Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1903 жылы Ақмола облысы қандай болды? 1-бөлім

1394
1903 жылы Ақмола облысы қандай болды? 1-бөлім  - e-history.kz

1903 жылға қарай шаруалардың Ресей империясының еуропалық бөлігінен Қазақстанға қарқынды қоныс аударуы даладағы жерді пайдаланудың қолданыстағы үлгілерін қайта қарауға алып келді, бұл өз кезегінде қазақтардың қоғамдық құрылымында үлкен өзгерістерге әкелді. Бұл қайта құрулар әлеуетті қоныс аударушыларды қатты қызықтырды, оларға аймақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне отарлаудың енгізген барлық дәйекті өзгерістері туралы білу қажет болды. Олар бұл ақпаратты «Сібір сауда-өнеркәсіптік және анықтамалық күнтізбесінен» («Сибирского торгово-промышленного и справочного календаря») алды, онда империяның әртүрлі шет аймақтарының жағдайы, оның халқы, өмір салты мен кәсібі, аймақтың табиғи байлығы, оны пайдалану формалары мен өлшемдері туралы сұрақтардың жауабын табуға болатын. Qazaqstan Tarihy порталы осы басылымда жинақталған деректермен танысып, оқырманға Ақмола облысының 1903 жылғы жағдайына назар аударуды ұсынады. 

Географиялық орналасуы және әкімшілік бөлінуі.

Ақмола облысы Ресей империясының құрамында шамамен 479 200 шаршы шақырым ауданын алып, 45° және 55° с. е. және 84° және 90° ш. б. аралығында орналасқан. Облыс халқының саны 803 994 адамды құрады, оның ішінде 424 693 ер адам және 379 301 әйел адам. Облыстың әкімшілік шекаралары: солтүстігінде және солтүстік-шығысында Тобыл және ішінара Томск губерниялары, оңтүстік-шығысында - Семей облысы, оңтүстігінде – Сырдария облысы және батысында-Торғай облысы және ішінара Орынбор губерниясы болды.

Әкімшілік тұрғыдан облыс солтүстік Омбы және Петропавл уездері, ортада Көкшетау уезі және оңтүстік Атбасар және Ақмола уездері, осы аттас қалалары және облыстық басқарманың резиденциясы Омбы қаласы орналасқан, бес уезге бөлінді.

Топографиялық жағынан облыс аумағы екі басты бөлікке бөлінді: Есіл өзенінің жүйесіне - сыртқы Обь – Ертіс бассейніне жататын солтүстік-батыс және Сарысу өзенінің жүйесіне - Арал-Каспий ойпатының ішкі бассейніне тиесілі оңтүстік – батыс. 49° параллельге жақын төбелі биіктіктер түрінде өткен орталық суайрығы (Тарбағатай тармақталуы) облыстың келбетін түрлендіріп, солтүстікке қарай да (Көкшетау уезі шегінде), оңтүстікке қарай да (Ақмола уезі шегінде) гранит және тақтатас биіктіктерінің сілемдерін берді. Ол батыста, Атбасар ауданының шегінде Арғанаты мен Ұлытау тауларының жартасты гранитті-порфирлі тобымен аяқталды, оның негізгі шыңы-Әулие ақ мешіттің абсолюттік биіктігі 533 сажынды (1137 м) құрайды. Шығыстағы Шыңғыстау мен Тарбағатаудан бөлінген су айрығы үшінші дәуірде солтүстіктен Тұран ойпатының орасан зор су алабының шекарасын шектеді.

Халқы.

Уездер бойынша облыстың отырықшы және көшпелі халқы келесідей болды: 


2633860b32e60b78f23949cdf9a17cc8.png


Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында империяның еуропалық бөлігінен және көршілес провинциялардан келген шаруалар мен колонизаторлар әскери және офицерлік учаскелерде, сондай-ақ казак жерлерінде жеке хуторлар ретінде қоныстана бастады. 1900 жылы хутор тұрғындарының саны 2 486 ер адам және 2 326 әйел адам болса, Петропавл уезінде 1 010 ер адам және 979 әйел адам, Көкшетау уезінде 552 ер адам және 515 әйел адам болған. Барлығы - 4 048 ер адам және 3 820 әйел адам болған.

Анықтамалықтың жазуынша, Ақмола облысында қазақ даласын отарлау XIX ғасырдың екінші жартысынан басталған. Дәл сол кезде, даланың солтүстік және солтүстік-шығыс шетінде,1752 жылы Есіл өзені бойында әулие Петр мен Павел (қазіргі Петропавл қаласы) бекінісін салғаннан, Омбы бекінісін (1716 ж) батысында әскери қоныстардың Орынбор желісімен және оңтүстік-шығысында Ертіс өзені бойында – Семей бекінісімен (1717 ж) байланыстыру үшін 720 верст қашықтықта бекіністер, форпосттар мен редуттар салынады. Осы бекіністі линиялардың қорғауымен орыстар біртіндеп қазақ даласына тереңдеп еніп, ең қолайлы жерлерді иелене бастайды. Қоныстану үшін 1824 жылы Көкшетау, 1832 жылы Ақмола, 1839 жылы Атбасар округтері ашылды. Дала қоныстарын құру үшін 1849-1850 жылдары Орынбор және Саратов губернияларының шаруалары және малороссиялық казактар шақыртылды, оның ішінде 3 852 адам Көкшетау уезінің ең үздік диқаншылық учаскелеріне орналасып, осында ауқатты және халқы көп станицалар құрады, осылайша қазақ даласын отарлаудың негізі қаланады.  Ақмола және Атбасар уездерінде сол кезде тек екі казак станицасы құрылады. 


369845440352a210cfcd9db5aa77ac00.png


1889 жылдың 13 шілдесінде Ақмола облысының аумағы шаруалардың қазыналық жердің бос учаскелеріне ерікті түрде қоныс аударуына рұқсат етілген жерлер қатарына енгізілді. Осыдан кейін облысқа қонысаудару қозғалысы өсе түсті. 1889 жылдың басында облыста шаруа ауылдары 19 болған, ал халық саны 8 352 адамды құраған. Осы жылдың соңына қарай барлық село саны 24 болған, ал олардың халқы 11 740 адамға дейін өскен. 1890 жылдың жазында, Ақмола облысына қоныс аударушылардың ағыны ерекше болған, әсіресе бір ғана  мамыр айында, негізінен Самара губерниясынан (810 отбасы), Орынбор арқылы облысқа 905 отбасы (5 326 адам) көшіп келген. Қоныс аударушылар Орынбор пошта жолымен Петропавл уезіне, сондай-ақ тікелей жолмен, Торғай облысы арқылы Есіл өзеніне, Көкшетау уезінің шегіне қарай бет алған. Осы жылдың күзіне қарай Ақмола облысында Ресейдің еуропалық бөлігінің 32 губерниясынан келген 15 000-нан астам шаруа тұрған. Оларды көшіру үшін, өлкенің бас бастығының өкімі бойынша, бос қазақ жерлерінен: Петропавл уезінде – 2, Көкшетау уезінде – 9  және 1-еуі  Атбасар уезінде барлығы 12 учаске бөлінген.

Батыс Сібір темір жолының жүргізілуімен даланы отарлау теміржол желісі бойындағы учаскелерді жоспарлы түрде толтыра бастады, ал қоныс аударушыларға алдын ала дайындалған учаскелер беріле бастады.

Егіншілік.

1900 жылғы өнім келесідей болды: 


6644e4beb5508854dd474fbee04aaf55.png


Жоғарыда келтірілген кестеден көріп отырғанымыздай, астық өнімі қанағаттанарлықсыз болған.

Облыстағы басты диқаншылар казактар мен шаруалар болды. 1 299 046 пұт құраған жалпы дәнді-дақылдар (сұлыдан басқа) санының 1 130 420 пұтын (немесе 87%) солар еккен, осы аталған санның 41%-ы казактардың, ал 59%-ы шаруалардың үлесіне тиесілі болған.

Шалғыншылық.

Шаруалар үшін егістік қандай мәнде болса, облыстың солтүстік бөлігін шайып жатқан Есіл мен Ертіс өзендері және олардың сағаларындағы көктемгі тасудан кейінгі шыққан шабындық казактар мен қазақтар үшін сондай мәнде болды. Олар казактар мен қазақтардың мал табындары үшін қажет болды.

Станицалардың түтін үлесіндегі де, әскерлер «запасындағы» (әсіресе 10 версттық жолақтағы) кең шабындықтар әскери және станицалық бюджеттің ең кірісті бабын құрайтын.

Мал шаруашылығы

Топырақ және климаттық жағдайы бойынша мал шаруашылығына қолайлы далалық аймақтардың кең шалғынды аймақтары қазақтың ірі қара малының табиғи жайылымы болды. Орта Азия даласының табиғатына байланысты қазақ мал шаруашылығы облыс қазақтарының басым бөлігінің материалдық әл-ауқатын қамтамасыз етіп қана қоймай, көшпенділердің тұрмыстық және рухани келбетін де айқындады. Дала, киіз үй мен мал - қазақтарды туғаннан бастап өлгенге дейін қоршап тұрған, мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған, тек қазаққа ғана тән өмір салтын орнатқан жалғыз орта болды.

1901 жылдың 1 қаңтарына Ақмола облысында 2 888 834 бас түрлі мал, оның ішінде отырықшы халықта (қалалықтармен) 571 177 бас және көшпелілерде 2 317 657 бас мал болған.

Алдындағы жылмен салыстырғанда мал басы 86 877-ге өскен, оның ішінде отырықшылардағы мал саны 50 099 басқа және көшпелілерде 36 778 басқа өскен.  

Облыс уездері бойынша ірі және ұсақ малдың салыстырмалы саны келесідей болған:   


f4d5dc2ad4025bb6d8f6726177bcdb11.jpg


Жоғарыда келтірілген кестеге сүйене отырып, екі тармақты бөліп көрсету маңызды. Біріншіден, отырықшы халықта ірі қара басым болды. Отырықшы тұрғындарда ірі қара мен жылқы барлық мал санының 63,5% құрады, ал көшпелі халықта мал санының 53,9% құраған ұсақ мал - қойлар мен ешкілер басым болды. Екіншіден, облыстың солтүстік бөлігінде отырықшы да, көшпелі халықта да ұсақ малдан гөрі ірі қара мал басым болды. Оңтүстік бөлігінде, ұсақ малдан да ірі қара мал тек отырықшы халықта ғана басым болды. Көшпелі халықта керісінше, ірі қарадан гөрі ұсақ мал басым болды.

Отырықшы халық арасында мал шаруашылығы егіншілікпен салыстырғанда казактар мен шаруалар үшін басым мәнге ие болды.

Халықтық азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Ақмола облысында халық азық - түлігін қамтамасыз ету туралы мәселе ерекше мәнге ие болды, себебі отырықшы халық үшін ол егін өніміне, ал көшпелі халық үшін мал ұстауға әсерін тигізетін шабындық пен жайылымдық отқа тікелей байланысты болды.

Егістікті қоспағанда, 1900 жылы күздік және жаздық дақылдарды (қара бидай, бидай, және арпа) жинаудың таза қалдықтары теріс шаманы құрады, себебі тіпті себетін тұқым да жиналмаған еді.

Облыс тұрғындарының 3/5 бөлігі ересектер мен 2/5 бөлігі балалардан тұрды.  Отырықшы халық үшін бір ересек пен бір балаға жылына сәйкесінше 12 және 6 пұт түрлі астық қажет деп есептелді. Көшпенді үшін бұл сандар ересек адам үшін 6 пұт және бала үшін 3 пұт болды. Омбы және Петропавл қалаларының тұрғындарына келетін болсақ, олар Тобыл губерниясымен шекарада болғандықтан, көбіне көрші аудандардан сатып алынған нанды пайдаланды. Облыстың уездік тұрғындарының бір жылдық азығына 4 877 655 пұт астық керек болғанын көруге болады.

Мезгіл-мезгіл болып тұратын қуаңшылық шаруалардың астық қорын жылдам азайтты, ал оны дер кезінде толықтыру баяу жүрді әрі кейде мүмкін де болмайтын. Сондықтан, облыстық әкімдік олардағы нанның үлкен қорын орналастыру үшін қолданыстағы дүкендерді кеңейту қажеттілігіне көз жеткізіп, ауыл қоғамдарына жыл сайын жиналған нан тек дүкендерге түсуі үшін белгілі бір десятина мөлшерде Қоғамдық жер жыртуды ұсынды..

Бақша өсірушілік.

Қалаларда үй шаруасындағы әйелдерде кішкентай бақтар, тіпті жылыжайлар болды, оларда бұрыннан құнды бақша көкөністері мен өсімдіктері өсірілді. Шаруаларда әр қожалықта бақша болды, онда өсетін көкөніс шаруалардың азығын жақсарту үшін қызмет етті.

Техникалық өсімдіктер – зығыр, қарасора және күнбағыс егімен казактар сияқты, Көкшетау мен Атбасар уездерінің шаруалары да айналысты, кенеп, жіп, балық аулау құралдарын әзірлеу үшін олар осы өсімдіктердің үлкен плантацияларын егетін. Зығыр далада егілді, ал қарасора негізінен қарасора бақтарында, ал кейбір шаруашылықтарда соңғысы 2 немесе одан да көп десятинаға дейінгі аумақты алып жатты.  

Темекі шаруашылығы.

Облыста темекі плантациялары болған жоқ. Өңірде темекі өсірумен негізінен казактар, атап айтқанда, Омбы мен Петропавл уездерініңі казак әйелдері айналысатын. Темекі басқа көкөністермен бірге және тек қана  «линейский» деп аталатын  қарапайым сортты махорка егілді, оның пұты 1,5-нан 3 рубльге дейін сатылды. Оны жергілікті шаруалар мен қазақтардан басқа, көрші губерниялардың тұрғындары да алатын. Аталған уездердегі бақшалардан барлығы 7 363 пұт темекі жиналған.  

Балық аулау кәсібі.

Пресных озерқазақ даласында мыңнан астам тұщы көл болған. Оларда және өзендерде түрлі балықтар (шортан, алабұға, аққайран, нельм, сазан, мөңке және т.б.) өмір сүрген.  Балық аулау казактар арасында азық-түлік пен сауда тауары ретінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл әсіресе қызыл балыққа (бекіре, сүйрік) бай Ертіс өзені бойында орналасқан станицалар мен кенттердің казактары арасында дамыған.

Тұз кәсіпшілігі.

Тұзды көлдердің көптігі қазақ даласының гидрографиясының ерекше белгісі болды. Осыған қарамастан, жақсы сапалы және жеткілікті мөлшерде тұз беретін мұндай көлдер көп болған жоқ. Дала ішінде орналасқан көлдер көбінесе ащы және құрамында көптеген қоспалар бар тұз берді, сондықтан оны қазақ халқы тек күнделікті өмірінде ғана қолданған және өнеркәсіптік маңызы болмаған. Сапалы және көп мөлшерде тұзды облыстың солтүстік бөлігінде (Омбы және Петропавл уездері) орналасқан кейбір  көлдер ғана беретін. Ондай көлдер саны мұнда 11 болды.  Тұзды көлдерді қазақтар пайдаланды, өйткені Ресей империясының Мемлекеттік мүлік министрінің 1891 жылғы 4 тамыздағы өкімімен ондай көлдер тегін тек қазақтарға ғана берілді. Өндірілген тұз казактар линиясында және Тобыл губерниясының шаруаларына сатылды.  Жылына 310 00 пұт тұз өндірілді, оның 40000 пұты Омбы уезіндегі бір ғана Теке өзенінен өндірілген, Петропавл уезінің үш қазақ болысында (Петропавл, Полудин, Тайынша) 61 200 пұт тұз өндірілген.

Тау-кен кәсіпшілігі.

Қазақ даласы пайдалы қазбалардың мол болуымен кеңінен танымал болды. Мұнда темір, мыс, қорғасын және күміс кендері, құрамында алтын бар құмдар, магниттік темір, графит, көмір, глаубер тұзы және түрлі-түсті тастар табылды.  1900 жыл ішінде жергілікті тау - кен өнеркәсіпшілеріне 15 барлау құқығымен және 42 барлау құқығынсыз (барлығы 57) мәлімделген кен орындары кірді, оның ішінде: тас көмірге - 26, мыс кені - 14, темір кені - 13, күміс қорғасыны - 2, графит - 1 және қызыл шұңқыр-1.

(жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?