Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қошке және «Қазақ тарихынан» еңбегі

666
Қошке және  «Қазақ тарихынан» еңбегі - e-history.kz

1913 жылы 2 ақпан күні «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көргеннен бастап, газет редакторлары А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов және Ә. Бөкейхан қазақ тарихына, оның маңызы мен мазмұнына айрықша көңіл бөле бастады. Газет бетінде қазақ тарихы жайлы көлемді зерттеу мақалалары жариялана бастады. 1913 жылы «Қазақ» газетінің №3 санында «Қазақтың тарихы» атты мақала «Түрік баласы» бүркеншік есімімен жарық көрді. 

Автор мақалада жалпы тарихтың мазмұны мен маңызын: «Тарих не айтады десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі, қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы, істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі, бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кім екендігі, не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады», – деп түйіндейді.

Газет бетінде ары қарай қазақ тарихының шежіресі, қазақ батырлары, қазақтың тұрмыс-тіршілігі жайлы мақалалар жарық көре бастайды.

1924 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының кіндік баспасынан Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек жалпы оқырманға 4000 тиражбен таралады.  М. Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казакского народа» еңбегі 1925 жылы, С. Аспандияровтың «История Казахстана с древнейших времен. Т. 1» еңбегі жарық көргенін ескерсек, Қошкенің «Қазақ тарихынан» атты еңбегі – отандық тарихты зерделеген тұңғыш ғылыми еңбек.

Бұл еңбек жарық көргенге дейін Қошкенің есімі қазақ жұртына жақсы таныс еді. 1913 жылы Омбыда оқыған С. Бижанұлы, М. Саматұлы, М. Жұмабай, С. Сейфоллаұлы, Б. Айбасұлы, Б. Серкебайұлы, Г. Досымбекқызы, Ш. Айманұлы, С. Сәдуақасұлы, Қ. Кемеңгерұлы бір топ қазақ студенттері «Бірлік» ұйымын құрып, «Балапан» қолжазба журналын шығарып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласып, мәдени-ағартушылықпен айналысқан болатын.

1917 жылы Алашорда өз туын көтерген соң, «Бірлік» ұйымынан бөлініп шыққан жастар «Жас азамат» ұйымын құрып, «Жас азамат» газетін шығаруды ұйғарады. Газеттің шығарушы редакторы болып Қошке Кемеңгерұлы бекітіледі.

1924 жылы жарық көрген «Қазақ тарихынан» еңбегіне жазылған алғысөзде Ғаббас Тоғжанұлы: «Жазушының саяси жолы – ұлтшылдық жолы. Көздеген саяси идеясы – қазақ ұлтын “бұзбай, жармай” мәдениетті ұлттық деңгейге жеткізу. Қазақтың басынан кешкен тарихына баға бергенде, сөзінің шеті ұлт, қай іс болса, сын таққанда, ұлтқа пайдалы ма еді, пайдасыз ба еді деген өлшеумен келеді. Ұлт ішінде қазақтың қай тобына пайдалы, пайдасыз еді, саяси басшылық қай табының қолында еді? Бұл сөздерге ұлтшыл жазушымыз көңіл бөлмейді, әңгіменің бұл жағын тексермейді. Сондықтан, кітапшаның бір зор кемшілігі – осы», – деп баға беруінің мәні Қошкенің саяси жолында жатқан еді. 

Бұл еңбекке дейін Қ. Кемеңгерұлы қазақ даласына жазушы, журналист, ақын, драматург ретінде танылған болатын. Бұл – автордың тарихи бағытта қалам тартқан алғашқы еңбегі.

«Қазақ тарихынан» еңбегі бес бөлімнен тұрады. Олар:
І, ІІ. Меңгеру жайы (Рамат жайы, Әскерлік жайы, Дін жайы, Оқу жайы, Жер жайы, Ру жайы, Қарсы қозғалыстар, Қазақ хандарының мәдени мақсұттары);
ІІІ. Мәденилеу – орыс қандай үлгі береді? (Мінез, құқық жайы, ауыл шаруашылығының жайы, кәсіпшілдік жайы, денсаулық жайы);
IV, V бөлімдер.

Автор қазақ тарихына үңіле отырып, Кенесары және Наурызбай көтерілісінің жеңілу себептерін саралап, ендігі қазақ халқын мәденилендіру жолдарын ұсынады. Автор Кенесары көтерілісінің тұтану себебін «Қарсы қозғалыстар» бөлімінде:

  1. Рамат алымының жиналуы;

  2. Үкімет төрелерінің қысымшылығы;

  3. Шенге сатылған хан тұқымдары мен еркіншілікті көксеген хан тұқымдарының арасында наразылық тууы;

    Приказ жұмыстарының әділсіз болуы. Мәселен, бұқаралық пен татар саудагерлері қазақ жерімен жүргенде мал тауарлары талансын, талабасын – “қазақ талады” деп, өлшеден артық қаматып көрсетіп, приказ арқылы төлеттіретін болған. Кейбір саудагерлер қазақтың қанын сорып, алдын ала “таландық, не пәленше борыш төлемеді” деп арыз беретін болған. Жазғанды өтірік оқып, қазаққа қол қойдыратын болған;

  4. Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының кіндік баспасынан жарық көрген «Қазақ тарихынан» еңбегі

  5. Қазақ-орыс қысымшылығы;

  6. Бөлшек-бөлшекке бөлінген рулардың арасындағы наразылық, – деп түсіндіреді.

Көтерілістің жеңілу себептерін:

  1. Ұлы жүз бен қырғыздың Ресейді тәуір көргендігі. Ол кезде Ресей Қытайдан қорқып, екеуін де әлдилеп, арбап, алдап ұстап тұрды. Өмір бойы “Ресей бізді жарылқайды” деп, екеуі де Ресейді жақтады;

  2. Кіші жүздің мойнына құлдық бұғалығы түсіп, тыпырлауға шамасының келмегендігі;

  3. Орта жүздің ала болғандығы және шаруасының күйзелгендігі. Кенесарының бас ақылдас адамдарының ішінде тыңшы болып, Кенесарының жайынан үкімет төрелеріне хабар жеткізіп тұрған. Сондай тыңшылдықтың кесірінен арғынның Қаржас тобынан шыққан, Кенесарыға ерген ағайынды: Тайжанды үкімет Қараөткелде атып, Сейтенді Тобыл жаққа айдады;

  4. Орыстың соғыс жөніндегі қару-жарағы мен әскерлік ұйымының үстем болғандығы, – деп баяндайды. 

  5.  

Бұл еңбек өз заманында көп сынға ұшырағанына қарамастан, автор тарихи мәселелерге өз көзқарасын ашық білдіреді. 1927 жылы Мұхтар Әуезов: «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының “Исатай-Махамбет” жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының “Қазақ тарихынан” деген еңбектерін қарап өтсін дейміз», – деп жоғары баға береді. Бұл еңбек –  кеңестік кезеңде идеологиялық шектеулерге қарамастан, қазақ халқының тарихи жадын сақтап қалуға жасалған нық қадам. Қазақ зиялыларының мақсаты – ұлтты ояту, өткен тарихтан сабақ алып, болашаққа бағдар жасау болса, Қошке еңбегі осы миссияны адал орындаған. Ол тарихты зерттеу арқылы тек өткенді емес, сол дәуірдегі өзекті қоғамдық, саяси мәселелерді де қозғай отырып, мемлекеттің мүддесіне сай келетін алғашқы алғышарттарды ұсынады. Бұл еңбек бүгінгі отандық тарихты қайта зерделеуде, қазақ тарихын негіздеуде өзекті еңбек болып табылады. 

Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының кіндік баспасынан жарық көрген «Қазақ тарихынан» еңбегі

«Қазақ тарихынан» еңбегінің мазмұны 

Жауынбай Жылқыбайұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?