Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өтті

686
Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген кітаптардың  таныстырылымы өтті - e-history.kz

Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында  тарихи-әдеби кітаптардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен шарада тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай мен Құрметті ардагер Көпболсын Бекмағанбеттің бірігіп шығарған «Өтті жылдар – отты жырлар» кітабы мен Тарихшы Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» еңбегі, сондай-ақ, «Жеңіс жауынгерлері» атты жинақтар таныстырылды. Тарихи туындыларда соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерлері мен майдангер қаламгерлердің тағдыры суреттеледі. Басылымдар архив деректері мен сирек фотоматериалдармен қамтылған. 

Іс-шараның шымылдығын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер Әлібек Асқаров ашып, ұлы жеңістің тарихына тоқталып, тарихи  жадты ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. 

– Біз Жеңіс күніне арналған шаралардың ішінде бүгін ерекше басқосуда тұрмыз. Қарумен де, қаламмен де от кешкен ерлердің рухына тағзым жасап, тарихи шындықтың бетін ашуға тырысып жатырмыз. Үш бірдей кітаптың тұсауын кесейік деп жиналдық. Бұл – ұрпаққа аманат болар дүние, – деді Әлібек Асқаров.

Жазушы өз сөзінде соғыс жылдарындағы ақтаңдақ беттерді, ашылмаған құпиялар мен айтылмай келген шындықтарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, кеңестік кезеңде тарих саналы түрде бұрмаланған, ал қазір тәуелсіз ел ретінде біз шындықтың көзін ашуға тиіспіз.
 

– 1939 жылы 22 қыркүйекте Брест қаласында Германия мен Кеңес әскері бірге парад өткізгені жуықта ғана ашық айтылып жатыр. Бұл деректерді кезінде жасырып келді. Сол парадқа неміс жағынан атақты генерал Гудериан қатысса, кеңес жағынан Камбрих Кривошеев жетекшілік еткен, – деп бөлісті қаламгер.

Ол сондай-ақ соғыс қарсаңындағы Рихард Зоргенің ескертуі дер кезінде еленбегенін, Сталиннің бір апта бойы үнсіз жатқанын және нәтижесінде жаудың шекараны бұзып кіріп кеткенін егжей-тегжей баяндады. 

– Егер сол ескертулерге құлақ асылғанда, тарих басқаша жазылар ма еді? Бірақ тарих – тағдыр. Сол жылдары төрт айдың ішінде Балтық жағалауынан Сталинградқа дейінгі аралық жаудың қол астына өтті. Бұл – үлкен трагедия, – деді ол.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет сөз алып, министрліктің Жеңістің 80 жылдығына орай атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, биыл екі мыңға жуық мәдени, ағартушылық іс-шаралар жоспарланып, кітаптар мен архив материалдары жарыққа шыққан.

"Бүгін біз ерекше тағзым мен терең мағынаға толы жиында бас қосып отырмыз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек тарихи дата ғана емес, бұл – жүректерде жаңғырып тұратын ерлік рухының, отаншылдықтың, шексіз құрметтің символы. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу Үкімет қаулысымен бекітілген республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асырылуда. Республикалық жоспармен қатар барлық өңірлерде мерекелеудің өңірлік жоспарлары қабылданды, оған сәйкес жыл ішінде 2 мыңға жуық іс-шара көзделген.

Бұл ретте 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары бойынша мәліметтерді біріктіруші «Батырларға тағзым» веб-порталын (https://batyrlarga-tagzym.kzқызметі жандандырылды. Порталға Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивтерінің қорлары мен деректік базаларында бар ардагерлер, соның ішінде Кеңес Одағының Батырлары, екі мәрте батырлар мен Даңқ орденінің ковалерлері туралы 677 000-нан астам ақпарат енгізілді. Қазіргі уақытта Порталды Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивтерінен және «Білім» Бүкілресейлік қоғамынан келіп түскен ақпаратпен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгін тұсауы кесілгелі жатқан Жеңіс тақырыбындағы кітаптар – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіретін «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында жарық көріп, еліміздің көпшілікке бірдей қолжетімді кітапханаларына таратылып жатыр. Олардың әрқайсысы өткеніміздің өшпес шежіресі, бүгінгі мен болашақтың рухани қазынасы. Бұл кітаптарда қанды майдан мен тылдағы еңбек, қаламгер мен сарбаздың жанқиярлығы, ел мен жерге деген адалдық жырланып, тарихи ақиқаттар құжаттық дәлелдермен өрілген" - деді басқарма басшысы. 

Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір де сөз сөйледі. Ол соғыс тақырыбындағы әдеби және ғылыми еңбектердің маңызын атап өтіп, жаңа кітаптардың сол дәстүрдің жалғасы екендігін айтты.

— Құрметті қауым, сексен жылдың ішінде осы соғыс жайлы талай әдеби шығармалар, ғылыми зерттеулер жазылды. Бірақ соғыс туралы жазу бітті деп айтуға әлі ерте. Әлі де жазылады. Міне, бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптар – соның айғағы, — деді ол.

Профессор Қазақстанның соғыс жылдарындағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халқының 25 пайызы майдан мен қорғаныс өндірісінде қызмет етті. Бұл – Германиямен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш.

— Кеңес Одағының ресми деректерінде 27 миллион адам қаза тапты делінеді. Бірақ бұл сан аз да болуы мүмкін. Мысалы, сол 27 миллион адамды үнсіз еске алуға бір минуттан бөлсек, 50 жыл уақыт керек болар еді, — деді Әбдіжәлел Бәкір.

Сондай-ақ, іс-шара барысында сөз алған филолог, әдебиет тарихшысы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы кітаптардың тұсаукесеріне байланысты өз пікірін ортаға салды. Ол соғыс тақырыбындағы пікірлердің көпқырлы екенін, әр адамның жүрегінде бұл күннің өзіндік салмағы барын айтты.

— Құрметті ағайын, құрметті аға буын, әріптестер! Бір аптадан бері еліміздің әр өңірінде, Астана мен Алматыда Жеңіс кітаптарының тұсаулары кесіліп жатыр. Бұл — ғалымдарымыздың, баспагерлеріміздің қажырлы еңбегінің көрінісі. Мәдениет және ақпарат министрлігіне, арнайы келген Алмас Мырзахмет бауырымызға алғысымызды айтамыз. Кейбір азаматтар өз бастамасымен де іске асырып жатыр — бұл да игі іс, — деді ол.

Сөз арасында ғалым өзінің отбасылық тарихынан мысал келтіріп, соғыстың әрбір отбасыға салған жарасын еске салды.

— Мен де бір майдангердің баласымын. Әкем он сегіз жасында соғысқа аттанған, тұтқынға түсіп, азапты күндерді бастан өткеріп, кейін қайта қосылған. Мен сол майдангердің оныншы баласымын. Кейін әкемізден кейін тағы бес бала дүниеге келген. Егер сол кісі соғыстан оралмаса, біздің тағдырымыз қандай болар еді?.. — деді Дихан Қамзабекұлы толқи сөйлеп.

Ғалым өзінің туысы Айнабек Мыңбаев жайлы оқиғаны баяндады. Айнабек соғыстың алғашқы жылдарында ауылда колхоз төрағасы болып жүргенде, ауылдағы бір апа «Біздің балалар қырылып жатыр, сен жерде жүрсің бе?» деп ренішін білдірген. Ар-намысқа тиіп айтылған бұл сөзден кейін Айнабек майданға сұранып кеткен. Алайда 1943 жылдан бастап одан ешқандай хабар келмей, туыстары іздеу салған. Жылдар өте келе, Подольскіде сақталған құжаттар интернетке жүктеліп, іздеген азаматтар майдангердің қайтыс болғанын анықтапты.

— Сол бір түнде әлгі майдангердің ұлына хабарласу үшін жүрек дауаламады. Таңды күттім. Телефон соққанда бірінші сұрағы «Әкем тірі ме екен?» болды. Өкінішке қарай, Орел облысы, Свердлов ауданы, бір мектептің ауласында жерленгені анықталды, — деді ғалым. — Алайда аты-жөні жазылған жерде анасының есімі бұрмаланып, Сырға апамыздың аты «Сухра» деп жазылып кеткен. Сонда ұлының сұрағы қандай болды дейсіз? «Әкем тағы да үйленіп кеткен бе екен?» дейді. Бұл — қазақ психологиясы. Ауылда түрлі әңгімелер айтылған, «Әкең сатылып кеткен» деген сөздер болған...

Дихан Қамзабекұлы сөзінің келесі бөлімінде Подольск архивінде сақталған миллиондаған құжаттардың әлі күнге дейін толық өңделмей жатқанын тілге тиек етті. Бұл тек Қазақстанда емес, өзге де посткеңестік республикаларда трагедия деңгейінде қалып отыр.

— Ұлы Отан соғысы кезіндегі әдебиетті бір жақты қарауға болмайды. Бұл тек батырлық пен жеңіс туралы емес, сонымен қатар тұтқынға түскендер, шетел асып кеткендер туралы да болу керек. Мысалы, бізде Италияда тұратын қазақ Сарин деген азамат бар екен. Сол кісі өлең жазып, Отанын сағынып жүргенін айтып, Ғылым академиясына хат жазған. Бұл — соғыстың екінші жағы, — деді ғалым. — Біз екі жақтың да трагедиясын қарауымыз керек. Олар да — тағдырдың тәлкегіне түскен бейбақтар. Біреу Власовтың армиясына күштеп қосылған шығар, біреу тұтқынға еріксіз түскен болар... Соның бәрін ашық айтуымыз керек.


Сөз соңында ол соғыс батырларына қатысты фотоқұжаттардың біртіндеп ашылып жатқанын атап өтті:

— Мысалы, Әлия мен Мәншүк туралы біз тек аңыз арқылы емес, нақты фотосуреттер, құжаттар арқылы да айтып отыруымыз керек. Бұл — тарихқа әділетпен қараудың бір жолы, — деді Дихан Қамзабекұлы.

 «Жеңіс жауынгерлері. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында»  кітабы әсерлі, көркем әрі мазмұнға бай Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлер жайында кеңінен мағлұмат береді. 

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап шығарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай мен ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері Көпболсын Бекмағанбеттің  «Өтті жылдар-отты жылдар» атты кітабына Отан соғысына қатысқан майдангерлердің қанды қасапта жүрсе де, аузынан әзілі түспей, табан астында тауып айтқан тапқыр сөздері мен ұтқыр жауаптары, өткір де өнегелі әзіл-қалжыңдары, қасіретті жылдардың қас-қағым сәттік езу жиғызарлық оқиғалары мен майдан даласының даласының тыныс-тіршілігін көрсететін шағын әңгіме, аңыз оқиға, өлең жырлары және сирек фотолар топтастырылған. Бұл  кітап баспадан жаңартылып, толықтырылып қайта шығарылды. 
 

Тарихшы Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» атты кітабына қан майданда, одан бұрын, не кейін де қару мен қаламды қатар ұстаған қазақстандық журналистер, әдебиетшілер, ақын-жазушылар туралы анықтамалар топтастырылған. Еңбек түрлі құжаттарға, архивтік материалдарға сүйене отырып, кеңінен мәлімет береді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?