Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сыбызғының егізі - цуур

2547
Сыбызғының егізі - цуур - e-history.kz

Саз аспаптарының ішінде ауызбен үрлеп дыбыс шығарып әуен ойнайтындарының өзі біршама. Олардың жасалуы мен пішіні де, үн шығару мүмкіндігі де әртүрлі. Үрлемелі саз аспаптары жалпы алғанда әлемнің барлық түкпіріне дерлік кеңінен тараған. Солардың ішінде қазақтың көне үрлемелі саз аспабы сыбызғыға біршама ұқсас болып келетін цуурды атауға болады.

Цуур – Еуразияның Құбының құмы мен мен Еділдің арғы бетіндегі ен жазық арасында шашырай мекен ететін монғол тілді халықтар арасында кеңінен тараған үрлемелі саз аспабы. Цуур өзінің жасалуы, құрылысы, әуен шығару ерекшелігі жағынан қазақтың сыбызғысымен қатар башқұрттың қурайына, тываның шоорына, қырғыздың чоорына, буряттың сурына да барынша ұқсас. Цуур аспабының қазіргі күнгі қолданылу деңгейі қалай деген сұрақ туындары сөзсіз. Цуур үрлемелі саз аспабының қазіргі замандағы танымалдығы мен қолдану ауқымы соншалықты кең деуге келмейді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бергі кезеңде оны пайдаланып келген халықтар арасындағы танымалдық аясы тарылып, тіпті ұмытылуға шақ қалғандығын көреміз. Мұны ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақстанда сыбызғы аспабын ойнау дәстүрі ұмыт болуға айнала жаздап қайта жанданып түлеуіне ұқсатуға болады. Зерттеушілердің атап көрсетуінше ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басынан цуур аспабында ойнаушылар қатары біртіндеп артып, қайтадан жаңғыру үстінде екен. 

ХХ ғасырдың аласапыран оқиғалары мен саяси өзгерістер, еуропалық мәдениеттің, оның ішінде еуропалық музыкалық аспаптардың қолданысқа дендеп енуі себебінен Еуразияның Орал тауынан шығысқа қарай бөлігін мекендеген көптеген халықтардың дәстүрлі саз өнеріндегі біраз үрлемелі аспаптары біртіндеп қолданыстан шығып қалған, тіпті кейбірі ұмыт болған. Мысалы, тыва халқының үрлемелі саз аспабы шоорды тартатын адамды бүгіндері табу қиын екендігі айтылады. 

Бұған қарап үрлемелі саз аспаптарының бәрі ұмытылуға беталды деуге болмайды. Атап айтқанда қазақтың сыбызғысы мен башқұрттың қурайы ғана ХХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қарапайым халықтық қолданыстан биіктеп, академиялық кәсіби ансамбльдер мен оркестрлердің құрамына еніп, жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өткен дұрыс болмақ. Яғни заманауи жетілдіріліп, акустикалық мүмкіндіктері анағұрлым арттырылған бұл саз аспаптарымен тек халықтық әуендерді ғана емес, әлемдік класикалық туындыларды, күрделі жанрдағы сан түрлі әуендерді оркестр құрамында немесе жекелей орындау мүмкіндігіне жол ашылған. Ал цуурдың кең көлемдегі қолданысы туралы былайша айту қиын. Оған да біршама факторлар әсер еткен. Дегенмен, бұл тұрғыда ілгерілеушілік барлығы анық. Цуур – негізінен Батыс Монғолияны мекендейтін байырғы тайпа ұраңқайлар арасында қолданыстағы саз аспабы. Өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін ұраңқайлар арасында цуур тарта алатын адамдар әр өңірде біршама баршылық болып, халық алдында өнер көрсеткен болса, алпысыншы жылдардан бастап сирекси берген. Мұның басты себебі: жоғарыда атап өткендей, монғол халқының да дәстүрлі руханият әлемінің еуропалық мәдениетпен тығыз байланысқа, ықпалдастыққа көшіп, барынша жақындаса түсуі, елдегі қоғамдық құрылыстың өзгеруінен деуге болады. Кеңес Одағының ықпалымен төңкеріс жасап, біртіндеп хандық билікті құлатқан соң, коммунистік даму жолын таңдаған Монғолия мемлекеті феодализмді аттап өтіп, кемелденген социализм құру идеясын басшылыққа алғаны белгілі. Кемелденген коммунизм құру жолында оңды-солды үлкен өзгерістер жасаған 70 жыл ішінде қазақ, монғол, қырғыз т.б. кешегі көшпелі, жартылай отырықшы халықтардың заманауи білім, ғылым игеріп, мәдениет, әдебиет, өнер т.б. тұрғысында орасан зор жетістіктерге қол жеткізгенін тарих жоққа шығара алмайды. Дегенмен дәл осы кезеңде халықтардың ғасырлар бойы сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келген көптеген материалдық, рухани құндылықтары біржақты ескіліктің сарқыншағы ретінде қарастырып, мансұқталып, жойылғаны белгілі. Осы саясаттың салқыны ұлттық саз өнеріне де әсер етіп, дәстүрлі ұрпақтар сабақтастығының тиісті деңгейде жолға қойылмауына жол берілгені анық еді. Бұл жағдай комунистік дәуірді бастан кешкен өзге халықтарға да тән үрдіс болатын. Қазақ сыбызғысының, сыбызғышылық дәстүрдің төл топырағында тамыры суала бастауы да осы себептен еді.

Бір кезде үйді-үйде, тау-төбеде уілдеп ойналып жататын цуурды тартатын адамның саны қазіргі күні жиырманың төңірегінде болуының өзін үлкен нәтиже санап отырған жағдай бар екен. Жаңа ғасырдың оныншы жылдары Монғолияның Қобда, Баян-Өлгий, Кентай, Ұланбатыр, Орхон аймақтарында шоғырланып өмір сүретін ежелгі монғол тайпасы ұраңқайлардың арасында цуурды қайта жандандыру, аталған саз аспабында ойнайтын адамдарды насихаттау, жас буынға үйрету, сондай-ақ дәстүрлі мұраларды ғылыми түрде жинақтау, айналымға түсіру сияқты жұмыстар қолға алына бастаған екен.

Бізді цуурдың пайда болуы туралы қандай аңыздар мен деректер бар деген мәселе қызықтырды. Цуур туралы айтылатын дереккөздердің алғашқыларының бірі ресейлік жиһангез зерттеуші Н.М.Пржевальский еңбектеріне тіреледі екен. 1871-1886 жылдары Орта Азияға ғылыми зерттеу экспедиция басқарып келіп, жан-жақты ғылыми сипаттамалар қалдырған Н.М.Пржевальскийдің «Монғолия және таңғұттар елі» атты кітапта осы өлкенің жер бедерін, климатын, өзендері мен көлдерін, өсімдік, жаунарлар әлемін толық сипаттай келе, онда мекендеуші халықтар туралы да біршама мәліметтер береді. Аталған кітапта батыс монғолдардың цуур атты саз аспабы туралы сипаттама жасайды. 

Сонымен қатар немістің ғалым саяхатшысы П.С.Паллас та (1741-1811) өзінің Монғолия ман Қалмақияға сапары барысында кездестірген үрлемелі цуур аталатын музыкалық аспапқа назар аударады. Оған сипаттама бере отырып, мұндай саз аспабының олармен көршілес қазақтарда да кездесетінін, оны «сыбызғы» атайтынын жазады. 

ХХ ғасырдың 30 жылдары Ішкі Монғолияға саяхат жасаған швед музыкатанушысы С.Хейден де цуурдың құрылысына тоқталады. Осы экспедицияға Хейденмен бірге шыққан музыкатанушы Э.Эмсхаймер цуурдың құрылысы мен ыңғайлылығы, мүмкіндігі туралы былай деп жазады: «Оны әзірлеу өте оңай, әрдайым дайын. Далада көшіп жүргенде иесінің өзімен алып жүруіне өте ыңғайлы. Қатты естілетін музыка мен шуылға мүде қарама қарсы сипатта: ол азғантай аудиторияға өте қолайлы келеді».

Монғолияда 1921 жылы жеңіске жеткен Халық төңкерісінен кейінгі жылдары цуур аспабын зерттеу ісі біршама жолға қойылғанын көреміз. Цуур музыкалық аспабына ие болып, осы дәуірге жеткізіп отырған ұраңқайлар туралы тоқталып өту қажет болады. Цуур аспабын ғасырдан ғасырға, атадан балаға аманаттап сақтап алып келе жатқан ұраңқайлар – тарихы бай, өнерге бейім, аңшылық дәстүрі ерекше дамыған қауым. Бір замандарда қаһарлы қаған Шыңғыстың кіндік жұрты Кентай тауларында мекендеп тұрған ұраңқайлар түрлі тарихи жағдайларға байланысты 16-17 ғасырларда Алтай тауына келіп біржола орын тепкен. Шүршіттік Цинь империясы тұсында ұраңқайлардың аңшылық, мергендік қабілетін ескере отырып, оларға садақ, кейінірек мылтық асынуға рұқсат берген екен. Осы «рақымы» үшін Цинь билігі әр түтінге жыл сайын бағалы аң терісін тапсыруға міндеттеп салық салып отырған. Қалай болғанда да өзге туыстас тайпаларға қарағанда мылтық пен мергеншілік дәстүрі жақсы сақталған. Қазіргі күні Баян-Өлгий мен Қобда аймағының бірнеше сұмындарында, сондай-ақ ҚХР-дың Алтай аймағында ұраңқай тайпасы өкілдері шоғырлана өмір сүреді. Жалпы саны – 25 мыңнан астам. Алтайдың он үш биігіне сыйынып, ежелгі дәстүрлі тәңірлік наным-сенімді кейін қабылдаған буддизммен мидай араластырып тұтынатын ұраңқайлардың өзіндік бет-бейнесі жыл өткен сайын бұлдыр тартып бара жатқаны да анық. Себебі Баян-Өлгий мен Қобдадағы байырғы мекенін тастап Монғолияның ішкі өлкелеріне қоныс аударған ұраңқайлар өздеріне тән тілдік ерекшеліктері мен салтынан, музыкалық дәстүрлерін сақтау тұрғысында жыл өткен сайын жұтаңданып, Монғолияның мемлекет құраушы негізгі ірі тайпасы халқаның ықпалына, атап айтқанда олардың тіліне, мәдениетіне біртіндеп еріксіз жұтылып бара жатқаны анық. Аздың көпке жұтылатыны – қай-қайда болмасын, ақиқат қой.

Ұраңқай цуурының арғы тарихына көз жібергенде бұл аспаптың ғұмыры түркі-монғол халықтарының түп бастауындағы сонау ғұндар дәуіріне барып тірелетінін аңғарамыз. Ғұн империясының құрамына енген ірі тайпалардың бірі ретінде ұраңқайлар – ежелден қазіргі Монғолия мен Қытайдың солтүстік аумағын иеленіп өмір сүргені тарихтан белгілі. 1206 жылы құрылған Ұлы Монғол мемлекеті тұсында Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшылары болған Жебе ноян мен Сүбедей қолбасшылар шыққан ұраңқайлар, жоғарыда атап өткеніміздей, ХҮІІ ғасырдың басында Алтайға жылжи жетіп, Ертіс басына келіп қоныстанған. Алтайдың аясында өмір сүретін көптеген халықтар сияқты, ұраңқайларда да көмеймен шырқау («көөмий») жақсы дамыған. Көмеймен шырқаудың өзі де сыбызғышылық дәстүрмен бағзыдан бері үлкен байланыстық мәні бар.

 

 

Цуур аспабы Ғұн империясы тұсында (б.з.б. ІІІ-І ғ.ғ) болғандығы туралы қытай жазба деректерінде белгіленген екен. «Ши Цзинь» қытай әдебиеті мұрасында б.з.б. 119 жылы ғұндармен соғыс кезінде қолға түсіп, сонда ұзақ жылдар өмір сүріп, еліне аман-есен оралған жауынгердің естелігі жазылғаны айтылады. Онда былай делінген екен: «Мен кеш болса цуурдың үні мен сиырдың мөңіреуінен ұйықтай алмайтын едім.» Демек цуур саз аспабының тарихы жиырма ғасырдың арғы жағында деген сөз. Бұдан өзге осыдан 2000 жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген қытай ханшайымы Цай Вэн Жидің поэтикалық шығармашылығында цуур аспабының сазы туралы айтылған екен. Көшпенділермен болған қиян-кескі соғыста қолға түсіп қалған қытай ханшайымы 18 жыл өмірін Ұлы Далада өткізеді. Он сегіз жылдан соң еліне қайта оралғаннан кейін ханшайым «Ғұндардың ағаш цууры» атты өлеңдер циклін жазған екен.

Тағы бір ескерерлік мәлімет: цуур саз аспабы туралы «Монғолдың құпия шежіресі» кітабында да айтылады. Шыңғыс ханның сүйікті әйелі Құлан ханымға айтылар мадақта: «Ғажайыптан қосылған Құлан патшайым, цуур мен хуурдың әуені, қоршаған барша халқыңыз, Туып-өскен ел-жеріңіз, барлығы да осында ғой, хан ием!» - делінген. Жалпы алғанда «цуур» деген сөздің өзі де бертінгі замандарға дейін жалпы музыка деген мағында түсіндіріліп келгенін көреміз. 

Ырым-тыйымдарды барынша берік ұстайтын ұраңқайлардың түсінігінде цуурды негізінен ер адамдар ғана тартатын саз аспабы деп санау, осы дәстүрдің бұзылмауын қадағалау қалыптасқан. Мұның өзін цуурдың ежелгі жауынгерлік тұрмыс-салт, бақташылық, тәңіршілдік т.б. қарекеттермен байланысты болуымен түсіндіруге болады. Зерттеушілердің пікірінше цуур – әу баста аңшылық құралдарының бірі болған. Яғни цуур – ежелгі аңшылардың аң аулауда түрлі дыбыстық белгілер беретін құралы ретінде біртіндеп қолданыла бастаған. Аңды немесе аңшы жолдастарын шақыру, түрлі дыбыстық белгілер беру сипатындағы қасиеттерге ие цуур аспабы – алғаш аңшылық пайда болған кезеңнен бері халықпен бірге жасасып келе жатыр деп айтуға болады. Ұраңқайлар ортасында ежелден аңға шығар алдында цуурда ойнаса, осы жолғы жорықтан олжалы ораламыз деген түсінік берік қалыптасқан. Ал олардың көршілері тывалар (түркітілдес болып келетін тываларды да Танну немесе Тагнаа ұраңқайы деп атайтын үрдіс бар) бұл аспаптың аңшылыққа жағымды әсер ететіндігіне толықтай сенген. Қазақтар сыбызғыны қасиетті санап келген. Және оның үнін тыңдаған кезде алдындағы қайырған малы тыңдап, түсінетіндігі туралы көптеген аңыздар, күйлер сақталған. Осыған ұқсас ұраңқайлар арасында да цуурдың үні арқылы жылқышылардың жылқысын іңірттетіп, құйқылжыған үнін тыңдатқаны туралы аңыз айтылады. Қазақ пен ұраңқай арасында бірнеше ғасыр бойы айтылып келе жатқан мұндай аңыздардың бекерден бекер шықпағаны анық. Солардың бірі – қазіргі Делуін өлкесінде өмір сүрген Муса атты өнерпаз жылқышы саз аспабын үнемі өзімен бірге ала жүріп, жылқысының шетінде тартатыны, тартқан кезінде жануарлардың шөп жұлғанды қоя қойып, басын көтеріп, елеңдей мүлгіп тыңдайтыны жөнінде аңыз қылып айтысып келген. Бір күні Муса өзінің жылқыларын таба алмайды. Ақыры жылқысының табылуынан күдер үзіп, бір таудың басына шығып алып, үрлемелі аспабын күңірентіп тартып отырады. Сол кезде алыстан иесінің аңырата тартқан үнін естіген жылқылары шапқылап өздері жеткен екен дейді. Муса өмірден өткеннен кейін жылқылары оны жерлеген жерге келіп жиналудан танбаған екен. Сол арада әлдеқалай ызыңдаған мұңлы үн құлаққа келетіні жайында жергілікті адамдар айтып жүрген екен. 

Тек адамнан зият жылқы түлігі ғана емес, сиыр мен түйенің де музыка үніне құлақ түретіндігі ұраңқай аңыздарында жиі айтылады. Цууршы Наранбаттың айтуынша бірде іңген өзінің ботасынан жеріп кеткен екен. Төмөр атты цууршы екі күн цуурын ойнап отырып, іңгенге қайтадан ботасын баурына алғызған екен. Сондай-ақ егер сауын кезінде цуур ойнайтын болса, желідегі сиырлардың сүті де мол болады екен дегенге цууршылар кәміл сенеді.

«Цуурдың тылсым үні рухтармен үндеседі», - деген сенім де ұраңқайлар арасында қазірге дейін сақталған. Ұраңқай аңыздары бойынша цуур әуел баста табиғат рухтарына тиесілі болған. Содан кейін адамдарға берілген. Сондықтан да цуурда ойнаған кезде табиғат рухтары қуанып жадырайды, тіршілік иелерінің цуур үні шыққан жерге жиналатыны да сол қуанышты сезінгендіктен дегенге ұраңқайлар сенеді. Расымен де сыбызғы немесе цуур тартылғанда жылқының музыкантты айнала қоршай мүлгуін немен түсіндіруге болады?

Цуурдың ұраңқайларға пері қызын сыйлағаны туралы аңыз да ел арасында айтылады. Ерте заманда Ээв (Ертісті ұраңқайлар ертеде солай атаған) өзенінің жағасында бір жас жігіт шешесі екеуі өмір сүріп тұрыпты. Анасы үй шаруасының қамымен айналысса, ұлы жерден түрлі өсімдіктердің тамырын қазады екен. Бір күні жігіт өзінің ісімен шұғылданып жүргенде орманнан шығып келе жатқан перизатты көреді. Ол жігітке былай дейді: «Сен күн сайын өзен алқабында тамыр қазып жүресің. Мен сені бұдан гөрі өнімді тірліккке үйретсем деп едім.» Жас жігіт бұл сөзге қуанып, айтқан іс-әрекетін үйренуге бел буады. Сонда пері қызы былай дейді: «Осы өзеннің аңғарында өскен талдың бір бұтағын таңдап кесіп ал. Одан іші қуыс саз аспабын жасап алып, Ээвінің көркем табиғатын саз үнімен бейнеле. Сонда өмірің жақсарады», - дейді. Осылайша жас жігіт өзінің жасаған саз аспабы арқылы бақытты болып, мұратына жеткен екен дейді. Сондықтан да ұраңқайлар цуурды тау мен судың иелеріне құрбандық шалған кезде тартатын болған. Цуурды Алтайдың иесін шақыруға қолданған. Ұраңқайлар тау мен судың иесі бар деп біледі.

Сонымен бірге ертеректе цуур аспабының тылсым күшімен жауын-шашын аз болған жылдары, қазақтың тасаттығы тәрізді, жазда жаңбыр жаудыратын цууршылар болғандығы да айтылады.

Цуур аспабының құрылысы, жасалуының өзі оның атауымен барынша байланысты деуге болады. Атап айтқанда цуурды әзірлеудегі іс-әрекеттердің өзі оның атауына қатысты атаулардан, етістіктерден болып келетіні қызық: цоорхой (тесік), цуулах (кесу), сондай-ақ цуурай (жаңғырық, дыбыс), цуурайтах (жағырығу, дыбыстау) деген сөздер расымен де аталған аспаптың негізгі құрылысымен, үн шығару табиғатымен тұтасып жатыр.

Ұраңқайлардың айтуынша цуур аспабын ертедегі музыканттар Қытайдың Шыңжан өлкесіне қараған өңірде өсетін цооргоно немесе балчиргана деген қуыс сабақты өсімдіктен әзірлеп келген екен. Бұл өсімдіктер Ээв (Ертіс) өзені алқабында өседі екен. Негізінен жоғарыдағы аңызда айтылғанындай, ұраңқай цууры ағаштан жасалады және сондықтан да ұзақ сақталады. Әдетте цууршы өзі тартатын аспапты өзі жасап алады. Бұл – ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан мызғымас дәстүр.

Цуур үшін ең қолайлы ағаш – сібір сағызқарағайының бұтағы болып есептеледі. Бұл – өзек діңінінің сыртынан үш қабат жабыннан тұратын өсімдік. Екінші ақ қабықты аршып жасаған дұрыс деп саналады. Осы ақ қабықты қуыстап істеген цуур үнді болмақ. Қарағай мен самырсыннан, балқарағайдан да әзірлеуге болады, бірақ мұндай жағдайда цуурдың үні біршама өзгереді. Темір мен пластмассадан да цуур жасалып жүргенімен, цууршылардың айтуынша, бұларда табиғи төл цуурдың үні жоқ. Цуурды әзірлеу үшін таңдап алынған ағашты бір тәулік суда балқытып, одан соң көлеңкеде кептіріп, одан соң екіге жарып алған соң, өңдей бастайды. Екі бөлікті жымдастырып біріктіру үшін бұзаудың терісі мен етінен әзірлеген табиғи желім пайдаланылған. Желім жақпай, қойдың аш ішегімен қаптауға, тері мен жан-жануарлардың тарамысын пайдаланып жымдастыруға болады. 

Цуурдың пішіні қандай дегенге келетін болсақ, әдетте конус формалы болып келеді. Бұл – өзге көптеген халықтардағы үрлемелі аспаптарға тән форма. Цуурдың ұзындығы шамамен 44-70 см шамасында болып келеді. Цуурдың ұзындығы оны ойнаушының бойын, қолының ұзындығына байланысты болып келеді. Ұраңқайлар цуурдың ұзындығын қолы мен қолтығына дейінгі аралықпен өлшеген. Және де цуурдың ұзын-қысқалығы адамдардың жас ерекшелігіне де байланысты деп қарастырған. Үлкен адамдардың цуурын балалар ойнай алмайды. Себебі, оның өкпесі тиісті ауаны шығарып үрлей алмайды. Балалардың цууры үлкендердің цуурынан қысқарақ болады. Ұраңқайлар цуурдың өлшемін тұтаммен алады. Цуурдың орташа ұзындығы 5 тұтам болады. 

Цуурда әуен ойнауға арналған үш тесік болады. Өзге халықтардың цуур тектес үрлемелі аспаптары тесігі тұрғысында әр түрлі болады. Башқұрт, қазақ, түркмен саз аспаптарында төрттен алтыға дейін тесік болады. Бурят пен тываның суры мен шоорында да кейінгі кездегі өзгертулер, жетілдірулер нәтижесінде үштен артық тесік тесілетін жағдайлар бар. Ұраңқайлардың түсінігінде бұл үш тесіктің өзіндік филсофиялық мәні бар. Сондықтан да оны өзгертуге болмайдыдеп көріледі. Яғни үш тесік – өткен шақ, осы шақ, келер шақты және де жоғарғы, ортаңғы, төменгі үш әлемді нышандайды. Сондықтан да ежелгі ескі күйлер бағзы бояуымен сақталған деп көріледі. Тесіктер пышақпен немесе қыздырылған темірмен тесіледі. Кейінгі кезде бұрғы да қолданылуда. Ойын тесіктерінің ара қашықтығы біркелкі емес. Корпустың төменгі ұшы мен астыңғы тесіктің арасындағы қашықтық үшінші мен екінші тесіктің арасындағы қашықтықпен шамамен мөлшерлес болады. Бірінші, екінші тесіктердің ара қашықтығы азырақ жақын болады. Мұны да саусақ арқылы өлшейді. Қазақ сыбызғысындағы өлшемдерге ұқсас деуге болады. 

Цуурды ойнар алдында міндетті түрде сумен шылап алады. Мұның себебі, суған шыланған цуурдың үні әлдеқайда жұмсақ және ойнауға қолайлы болады. 

Цуурды ойнау үшін өкпеден шыққан ауа, тамақ, өңеш, тіл, таңдай, тістер, ерін, езу қатысады. Ең әуелі тесіктерге қолды орналастырған соң барып, терең тыныс алып, үн шығаруды бастайды. Мұнда ең күтім қажет ететін ағзаның бірі тамақ болмақ. 

Цуур тарту мен көмей (горловое пение) екеуі өте тығыз байланыста болып саналады. Бұлар – ағалы-інілі сияқты егіз өнер. Шындығында цуурда ойнау үшін көмейшілікті кемінде жартылай меңгерген болуы керек екен. Сонда ғана цуурдан төгілген үн алуан нақышты, тыңдаушының құлақ құрышын қандырарлықтай болмақ. Ұраңқай цууршылары ең әуелі цуур пайда болды, соның негізінде көмейшілік туып қалыптасты деп көреді. Кейбір цууршылар мен зерттеушілер керісінше, алдымен көмейшілік, одан кейін цуурда ойнау пайда болған деп көреді. Қалай болғанда да цуур мен көмейшілік – егіздей  ажырамас бірлікте қарастырылады.

Ұраңқайларда цуурдың ежелден қалыптасқан әуен атаулары бар. Олардың белгілі бір еліктеуіштік, бейнелеуіштік сипаты барын байқаймыз. Мысалы, «жорғаның жүрісі», «атанның желісі», «аюдың жорғалауы», «тауешкінің секіруі», «судың толқыны», «жүйріктің шабысы», құстың шаңқылы», «құстың қанат қағуы», «көкектің гүрілі», «өзеннің сарқырауы», «сарқыраманың құлауы». Мысалы, «Жороо хар мажаалай» немесе қазақтың «Жорға аюы» аюдың жүрісін нақ бейнелейді. «Бейжін сары атан» күйінде түйенің тапырақтаған төрт табанының еліктеуіш-бейнелеуіш әуені бар. Бұл да цуур мен сыбызғыда бірдей тартылатын күй.

Цуурда орындалатын күйлердің біразы жыелден жүйрік жылқы түлігінің әсемдігін, жүрісін, жорға желісін бейнелейді. Сондай күйлердің бірі – «Бальчин хээр» немесе қазақ сыбызғысында ойналатын «Балжыңкер» болып саналады. Балжыңкердің аңызы да қазақ пен ұраңқайға ортақ, ұқсас болып келетіндігі бар. «Балжыңкер» күйінің ұраңқай арасында айтылатын тарихы мынадай: Балжың деген ұраңқай жігіттің кер аты болыпты. Сол өңірдегі қыл құйрықты атаулының маңдайалды екен. Бір күні аттың иесі әлдебіреудің үйіне жолаушылап келіп қонып отырады. Үйдің иесі Балжыңның атын амалдап иеленіп алмақ болады. Ол үшін бәстесуге Балжыңды көндіреді. Олар ақыры былай деп бәстеседі. Үй иесі әйел қолдан жасалатын сүт арақты үш рет тартып үлгергенше, Балжыңның кер аты үй иесі әйел сүттен жасалатын арақты үш тартып (қайнатып әзірлеп) үлгергенше шалқар Марқакөлді айналып шауып келуі керек. Егер үлгермесе – ат қоған үйдің иесінде қалмақ. Балжың атына мініп көлді айналып шауып кетеді. Бірақ үй иесі әйел қаралық жасайды. Бәстескенде ұту үшін ол арақты екі-ақ рет тартады. Балжың бұған қатты ренжиді. Аты да сол арада зорығып өледі. Қапаланып қайғырған Балжың жүйрік керінің жүрісін елестететін әсем әуен ойлап тауып, цоорын бебеулетіп тартады. Келесі бір аңызда кер ат көлді айналып шауып жеткенше, әйел матадан шапан пішіп, тігіп, түймесін тағып дайын қылуға бәстескен екенАйтқанындай, әйел шапанның соңғы түймесін тағып жатқанда Балжыңкер шауып жетіп үлгереді. Қалай болғанда да «Балжыңкер» атты күй ұраңқайдың цууры мен қазақтың сыбызғысында сыңси шалқып ХХІ ғасырға жетіп отыр.

 

Зерттеушілер цуурда ойнаушылардың репертуарында 55 әуеннің алуан түрлі вариациясы бар деп есептеген екен. Олардың нұсқалары тіпті 300-400-ге дейін жетуі мүмкін. Солардың ішінде он үші басты ойналатын әуендер болып саналады. Басты әуен санының 13 болатын себебі: Алтайдың әйгілі он үш ақбас биігінің нышаны. Алтайдың он үш ақбас биігінің әрқайсысына арналған жеке әуез арнап тартылатын болған. Ұраңқайлардың ырым-түсінігі бойынша цуурда ойнаудың тәулікке қатысты өз уақыты болады. Цуурды негізі таңертең, түске дейін ойнаған ыңғайлы болмақ. Себебі, адамның, малдың т.б. табиғаттағы дауыстар әлі зораймаған, таңғы тыныштықта ауа таза болады, дыбыс жақсы естіледі. Цуурдың құрылысы, ұзындығы мен жуандығы ондағы дыбыстың шығып таралуына әсер етеді деген болатынбыз. Мысалы, тывалардың цууры ұзын әрі сондықтан да үні жіңішке болып естіледі. Ал қазақ сыбызғысы төрт тесікті, ыңғайлы болғандықтан одан шығатын үн, әуен де ерекше болады.

Жалпы күні бүгінге дейін цуурдың атын бесігі болған екі өлке бар: Олардың біріншісі – Баян-Өлгий мен Қобда аймақтарының ұраңқайлар өмір сүретін сұмындары, екіншісі – Шыңжандағы Қандығайты және Қанас өңірлері. Осы өңірлердегі ұраңқайлар мен тывалар арасында тамаша цууршылар шыққан деп саналады. Қазақ пен ұраңқайға ортақ күйші Арбиян осы өңірде өмір сүрген делінеді. Арбиян – қазақтардың Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін осы өңірлерге мекендей бастаған ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрсе керек. Арбиянның цикльді бірнеше күйі бар.

Тағы бір айта кетерлігі, цуур – соғыс, шайқасқа кірер алдында да тартылған екен. Егер цуурдың үні жарқын, анық шықса, осы жолғы шайқаста үстемдік алып, жауды жапырып жеңіске жететіндігіне сенген. Сонымен қатар цуурда ойнағаннан кейін, музыканттар өздері үшін қалыптасқан әлдебір ырымдарды жасайтын болған. Мысалы, жирен жылқының қылын немесе түлкінің мұртын ілетін салтты жасаған. Көшпелілер ежелден жирен жылқының танауы мен мен түлкінің тұмсығындағы ақшыл теріде ақ (жағымды немесе оң) энергия болады деп санаған. Түлкі тұмсығының осы тұсына оқ дарымайды, сондықтан түлкінің мұртын тақса, соғыстан аман келеміз деген нанымға сенген. Жалпы цуур тарту үшін, оның ойналатын жерінің энергиясына да цууршылар үлкен мән берген екен. Үйдің оң жақ төрі, төбенің күңгей тұсы т.б. таңдалған. Цуурды үйде төмен қоюдан сақтанған, әрдайым биік орынға қояды. Сонымен бірге цуурды тартар кезде міндетті түрде екі қолмен көтеріп алады.

Ақбас Алтайдың төсін тел емген қазақ пен ұраңқайдың сыбызғысы мен цуурының үні де егіз. Ертеректе Баян-Өлгий аймағының Буянт сұмыны жерінде цууршылардың үлкен шоғыры болғандығы айтылады. Қазақ сыбызғышылары мен ұраңқай цууршылары бір-бірімен үнемі шығармашылық байланыста болып отырған. Сондықтан да баян-өлгийлік цууршылардың мақам-мәнерінде қазақ сыбызғысының мол ықпал әсері барлығын музыка зерттеушілері атап көрсетеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?