Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының ұлттық ойындары

4303
#Түрік әлемі: қазақ халқының ұлттық ойындары - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

«Біздің еліміздің ежелгі жазбаларында түскен деректерге қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 400-200 жылдар аралығында хатқа түскен жазбаларға негізделгенде ежелгі үйсін елінде балуан түсіру (Мұны Жаң Чяң, «мүйіздесу» аударған. Сол кезде үйсін балуандары басына мүйіз тағып күресе ме, әлде қазіргі сияқты балуандарды ноқталап «Зеңгі атаның сайысы» деп айрықша баптап әкелетіні сол кезден басталған ба - бұл жағы белгісіз), бәйге салу, арыстан ойыны, тобық ойыны, сырық ойыны және үйсін кыз-жігіттерінің садақ ату мергендігін сынайтын садақ ату ойындары, т.б. ойын түрлерінің болғандығы мәлім. Мәселен, «Шонжы тауы бауырында жазылған естеліктер» деген кітапта: «Басын жерге тіреп, екі аяғын көкке каратып, шыр айналып ойнау - шеңберек ойыны делінеді», - деп жазылыпты. «Жаңа тарихтың» ғұндар жөніндегі тарауында ғұндардың шеңберек ойынын ойнаудағы шеберлігі жазылған. Ханзу ғалымдары қылышпаздық ойынының да сырық ойыны, тобық доп ойыны, шеңберек ойыны сияқты орта жазық өңіріне батыс өңірден барғандығын жазады», - деп жазады этнограф ғалым Зейнолла Сәнік өз зерттеулерінде.

Сонымен қатар ол Хан Уди патшаның сол кездегі хан ордасы Ши-Андегі қазындылардан тақтайға ойылған екі балуанның сайысқан суреті, бәйгеден келген аттардың суреті табылғанын айтады. Айтуынша, бұл ханзу зерттеушілері батыс өңір адамдарының патша алдында ойын көрсеткендігінің естелігі деп топшылаған... Заманымыздан бұрынғы 403-221 жылдары өткен Жұнго дәуірінде, қағаз бетіне түскен деректерге қарағанда, шеңберек ойыны, арыстан ойыны сияқты ойындар және кейбір музыка аспаптары ішкі Жұңғоға осы батыс өңірден тарағандығын дәлелдейді.

«Соңғы ханнама, Батыс өңір шежіресі» кітабына «Арыстан ойыны Кусаннан (қазіргі Күшәрдан) Шаң-анге тараған», «Арыстан ойыны Кусан музыкасымен орындалады», «Жаңа эраның 87-жылы Шығыс хан патшалығына арыстан тарту етілген...», т.б. тарихи естелік түсірілген. Жауласқан бектіктер заманында (заманымызға дейінгі 403-221 жылдары) жазылған «Ресми тарихқа кіргізілмеген Жоу тарихы» деген кітапта: «Яркенде Ғұндар, Иүзілер қатарлы ұлыстар жасайды. Олардың қас тасы, түйе, құлан, қашырлары жұртқа әйгілі» делінген. «Ханнамада» қазіргі оңтүстік Шыңжаң өңірінде, сондай-ақ Құмыл, Тұрпан өңірлерінде Үйсін, Қаңлы, Дулат, Сапарбай, Ұзынтай (қазіргі Қашқар), т.б. 26 ұлыс жасағандығы айтылады. 605-жылы жазылған «Ғибратнамада» бұл өңірде ғұндардың жасайтындығы, ғұндардың төрт мың ескері Тұрпанда қала салып, тың ашқандығы айтылады. Демек, бұл - IX ғасырда ұйғырлар осы өңірге қоныс аударудан бұрынғы түркі халықтарының мекендегендігі туралы нақтылы деректер.

17102017113059_555.jpg

Біздің эрамыздан бұрынғы I ғасырларда хатқа түскен «Ескендір жорығы» атты тарихи жазбада көшпенділердің ұлыс тойын қалай тойлайтындығы жазылған: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте Қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, майданға шымқай қызыл мәуітіден киім киген 365 бозбала шығатын болған. Бозбалалардың саны бір жыл ішіндегі тәулік санына тең. Бүтін бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай сол 365 өнерпаз тойдың шырайын келтірген. Сосын, әр тәуліктің шежіре баяны сияқты 365 күй тартылған. Содан кейін бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін тоғыз күй тартқан. Бұл тоғыз күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан ары ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкіл халықтық қуаныш-қызыққа ұласқан...» («Қазақ күйлерінің тарихы», 25-бет). Демек, біздің қазіргі кезде Ұлыстың ұлы күнін тойлауымыздан да кемелді, мағыналы көңіл ашу ойындары, мерекелік салтанат сол кезде болған тәрізді», - деп атап өткен өзінің этнографиялық зерттеулерінде.

Сол секілді қазақ даласында батыс мәдениетінің де ізі қалған. Зерттеуші бұған дәлел ретінде бұдан мың жыл бұрынғы (1069 жазылған «Құтты білік» дастанында түркі батырларынын дойбы мен шахмат ойынын ойнайтын тілге тиек етеді.

Әрі қарай XIII ғасырда моңғол тарихын Еуропаға таныстыру мақсатымен біздің даламызға келген еуропалық жиһанкез П.Карпини Жетісу мен Тарбағатайды басып еткен кезде сол өңірді мекендейтін көшпелі тайпалардын турмысы, әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары жайлы көптеген этнографиялық материалдар жинағанын, сонымен қатар,  XIX ғасырдың бірінші жартысында Құнанбайдың бастауымен қазақ даласын Жетісу-Арқа өңірін аралаған поляк жиһанкезі А.Янушкевич өзінің «Күнделіктер мен хаттар» деген еңбегінен «Кешінде біз түскен үйде бір қазақ болды. Ол әртүрлі аңдар мен құстардың, әсіресе түйенің, құланның, бүркіттің дауысын айнытпай салады екен. Бұл өнер ол өңірде бұдан басқа еш адамның қолынан келмейді екен...» деген дерегін келтірген.

«Қазақ даласында көп ұшырайтын жартас суреттер арасынан тоғызқұмалак, дойбы, шахмат ойындарының белгілері түсірілген тас суреттер табылып отыр. Міне, бұл - біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық сапарды бастан кешкен ұлттық ойындарының тарихына жасалған қысқаша шолу. Осы негізде қазақтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына сіңіп, этнографиялық белгілерінің біріне айналып кеткен ұлттық ойындарды көңіл ашу ойындары (тұрмыс-салтқа қатысты), спорттық ойындар немесе әртүрлі өнерге жататын ойындары және балалар ойындары деп бірнеше түрге бөлуге болады», - деп атап өткен зерттеуші өз зерттеулерінде қазақтың көңіл ашар ойындарына жеке-жеке тоқталып, ерекшелктерін жіпке тізгендей қылып жазып өткен.

20190810181341403_small.jpg

Енді сол ойындарға тоқталсақ:

Қазақтың көңіл ашу ойындары

Халқымыздың көңіл ашу ойындарының түрі мол, мазмұны көп саланы қамтып отырған. Кей кездері қарбалас көші-қон жұмысының аяғын ойын-сауык, дыр-думанға айналдырып та жіберетін.Қазақ халкының өмірінде ойын араласпаған бірде-бір тұрмыс, шаруашылық салалары жоқ десе де болады. «Бұл елдің ескі бір салты бойынша көші-қон кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігуге көмектеседі. Одан соң қолқанаты кем үйлерді тігеді. Ең соңына отау үйлерд қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып әкетеді...» (Ғабит Мүсірепов, «Ұлпан»).

Көңіл ашу ойындары ел ішіне кең тараған, қазақ өмірімен тіке қатысты болып келеді. Оның үстіне әр жердің, әр елдің өзіндік ойындары да болған. Бұл жерде біршама жалпылас қан, халқымызға ортақ ойын түрлерін атап, солардың біразын жеке-жеке таныстыра кетпекпіз. Олар «Тобық жасыру». «Жар-жар», «Қалтырауық кемпір және ақ боран», «Тоғыз аяқ, тоғыз табақ», «Жануарлар қалай дауыстайды?», «Ақсүйек». «Алтыбақан», «Түйе-түйе», «Ақтайлақ, қақпақыл, сокыр теке», т.б. болып келеді. Ондай ойындар төмендегі тәртіп бойынша жүргізіледі.

«Тоғыз аяқ, тоғыз табақ» - әдет-ғұрып ойындарының бір түрі. Қазақ халқында құдаласып, құдалық салт орындалып, құдалық ас беріліп болғаннан кейін ең соңында «құйрықбауыр асату» салты өткізіледі. Бұл асты ауылдың жас келіншектері дайындап әкеледі. Әуелі құдалыққа сойылған қойдың құйрығы мен бауырын араластырып турап, сосын оған айран-қатық қосып дайындайды да жас құдағилар үйге «құда-құда десеміз, құйрық-бауыр жесеміз...» деп әндетіп кіреді. Салт бойынша құдаларға құйрық-бауырды құдағилар өз қолымен асатуы шарт. Осы орайда әр екі жақ пысықтық, тездік танытпаса, құданың бетіне айран жағылып немесе құдағидың қолы тістеліп қалады. Құдалар мұны жей алмаса, өнер көрсетуге мәжбүр болады. Осылайша, мұның өзі кұда түсудегі думанның біріне айналып, оның соңы етегі тігіліп қалған құдаларды суға салуға ұласып кете барады. Бұл салт құда түсу дәстүрінің соңында орындалатындықтан «тоғыз аяк тоғыз табақ» деп аталған.

«Тобық жасыру» - сақтыққа, ұқыптылыққа баулитын ойын. Бұған екі адам қатысады. Ертеректе мұны жас жігіттер інісі мен жеңгесі, балдызы мен жездесі, құрдас жігіттер ойнаған. Шарты: екі ойыншының өзара келісімі бойынша тобықты біреуі жасырады да, екіншісі қай уақыт қандай (немесе кез келген жағдайда сұрайтынына уәделеседі.

Белгілі мерзімде тобықты сұрағанда, жасырушы өз бойынан (қалтасынан, саусақтарының арасынан, т.б.) алып берсе ұтканы, ал тауып бере алмаса - ұтылғаны. Келісім бойынша ұткан адам бəске тігілген затын алады.

«Тұтқын алу»

Ойыншылар тең екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың ойыншылары тізбекке тұрып, бір-бірлеп: «Ал - апай, бұл - алай, сол - алай» деп әндетіп, екінші топ жасаған қол көпірдің» астынан өте бастайды. Сол кезде көпір жасаушы жақ олардың әрқайсысына бір-бірден тас немесе баскиім ұстатады да, атын айтқызады. Бұлардың есіміне өздері шырқаған әндегі «ай» қосылады. «Мыс мырқым-ай», «алтынай», «күміс-ай», егер есім қосып айта алса, көпірден өтеді, айта алмаса, оның көзін таңып «тұтқынға» алып, өз тобына қосады. Осылай қолға түскен «тұтқындар» топ ортасында өнер көрсетеді. Ойын шарты бойынша, әр ойыншы ең аз дегенде бір реттен ортаға шақырылады.

«Алтыбақан» - қазақтың ұлттық ойыны. Алтыбақанды сырықтың екі басына үш-үштен қосақтап (мосы ағашы сияқтандырып) байлайды. Бақанның аша қармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиіс.

Алтыбақанды құрастырып болғаннан кейін, оның екі басынан үш қатар арқан байлайды. Арқанның екеуі - бір деңгейде, үшіншісі олардан 40-50 см төмен тұрады. Бір деңгейде байланған екі арқанға екі адам қарама қарсы отырады да, төменірек байланған екі арқанға аяқтарын тірейді. Бұларды бір адам тербетеді. Алтыбақанда тербетіліп отырған екі адам қосылып ән салуға тиіс.

Алтыбақан ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспак назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Алтыбақанның дене шынықтыруға да пайдасы мол.

Ескерту: Бұл ойынды ойнау үшін алты бакан пайдаланғандықтан «Алтыбакан» деп аталған. Әткеншек деп те аталады.

«Түйілген орамал». Ойын жүргізуші: «Бір, екі, үш», - деп дауыстағанда, ойыншылар жан-жаққа бытырап кетеді. Оның біреуінің қолында түйілген орамал болады. Ойын жүргізушісі соны куалайды. Ал ойыншылар орамалды бір-бірін тырып, қуғыншының қолына тигізбеуге тырысал мен ұсталған ойыншы көпшіліктің ұйғаруымен ортаға шығып ойын көрсетеді.

«Түйе-түйе». Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың адамдары бірі - «інген», қалғандары - «боталар». Екінші топтың ойыншылары ойын жүргізушінің әмірімен жан-жаққа бытырайды да, «боталарды» бір-бірлеп ұстайды Барлық «ботадан» айырылған «інген» боздап, қайғылы, зарлы да мұңды ән шыркайды. Сөйтіп, «қарақшы» топқа тап болады. Осы кезде ойнаушылардың барлығы бір жерге жиналады. «Ботасын» ұрлаған «қарақшылардың» карекетіне қарай «інген» оларға жаза қолданады. Бұдан кейін «інген» мен «боталардын орнына өзге адамдар болады да, ойын жалғаса береді.

«Ақсүйек» - қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Айлы түнде ойналады. Ойын бастаушы әуелі бір қу сүйекті (жылқының бақай сүйегін, ол болмаса, қойдың жілігін) тауып әкеледі де, оны ойынға қатысушыларға көрсетіп, белгілеп алады (бақай сүйек пен жілік болмағанда, екі басын жұмырлап жонған екі тұтам келетін қолға толымды ағаштан жасап алуға да болады). Бұдан соң ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі топтың бірінің ойын бастаушысы ақ сүйекті аулағырақ апарып, лақтырып келеді. Ойыншылар жапа-тармағай жүгіріп, ақ сүйекті іздей жөнеледі. Оны қай топтың адамы тауып, белгіленген орынға бұрын алып келсе, сол топ жеңген болады. Жеңген топ сүйекті кайта лақтырады. Ойын үстінде сүйекті бір-бірінен тартып әкетуіне болады. Сондықтан, сүйекті тапқан адам басқаларға жеткізбей кетуге тырысады (суйекті тауып алған адам алдымен тауып алғанын айтады). Егер қарсы топтың ойнау Шылары қуып жетіп калса, ол сүйекті өз тобындағылардың біреуіне беріп жібереді. «Ақсүйекті» жүгіріп ойнайтын бол ғандықтан ол денені шынықтырады. Адамды жатты тырады. Шапшаңдыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Көзді Тыктырып, қараңғыда жол табуға, төңіректі дұрыс бағда білуге үйретеді. Бұл ойын жасөспірімдер денесінің қалыптасып, сымбатты болып өсуіне ықпал етеді.

«Ақсүйекті» ойнауда көңіл бөлетін нәрселер:

Негізгі көмбеден 20-30 метр алыстықта қосымша көмбе болуға тиіс. Ақ сүйек лақтырушы сол көмбеден лақтыруы керек. Ойынға қатысушылар, лақтырушы «болды» деместен бұрын іздеуге болмайды және сүйекті тауып алып, негізгі көмбеге келгенде майданда жасырынып жатып қалуға болмайды.

«Ақсүйекті» тауып алған адамды ұстап алып додаға түскенде. киімнің жыртылуынан сақтану керек. Әсіресе, «ақсүйекті аламын» деп саусақтарды қайыруға, қолды бұрауға болмайды. Ойын көңілді әрі тәртіп сақталып өтуі қажет.

20190810182349681_small.jpg

«Ақтайлақ» - қазақ халқының көк жайлауға иіндесе қонған мезгілінде жастардың айлы кештерде жиналып ойнайтын ұлттық ойындарының бірі. Ойынға қатынасушылар белгілі аралық қалдырып, тізерлеп шеңбер жасап отырады да, ақтайлақ болған адам «боздап» айналып жүріп, отырғандардың ішінен өзі қалаған біреуінің арқасына құйрығын қойып отырады. Ал тізерлеп отырушы: «Үй үстіндегі кімсің? – дейді.

- Менмін.

- Мен деген кім?

- Ақтайлақпын.

- Нең жоқ?

 - Қотыр-қотыр ботам жоқ.

- Ботан көлде - көрпесін, бастауда басын жуып жатыр, - деп жауап берген соң, Ақтайлақ тұрып «боздап» сол адамның оң жағына қарай жүріп, тағы біреуінің арқасына отырады.

- Үй үстіндегі кімсің? – дейді отырған адам.

- Менмін.

- Мен деген кім?

- Ақтайлақпын.

 - Нең жоқ?

- Қотыр-қотыр ботам жоқ.

- Ботанды көргем жоқ!

- «Көлде - көрпесін, бастауда басын жуып жатыр» дейді ғой...

- Ол өтірік айтады.

Ол боздап қайтадан жүрiп, әуелгі «көлде - көрпесін, басын жуып жатыр» деушіге келіп отырады. Ол отыра бергенде, отырған адам орнынан өте тездікпен атып тұрып, жеррге отырғызып кетуі немесе отырғанда орнынан көтеріп тұрып кетуі керек. Ақтайлақты жерге отырғызып немесе көтеріп тұрып кетсе, Ақтайлақ ұтылған болып және боздап ботасын іздейді.

Егер орнына отырғызып немесе не көтеріп тұрып кете алмаса Ақтайлақ ұтады. «Ботамды тауып бер», - деп құйрығымен үш түйіп, ұтылушыны тұрғызып орнына өзі отырады. Ұтылушы Ақтайлақ болып, «бота іздеуге шығады да, ойын осылай жалғаса береді. Шар шеңбер жасап тізерлеп отырушылар орнығып отыру керек. Жүрелеп отыруына болмайды. Ақтайлақ келіп отырғанда жауап беруші адам оны қолымен ұстап қалуына, итеріп тастап, тұрып кетуіне болмайды. Ақтайлақ отырғанда құйрығын қойып, екі қолымен өзінің екі тізесін басып отырады. Тұрушы екі қолымен жерді тіреп тұрады.

«Балтам тап» - жастардың кешкіліктерде бастары қосылып, думанды отырыстарында ойналатын ойындарының бірі. «Балтам тапты» ойнау үшін ойыншылар шеңбер бойымен жақындасып отырады да, ойын бастаушы жігіт болса - шытын, қыз болса жүзігін не шытын алып отырғандардың жағалатып ойнауына береді. Шыт немесе жүзік бір қолдан бір қолға өтіп айнала бастайды. Шыт немесе жүзіктің иесі ортада тұрып өзінің шытын не жүзігін тауып ұстап алуы қажет. Ойын басталған жерден «балтам тап» деп қасында отырғанды бүйірден түртіп қалады да, айнала «балтам тап» («ур, тоқпақ» деп те аталады) деп бірін-бірі түйгіштей бастайды. Шыт немесе жүзік алған адам «балтам тап» деген сөзбен бірге, не болмаса, бір-екі адам ілгері-кейін, кейде бірге айналып жүреді. Ал шыттың немесе жүзіктің иесі өзінің шытынын, не жүзігінің кімде екенін тауып алса, шыт пен жүзік өзінікі болады. Егер таба алмаса, іздеп табудан торығып күдер үзсе, өздігінен: «Мен таба алмадым», - деп жариялайды. Осы кезде шыт немесе жүзік айналып келіп тоқтаған жігіт не қыз. «Міне, менде!» - деп орнынан тұрып ұтысын (өзара келісіп қайтарып беру-бермеу өз еріктерінде) алады.

Шарт: шыт пен жүзіктің қайсысы болса да, бір қолда тұрып қалмай, айналып жүріп отыруы керек. Ойнаушының қолынан сезіліп қалып ұсталған кезде қасындағыға зорлап өткізіп жібермеуі тиіс. Ұсталған адам ортаға шығып өзінін шытын, не жүзігін беріп ойын бастауы қажет.

image-2-1.jpg

«Мандайға шерту» - ауыл жастарының кешкілікте, бір бас қосып, ойнайтын ойындарының бірі. Мандай шертпек ойынын ойнауда қатынасушы аз болғанда екіден арама-қарсы отырып та, қатысушы көп болғанда дөңгеленіп отырып, бір адам ортаға шығып маңдайға шертіп те ойнайды.

Екі адам ойнағанда біреуі екіншісінің маңдайынан не шекесінен бес саусағының бірімен шертіп қалып: «Қайсы саусағым?» - дейді (кейде «қайсы қолым» деп те атайды) қолын көрсетіп тұрып. Маңдайына не шекесіне шертілуші адам шертушінің шерткен саусағын табады. Шерткен саусақты таба алмаса қашан тапқанша шертеді. Шерткен саусақты тауып кетсе, шерту кезегін алып, әуелгі шертушінін мандайына не шекесіне шертіп: «Кайсы саусағым?» - дейді.

Шертілуші адам көзін жұмып отырса да, көзін ашып отырып ту сыртынан шерткізсе де – ерікті, тек шерткен саусақты тауып берсе болғаны.

Ал жиналған адам көп болып дөңгеленіп отырып ойнағанда, ортаға шығып ойын бастаушы отырғандардың бір шетінен бастап шекелеріне немесе маңдайларына шертіп: «Кайсы саусағым?» - деп сұрайды. Таба алмаса, тапқанша айналып шерте береді. Егер біреуі шерткен саусағын тауып кетсе, сол табушы өз орнын шертушіге беріп, өзі ортаға шығады да, орнына отырған адамнан бастап маңдайға не шекеге шерту ойынын үзбей жалғастырады. Ойын осы тәртіп бойынша жүргізіле береді.

«Қақпақыл» - жастардың бас қосқанда ойнайтын асық ойынының бір түрі. «Какпақылды» ойнауда ойнаушыларға ортақ бір хан (Құсбек деп те атайды) болады да, Ойынға қатынасқан адамның санына қарай (екеу болса - оннан, үшеу болса - бестен, төртеу болса да - бестен) асык қосып, ұпай алу санына, ұпайдың түріне келісіп, ханды үйірісіп ойын кезегін алады. Егер екеуінікі ұқсас түсіп қалса, кайталай үйіріп, жеңіседі.

Бас болған адам қос қолдап отырып асықты ойын майданына шашып, бір қолының сыртына мүмкіндік бар Құсбекті түсіріп, қасында басқа асық болмаса, оны алмай Құсбектің өзін алады. Ал Құсбек түспей, басқа асық түскен болса, содан бір ғана асық каршып алады да, хан қайда жатса, соныңорнына қойып ханға айырбастайды.

Ханды алған соң, ханды ұшырып - бірінші рет бір асық, екінші рет – екі асық, үшінші рет - үш асық (бұл рет алынған асық саны алты болып, қосқан он асықтың жарымынан асқандықтан хан «пісті» дейді), төртінші рет – төрт асык (бұл жолы алғаны он асық болғандықтан өз асығын алып болған есептеледі, сондықтан, «өз асығым - өзімде, шекей тымақ көзімде» дейтін сөз қалған), бесінші рет - бес асық (қарсысына бес ұпай салған болады), алтыншы рет бес асық алады (бұл жолы он ұпай салған болып есептелінеді).

Ойын тәртібі бойынша, асық қағып алғанда бір асықты да қозғап алмауы керек. Егер қолы тиіп қозғалып кетсе, ойын кезегі екінші адамға өтеді. «Хан піскен» болса, бір асық беріп, айырбастап алады. «Піспеген» болса, ханды алған асығымен қосып береді.

Хан «пісіп», қолында асық қалған болса, қайта ойын кезегі келгенде қай жерде қалса (үштіктен жоғары), сол жерден бастайды.

Асықты қағып алуда өзіне қолайлы жағынан бастап алуына ерікті, алдымен шашыранды асықты ұтып, ханды «пісіріп» алғаны жөн. Бірі ұпай салып, бірі қайтарып отырып, ойнаушылардың келіскен ұпай санына қайсысы бұрын жетсе, сол ұпай алады. Ұпай алуда кертоқай алуға тура келсе, кертоқай алады. Кертоқай екі түрлі. Бірінші – бармак кертоқайы болып, ортанқолды сыртына шығарыңқырап жұдырықты түйіп, бас бармақпен ортанқолды тигізіп төбеден қолдың ішіне қарай тартып сыпыра алады. Екіншісі – шынтак пен жұмырык кертоқайы болып, жұмырыкты түйіп, білекті сыбанып алып, шынтақтан бастап төбеден тарта сыпыра алады. Сонда шынтақ бір тисе, жұмырық және тиеді. Бұл тым қатты болады.


«Түлкішек алу» («омпы тістету» деп те аталады). Тегіс жерге күл үйiп койып, бір кантайды тонкайтып, омпы жағын жоғары қаратып шаншып кояды да, ұпай берушіні тұрғызып, екі қолын артына ұстатып, тізесін игізбей еңкейіп келіп, күлге шаншулы тұрған кантайдың омпысынан тістетіп алдырады. Егер тістеу барысында демалып қалса, танауына күл кіріп пәлеге қалғаны. Бұлай ұпай алу өте қиын болады. Шампу алу. Ұпай берушінің алаканын ашқызып қойып ұпай алушы, ортан немесе сұқ саусағымен шампу алады. Мұндай ұпай оңайырақ келеді.

«Соқыртеке»

«Соқыртеке» - қазақтың ұлттық ойыны. Тездікке, сезгiрлiкке үйретеді. «Соқыртеке» ойынын ойнағанда көпшілік қораланып тұрады (шеңбер кең болуы керек). Одан сон бір адамның көзін мыктап байлап ортаға коя береді. Турғандардан біреуі барып түртіп қалып тұра қашады. «Сокыр теке» бакылдап соны қуалайды. Сол кезде және біреу барып туртiп калып кашады. Өстіп бірнеше адам кезектесіп шұкылап, айнала қашады. «Соқыр теке» осылардың біреуін ұстауы тиіс. Ұстау үшін артынан келе жатқан адамды сезуі керек, тез бурылып түртіп болғанша ұстауы қажет. Ұстап алса, ұсталған адам «соқыр теке» болады. Ұстай алмаса, «соқыр теке» ұтылған болып есептеліп, өнер көрсетеді.

«Соқыр тышқан» - қазақ жастарының күлдіргі ойыны. Ойнаушылар түгел отырады да, ойын басқарушы бір ойыншының көзін таңады, бұл «тышқан» болады. Біреудің бір қолын бір аяғына қосып байлап қояды, бұл «мысық» болады. Содан соң екеуін майданға шығарады. Мысық «мяу» десімен ойын басталып, соқыр тышқан қаша жөнеледі. Мысық үздіксіз мяулап отыру тиіс. Тышқан осы дыбысқа қарап қашып отырады. Мысық тышқанды ұстауы керек. Ұстай алмаса, Мысық ойын көрсетеді. Тышқан ұсталып қалса, тышқан ойын көрсетеді. Ойын тәртібі осылай жүргізіле береді.

Жалғасы бар...

Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?