Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттың жалауы, таңбасы мен ұраны – тарихтың тұмары

737
Ұлттың жалауы, таңбасы мен ұраны – тарихтың тұмары - e-history.kz

Сурет: ЖИ

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күн – тек ресми датаның мерекесі ғана емес, қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілік тарихынан сыр шертетін күн. Себебі рәміз – елдің жалауы, елтаңбасы, әнұраны ғана емес, ұлттың болмысын, рухын, дүниетанымын айшықтайтын айна. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ үшін мемлекеттілік нышандардың мәні мен маңызын білу – тарихтың жүктеген міндеті.

Тарихтан тамыр тартқан таңба

Қазақ халқы өз таңбасы мен ұранын ертеден қастерлеген көшпелі жұрт. Ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірінен бастап, елдік белгі – ту, таңба, ұран ұлттық бірегейліктің бөлінбес бөлігі болды.

Сақтар мен ғұндар заманында байрақтар алтын жолбарыс, бүркіт, күн және басқа да мифологиялық бейнелермен әшекейленіп, жауынгерлік рухтың белгісі ретінде қолданылды. Түркі қағанаттарының туында – Көк бөрі, күн мен ай пішінді бейнелер жиі кездесетін. Мысалы, Білге қаған мен Күлтегін жазбаларында бөрілі байрақ – биліктің символы ретінде айтылады. Бұл сол заманда рәміздердің тек әсемдік үшін емес, саяси-рухани маңызға ие болғанын дәлелдейді.

Ал Қазақ хандығы кезеңінде әрбір ру-тайпаның өзіне тән ен-таңбасы болған. Бұл таңбалар малға, мүлікке, тіпті тастарға ойылып, иелік белгісі ретінде қолданылған. Мұндай таңбалар тек иелік қана емес, ұлттың этно-мәдени кодын да көрсететін құнды символдар еді.

Қазақ хандары мен батырлары жорыққа шыққанда да туларын желбіретіп, олардың бетіне ай, күн, жұлдыз немесе бүркіт, арыстан сияқты рәміздік бейнелер салған. Мысалы, Абылай ханның туы – қазақ мемлекеттілігінің ерекше символы. Ол байрақ кездейсоқ жасалған нышан емес, бірнеше буын хандық биліктің рәміздік дәстүрінен бастау алды.

Фото: ЖИ

Тарихи деректерге сүйенсек, Жошы ханнан тараған ұрпақтар дәстүрлі түрде қызыл туды ұстаған. Бұл – биліктің, соғыс пен айбынның белгісі ретінде қабылданған. Кейінірек Шығай ханның үлкен ұлы ақ ту ұстағаны мәлім. Бұл түс бейбітшілік пен ақиқаттың нышаны ретінде бағаланған.

Болат хан билік құрған тұста ту символикасы даралана түсті: оның ұлы Әбілмәмбетке – қызыл ту, Абылайға – көк ту табысталған. Осы арқылы әр ханның жеке билігі мен рухани бағдарын айқындайтын ерекшеліктері танылды.

Абылай ханның тұсында осы үш түс – ақ, қызыл және көк – бір тудың бойына біріктірілді. Бұл байрақ тек биліктің емес, бүкіл халықтың бірлігін, тәуелсіздік мұратын білдіретін ерекше рәмізге айналды. Тудың алдыңғы бетінде исламдық мәнге ие арабша жазу бейнеленген. Артқы жағында  Шыңғыс әулетінің белгісі саналатын ежелгі төре таңбасы мен Абылай ханның мөрі бар.

Тәуелсіздік таңындағы таңба

Тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран бекітілді. Бұл – егемен елдің өзін әлемге танытқан күн.

2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданып, осы күн жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді.

Мемлекеттік ту: Көк түріктің көк байрағы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – бір қарағанда қарапайым, бірақ терең мағыналы рәміз. Көгілдір түс – түркі дүниесінің ортақ бояуы. Бұл – аспанға, бостандыққа, бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген ұмтылыстың белгісі.

Тудың дәл ортасында алтын түстес күн мен оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Бұл – өмір мен қуаттың, ұлт рухының бейнесі. Ал тудың сабының тұсындағы қошқар мүйіз – қазақтың мәдени кодының нақышы.

Ту авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Тәуелсіздіктен бері ту ешқашан өзгермеді. Тәуелсіздік алған 1992 жылдан бері мемлекеттік ту бірдей үлгіде сақталып келеді. 

Елтаңба: Шаңырақтан шежіре тарайды

Қазақтың Елтаңбасы – ұлттың ішкі тұтастығын, мемлекеттіліктің символын білдіретін аса күрделі әрі әсерлі рәміз.

Елтаңбаның ортасында бейнеленген шаңырақ – бірлік пен отбасының, бүкіл қазақ халқының ортақ үйінің нышаны. Одан тараған уықтар күннің сәулесіндей айнала шаншылып, бүтіндіктің символын жасайды. Шаңырақты қанатты пырақтар қоршап тұр – бұл халқымыздың арман-мұратын, асқақ қиялын бейнелейді. Жоғарғы жағына бес бұрышты жұлдыз, төменгі жағына «Qazaqstan» сөзі алтын әріппен жазылған.

Елтаңба авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Елтаңба бір рет өзгерді. 2006 жылы кириллицамен жазылған «Қазақстан» сөзі латын қарпімен «Qazaqstan» деп өзгертілді. Бұл латынға көшу үдерісінің алғашқы ресми қадамының бірі болды.

«Менің Қазақстаным» – халық үні

Қазақстанның Мемлекеттік гимні 2006 жылы өзгертілді. Бұрынғы нұсқаның орнына белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні жаңа мәтінмен қабылданды. Сөзін жазған – Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ән – халықтың жүрегінен шыққан шынайы сезімнің үні, отансүйгіштіктің әнұраны.

Гимн де бір рет өзгертілді – 2006 жылғы 6 қаңтарда жаңа нұсқасы Парламентте бекітілді.

Рәміз – ел рухының көрінісі

Мемлекеттік рәміздер – жай ғана сурет немесе әуен емес. Бұл – ұлттың коды, болмыстың белгісі, егемендіктің мөрі. Бүгінгі рәміздеріміз – ата-бабаның туын көтеріп өткен ерлік дәстүрін жалғастырып, жаңаша сипатпен қайта туған құндылықтар. Ол – халқымыздың ішкі рухының, мемлекеттік тұтастығымыздың көрінісі. Ал бүгінгі күн –тарих пен бүгінгінің арасындағы алтын көпір.

Рәміздерге құрмет – ұлтқа құрмет. Мемлекеттік туға тағзым – Тәуелсіздікке тағзым. Әнұранды бірге шырқау – ортақ мүдде мен рухты сезіну. Елтаңбаны қастерлеу – бір шаңырақ астында екеніңді ұғыну.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?