
Балалар әні – баланың дүниетанымын қалыптастырып, эстетикалық талғамын тәрбиелейтін, баланың сезім әлемін байытып, дүниетанымын қалыптастыратын қуатты құрал. Бірақ бүгінде елімізде бұл жанр елеусіз қалуда. Балалар сахнасында махаббат әндері басым, ал жасына лайықты ән тапшы. Бұл тек өнер саласындағы емес, білім беру жүйесіндегі де күрделі мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Бүгін – Балаларды қорғау күніне орай Қазақстандағы балалар әнінің жағдайын, мектептегі музыка пәнінің рөлін сазгер мен ұстаздардың, ата-аналардың пікірі негізінде сараптап көруге тырыстық. Сондай-ақ, шет елдермен салыстыра келіп, мәселені шешудің жолдарын да қарастырдық.
Балалар әнінің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді
Осы тақырыпты қаузаудан бұрын бүгінгі балалар әнінің күй-жайының қандай деңгейде екенін білу үшін балалар әнін жазып жүрген композиторлар мен мектептегі музыка пәнінің мұғалімдерін әңгімеге тарттық. Байқауымызша бұл саладағы мамандардың пікірі осы мәселеде бір арнаға тоғысады.
Мысалы, көптеген балалар әнін өмірге әкелген композитор әрі педагог Құрмет Сақайдың ойынша, бүгінгі қазақ балалар әнінің жағдайы орташа деңгейде. Оған жүйелі түрде қолдаудың жетіспеушілігі, сапалы репертуардың тапшылығы және насихаттың әлсіздігі себеп болып отырғанын айтады. «Мен бүгінгі балалар әндерінің деңгейін жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймын, орташа деңгейде. Ән сапасына келсек, кейде әуені жақсы, бірақ мәтіні әлсіз, керісінше де кездеседі. Репертуар таңдауда мұғалімдердің кәсіби деңгейі әркелкі. Фонограммамен сабақ өтетіндер де бар. Мұғалімдер жаңа әндерді өздері аспапта орындай алуы керек», – дейді қарт педагог.
Әнші, бүгінгі таңдағы танымал 60-қа жуық балалар әнін өмірге әкелген сазгер Бота Бейсенованың ойынша, балалар әнін жазу – өз алдына бір күрделі әрі нәзік өнер. Оның айтуынша, балалар әнін жазуда тек әуен мен мәтіннің үйлесімі емес, сонымен қатар баланың психологиясы, қабылдау деңгейі, дыбыстық шамасы ескерілуі қажет.
«Бүгінгі балалар әндерінің деңгейіне келсек, мен қарап жүремін, бақылап жүремін. Өзім балаларға ән жазатын болғандықтан әріптестеріміз не жазып жүр, қандай әндер шығып жатыр – соның бәріне назар аударамын. Әр әннің өзінің құрылымы болады. Ол жеңіл, жаттауға оңай болуы керек. Мәтінді арнайы жаттатпай-ақ, бала өзі естіп, жаттап алатындай болуы тиіс. Бірақ ақындардың бәрі бірдей балаларға арнап жаза алмайды. Бұл – өз қиындығы, нюанстары бар сала. Мен әуенін де, сөзін де өзім жазамын. Алла маған сондай қабілет берген. Балаларды жақсы сеземін, түсінемін. Өзім ұстаз болған соң ұстаздықтың да, психологияның да қыр-сырын білемін. Ұстаз психолог болуы керек қой. Сондықтан ән шығарғанда осының бәрін ескеремін. Мақтанғаным емес, менің әндеріме қатысты педагогтар мен ата-аналар: – сіздің әндеріңізді біз арнайы жаттатпаймыз, балалар өздері тыңдап, жаттап алады, – деп жиі айтып жатады. Мен ән жазғанда қатаң дыбыстардан гөрі ұяң дыбыстарды қолдануға тырысамын. Себебі қатаң дыбыстар құлаққа жағымсыз естілуі мүмкін. Көп әріптестеріміз дайын мәтінге әуен жазады. Ал ол мәтін әнге арналмаған, оқуға арналған поэзия болуы мүмкін. Әуенге салғанда әр дыбыс анық естіліп, сөздің мағынасы бұзылмайтындай болуы, әр сөз балаға анық, түсінікті болуы тиіс», – деді Б.Бейсенова.
Қайым Мұхамедханов атындағы Астана қалалық №90 гимназияда музыка пәнінен сабақ беретін ұстаз Жайнагүл Толқынбек балалар әні мен музыка сабағының қазіргі жағдайына алаңдайды. Ол қазіргі оқулықтарда кездесетін әндердің балалардың жас ерекшелігіне сай келмейтінін, күрделі мәтін мен әуеннің балаларды қызықтыра алмайтынын айтады. Оның пікірінше, мектеп бағдарламасына енгізілген көптеген әндер бастауыш сынып оқушылары үшін ауыр әрі орындалуы қиын. Бұл жағдай музыка пәні мұғалімдерін сырттан репертуар іздеуге мәжбүрлейді.
Qazbilim ұлттық лицейінің музыка мұғалімі Орынбек Азатбекұлының пікірінше, қазіргі таңда балалар әнінің жағдайы мәз емес. Оның айтуынша, балалар әні жоққа тән немесе насихаты жеткіліксіз. Балалар арасындағы байқаулар мен мектепішілік концерттерде балалар әні бағаланбайды.
«Қазір балалар жаттауға бейім емес. Ұнамаған әнді айтпай қоя салады. Бұрын біз ұнамаса да, айта беретінбіз. Ал бұрынғы әндерде мағына болатын. Сөз бен әуен бірін-бірі толықтырып тұратын. Қазіргі әндерде мұндай үйлесім жоқ. Әуені де, сөзі де тым қарабайыр. Бір өлшем, жаттанды, іш пыстырарлық. Сондықтан болар, сахнада жиі махаббат тақырыбындағы әндер орындалады. Хит әндердің көбі – махаббат жайлы. Балалар естігенін орындайды. Көргенін қайталайды», – деді О.Азатбекұлы.
Неліктен балалар махаббат әндерін жиі орындайды?
Оның бір неше себебі бар. Мамандардың пікірінен түйгеніміз мынау:
Эстрадада махаббат тақырыбына жазылған әндердің басым болуы;
Телеарналар мен шоу-бағдарламалардың сол бағытқа тым еліктетіп жіберуі;
Жас ерекшелігіне сай балалар әнінің аздығы;
Конкурс үшін дауысты көрсетуге арналған күрделі әндерге жүгіну.
Жеке-жеке тарқатайық. Дәл осы мәселенің себебін Құрмет Сақай төмендегідей үш топқа жіктеп айтып берді:
«Біріншіден, балаларға арналған жақсы әндер жоқ емес, бар. Балалар әндерін жазатын композиторлар мен ақындар баршылық. Бірақ олардың шығармалары дұрыс, жеткілікті насихатталмайды. Халыққа, көпшілікке жете бермейді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен өнер ұжымдары балалар әндерін насихаттау бағытында көптеген іс атқаруы керек.
Екіншіден, телеарналар жеңіл-желпі, шоуға арналған әндерді көбірек насихаттайды. Балалар соған көп еліктейді. Осы себептен, дәстүрлі ұлттық өнер мен классикалық музыканы жиі насихаттап, балаларға сол бағытты көрсету маңызды. Қазіргі эстрадалық әндердің көбі махаббат тақырыбында болғандықтан бұл балаларға да әсер етуде.
Үшіншіден, мектеп пен балабақшадағы музыка мұғалімдерінде репертуар таңдауда да кемшілік бар. Кітапханаға барып репертуар таңдайтын жүйе жоқ. Музыка сабағы көбіне сапасыз өтеді», – дейді қарт педагог.
Ал Бота Бейсенова оның себебін балалар әнінің тапшылығымен, жарыққа шыққан әндердің тарамауымен байланыстырады. «Бүгінде сахнада балалардың махаббат әндерін орындауы үлкен проблема болып тұр. Бұл балалар әнінің аздығынан және насихаттың жоқтығынан да болып отыр. Көп ән тек нота күйінде қалып, жарыққа шықпай жатады. Өйткені аранжировка жасау қымбат, қолдау жоқ», – дейді сазгер.
Бота Бейсенова өзінің балалар әнін жазуына да осы мәселенің түрткі болғанын айтты. «Мені көптеген байқауларға әділқазы ретінде жиі шақырады. Кеше ғана бір үлкен концертке бардым. Бірде-бір балалар әні орындалған жоқ. Сахнада ән айтып жатқан балалардың барлығы кішкентай балалар. Бірақ бәрі махаббат туралы ән айтты. Әрине ол мені қынжылтады, көңілімді түсіреді. Кезінде менің ән шығаруыма да осы мәселе әсер еткен болатын. Мысалы, «Жау, жау, жаңбыр» әнімнің шығу тарихы да дәл осындай: мен бір байқауда әділқазы болып отырдым. Бір топ қыз қолдарына қолшатыр ұстап, әдемі көйлектерін киіп сахнаға жүгіріп шықты. «Жаңбыр туралы тамаша бір ән болайын деп тұр ғой» деп ойладым. Сөйтсем, «менің жігітім кездесуге келмей қалды, мен жаңбырдың астында су-су болып, оны күтіп тұрмын» деген мағынадағы ән болып шықты. Осыдан соң балаларға арнап жаңбыр туралы ән жазамын деп бекіндікм. Осылайша «Жау, жау, жаңбыр» әні дүниеге келген болатын», – дейді ол.
Бала тым еліктегіш келетіні рас. Жақсыны да, жаманды да бойына тез жұқтырады. Ал олардың қандай әуенге әуес, қандай әнді айтатынын қадағалап бағыт-бағдар беріп отыру – ата-ана мен ұстаздардың міндеті. Педагог ретінде Бота Бейсенова да осы пікірді құптайды.
«Қазіргі балалар балалар әнін айтқысы келмейді. Барлығы ертерек есейгісі келе ме екен, анау КешYOU, тағы басқа да топтардың әндерін айтқанды жақсы көреді. Өзінің жасына сай ән айтып жүрген бала кемде-кем. Бұндайда музыка пәні мұғалімдері, вокал үйірмелерінің мұғалімдері қадағалауы керек, балаларға өзінің жасына сай әндерді таңдап беруі керек деп ойлаймын. Баланың ығына жығыла берген дұрыс емес. Әрине ол бала әлі кішкентай, көп нәрсені білмейді. Педагог сол үшін де керек. Педагог сол үшін бағыт-бағдар беріп, себебін түсіндіруі тиіс», – дейді Бота Бейсенова.
Ал Жайнагүл Толқынбек қазіргі балалар сахнасында махаббат тақырыбындағы әндердің орындалуын үлкендерге еліктеушілікпен байланыстырады. Той әндерінің аранжировкасы заманауи, көңілді болғандықтан балалардың қызығушылығын тудырады. Бірақ бұл балалардың музыкалық талғамына кері әсер етуі мүмкін. «Сондықтан балаларға арналған тамаша әуенді, жеңіл, жас ерекшелігіне сай әндер көптеп шығарылуы керек», – дейді ол.
Музыка мұғалімі қазіргі композиторлар ішінен Бота Бейсенова, Арман Дүйсенов және Дәрібаевтар отбасын ерекше атап өтті. Бұл композиторлардың еңбектерін жоғары бағалайтынын, олардың шығармаларында тәрбиелік мән бар екенін айтады.
Мектептегі музыка пәні – жүйелі тәрбие ме, қосалқы пән бе?
Музыка пәні мұғалімі мамандығын бітірген Бота Бейсенова шығармашылығын мектептегі тәжірибеден бастаған. Мектеп бағдарламасына сай балаларға үйрететін ән таппай, өзі жазуға бел буған. Бүгінде ол бес балалар әні альбомының авторы, танымал сазгер. Көптеген іс-шаралар мен мектептерде, бала бақшаларда оның шығармалары тұрақты орындалып жүр.
«Менің әндерім ұстаздарға, ата-аналарға, балаларға азық болып жатыр. Мектептерден, іс-шаралардан видеолар келіп жатады. Соның бәрі – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл – сауапты іс. Балалар үшін жасалған кез келген еңбек – ұлттың болашағына салынған іргетас», – дейді композитор.
Музыка мұғалімі Жайнагүл Толқынбектің айтуынша, мектептегі музыка пәнінде теориялық білім аз қамтылған. Композиторлар, домбырашылар, жыршылар туралы мағлұматтар жеткіліксіз әрі үстірт беріледі. «Қытайда оқып жүргенімде біз әндерді нотамен айтатынбыз. Бұл музыкалық сауаттылықты, есте сақтау қабілетін арттырады. Ал Қазақстанда нотамен оқыту мүлде жоқ. Тек сөзімен әуенін жаттаса болды», – дейді ол.
Музыка пәні басқа пәндермен тығыз байланыста екенін, оның балаларға зор пайдасы бар екенін айтқан ұстаз: «Музыкада тарих та бар, әдебиет те, есеп те бар. Теорияда ноталар арқылы есеп шығарамыз. Музыка адамның көңіл-күйін реттейді, денсаулыққа пайдалы. Бірақ оқулықтағы әндердің сапасы төмен болғандықтан, балаларға үйретуге ынта болмайды. Өзіміз де айтуға қиналамыз», – деді.
Егер музыка оқулығын құрастыру мүмкіндігі туса ол оқулыққа көптеген өзгеріс енгізетінін айтады. «Ең алдымен бастауыш сынып оқушыларына тартымды болуы үшін 3D суреттер, QR-код арқылы музыкалық үлгілер, көрнекілік құралдар қосар едім. Ішіндегі әндердің сапасын жақсартып, нотамен оқытуды міндетті түрде енгізер едім», – дейді Ж.Толқынбек.
Оның айтуынша музыкалық аспаптардың да пайдасы орасан. «Пианино, домбыра ойнаған бала екі қолын тең пайдаланып, миы дамиды. Сахнада өзін еркін ұстайтын бала қоғам алдында белсенді тұлғаға айналады. Сондықтан да жаңа технологияны қолдана отырып, балалардың жасына лайық әндерді таңдап, композиторлардың шығармаларын саралап, жүйеге салу – міндетіміз», – дейді ол.
Сондай-ақ, Жайнагүл ұстаз Қазақстанда 6-сыныптан кейін музыка пәні тоқтайтынын, үйірме сағаттарының қысқарып жатқанын сынға алды. Кей мектептерде музыка сабағын бастауыш сынып мұғалімдеріне жүктеу сапаны төмендетіп отырғанын жеткізген ол: «Музыка пәнінің мұғалімі – өнер адамы болуы керек. Харизмасы бар, тірі дауыста ән айтып, балаларды баурап алатын тұлға қажет. Балалар мені көрсе, құшақтап, ән сабағын сағына келіп жатады», – дейді.
Сабақта Жайнагүл түркі халықтарының, Қытай, Корея әндерін тірі дауыспен айтып, билерін көрсетеді. Бұл балалардың музыкалық көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Ал қазіргі оқулықтарда шетелдік музыканың үлесі тым аз. Мысалы, тек бір орыс, бір ағылшын әні ғана қосылған. «Қазақстанда мейрам көп, іс-шара көп. Балалар сахнаға шығып, хорда ән айтқысы келеді. Бірақ қолда бар репертуар аз. Сондықтан біз көбіне сырттан сапалы әндер іздеп, балаларға үйретуге мәжбүрміз», – деді Ж.Толқынбек.
Орынбек Азатбекұлы да мектеп бағдарламасында музыка оқулығында балаларды қызықтыратын сапалы әндердің азайып кеткеніне қынжылды. Бұрын сынға ұшыраған ескі оқулықтардың өзінде де балаларға арналған, жаттауға оңай, әсерлі әндер болғанын айтады.
«Қазіргі оқулықтарда мұндай әндер жоқтың қасы. Екінші, үшінші сынып оқушыларына арналған деңгейдегі әндер 5-6 сынып оқушыларына тапсырма ретінде беріледі. Бұл балалардың жас ерекшелігіне сай келмейді. Оның үстіне, бұл оқулықтар шығармашылыққа арналмаған. Әдістемесі музыка пәніне емес, жалпы педагогикаға, басқа пәндердің әдісіне сүйеніп жасалған», – деді ол.
Мұғалімнің айтуынша, қазіргі оқулықтармен тек соларға сүйеніп жұмыс істейтін мұғалім оқушыны қызықтыра алмайды. «Оқулық тек көмекші құрал ғана. Егер мұғалім ізденіп, қосымша материалдар дайындамаса, бұл оқулықпен ештеңе үйрете алмайды. Мен өзім қазіргі оқулықпен ештеңе үйретпеймін. Себебі оқулықтағы әндер де, мазмұны да қызықсыз. Өзім тыңдауға да, балаға тыңдатуға да құлқым болмайды», – деді Орынбек.
Ол қазіргі оқулықтарда берілген әндердің көбі интернетте жоқтығын, тіпті кейде нотасы да берілмейтінін үлкен кемшілік деп есептейді. Маман ретінде ол 2013-2014 жылдарға дейін қолданылып келген Абдулхамит Райымбергеновтың стандарты бойынша жасалған бағдарламаны үлгі етіп ұсынады. «Ол бағдарламада домбыра үйрету, ән үйрету, күй тарту, тіпті қол моторикасын дамытуға арналған тапсырмалар бар еді. Қазақтың ою-өрнегін сыздыру, қиғызу арқылы музыка мен қол еңбегін байланыстыратын кешенді жүйе болатын. Қазіргі оқулықтардан ондай тереңдік байқалмайды», – деді ұстаз.
Музыка тарихын оқыту форматына да көңілі толмайтынын жеткізген мұғалім 5-6 сынып оқушыларына әлемдік музыка тарихы тым күрделі екенін айтады. «6-сыныпта Бетховен, Шопен, Чайковскийлер оқытылады. Бұл жастағы балаға олардың аты ғана қызық. Бірақ мазмұнына ене алмайды», – дей келіп 5-сыныпта айтыс өнерін оқыту да қажет екенін айтты.
Егер ол музыка оқулығын құрастыратын мүмкіндік алса, балаларға қызықты, жаңаша әндер кірістірер еді. «Интернет ресурстарымен байланыстырылған, QR-коды бар, нотасы бар, орындалу үлгісі берілген, тыңдауға және үйренуге ыңғайлы әндер керек. Домбыра мен күйге арналған арнайы бағдарлама енгізу де маңызды», – деп өз ұсынысын айтты.
Демек:
Қазіргі музыка оқулықтарындағы әндер балалардың жас ерекшелігіне сай емес, мазмұны қарабайыр әрі сапасыз болғандықтан оқушыларды қызықтыра алмайды;
Музыка пәнінде теориялық білім үстірт беріледі, нотамен оқыту жоқ, ал шетелдік музыканың үлесі өте аз;
Оқулықтарда шығармашылықты дамытуға мүмкіндік аз, ал мұғалімнің ізденісі мен қосымша материалсыз сабақ сапасы төмендейді;
Жаңартылған оқулықтарда QR-кодпен байытылған, нотасы бар, тыңдатуға және үйренуге қолайлы заманауи үлгідегі әндер мен ұлттық аспаптарға негізделген жүйе қажет.
Ата-ана не айтады?
Бүгінде қос құлыны республикалық қана емес, әлемдік ән байқауларында топ жарып жүрген журналист Бейсен Ахметтің айтуынша, балаларға ән таңдау – өте нәзік әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Ол бұл үдерісте баланың жас ерекшелігін басты өлшем ретінде алу керек деп есептейді. «Мысалы, үш-бес жастағы балаларға «Әжем», «Анам», «Әкем» сынды жаттауға жеңіл, мағынасы түсінікті әндер сай келеді. Ал бала жеті-сегіз жасқа жеткенде мұндай әндерді баланың әні деп, айтуға құлықсыз болады», – дейді ата-ана ретінде.
Оның сөзінше, бала есейген сайын ата-анасымен бірге өзі де ән таңдауға араласа бастайды. 7 жастан 14-15 жасқа дейінгі аралықта көбінесе ана, әке, достық, мектеп, туған жер, отаншылдық тақырыбындағы әндерге қызығушылық танытады. Дегенмен ол бұл үдерісте тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Кей жағдайда түрлі деңгейдегі ән байқауларына қатысу қажеттілігі туындағанда, бала жасына сай келмейтін, кейде тіпті ерсі болып көрінетін мәтіндер мен әуендерге де мәжбүрлі түрде жүгінеді. «Мысалы, сегіз-тоғыз жастағы балаға махаббат жайлы ән айту әдепсіз көрінеді. Бірақ байқауға қатысу үшін ұстаздары «дауысы ашылсын», «техникасы дамысын» деген мақсатпен ондай әндерді үйретіп жатады. Мұндайда бала дамуы үшін амалсыз көнуге тура келеді», – дейді Бейсен мырза.
Ол әндердің түрі көп екенін айта келіп, конкурстық әндердің өзі балалар репертуарында өте сирек кездесетінін тілге тиек етті. «Конкурстық әндер, негізінен, баланың вокалдық мүмкіндігін тексеру үшін қажет. Даусының диапазоны, жоғары-төмен дыбысты алу қабілеті сол арқылы бағаланады. Бірақ ол әндер көп жағдайда балаларға арналмаған. Олар – үлкен сахналық шығармалар», – дейді Бейсен Ахмет.
Ата-ана ретінде оның байқағаны: баланың өскен ортасы, таным-түйсігі, этнографиялық ерекшелігі де ән таңдауға әсер етеді. Қала баласы мен ауыл баласының, тіпті Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтардың музыкалық қабылдауы мен ұстанымы әртүрлі болады. «Ән айту кезінде де, тақырыптық жиналыстарда да, концерттерде де көрерменнің сипатына қарай ән таңдалады. Бұл өте жауапты іс. Ән таңдау жай ғана формализм емес, қабілетті, танымды, талғамды талап ететін процесс», – дейді ол.
Бейсен Ахмет балалар әнінің айтылмай жатқанына да назар аудартты. «Шындығында балаларға арналған әндер көп. Бірақ айтылмай жүр. Қытайда кезінде арнайы балалар әніне арналған кітаптар болды. Ол әндер мектептерде үйретілетін. Ал бізде ондай жүйелі жұмыс жоқ. Қазіргі таңда экономикалық және конкурстық мүдде бірінші орынға шықты. Сол себепті көнеріп бара жатқан балалар әндерін қайтадан топтап, жаңғыртып, арнайы конкурстар ұйымдастыру керек деп ойлаймын», – дейді журналист.
Ол баланың жасына қарай әннің мазмұны да, жанры да өзгеріп отыруы тиіс екенін айта келіп: «Мысалы, бесік жырын ән ретінде айтуға болады. Бірақ оны төрт-бес жастағы балаға айт десең, айтпайды. Себебі ол жастың қызығушылығы басқа жаққа ауып кеткен», – дейді.
Балалар әні қалай болуы керек?
Балалар әні, ең алдымен, баланың психологиясына сай болуы керек деген Құрмет Сақай: «Әуені әдемі, бала тез есте сақтап алатындай жеңіл болуы қажет. Баланың дауысына сәйкес диапазон мен ырғақ, өлшемі дұрыс таңдалуы тиіс. Ән мәтінінің буыны мен бунағы тым ұзақ болмауы, балаға айту оңайырақ болуы керек. Мәтіні де тез жаттауға ыңғайлы болғаны дұрыс», – дейді.
Ал шығармашылық кезінде өзі неге басымдық беретіні туралы Құрмет ағамыз былай дейді: «Балаларға арналған әндерді жазғанда ең алдымен мәтінін таңдап аламын. Тақырып жағынан Отан, туған жер, ана, әке, мектеп, бақытты балалық шақ пен патриоттық мазмұнды таңдауға тырысамын».
Бота Бейсенова балалардың жас ерекшелігіне қарай диапазон мен әуенді есептеп жазатынын айтады. Әсіресе, кішкентай балалардың диапазоны шағын, тынысы әлсіз болатындықтан әуендері де жеңіл болуы тиіс екенін айтады. «Менің 60-қа жуық әнім бар. Олардың бәрінің аранжировкасын өз қаражатыммен жасаттым. Бір әннің аранжировкасы шамамен 500 доллар болса, барлығына 30 мың доллардай қаражатым кеткен екен. Ол оңай емес. Ал оған көп адамның мүмкіндігі жете бермейді. Қаржылай қолдау жоқ. Көп автордың шығармалары нота күйінде жатып қалатыны да содан. Мен шығардым. Сондықтан да балалардың арасында кеңінен тараған болар. Шығармаларым халыққа жетті, мектеп оқулықтарына енді, Balapan арнасында шырқалып жүр», – дейді ол.
Балаларға арналған тақырыптық әндердің маңызына тоқталған Бота Бейсенова: «Балалар әні – тәрбие құралы. Себебі, балаларға ауыз екі тілмен айтқаннан гөрі әнмен жеткізген тиімдірек пе деп ойлаймын. Сондықтан тәрбиелік мәні бар тақырыптық әндерді біз көптеп шығарып, балалар сол әнді орындау арқылы көп нәрсені түсінуі керек. Бала мәтінді түсініп орындайтын болса, онда біз – сазгерлер өзіміздің түпкі мақсатымызға жеткендігіміз деп есептеймін. Жаңа айтқанымдай, әннің әуені де, мәтіні де жеңіл және баланың диапазонына сай жазылуы керек. Кішкентай балалардың диапазоны кішірек болады, өскен сайын диапазоны, тынысы кеңейе береді. Сол үшін ұзақтау ноталарды аздау қылып, қысқа ноталармен жазылған жөн».
Оның Жазира Байырбекова орындаған Balapan арнасының күнделікті эфирін аяқтайтын «Бесік жыры» әнін шығаруына Бауыржан Момышұлының сөзі септігін тигізді. «Батыр атамыз: «Мен үш нәрседен қорқамын – ертегі айтпайтын әжеден қорқамын, бесік жырын айтпайтын анадан қорқамын, өзге тілде тілдескен екі қазақтан қорқамын», – деп айтып кеткен екен. Осы сөзді естіп, 60-қа жуық ән шығарыппын, бірде-бір бесік жырын шығару ойыма келмепті ғой деп ойланып қалдым. Әйтпесе өзім бала-шағамды, кішкентай бауырларымды бесік жырымен ұйықтататынмын. Сөйтіп:
Сақта туған далаңды,
Тілін, салтын, санаңды.
Әлі-ақ өсіп, ер жетіп,
Қуантарсың анаңды.
Әлди, әлди, әлди-ау,
Әлди, әлди, әлди-ау...», – деген бесік өмірге келді», – дейді ол. .
Балаларға арналған әндердің мәтіні мен әуені, музыка ұстазы Жайнагүлдің айтуынша, баланың көңіліне қонымды, қызықты әрі қарапайым болуы керек. Мысалы, жануарлар, табиғат немесе әке, ана тақырыбындағы, қысқа әрі қайталанатын жолдардан құралған әндерді бала оңай жаттайды. Әуендері би ырғағына бейімделсе, балалардың қызығушылығы арта түседі.
Ол өзі балалар әнін жазбайтынын айтады. Бірақ егер жазса ойнақы, ырғақты, сөздері баланың түсінігіне сай әрі диапазоны кішкентайларға лайық болуын қалар еді. «Қазіргі заманғы той әндеріне ұқсатып, бірақ мазмұны халық әніне жақындатылып, балалардың жас ерекшелігіне сай етіп жазғым келеді», – дейді Жайнагүл мұғалім.
Орынбек Азатбекұлы балалардың қызығушылығы мен заманауи эстетикасын ескермеу – балалар әнінің өтпей қалуының басты себебі дейді. «Ән жазған кезде XXI ғасырдың балаларының деңгейін, қызығушылығын ескеру керек деп ойлаймын. Баланың сезіміне әсер ете алмаған ән ешқашан өтпейді. Олардың шамасы жетпейтін жоғары деңгейдегі әндер де өтпейді. Балалар әнін жазу үлкен зерттеуді қажет етеді», – дейді ол.
Өзі балалар әнін жазбайтынын айта келіп, жазатын жағдайда ескі стильді жаңаша форматта ұсынып, махаббат әуендерінің құрылымын пайдалана отырып, баланың жасына бейімделген мазмұн ұсыну қажеттігін айтты. «Біз бала кезімізде айтқан әндерді қазіргі балаларға орындатсақ олар айтқысы келмейді, қызықпайды. Қазіргі балалар бұрынғыдай кез келген әнді жаттап айтпайды. Ұнамағанын ашық айтады», – деді ұстаз.
Ендеше балалар әні мына талаптарға сай болғаны абзал:
Әуені қарапайым, жаттауға жеңіл, баланың дауыс диапазонына сай және айтуға ыңғайлы болуы тиіс;
Мәтіні қысқа, түсінікті, қайталанатын жолдарға негізделіп, баланың жас ерекшелігі мен психологиясына сәйкес келуі керек;
Әннің тақырыбы тәрбиелік мәнге ие болып, баланың дүниетанымын кеңейтетіндей – ана, әке, туған жер, мектеп, табиғат секілді мазмұндарды қамтуы қажет;
Қазіргі балалардың талғамы мен заман талабын ескеріп, әннің құрылымы мен әуенін жаңаша форматта ұсыну маңызды.
Шетелде қалай?
ЮНЕСКО-ның «Arts Education» (Өнер арқылы білім беру) жол картасында бастауыш және орта білім беруде музыка пәнін енгізу балалардың шығармашылық, әлеуметтік және когнитивтік дамуына ықпал ететіні ресми мойындалған. Бұл құжатта өнер, соның ішінде музыка тұлғалық дамудың негізгі тетігі ретінде көрсетілген.
Финляндия білім жүйесі туралы ЮНЕСКО-ның IBE World Data on Education деректер базасында көрсетілгендей, музыка пәні бастауыш мектепте аптасына кемінде 2 сағат тұрақты оқытылады. Музыка мен технология – оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда екі негізгі тірек пәннің бірі ретінде қарастырылады.
Жапонияның Мәдениет, спорт, ғылым және технология министрлігінің 2020 жылғы білім стандарттары бойынша, музыка сабағы 1-9 сыныптарда міндетті пән болып есептеледі. Жапонияда дәстүрлі музыканы сақтау және заманауи эстетикамен ұштастыру білім беру саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Жеке-жеке тоқталсақ:
Финляндия мектептері үшін музыка – шығармашылықтың өзегі. Онда музыка мен технология – мектептегі екі негізгі бағыттың бірі. Фин елі музыка пәнін бастауыштан бастап тұрақты оқытады. Оқу бағдарламасында ән айту, аспапта, әсіресе фортепиано мен барабан ойнау сөзсіз болуы керек. Бұл баланың эмоционалдық интеллекті мен топтық жұмыс дағдыларын дамытып, музыкалық шығармашылықты еркін зерттеуге мүмкіндік береді. Балалардың шығармашылық бастамасын қолдауға аса мән беріледі. Яғни нота үйренуден бұрын тыңдау, жаттау, айту қабілеті бағаланады.
Жапонияда тәртіп пен дәстүрдің үйлесімі салада да сақталған. Музыка сабағы 1-9 сынып аралығында аптасына 1-2 рет тұрақты жүреді. Батыс музыкасы мен дәстүрлі жапон музыкасы қатар оқытылады. Әр оқушы шеңберлі блокфлейта, кейде кото (ұлттық аспап) тартып үйренеді. Бұл олардың эстетикалық және мәдени танымының қалыптасуына оң ықпал етеді деп есептейді. Ал педагогтар кәсіби консерваторияларда даярланады. Олар әдістеме мен психологияны қатар меңгерген.
Германияда музыкалық білім азаматтық сананың негізі деп есептеледі. Онда музыка сабағы 1-сыныптан 10-сыныпқа дейін міндеттелген. Мектеп оркестрлері, хорлар мен ансамбльдер әрбір мектепте бар. Жалпы білім беретін мектептерде де музыка пәніне қатысты арнайы бөлмелер мен аспаптарды кездестіре аласыз. Олар үшін музыка – баланың сыни ойлау қабілеті мен эстетикалық көзқарасын дамытатын тамаша құрал. Музыканы тұлғалық өсу мен азаматтық белсенділіктің құралы ретінде пайдаланады.
Швецияда әр оқушыға музыка саласында өз бағытын таңдауға мүмкіндік беріледі. Мысалы, оқушылар ән, аспап, электро-музыка, продюсерлік сияқты түрлі бағытты өз еркімен бейіміне қарай таңдай алады. Онда GarageBand, Logic Pro сияқты цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Композиция мен аранжировка да мектеп қабырғасында үйретіледі.
Оңтүстік Корея болса ұлттық рух пен жаһандық танымды тоғыстырып отыруға күш салады. Онда да музыка сабағы аптасына 1-2 рет оқытылады, бірақ сабақтан тыс уақытта музыкалық үйірмелер өте белсенді жұмыс істейді. Ханбок киген мектеп оқушылары ұлттық әндер айтып, аспаптарда ойнайды. K-pop феномені олардың музыкаға деген қызығушылығын арттырған. Мемлекет музыка индустриясын қолдау арқылы мектептегі музыкалық білімді де жаңғыртуға күш салып отыр. Осыған орай мектептерде продюсерлікке арналған арнайы кабинеттер ашылып жатыр.
Яғни мынадай кестелік қорытынды жасауымызға болады:
Мемлекет | Музыка сабағының рөлі | Ерекшелігі |
Финляндия | Негізгі пәндердің бірі | Шығармашылық пен технология үйлесімі |
Жапония | Мәдени тәрбие құралы | Ұлттық және батыстық музыканың синтезі |
Германия | Эстетикалық және азаматтық сана құралы | Оркестр мен ансамбль жүйесі |
Швеция | Бейіміне, таңдау еркіндігіне негізделген | Заманауи цифрлық технологиямен ұштастыру |
Оңтүстік Корея | Ұлттық мәдениет пен шоу-бизнес байланысы | K-pop арқылы қызығушылықты арттыру |
Мәселені шешудің жолдары қалай болмақ керек?
1. Мемлекеттік қолдау және орталықтандырылған жоба болуы тиіс. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған заманауи, кәсіби аранжировкасы бар әндер жинағын шығару. Балалар әнін жазатын сазгерлерге арнайы гранттар мен шығармашылық резиденциялар ұсыну. Мысалы: Финляндияда музыка пәні – басты пән. Балалар пианино секілді аспаптарда ойнап, ән арқылы креатив ойлауға үйренеді.
2. Мектеп оқулығын реформалау. Жас ерекшелігіне сай, QR-код арқылы тыңдалатын әндер жинағы көптеп шығуы тиіс. Нотамен оқу дағдысын мектептегі баладан бастау керек. Сондай-ақ, әлемдік балалар музыкасының үлгілерін аударып, оқулыққа қосу.
3. Ұстаз бен ата-ананың жауапкершілігі мол. Әр ұстаз балаға жасына сай ән таңдап беруі тиіс. Ата-ана баласының дауысы мен қызығушылығына сай бағыт беруі керек.
4. Ұлттық телевизия мен цифрлық платформаның мазмұнын сүзгіден өткізу арқылы байыту керек. Balapan арнасы секілді арналарда балаларға арналған жаңа әндер күнделікті насихатталуы керек. YouTube, TikTok сияқты платформаларда балалар әндеріне арналған ресми парақшалар ашып, креатив клиптерді үзіксіз насихаттап отыру.