
Елтаңба – тәуелсіз мемлекеттің толыққанды ел болуын әйгілейтін және әлем қауымдастығы алдында айырықша мәртебесіне куә болатын құнды нысаны. Осы бір айырықша рәміз авторларының бірі – қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған «Oйtek» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Жандарбек Мəлібеков мырза. Кезінде Елтаңбамыз туралы үлкен жазушы – мемлекет және қоғам қайраткері Əбіш Кекілбайұлы «Елтаңбамыз қазақтың тарихы мен тағдырын, аңсары мен арманын дəл жеткізеді» деп дәл бағасын берген болатын. «4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне» орай Елтаңба авторының балалық шағы, тарихи рәмізді жасау барысында туындаған оқиғалар және рәміздің тарихи, рухани құндылығы хақында жазылған мақаланы ұсынып отырмыз.
Жаңақорғаннан – Ташкентке жол
Жандарбек Мәлібеков – 1942 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында теміржолшы Аңдабайұлы Мəлібек пен Дүйсенқызы Күлəнданың отбасында дүниеге келеді. Әкесі жарықтық теміржолшы болған. Тіпті атақты Түркісібір теміржол құрылысына атсалысқан адам екен. Еңбегінің жарқын жемісі үшін кеңестік награда Қызыл Ту орденімен марапатталыпты. Одан кейін екінің бірі қолы жете бермейтін Ленин орденіне аты ұсынылғанымен, ол бұйырмаған көрінеді. Себеп, марапатталу күніне жетпей, 1957 жылы қайтыс болады.
Әкесі жарықтық дүниеден өтер алдында Жандарбекті шақырып алып: «Балам, бұл өмір оңай емес, ерінбей еңбек ет, адал тер адамды асырайды» деп өсиет еткен екен. «Осы сөз ғұмырлық ұстанымыма айналды» дейді Елтаңба авторы. Осылай «еңбекпен есейіп, біліммен көркеюді» мақсат еткен жас азамат 1959 жылы мектепті бітірген соң, Өзбекстан астанасындағы Бенкова атындағы көркем өнер училищесін көздеп Ташкентке аттанады. Өйткені бұл оқу орны көркем сурет салу мамандығын үйретеді. Оның сыртында шəкіртақы, тамақ жəне жатақханамен қамтамасыз етеді. Ол заман соғыстан кейінгі жоқшылық кез еді. «Жолға қаражатым болмай, біреуге 1 сомнан 10 мың кірпіш құйып беріп, әжептәуір қаржы таптым», – дейді Жандарбек аға.

Сөйтіп, алып-ұшып Ташқалаға барса, ағамыз көздеп барған көркем өнер училищесіне қабылдау аяқталыпты. Бірден оқу іздеп шыққан жас қайтпек керек? Оқу іздейді. Жанашыр біреулер Ташкент политехникалық институтына (сол тұста Ортаазиялық политехника институты) түсуге кеңес береді. Ол оқу орнында сәулет мамандығы бар екен. Соны көздеп емтихан тапсырады. Өтеді. Бірақ оқу орысша екен. Жазған құлда шаршау жоқ дегендей орысша «ләм-мим» білмейтін ағамыз көп кешікпей тіл сындырып, орысшаны оп-оңай үйреніп алады.
Сол уақыттың тәртібі бойынша күндізгі бөлімде оқитын студенттер күндіз жұмыс жасайды да, кешке келіп оқуын жалғастырады. Бұны «Хрущев ережесі» дейді екен. Яғни, оқуын да оқиды, жұмыс та істейді, яғни тәжірибе мен теорияны қатар алып жүреді. Қысқасы, құрылыс алаңынан табылған Ж.Мәлібеков үш жылдың ішінде үшінші курс студенті 5-ші разряды бар құрылысшы болып шығады. Кешікпей оқуын бітіреді. Дипломын қолына алып Қазақстанға қарай ат басын бұрмаққа ниет еткенімен, Ташкенттегі Өзбек мемлекеттік қала құрылыс мекемесі «шырағым, бұл елдің ішкі тәртібі бойынша Өзбекстанда үш жыл еңбек етпей кетпейсің» дейді. Ағамыз «мақұл» дейді. Осы «мақұл» бір мекемеде табан аудармай 40 жыл қызмет етуге ұласады. Осы аралықта Өзбекстан Республикасының әкімшілік орталықтары: Ташкент, Самарқанд, Ангрен, Шыршық, Алмалық, Ахангаран, Ферғана қалаларында тұрғызылған ірі құрылыс нысандарын жобалайды һәм басшылық жасайды. Ісі ілгерлейді, атағы аспандайды. Нәтижесінде «Өзбекстанның Құрметті сәулетшісі» атанады.
Жеңіске жетелеген сәт
Осылай өзбек ағайындардың алқауында маңдайға бұйырған несібесін теріп жеп Жандарбек ағамыз жүріп жатады. Заман өзгереді. Бір күні темір шеңгелі жарты әлемді бүріп, тыпыр еткізбей басып отырған Кеңес Одағы әп-сәтпе күйреп түседі. Бұл 1991 жылдың күзі. Төңкеріліп жатқан саясатқа құмарлығы жоқ Жәкең дәл осы тұста Самарқанд қаласындағы Əмір Темір цитаделі үшін жарияланған халықаралық байқауға атсалысудың қамымен жік-жапар болып жатқан еді.
– Осындай қарбаласқа толы күндердің бірінде, – дейді Жәкең – Маған біреу Алматы қаласында шығатын «Лениншіл жас» газетін әкеліп бере қойды. Онда Қазақстан рәміздеріне байқау жарияланғаны жазылыпты. Көрдім де тастап қойдым. Бірақ осы жалғыз сөйлем көкейімнен кетпей қойғаны. Жатсам-тұрсам ойлайтыным «Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасына атсалысу». Сөйтіп, қазақ тарихына қатысты кітаптар мен археологиялық қазбалардан табылған мұраларды іздестіруді бастадым. Ең әуелі атақты археолог Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» авторы Кемел Ақышевтің еңбегін байыппен оқыдым. Одан кейін басқа елдердің гербтерін қарадым. Елтаңбада қазақ халқының ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан басталып мың жылдан асатын тарихы мен мәдениетін көрсету керек деп ойладым. Менің санамда күнделікті тұрмыста жиі қолданатын «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілектер жаңғырды. Киіз үй, отбасы дегенді қадірлеген дала дүниетанымы әлемдік санамен ұштасқандай көрінді. Сонымен қатар «От – ошақ – Отан» деген сұлу сөздердің үйлесімі де жаңғырды. Отбасынан басталған ыстық сезім – туған жерге, Отанға, тарихқа, дәстүрге, табан тіреуі керек. Қысқасы бір айдың ішінде ойыма болашақ Елтаңбаның идея-сұлбасы жаңғырды.
Санасына тәуелсіз қазақтың таңбасын жаңғыртып алған Жандарбек Мәлібеков ағамыз негізгі жұмыспен қатар, әуелі болашақ Елтаңбаның диаметрі 50 сантиметрлік шағын макетін жасайды. Осы макеттің сурет-жобасын 1992 жылдың сәуір айында №173 ретпен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі кеңсесіне тапсырады. Бұл жұмысты депутаттар жылы қабылдайды. Бұл іс Жәкеңнің ынтасын одан әрі ұштайды. Мамыр айында Жоғарғы Кеңес ішінен құрылған «Мемлекеттік рәміздерді талқылау» комиссиясы Мәлібековты шақырады. Олар айтады: «Жандарбек мырза, сіздің жұмыс сынға тартылған 293 жобаның ішінен таңдаулылар қатарына кірген 10 жобаның бірі болды. Құтты болсын!». Сөйтіп Жәкең Ташкент пен Алматы арасын аптасына бір, кейде екі дүркін шаңдатып келіп-кетіп тұрады. Мамыр айының соңында Жәкең диаметрі екі метрлік Елтаңбаның түпнұсқасын КамАЗ-ға тиеп Алматыға алып келеді.

Өткен тарихтан жақсы білеміз: 1992 жылы 4 маусымда сағат 10:00-де Жоғары Кеңесте Мемлекеттік Елтаңбаны қызу талқылау басталды. Іріктеп алынған 10 елтаңба депутаттар алдына көлденең тартылды. Көпшілік Мәлібековтың жобасын құп көреді.
Сол тұстағы оқиғалардың өрбуі жайлы Елтаңба авторы: «Комиссия өтініші бойынша экранға Елтаңбаның екі нұсқасын: бірінші – қошқар мүйізсіз жəне жұлдызсыз, ал екіншісінде бұл белгінің бəрі бар. Комиссияның кейбір мүшесі мен депутаттарды мүйіз бен жұлдыз шошытса керек. Əсіресе, жұлдыздан тоталитарлық жүйе мен дінді көрді. Прездент Нұрсұлтан Әбішұлы қызу талқылауды қорытындылап, былай деп қадап айтты: «жұлдыздың кеңеске қатысы жоқ, ол – Тəуелсіз еліміздің қайталанбас даму жолын көрсетеді. Темірқазық! Біздің жұлдыздың дінге қатысы жоқ» дегеннен кейін, менің жеңісім шүбәсіз болды».

Елтаңбаның тарих-рухани құндылығы
Осы орайда, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлына былайғы көпшілік білсін деген ниетпен «Елтаңбаға сіңірілген халқымыздың тарих һәм рухани құндылығы туралы» түсіндіріп беруін өтіндік:
– Қолданбалы өнер – қазақтың этномəдениетіндегі негізгі салалардың бірі. Ол халықтың ежелгі мәдениеті туралы ақпараттарды жинақтайды. Елтаңбада көрініс тапқан өнер үлгілері таңбалы тастарда, археологиялық жәдігерліктерде сақталған. Ерте кезеңде халық өз өміріндегі жəне тұрмысындағы ерекшеліктерді қолданбалы өнер бұйымдары көмегімен көрсеткен. Ежелгі қолданбалы өнер туындылары ата-бабаларымыздың өткен өмірі туралы жан-жақты мəліметтер береді. Ғылыми көзқарас тұрғысынан келгенде, ою-өрнектердің тотемдік жəне сиқырлы рәмізі мен мазмұндық мағынасы эстетикалық көзқарас тұрғысынан қабылданады. Сондай-ақ, ғұн, сақ дәуірі кезеңінен аң стилі қалыптасты. Мұндағы əр детальдің, əр бейненің тек мифологиялық ғана емес, философиялық та мəн-мағынасы терең. Елтаңбадағы «мүйіз» оюы қазақ ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаулары ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқар мүйіз», «арқар мүйіз», «бұғы мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар мүйіз», «төрт құлақ», «түйе табан», «сыңар өкше», «қос алқа», «құс қанаты», «қаз табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бұйымдарға ұтымды пайдаланып келген, - дейді ағамыз.
Сондай-ақ, автордың талғамына сай Елтаңбадағы ою-өрнектердің түрлері, түстері, бояулары ұлт микро-макро әлемінің талғамына, түсінігіне сай беріліп отырған. Ою-өрнек ісі – ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің бəріне ортақ əсемдеп əшекейлеудің негізі. Ою мен өрнек сөздерінің мағынасы ұқсайды. Оюдың мəні – бір нəрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластыру, бұйым бетін ойып бедер түсіру дегенге саяды.
Ал өрнек – əртүрлі оюдың, бедердің, бейненің күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлері, əшекейлердің ортақ атауы. Бұлардың ою-өрнек деп қосарланып айтылуы аталымды нақтылай түседі. Дəстүрлі қазақ оюларын мазмұны жағынан жіктесек, үш түрлі ұғымды жинақтайды.
Біріншісі – мал өсіру мен аңшылыққа, екіншісі – жер-су, көші-қон көріністеріне, үшіншісі – күнделікті тұрмыста пайдаланылатын түрлі заттардың сыртқы бейнесіне қатысты. Ою шеберін қазақ «оюшы» деп атайды. Тарихта атағы шыққан таңдаулы оюшылар болған. Мұндай өнер шеберлері таңдаулы оюын руына, маңайындағы елдерге таратқан. Осыдан келіп əр атаның, аймақтың ою-өрнек ерекшелігі шыққан. Киім мен кілемде, сырмақ пен кестеде қайталанбас мəнерлер көрініс тапқан. Қазақтың ою философиясы да – бірлік пен парасатты, көңіл-күй мен арманды аңғартады. Елтаңбадағы ою көріністері (мүйіз) осы сабақтастықты көрсетеді.
Елтаңба өте күрделі, толып жатқан қызықты да киелі мəні бар киіз үйдің шаңырағы, уығы, желбауы, керегесі, басқұры, босағасы сияқты универсал бай ұғымдарға толы. Сол себепті оны осы кезге дейін жан-жақты түсіндірумен келеміз. Ол орынды. Біз де Елтаңба туралы кейбір түсініктерге өз қатысымызды білдіре кеткенді жөн көрдік. Өйткені бұл оның мəні мен мазмұнын аша түседі.
Мемлекетіміздің басты рəміздерінің бірі – Елтаңба қазір мемлекеттің мəдени жəне тарихи дəстүрін бейнелейтін символдық мəні бар үйлесімді пішіндер мен бейнелер жиынтығын білдіреді. Ол қазақтың ұлттық дəстүрінен туған ұғым, бейне. Таңба – қазақта ежелден келе жатқан меншік иесінің де белгісі. Жылқыға да таңба басқанды, уақ малдарға да ен салғанды бала кезімізде талай көргенбіз.
Ұлы Дала тұрғындарының ғасырларды қамтыған дəстүрлі мəдениетінде басқа ешбір халықта кездесе бермейтін қол өнерінің үлгілері дəл жəне əсем бейнеленген, тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналған, көк күмбезін еске түсіретін, көгілдір түс аясындағы ең басты жоғары жүйе құраушы бөлігі киіз үйдің тұлғасы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының негізі. Бұл елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қасиетті қонысын, біртұтас Отанын бейнелейді.
Күмбезге ұқсаған шаңырақтың мықтылығы мен беріктігін байқататын, кереге мен шаңырақты жалғастырып тұрған, күн арайларын еске түсіретін 72 дана уықтар тəуелсіз елдің бірлігі мен тірлігін иықтаса көтеріп тұрған этнос өкілдерін танытады. Уықтар соншалықты бір-біріне ұқсағанымен әрқайсысының шаңырақ қаламдығында өзіне тиісті орналасатын орындары бар.
Елтаңбаның жоғарғы бөлігіндегі тәжінде орналасқан бес бұрышты жұлдызды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді. Мемлекеттік Елтаңбадағы жұлдыз қазақстандықтардың əлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын, өз бақытын, өз жұлдызын табуды бейнелейді. Əрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар, сондықтан ол əруақытта «Жұлдызың жансын, жұлдызың жарқырасын!» деп бата бергендегі қасиетті ұғымды ырымдап тұр. Ырымнан көп қаша бермеу керек. Бұл – адамның өзіне деген сенімін арттырудың психологиялық бір жолы болған, солай болып келеді.
Елтаңбадағы мүйіз өз əдет-ғұрыптарымыздағы киелілік пен тектіліктің, ерекшелік пен қасиеттіліктің символын білдіреді. Дала тағылары ақбөкен мен бұғы т.б. мүйізінің шипалық қасиеті ежелден белгілі. Сондықтан көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін əртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алады. Мүйізден жасалған ежелгі зергерлік бұйымдар сақ, ғұн, үйсін өнерінен кезіксе, түрік өнері кезінде ол жоғары сатыға көтерілген.
Шаңырақтың екі жағына симметриялы орналасқан кереге – киіз үй тұлғасы. Оның алдыңғы шығыңқы бөлігі мен босағаның ортасында ірі əріппен жазылған «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз. Ол Елтаңбадағы барлық белгілерді біріктіріп ұстап əрі көтеріп тұр. Бұл – кешегі «бұратана» халықтың Отаны емес, еркіндік алған, бостандыққа жеткен, өз билігі өзінде, өз бақытын өзі жасайтын тəуелсіз қазақ халқының алтын əріппен жазылған Отаны.