нәтижесі болатын. Бұл кезде оның Наркомтруд, Наркомфин, Потребкооперация, Промбанк, Госбанк және Сельхозбанк секілді алты бірдей қаржы құрылымында атқарған қызметі жоғары бағаланып, ол ауылшаруашылық және тұтынушылық кооперацияны ұйымдастырудың жетекші мамандарының бірі ретінде танылды.

1972 жылы ССРО Мемлекеттік банкінің 50 жылдығына арналған баяндамаларда Қазақстандағы несиелік жүйенің іргетасын қалаушылар қатарында Төребек Османовтың есімі ерекше атап өтілді. Бұл – ұмыт бола бастаған тұлғаның еңбегіне берілген ресми әрі тарихи әділ баға еді.

Батыс Қазақстанда 1,5 жылдай қызмет атқарған кезеңінде Османов басқарған облыстық бөлімше республикадағы үздік филиалдардың біріне айналды. Аудандық бөлімшелерде, колхоздар мен МТС-терде (машина-трактор станциялары) жаңа мәдени-қаржылық қызмет көрсету үлгілері енгізілді. Жылдық есептерді дұрыс құрастыру, халықты банк жүйесіне тарту, есепшоттарға қаражат салымын көбейту секілді алдыңғы қатарлы тәжірибелер осы өңірде алғаш қолданылды.

Бұл жетістіктер тікелей колхоздармен, дайындау мекемелерімен және жергілікті халықпен белсенді жұмыстың жемісі еді. Облыстағы қаржы құрылымдарының шынайы жағдайын анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесінде әр субъектінің нақты экономикалық жағдайы бағаланып, даму жолдары белгіленді. Осындай істері үшін Османов бірнеше мәрте марапатқа ұсынылды.

1936 жылы 20 маусымда ол Алматыға – Қазақ өлкелік Мемлекеттік банк басқармасына шақырылып, 20 шілдеден бастап басқарушының орынбасары қызметіне кіріседі. Бұл лауазымда ол 1937 жылдың 16 шілдесіне дейін еңбек етті.

Қанша жауапты қызмет атқарғанымен, Төребек Османов қоғам өмірінен ешқашан шет қалған емес. Әсіресе кооперативтік қозғалыстың алғашқы жылдарында ол «Қамқор» (орысша: «Забота») атты кооперативтік журналдың бас редакторы әрі бастамашысы болды. Бұл журнал – Түркістан өлкесіндегі қазақтардың ауылшаруашылық-кредиттік одағының органы еді. Ол кооперативтік ұйымдардың мәні, құрылу жолдары мен міндеттерін ауыл қазақтарына түсіндіру мақсатын көздеді. 1925 жылы Ташкентте журналдың алғашқы 55 беттік екі нөмірі қазақ тілінде 1000 дана таралыммен жарық көрді.

Журналдың тек редакторы ғана емес, белсенді авторы болған Османов 8 мақала жариялады. Олар, мысалы: «Қарақалпақ автономиялық ауылшаруашылық кооперацияларының міндеттері», «Түркістан қазақтарының кооперативтік мүдделері», «Одақ ісі», «Кредит пен баланстың түрлері» секілді салалық әрі ағартушылық бағыттағы дүниелер болатын.

Төребек Османов ел ішіндегі саяси-ағартушылық жұмысқа да белсене араласқан. Ол ЦИК ұяшығының саяси мектебін басқарды, Орта Азия университеті жанындағы малшылар курстарында кооперация бойынша дәріс оқыды. Сонымен қатар, Түркістан Халық Комиссариатының уәкілі ретінде Түркістан бонын (жергілікті ақша бірлігі) айналымнан шығару ісін басқарды. Мал шаруашылығын кооперациялау жобасы аясында Орта Азия ЭКОС комиссиясының құрамында болды.

1926 жылы ол кооперациялық ұйымдардың құрылтай съезін ұйымдастыратын комиссия мүшесі болып бекітілді. Сондай-ақ, қазақ даласындағы джут (малға жайылым тапшы кезең) мәселесіне қарсы комиссия құрамында жұмыс істеп, Голощекин, Жангелдин, Жандосов сынды көрнекті қайраткерлермен иық тірестіре қызмет атқарды.

Қызылорда астана болған тұста оның экономикалық әлеуетін күшейту үшін ұйымдастырылған алғашқы жәрмеңкенің төрағалығына да Османов тағайындалған болатын. Мұндай істер оның ел мүддесін бәрінен жоғары қоя білген тұлға екендігін көрсетеді.

Төребек Османов республикалық деңгейде де танылған қайраткер болатын. Ол Бүкілқазақ советтерінің VI съезінде ҚазОАК мүшесі болып сайланды, бірнеше рет губерниялық және өлкелік съездердің делегаты болды. Экономикалық, кооперативтік, кәсіподақ мәселелеріне қатысты түрлі конференцияларда негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйлеген. Сонымен бірге, ауылдық кеңестерді қайта сайлау кезінде уәкіл болып, халықпен тікелей жұмыс істеген.

Оның бастамасымен құрылған қаржылық-кооперативтік «Игiлiк» одағы да халықты қаржылық сауаттылыққа баулу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

1931 жылы Алматыда ССРО Мемлекеттік банкінің есеп-экономикалық техникумын ашуға мұрындық болуы – оның Қазақстандағы банк кадрларын даярлау ісіне қосқан өлшеусіз үлесі.

Төребек Османов – тек қаржы саласының емес, тұтас бір ұлттың жаңғыруына үлес қосқан, өз дәуірінен озық туған дара тұлға. Ол – ағартушы, қаржыгер, қоғам қайраткері әрі идеялық күрескер. Оның өмір жолы – ел үшін жан қиған ерлердің тағдыры ғана емес, тарихтың өзі сөйлейтін тағылымды шежіре.

Төребектің жары – Фатима Османова 1906 жылы туған, қазақтың қайсар мінезді, ұлтшыл қыздарының бірі еді. Екеуінің отбасында үш қыз өсіп келе жатқан: үлкені – Айткүл, ортаншысы – Лаура, кенжесі – Зарима. Үй ішіндегі жылылық, балалар күлкісі мен елге қызмет етудің асқақ рухы бір сәтте быт-шыт болып, 1937 жылғы қуғын-сүргіннің қара бұлты шаңырақты басып қалды.

Османовтың туған інісі Молдабек те батыр рухты азамат болатын. 1901 жылы туған ол Совет-герман соғысы жылдарында барлаушы ретінде алғы шепте шайқасып, 1943 жылы Украинадағы Сумы облысында майдан даласында ерлікпен қаза тапты.

1930 жылдардың ортасында Совет Одағының ішкі саясаты күрт өзгеріп, «халық жауы» ұғымы – қарапайым ел азаматтарының маңдайына басылған тажал таңбасына айналды. Осындай әділетсіздіктің құрбаны болған Төребек Османовқа ауыр айыптар тағылды. Оны Совет үкіметіне қарсы «оңшыл ұлтшыл ұйымның» мүшесі, «Госбанк жүйесіндегі диверсиялық, зиянкестік, террорлық әрекеттерді ұйымдастырушы», тіпті «Жапонияның ықпалындағы буржуазиялық-демократиялық мемлекетті орнатуды көксеген адам» ретінде сипаттады.

Сонымен қатар ол 1930 жылдары Қызылқұм өңірінде болған бай-кулак көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі ретінде де қараланды. Бұл айыптар толығымен қолдан құрастырылған, ешқандай дәлелсіз, құр қиялдан туған саяси жала болатын.

1937 жылдың 4 қазанында ССРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының көшпелі сессиясы Төребек Османовты РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының бірнеше тармағы бойынша кінәлі деп танып, ату жазасына кеседі. Сол күні-ақ Орталық Атқару Комитетінің шешімімен үкім дереу орындалды.

Изображение выглядит как Человеческое лицо, одежда, человек, портрет

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.
Арыстың соңғы суреті

Қазақтың тұңғыш банкирінің өмірі, осылайша, бір сәтте қиылып, тарихтағы қанды тізімге ілінді. Төребек атылғаннан кейін 12 күн өткен соң, яғни 1937 жылдың 16 қазанында оның жары Фатима да тұтқындалады. «Халық жауының әйелі» деген қара таңбамен ол АЛЖИР – Ақмоладағы «Отан сатқындарының әйелдері» лагеріне айдалып, жан төзгісіз азапты тоғыз жыл кешеді.

1958 жылы Фатима мен Төребек ресми түрде ақталған соң, Фатима КГБ-ға, советтік органдарға қайта-қайта жүгініп, отбасынан тәркіленген мүлікті қайтаруды талап етеді. Алайда бар үміті күйреп, тек күйеуінің екі айлық еңбекақысы ғана өтемақы ретінде төленеді. Бұл совет билігінің кешірімсіз қаталдығы мен формалды «әділетінің» ащы мысалы болатын.

Бұл кезде үш бүлдіршін бірін-бірі іздеуге де шамасы келмей, тағдырдың тәлкегіне тасталған еді. Айткүл мен Лаура – Алтай өлкесіндегі Солонешен балалар үйіне жіберілсе, үш жарым жастағы Зарима Алматыдағы сәбилер үйіне өткізілді. Әке-шешесінен тірідей айырылған балалар енді бірін-бірі сағынып, жат мекеннің суық қабырғаларына жылап өсті.

Изображение выглядит как одежда, Человеческое лицо, человек, ребенок, начинающий ходить

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.
Төребектің қыздары: Айткүл мен Лаура

Кейінірек туған-туыстары, әсіресе Төребектің қарындасы Назымның жанкешті ізденісінің арқасында қыздар табылып, бір шаңырақ астында қайта қауышады. Бұл – отбасылық махаббаттың, мызғымас туыстық рухтың жеңісі еді. 

Қара бұлттай қаптаған қуғын-сүргін отбасын күл-талқан еткенімен, Османовтардың шаңырағы мүлде жойылып кеткен жоқ. Үміт сәулесі – бүлдіршін қыздардың жанарында, жүректерінде тірі қалды. Олар жетімдік пен жат балалар үйінің сыз қабырғаларында өскенімен, тағдырға мойымай, білім алып, елге адал қызмет ету жолын таңдады.

Солардың бірі – кенже қыз Зарема. Тағдыр оның маңдайына ерте есейіп, тастай түйілген қайратпен алға ұмтылуды жазды. Ол Алматыда медицина институтына оқуға түсіп, қиянат пен қасіреттен аман шыққан жүрегін адам жанының шипасына айналдырып, дәрігер болуды мақсат етті. Санитарлық-гигиена факультетін тәмамдағаннан кейін, Алматы қаласындағы протез-ортопедия зауытында ортопед-дәрігер ретінде еңбек жолын бастады.

Жалындаған жастық жігерімен, берік кәсіби ұстанымымен ол өз ісінің шебері атанды. Кейінірек СЭС жүйесінде, қоғамдық денсаулықты қорғау саласында ұзақ жыл бойы табанды қызмет етті. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ – «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» медальдары мен Құрмет грамоталары оның маңдай терінің куәсі болды.

Бірақ оның жүрегінде бір сағыныш, бір ізденіс бар еді – әке рухы. 1990-жылдардан бастап Зарема өз өмірінің екінші тынысын әкесінің мұрасын жинауға арнады. Архив пен архивті кезіп, КГБ-ның құпия құжаттарынан бастап, Президент архивіндегі сирек қорларға дейін ақтарды. Сол бір қанды жылдардың тозаңынан, шаң басқан сөрелерден әкесінің қолтаңбасын, фотосуреттерін, жарияланған мақалаларын іздеп тапты.

Әке бейнесін архив жәшіктерінен емес, туған ұлттың жадынан тірілту – оның азаматтық борышына айналды. Османов Төребектің шын бейнесін, оның еліне сіңірген ерен еңбегін болашаққа аманаттау үшін ол кітап бастырды, ескерткіш тақта орнатуға ұйытқы болды, әке есімі берілген көше ашылуына мұрындық болды.

Төребектің қарындасы Назым, қыздары: Лаура және Зарема 

Зареманың бұл күресі – тек отбасы үшін емес, тұтас ұлттың тарихи әділетін орнатуға бағытталған шынайы рухани қозғалыс еді. Оның өмірі – «тас жарады» деген халық даналығын дәлелдеген тағдыр.

Төребек Османовтың ардақты есімі кейін 1996 жылы жарық көрген «Қасірет кітабының» (Алматы, «Әділет» қоғамы) 245-бетінде аталды. Бұл – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған тарихи естелік еді.

Төребек Османовтың тағдыры – ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының ортақ тағдыры. Білім іздеп, ел игілігі үшін жанын салған ер азамат бір-ақ күнде «халық жауына» айналып, отбасымен бірге ажал мен азаптың аранына лақтырылды. Бірақ ол артыңда қалған ұрпағының табандылығы, елдің есінде қалған еңбегі арқылы мәңгілік рухқа айналды.

Бүгінде оның есімі тек ұлт банкісінің негізін қалаушы ретінде емес, адалдықтың, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің символы ретінде жаңғырып келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?