Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлықпан Сыдықов: Дос-Мұқасанның ұстанымы ұлттық рухтағы әуенді жаңа заманға бейімдеу еді...

2440
Ұлықпан Сыдықов: Дос-Мұқасанның ұстанымы ұлттық рухтағы әуенді жаңа заманға бейімдеу еді... - e-history.kz

Ұлықпан Сыдықов Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Педагогика ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. 

- Ұлықпан мырза, есті жұрт өзіңізді әуелі ұстаз, одан соң «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушылардың бірі ретінде таниды. Жақында «Дос-Мұқасан» ансамблінің тарихы, өмірі хақында фильм де жарық көрді. Фильмді көрсеңіз, қалай қабылдадыңыз? Бүтін бір дәуірден сыр шерткен туынды сол кездегі «Дос-Мұқасанды» көз алдыңызға келтіре алды ма? Әңгімені осыдан бастасақ деп едім. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын өзім тәрбиелеген, өнерге құмар, «Қазақфильмде» қызмет істеп, бірнеше фильм түсіріп жүрген Алмас Әлімжанов дейтін шәкіртім жанына бір жақсы азаматты ертіп, үйге келді. Сөйтті де: «Аға, осыдан бір-екі жыл бұрын өнердегі менің ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шолпан Медетбекқызы Өмірзақова екеуіңіз бір идея айтып едіңіздер. Осы қазақтың атын, абыройын, өнерін әлемге танытқан Дос-Мұқасан жайлы неге көркем фильм түсірмейсіңдер деп» деді. Сосын «Содан бері ойланып-толғанып, жоғарыдағы басшылықпен ақылдасып, қысқасы, қолдау таптық, соны қолға алып, кірісіп жатырмыз. Мына жігіт сол фильмге режиссер болмақ» деп, Айдын Сахаманды таныстырды. Жағымды жаңалықты естіп, шын қуандым. Сөйттім де: «Ал ендеше бұйымтайларыңды айтыңдар» деп едім, олар да: «Дос-Мұқасанның тарихынан бастап, барлық деректі егжей-тегжейімен айтып берсеңіз» деп, өтініш етті. 

Одан кейін Қазақ политехникалық институтына түскен күннен бастап, өнерге құмар болғанымызды, бәріміздің басымызды Хамит Санбаевтың қосқанын түгел айта келіп, көрген қиыншылықтарымыз мен бағыт-бағдарымыз қандай болғаны жөнінде де кеңірек толғадым. Сосын бірнеше айдан соң екеуі қайта келді. Бұл жолы сценариймен келіпті. Компьтерімді қосып, сценарийді оқыдым. Қарасам, орыс тілінде жазылған екен. Сценарийді оқып отырып, «мұны жазған кім?» деп сұрадым. 

- Бұл осындай жігіт(аты-жөнін айтты), шетелде оқыған,-деді.

- Бұл адам қазақша біле ме?

- Білмейді.

- Дос-Мұқасанның әнін тыңдаған ба, жақсы біле ме?-десем, бірден күмілжи қалды.

Сосын сценарийдегі көп кемшіліктерді айттым. Соның бірі мынау еді, кез келген фильмнің ішінде негізгі өзегі ретінде міндетті түрде тартыс, конфликт болуы керек еді. Сол уақытта сценарийді көріп отырғанымда, сценарист жасаған қарама-қайшылықтар, конфликтер әлсіздеу болды. «Айдын, сен өнерлі жігіт шығарсың. Бірақ мына сценарийді кім жазса да, әлсіз» дедім. Көп нәрсені білмегеннен кейін, зерттемегеннен кейін атүсті болып кететінін ескерттім. Кейін тағы бір түзетілген нұсқасын әкелгенде, мынау Мұрат Құсайынов, мынау Досым Сүлеев деп, әрқайсысының телефон нөмірін бердім. Қажет болса, хабарласыңдар, кеңес сұраңдар дедім, бірақ сол кездегі нұсқа әлі де шикі екенін айттым. Кейін біраз уақыт өткен соң, менің шәкіртім Алмас Әлімжанов та, басқалары да, жым-жылас жоғалып кетті. Содан не керек, фильмді премьерасында бір-ақ көрдік. 

Иә, ең әуелі осы фильмді түсірген ұжымға, фильм режиссері Айдын Сахаманға, «Aray Media Group» студиясына көп рақметімді айтамын. Байқағаным, фильмдегі актерлік құрам ансамблдегі топ мүшелерінің портреттік ерекшелігіне сай таңдалғаны көрініп-ақ тұр. Әрине, фильмді тамашалап отырып, сол кездегі «Дос-Мұқасанды» сағынып, еске алып отырдым. Ансамбль тарихы,  оның ғұмырлық баяны айна-қатесіз, өзгермей берілгені мені қатты қуантты. Қазақ ән тарихында «Дос-Мұқасанның» ойып тұрып орын алары сөзсіз. Десе де оның көрген құқайы мен жүрген жолына қатысты көркем туындының болуын заңдылық деп білемін. «The Beatles», «Quееn» секілді топтарға арналған фильм бар кезде, қазақтан шыққан «Дос-Мұқасанға» да арналған бір фильмнің болуы еш артық етпейді. Фильм қай жағынан да ұнады. Бірақ «әттеген-ай» деген сәттері де болды. 

Ендігі мәселе мынадай. Фильм жалпы жаман емес, жақсы фильм болып шықты. Дос-Мұқасанның өнерін күтіп, аңсап жүрген халық мұны жақсы қабылдады. Музыкалық, тым күрделі де емес, Дос-Мұқасанның өнер тарихындағы негізгі-негізгі мәселелерін қамтитын жақсы фильм болып шығыпты. Сондықтан да бұл жерде режиссер Айдын Сахаманның талантын баса айтқым келіп отыр. Фильмнің жетістігі жайлы айтар болсақ, марқұм Шәріп, Хамит Санбаев, Құрманай, Бақытжан Жұмаділовтер өте жақсы, өте сәтті көрсетілген. Сол үшін де ұжымға ерекше ризашылығымды білдіріп, жабық көрсетілімде де бұл туралы айтқан едім. Түсірілетін дүние түсіріліп, болары болды ғой. Бірақ фильмнің мына «әттеген-ай» деген тұстарына да уақыт бөліп, тоқталғым келіп отыр. Жалпы Дос-Мұқасанның өмірлік ұстанымында сан ғасырлық әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған ұлттық рухтағы әуенді электронды аспапқа, дәлірек айтсақ, жаңа заманға үйлестіретін бағытты ұстауымыз керек деген міндет болған еді... Себебі Дос-Мұқасан сол кездегі «Битлзге» еліктеп шыққан қаптаған топтардың арасынан суырылып шығып, өзіндік үнімен, өзіндік мәнерімен дараланды. Ол тек дайын күйде бағыт алып кеткен жоқ қой. Міне, осы нәрсе экраннан тыс қалған. Екіншіден, фильмде түрлі әндер айтылады, алайда оны дайындау кезіндегі процесс жоқ. Тер төгіп еңбектену, аранжировка жасау, оқуды да, өнерді де қатар алып жүру секілді процесстер толық ашылмаған. Мүмкін уақыт шектеулі болып, көп дүние фильмге сыймаған шығар. Үшіншіден, кейбір маңызды деген тұлғалар елеусіз қалған. Фильмді көрсеңіз, негізгі сюжет Мұрат пен Досымның арасындағы екі линияда ғана өрбіп отырады. Ал ансамбльдің басын құрып, бір топ қылған Хамит Санбаевтың образы жөнді ашылмаған. Университет ректоры болған Баян Рәкішов деген ағамыз өте терең адам еді, оның да образы өмірдегіге сәйкес келмейді. Және бір маңызды жайт, атақты әнші Жамал Омарованың туған бауыры, профессор Тұрсын Омарұлы Сәлібаев парткомның атынан бізге кураторлық еткен еді. Ол кісінің адамгершілігі, біз үшін сіңірген еңбегі көп еді. Бірақ фильмде сол адам жайлы еш мәлімет болмады.

Дегенмен аталмыш фильмді халықтың жылы қабылдағанына дән ризамын. Себебі 17 не 18 ғасырдағы тарихи оқиғаларды түсіру оңай, өйткені фильмнің «қаһармандары» көзге көрініп тұрған. Ал бұлар – халықтың арасында күнде жүрген, көзі тірі адамдар. Сондықтан бірінші жасалған қадам – қателіктері бола тұра да, ерлік деп білемін. Кемшіліксіз дүние болмайды ғой…

- Студенттік жылдарыңызда «Бәйшешек» атты әдеби бірлестікті құрдыңыз. Оның құрамында Жұматай Жақыпбаев, Қажытай Ілиясов, Иранбек Оразбаев секілді қазақтың маңдайалды ақындар болып, тырнақалды туындыларын аталмыш ұйымда оқыған деседі. Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз...

- Иә, университет кезімізде  барлық дүние орысша болып тұншығып, мазамыз қашып жүргенде, мен секілді тілді, өнерді аңсап жүрген қаншама жастар бар, солар үшін, қазақ руханияты үшін қажетті әдеби бірлестік құрсақ деген ой келді. Сол үшін жатақханаларды аралап, әр мамандықта оқып жүрген студенттерден 15-20 шақты баланың басын құрап, «Бәйшешек» атты әдеби үйірме құрдық. Ол арқылы қазақ әдебиетін, мәдениетін, музыкасын үйренейік, ағалардың, қазақ өнеріне үлес қосқан адамдардың алдын көрелік дегенді мақсат еттік. Сөйтіп қатарымызды көбейтіп, үйірмемізді қалыптастыра бастаған кезде мені «КГБ-ның» жігіттері іздеп келіп, тергеуге ала бастады. Мұндайды көрмеген басым алғашында қорқып қалдым. «Жап-жақсы бастаған шаруаны осылайша орта жолға қалдырамыз ба?» деген оймен сол кезде дүйім жұртты аузына қаратып жүрген аса беделді ұстаз Ақжан Машанидың алдына бардым. Үйірменің қалай құрылғанын, не істеп жүргенімізді, енді келіп КГБ-дан қысымға ұшырағанымыз туралы бәрін айтып, ақыл сұрадым. Ақжан атамыз бір күліп алды да: «Әй, бала, қорықпа! Сен сол «Бәйшешек» ұйымына мені шақыр. Қабырға газеттеріңді шығарып, оның басына менің суретімді жапсырып қой. Астына осы үйірмеге арналған тілегімді жаз» деп сөзін берді, әрі суретін де қолыма ұстатты. Ақжан аға: – Біз техникалық оқу орнымыз, үйірмелеріңнің атын «Гауһартас» деп қойсаңдар қайтеді?-деген ұсыныс айтты. Мен: – Аға, «Бәйшешек» қар астынан ең алғашқы көктемнің хабаршысы болып шығады, оның үстіне жігіттермен келісіп алған едік,-деген ойымды айтып едім, ол кісі бірден келісімін берді. Біз тұп-тура ағаның айтқанындай істеп, қабырға газетін шығардық. Оның оқырмандары өте көп болды. Бұл өзі үлкен жаңалық болып сезілді. Содан үш күн өткенде парткомға шақырылдым. Сосын тағы да Ақжан Машаниге бардым.  Ол кісі кеңкілдеп тұрып тағы да күліп алып, жақсы көрген адамына айтатын сөзіне салып: «Әй, сен... Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы, жазушы Ілияс Есенберлин ағаңды тауып осының бәрін айт та, менің сәлемімді жеткіз. Ал өзін кездесудің қонағы етіп шақыр. Ол келеді»,-деді. Мен бірнеше күн Ілияс ағаның жолын тосып, ақыры алдына кірдім. Бәрі Ақжан атаның айтқанындай болды. Ілияс аға: «Айналайын азаматтар, бар екенсіңдер ғой! Мен сол политехтың түлегімін. Сеңдердің бастамаларың өте жақсы болған. Мен қолдаймын. Қашан барайын?» деді ерекше қуана.

Бұл уақыт «Қаһардың» жаңа шығып, дүрілдеп тұрған кезі еді. Содан да болар, 500 кісілік аудиторияда ине шаншар жер болмай қалды. Дүбірлетіп тұрып кездесу өткіздік. Содан бастап жазушы ағамыз «Бәйшешекке» алты рет қонақ болды, жүре бара оның туған інісіндей болып кеттім. Сол тұста ҚазМҰУ-дағы, ҚазПИ-дегі үйірмелермен тығыз байланыс орнатып, көптеген өнерлі жастармен танысып, өрісіміз кеңейе бастады. Сол әдеби байланыстардың арқасында сыншы, үлкен жүректі азамат Сағат Әшімбаевпен достастым. Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Қажытай Ілиясов секілді аузымен құс тістеген, талантты ақындарды танып, олардың үнін мыңдаған тыңдармандарына жеткізуге себеп болдым. Ол оқу орнымыздың рухани беделін барынша көтере түсті. Сол «Бәйшешектің» жалғасы әлі үзілген жоқ, күні бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. «Бәйшешек» үйірмеден әдеби бірлестік дәрежесіне көтерілді. Қазақстан комсомолы Орталық комитеті жастарға эстетикалық тәрбие берудегі үлкен табыстары үшін Құрмет грамотасымен марапаттады. Сосын бірте-бірте «КГБ» тарапынан қуғындаудан құтылдым. Университет басшылығы да ықыласпен қарады. Ақжан ата менің шынайы, ақылшы, сырлас, рухани ұстазыма айналды. Бір жолы Ақаңа сәлем бере барғанымда, ол кісі: «Қане, алақаныңды жай, саған бата беремін» деді де: «Әл-Фараби бабаңның рухы сені қолдап-қоршап жүрсін!» деп бетін сипады... Кейде маған: «инженерлік мамандық алған менің философия саласында ғылыми ізденістерге біржолата бет бұрып кетуіме Ақанның осы батасы себепші болған жоқ па екен» деген ой келетіні жасырын емес.

- Тарихтан мәлім, 1970-80 жылдар 1954 жылы құрылған КГБ-ның (Комитет Государственной Безопасности) ең бір күшейген, ең бір қарқын алған кезі еді. Сол уақытта КСРО-ның құрамындағы ұлттарға, соның ішінде қазақ ұлтына жасалған қысастықтың, қысымның көп болғаны жасырын емес. Сіз енді «Дос-Мұқасанның» біраз әнінің мәтінін жаздыңыз, ансамблдің басы-қасында жүрдіңіз. Сонда сіздің кездерде КГБ тарапынан ән мәтіндеріне, сөзге тиісу, қудалау қалай жүзеге асты? Мұндай сәттерде тығырықтан қалай шықтыңыздар?

- Жоғарыда атап өткен «Бәйшешек» бірлестігі шыны керек, Дос-Мұқасанға қорған болды. Себебі КГБ-дағылар мені ансамблдің идеологы деп есептесе керек, маған көп тиісті. «Бәйшешек» те, «Дос-Мұқасан» да сол кездегі заман тудырған рухани өре еді. Дос-Мұқасанның ән мәтіндеріне «Бәйшешек» танылғаннан кейін аса бір тиісіп, қудалау орын алған жоқ. Ал бұл сұрақты фильмдегі  кейбір эпизодтарды көріп, сұрап отырсаң, айтайын. Фильмдегі Жарас образына келер болсақ, ол тарихта болмаған адам. Фильмде шиеленіс, тартыс болсын деген ниетпен сондай образ керек болды. Мен оған фильм жарық көрмей тұрып-ақ келісімімді бердім. Және ол образ сәтті шыққандай көрінді. 

- Бір пікіріңізде «қай халық табиғатпен үйлесімді жағдайда өмір сүрсе, сол ұлт ғылымға басқаларға қарағанда бір табан жақын тұрады» депсіз. Осы тұрғыдан қарағанда дәл қазіргі қазақ қоғамының ғылымға деген көзқарасына қандай баға берер едіңіз?

- Қазақ – көшпенді халық. Жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізген.  Оған қоса тау-тастың, мөлдір судың, саф ауаның рақатын сезінген, жұлдызды санауды білген, төрт мезгілді ерекшелігін қадірлеген, яғни бүкіл дүниетанымы, болмысы табиғатпен етене болып кеткен халық... Табиғатты терең білу арқылы әуелі ой-сана қалыптасқан. Сондықтан да ғылымның түп негізі табиғат қой, дәлірек айтқанда, табиғаттағы құбылыстарды танып-білу. Табиғатқа бір табан жақын тұрған қазақ ғылымға да жақын халық екенін топшылап, осы идеяны ғылыми түрде дәлелдегендей болған едім.

Техника дегеннің өзі – адамның ақылымен жасалған табиғаттың бір түрі. Барлық техникада табиғаттың детальдары бар. Соған сай үш түрлі ерекшелікті байқауға болады. Ол ерекшелік қызмет атқарушы, байланысушы, күш бағыттаушы дейтін бөліктерден тұрады. Қысқаша айтқанда, техника дегеніміз – табиғат арқылы берілген адам ақыл-ойының жалғасы. Енді қазіргі қазақ ғылымы жайлы айтсақ, оның күрделі жағдайда екенін мойындаймын. Жақында президент өз сөзінде жойылып кеткен Ғылым академиясы қалпына келеді дегенді айтты ғой. Дегенмен біздің ғылымда формализм мен көзбояушылық қаптап кеткені шын. Ғалымдардың еңбегі елеусіз қалды, сондықтан да жақсы нәтиже шықпай жатыр. Жалпы бүкіл әлем мойынұсынған бір қағида бар, ғылымсыз мемлекет ешқашан алға баспайды. Ғылымға төккен тер, жұмасаған қаржы бірден болмаса да, біртіндеп қайтады. Ол үшін де еңбекқор, адал, талантты жастарға жол ашуымыз қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бармақбасты, көзқысты әрекеттер көбейгенде, тазалықтан кетеміз. Ал нағыз ғылым тазалықты сүйеді. Егер ғылыммен ел болып, халық болып, жүйелі түрде айналыссақ, қазақ қанша дегенмен талантты халық қой, ілгері басамыз деп ойлаймын. 

- Ғаламтор бетіне аты-жөніңізді тере қалсақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, «Құрметті азамат», «Білім және тәрбие ісінің үздігі» сияқты қаптаған лауазымдар шыға келеді. Бір жағынан политехникалық институтты бітірген техникалық маман иесісіз, бір жағынан философсыз әрі саясаттанушысыз. Шыныңызды айтыңызшы, осы аталған мамандықтардан, атақ-құрметтерден жаныңызға қайсысы жақын? Қай Ұлықпан сіздің ғұмырлық анықтамаңызды дөп басып айтып бере алады?

Менің жан-жақтылығым, әр түрлі салаға қызығушылығым бірін-бірі толықтап отырды. Ол мені өсірді. Біріншіден, менің негізгі мамандығым – компьютерлік модельдеу. Бірақ студент кезімде ғылыми жұмыстарға қызу араластым. 2-курстың соңғы кезінде менің философиялық тақырыптағы еңбегім бас бәйге алды. Ректордың қолынан атымды ойып жазған сағат алдым. Менің «Ойлау жүйесін модельдеу» деген еңбегім қалалық, Республикалық, Одақтық бәйгелерді жеңіп алды. Ауылдан келген қарапайым қазақтың философиялық тұжырымының бұлайша биікке көтерілуі өте бір беделді жұмыс болды. Сол еңбегім менің болашақ бағыт-бағдарымды да айқындап берді. Философия кафедрасының меңгерушісі, Парткомның хатшысы, ұстаз, профессор Кішібеков Досмұхамед деген бастығымыз мені шақырып алып, өзіне шәкірт болуымды өтінді. Ол: «философия деген ғылым – барлық ғылымның анасы, техника мен рухани дүниенің арасын осы тұрғыдан зерттеушілер аз. Сенің бойындағы білім осы тақырыпты соңына алып шығуға толық жетеді» деді. 5-6 ай ойланып-толғанып, оқуымды тауысқан соң, сол кісінің ұсынысын қабылдап, философия саласы бойынша аспирантураға түстім. Осылайша техникалық білімі бар философ болып шықтым.

Енді сұрағыңа тоқталар болсам, аталған дүниелердің ішінде қазір жаныма жақыны да, ең мықтысы да философия шығар деп ойлаймын. Себебі адамзат тарихында өркениет көшіндегі тұңғыш ғылым – ол философия. Қазір 400-ден аса ғылым саласы бар, соның барлығы дерлік философиядан өсіп-өнген. Меніңше, философияны жөнді меңгерген адам кез келген басқа саланы да толық игеріп шыға алады. Философияның логикасы – төрткүл дүниенің діңгегі.  

- Бұдан бөлек Қабанбай батырдың тікелей сегізінші ұрпағы екенсіз. Шыны керек, қазіргі қазақ қоғамында ата-бабасын мадақтап, дәріптеу, оған ескерткіш орнатқанын мақтан тұту секілді өте жағымсыз процесстер жүріп жатады. Қабанбай батырдың ұрпағы болғаныңыз үшін бабаңызды өзгелерден биік қойып, пенделікке салынған кездеріңіз болды ма?

- Қабанбай батырдың ұрпағы екенім рас. Әрі сол кісінің ұрпағы екеніме ең әуелі Құдайға тәубе деймін. Маған берілген рух, еңбекқорлық, адалдық, қайсарлық сол бабамыздан келген бе деп ойлаймын. Ал жұрттың, көпшіліктің көзінше «Қабанбайдың ұрпағымын» деп мақтану түкке де қажеті жоқ.  Оны білетін, танитын исі қазақ менсіз де құрмет тұтады. Мәселен, мен Қабанбайдың батырлығынан бөлек, адами тұлғасына көбірек тоқталғанды жөн санаймын. Өйткені бұл – заман ағымына сай дүние. Ол кісі ешкімді руға бөлмеген, жерге, географиялық аумаққа бөлмеген. Қазір мен білетін Түркияда, жеті-сегіз жерде ол кісінің атындағы ескерткіш бар. Және оның мынадай сөзі бар еді:

«Кәпір, мұсылман демеймін, 

Алыс-жақын демеймін.

Кім бірінші аузына алса, 

Соны желеп-жебеймін» деген.

Яғни адалды, шын ілгері басқанды, ешкімді алаламай, қолдаймын дегені ғой. Жақында Қабанбай батырға қатысты үлкен конференция болды. Сол кезде де әңгіменің негізгі ауаны сол оның қайда жерленгені туралы болды. Меніңше, бұл 21 ғасырдағы қазақ қоғамына қажет емес дүние.  Әрине, БАҚ өкілдері қоймай сұраған соң, мейлінше жауап бердім. Дегенмен бабаның өзі кезінде сүйегін ешкім қорламасын деп, осы жайтты құпия ұстаған. Одан кейін Қабанбай батыр – халықтыңжүрегінде қатталып, сақталып қалған тұлға. Сол себепті де оған қатысты өзге дауларды жөнсіз деп танимын...

-  Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?