
Netflix Әмір Темірдің өмірі мен билікке жету жолын баяндайтын «Темірлан. Соңғы жаулаушының өрлеуі» атты тарихи фильмді ұсынбақ, деп хабарлайды e-history.kz порталы uznews.uz сайтына сілтеме жасап.
Фильмнің түсірілімдері 2022 жылдың соңында басталып, Өзбекстан мен Қазақстанда өтті.
Фильм туралы мәліметтер
• Режиссер: Джейкоб Шварц
• Әмір Темір рөлінде: Кристиан Мортенсен
• Эмир Хусейн рөлінде: Махеш Джаду
• Бірінші жары рөлінде: Юлдуз Раджабова
Оқи отырыңыз: Әмір Темір: 10 дерек
Фильм моңғол империясының ыдырауынан кейінгі Әмір Темірдің билікке жету жолын және оның тұлға ретінде қалыптасуын баяндайды. Түсірілім жұмыстары өткен жылдың күзіне дейін жалғасып, қазіргі таңда фильм постпродакшн кезеңінде. Премьерасы осы жаздың соңында өтеді деп күтілуде.
Әмір Темір туралы қысқаша дерек
Әмір Темір (1336–1405) — әйгілі қолбасшы, мемлекет қайраткері және Шығыстың ірі реформаторларының бірі. Моңғолдың түркіленген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. Темір әулеті империясының негізін қалаушы. 1370 жылы Мауереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған, 27 мемлекеттік қол астына бағындырған әйгілі қолбасшылардың қатарынан. Әмір Темір әскери стратегиясы мен саяси шеберлігі арқылы тарихта «Сахибқыран» (жұлдызды жорық иесі) деген атпен қалған. Оның билігі ғылым мен мәдениеттің дамуына да жол ашты.