Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай - Маслоудың бесінші деңгейіне өткен толыққанды тұлға

2076
Абай - Маслоудың бесінші деңгейіне өткен толыққанды тұлға - e-history.kz

«Миллениумдер Абайы» кітабының авторы, жас абайтанушы, Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты, Haileybury Astana мектебінің ұстазы, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері (АҚШ) Ақниет Озатұлымен болған сұхбатымыздың соңғы бөлімін өздеріңізге тағы да ұсынып отырмыз. Естеріңізге болса , бұған дейін бұл азаматтың «Миллениумдер немесе Абай хакім», «Қазақ ренессансын басынан кешірген жалғыз тұлға» атты екі сұхбаты порталымызда жарық көрген болатын.

– Қазақ пайымында бай ұғымы – тектіліктің синонимі. Кенен дәулеттің ар жағында сол адамның арман-мұраты мен төккен тері жатыр. Олай болса, байлықты адам ақыл-ойының заттанған формасы десек те болатындай. Абайға салсақ, адамға дәулеттің бітуі тікелей ақылға қатысты, ақыл дәулетке емес, керісінше, дәулет ақылға мүдделі дейді. Ақын осы бір ойын одан әрмен ширатып «Ақылдың жетпегені арман емес» деген тағы бір тезисті ұсынады. Бұл жердегі «арман» ақылдың эквиваленті. Хакім өлеңінен түйгеніміз, арман сөзсіз орындалады екен, егер де оған адам   ақылы жеткен болса. Ал жетпеген екен, онда ол жайында   сөз   етудің қажеті де жоқ.  

Ақыл – адамды арманға жеткізуші құрал десек, ал ақылсыздықтың артында нендей феномен тұр. Осыны кеңінен таратып берсең?

 -XXI ғасыр – капитализм дәуірі. Бұл экономикалық жүйе өз салтанатын құрып, либеральды экономиканың өзегіне айналды. Сол жүйе кориффейлері адамзат тарихындағы ең үлкен миф ол барлық адамдардың ақшаға деген сенімінің қалыптасуы дейді. Шыныменде, рациональды тұрғыдан қарасақ бір жапырақ қағаз не жеуге, ішуге, киюге жарамайды. Бірақ сол қағазды сіз кез келген заттық нәрсеге ауыстыра аласыз, ойыңдағы нәрсені жүзеге асырудың да құралы осы. Кей адам құдайға сенбеуі мүмкін болса да, бірақ ақшаның үлкен күшке ие екендігіне көпшілігі сенеді. Сол қағаз үшін: біреу бала оқытады, біреу ән шырқайды, біреу кірпік қақпай күзетшілік етеді. Ақшаның өндірілуі, жүйеленуі, жұмыс күштерінің аралығындағы бөлініс дифференциясы, ол экономика саласының әңгімелерінен болар. Абай шығармашылығындағы дүние табу тақырыбына қатысты ойларын барынша таратып көрейін. XIX ғасыр қазақ даласының толықтай отарланып, алғашқы капиталистік қатынастар ентелей кіре бастаған кезеңге тұспа-тұс келді. Абай жаңа замана тезісін түсінді және қазақ экономикасының әртүрленуі керек екендігін қара сөздерінде көп тілге тиек етті (қолөнер, сауда, ғылым). Себебі сол дәуірдің өзінде қазақ халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысты. Экономиканың тек біртекті болуы бақастық, шұрайлы жайылымға талас, барымта арты қызғаншақтық туғызбай қоймайтыны айтпаса да түсінікті еді.

Байқағанымыз мал табу мәселесі Абай ойларында өте көп көрініс табады. Мұны айтпас бұрын экономиканың алтын ережесі деп қабылданатын Абрахам Маслоудың осы бір пікірін атап өтейін. Ол адам қажеттіліктерін төмендегідей деңгейлерге бөліп көрсетеді. Әрине, әркімнің өз құндылықтары бар, бірақ Маслоудың осы пирамидасы адам болмысының қажеттіліктерінің барынша жақсы берілген нұсқасы болып саналады. Еуропаның канондар заңында бұл туралы: «Қажеттілік ешқандай моральға бағынбайды, ережелерді өзі ғана ұсынады», – дейді.

Абайдың өзі осы Маслоудың бесінші деңгейге жеткен тұлғасы деп толықтай айта аламыз. Ол – үлкен құндылықтар тудырған тұлға. Егерде кезінде тамақты қайдан табам? – деп базалық қажеттіліктермен басы қатып жүрген болса, мүмкін, біз білетін Абай болмас та еді. Бұл сатылар адам үшін өте маңызды. Әркім өз деңгейінде тоқтайды. Бірақ бұл жердегі бірінші және екінші деңгейді Абай тілімен айтсақ біз: «жоқшылық, кедейлік» деп сипаттай аламыз. Осы орайда көне Иврит мәтіндеріндегі: «Жомарт бол, жомарт ізгілікке де, адамдарға да жақын, ал кедейліктен ізгілікте, адамдарда қашады» деген ойы еске түседі. Абай қарасөздерінде кезіндегі пайғамбарымызға   жақын болаған сахабалардың ауқатты болғандықтарын ескерте келе кедейшіліктен арын сату, тілемшілдік, масылдық сияқты мінездердің шығатынын атап өтеді:

Жарлылық, жалынышты, жалтаң көздік

Сүйкімі-икемі жоқ шалдуарлық.

Қарасөздерінде кедейліктен түбі еріншектік одан жалқаулық,жалған сөйлеу, жалыну, аққан терімен емес көз сүзуге барып, сол арқылы өз арын сатып,адамшылдықтан шығып кететінін ескертеді. Бұл ойды жақсы дамытқан Абайдың немере інісі Шәкәрім еді:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.

Сонда малды не үшін жиюмыз керек? Мақтан үшін емес, жаның үшін, өз арыңды сақтау үшін. Жоқ болса, барға көз сүзіп масыл болмау, арзуында керек болар? Өзің кедей болсаң, бар туысыңа бұлдамау, жалынбау үшін. Ол жол тағы да өз арыңды сатпау, теріңді сату, адал жүрудің жолы. Себебі адал табылмаған мал баянсыз – «Қардың суы сықылды тез суалар». Абайша айтсақ, мал табу да өнер, себебі: «Жаратушы саған мал жинарлық қайрат, және оның жолын табарлық ақыл берді. Оны арзандық, бос күлкі еріншектікпен қайда жоғалттың екен?».

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай, тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.

Ой – ерекше. Ары қарай көмекке Шәкәрімді шақырайық. Бұл пікір әр кезде де актуальды деп толықтай айта аламыз. Үңіліп көрейік:

       ...Жатып ішкен – жан тыныш, салғырт-салақ,

Оған арам – харекет, ой ойламақ.

Іздемеген кісіге қайдан келсін

Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ.

Шыныменен де, қазіргі қоғамда кедейшілік қор саналып, барынша негативті мәнге ие болып барады. Бәріміз білетін, Абайдың бес дұшпаны: Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бұлар кедейліктің жақын білістері. Әсіресе, мал шашпақ. Қазіргі қазақ социумындағы ең үлкен дерттің бірі орынсыз алынатын кредит екеніні белгілі. Адам 200000 мың теңге жалақы алуы мүмкін, бірақ соңғы шыққан бағасы жарты миллионнан асып жығылатын iPhone 11 Pro телефонын кредитке алады. Алып та жүр, банк статистикасы соңғы осы модель желісі сатылымының алғашқы аптасындағы 80 пайызға жуығы кредитке немесе бөліп төлеу шартымен алынғанын айтады. Бұл қазіргі қазақтың еш логикасыз кредит алуының бір ғана мысалы. Шетелде түсінікті 1-2 пайыз үстем ақы ғана, ал Қазақстан банк жүйесіндегі кемі 20 пайыздық өсіммен алынатын бұл кредиттер кімді оңдырады? Қазіргі кредиттер мен ипотекалар жұмыста барынша тәртіпті, басшыға жағынып жүруге (ар сату) үйрететін және қол-аяғыңды матап беретін арқан тәріздес дүние.   Абайдың:

Адалдан тапқан тиынды

Салда, сақта қапшыққа – деп келетін өлең жолдары қазіргі жалақыдан жалақыға өмір сүріп жүргендерге қор жинау, кішкентай болса да өнімсіз, пайдасыз нәрсеге тапқаныңды шашпа деп үндейді. Танымал: «Вавилондағы ең бай адам» бестселлеріндегі адам өз табысының 10/1 бөлігін кез-келген жағдайда өзіне қор жинау үшін қалдырып отыру керектігін ескертеді. Түсінгенге жақсы әдет. Расымен де, Абайды біз ақшаны дұрыс жұмсауды үйрететін тренингті жүргізетін адам деп қабылдай алмаймыз. Алайда, хәкім шығармашылығында қазіргі ахуалда бәрімізге ауадай қажет «қаржылық сауаттылық» негіздерінің де бар екендігінде мойындауымызға тура келеді.

-Ол сонда қандай қаржылық сауаттылық болды?

Жоғарыда малдың ар мен жан үшін жиналу керектігіне тоқталдық қой. Алайда бұл мақсаттан ерек жағдайлар кездеспей қоймайды. Ол мақтан үшін, біреудің ішін күйдіру, өзгені қор сезіндіру мақсатында дүние жимақ.

Мал жияды мақтанын білдірмеке,

Көзге шұқып малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

Байқасақ: дүниесінің барлығымен мақтанып, сол арқылы өзін сүйдірмектің сыны. Көптеген зерттеушілер Абайдың кей өлеңдерінің интерпретациясын қарасөздерінен іздеу керектігін ескертеді. Ойымызша, бұл тақырыпты ары қарай жалғастыру үшін бізге хәкімнің «Он сегізінші қарасөзіне үңіліп көрейік. «...Өзінен кейінгілерге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?! – дейтұғын болмаққа ОЙЛАНБАҚ. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс». Сонда түсінгеніміз, біреудің ішін күйдіру үшін мал жинамақ түгілі, олай болмақты ойлаудың өзі кісіліктен шығаратын іс. Қатал үкім. Қазір ел арасындағы: «Казах без понтов — беспонтовый казах» – деген сөз біздің осы ахуалдан хабар береді. Азаматтық үкімет порталының соңғы деректеріне сүйенсек барынша әдемі көлік нөмерлері үшін 2 миллиардтан астам қаржы жұмсалған екен. Бұл мал шашпақтың, басқаның ішін күйдірмектің, мақтанның мыңнан бір ғана көрінісі. Аса ауқаттылар өз алдына, қарапайым орта дүниесі бар адамның осындай мақтанға тым үйірсек болатынын осыдан артық қалай түсіндіре аламыз?

Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа,

Аларында шара жоқ, алдамасқа.

Табысына табынып, қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.

Хәкімнің бұл өлең жолдары да аса маңызды. Forbes.kz сайтындағы жарияланған деректерге сүйенсек еліміздің байлығының 95 пайызға жуығы 140 адамның қолында ғана шоғырланғанын ескертеді. Сонда бізде кез-келген халықтың қозғаушы күші, пассионарлы орта таптың жоқтығы қатты қорқытады. Әр түрлі форс-мажор ситуацияларда ашық немесе жария емес түрде мецанаттықпен айналысатын ауқаттылар бар. Бірақ сол болмаса, тойғанынан қалғанын осы жердің иесі Алашқа қимай жүрген ауқаттыларда баршылық болар? Мінекей, осы жағдайлардың бәрі Абай шығармашылығында әртүрлі ракурста көрініс тапқан. Бірақ біздің анық айта алатынымыз: Ол – иә, дүние, ешкімге көзіңді сүзбей   ар сақтаудың құралы. Себебі: Абай ұсынған дәстүр бар:

Адал бол бай тап,

Адам бол мал тап, – дейді кемеңгердің өзі.

– Зады, қаламгер атаулының әйелді тануға деген әрекеті әлемді білмекке деген талпынысы секілді ғой. Осы жағынан келгенде Абайдағы жар мәселесі қандай крийтерилер негізінде анықталады?

– Әр заманның өз көтерер жүгі, ерекшеліктері бар. Сол сияқты қазірде де руханият алдынан көптеген жаңа сауалдар мен жаңа түсініктер алдымыздан шықты. Соның бірі ресми «феминизм» деп аталатын ірі идеология. Әлемнің ашықтығы, және де қарқынды өзгерулер дәуірінде бұл түсінікті біз еш терістей алмайтынымызды түсінуіміз қажет. Жалпы гендерлік бөлініс мәселесі адамдықтың ілкі дәуірінен бар құбылыс. Және ол еңбек дифференциясының бөлінісіне байланысты өзгеріп отырды. Терімшілік дәуірде әйел еңбегінің үлесі алға   шығып матриахалды қоғам үстемдік құрды деп топшылайды тарих мамандары. Белгілі ғалым Әбдуали Қайдар «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» тіркесіне этимологиялық талдау жасау барысында, ажа сөзінің қазіргі «әже» сөзінің бір инварианты екенін айта келе, «Ажа» матриахалды дәуірдегі тайпа басының атауы деген ой білдіреді. Бұл археологиялық қазбалармен қатар мифте жалмауыз кемпір бейнесі арқылы анық көрінеді. Бірқызығы танымал Ер Төстік ертегісіндегі алпауыт күшті жалмауыз кемпір уақыт өте келе фольклорда мыстан кемпірге айналып әлсірей беретіні де бар. Жалмауыз кемпір, мыстан матриахалды дәуірдегі қорқыныш ұялататын билікші әйел образынан туған бейнелер еді. Ары қарай аңшылық, малды қолға үйретумен , темірді игерумен қатарласа келген патриахалды дәуір келді. Және де әліге дейін әйел құқығын қорғаушы топтар осыған қарсы күрес жолында. Батыста бұл мәселелер үлкен жетістікке жетсе де, неғұрлым ракурс шығысқа ауған сайын мәселенің айтарлықтай оңай емес екендігіне еріксіз көзіңізді жеткізесіз. Қазақ қоғамында әйел құқықтарын қорғау және сақтау түйінді мәселе және әуелі санада, өмірлік тәжірбиеде үлкен реформаларды қажет ететіндігін жасыра алмаймыз. Жыл сайын төрт жүзден астам әйелдің тұрмыстық зорлықтан қайтыс болатыны бұл мәселенің тек бергі жағы ғана. Оның артында ашылмаған,жетпеген, мыңдаған қылмыстың жатқаны да белгілі жайт.   Осы орайда Абайдың   қалыптасуына үлкен әсер еткен аналарына және шығармашылығындағы әйел мәселесіне қатысты кей ойларын барынша бағамдап көрсем. Соңғы жолдарға үңілсек, қызды сатып, баяғыны іздеген , зорлықшылдықты қатты сынайды. Шыныменде, басында еркіндігі жоқ, өзінен анағұрлым үлкенге сатылған қазақ қызының тағдыры туралы Міржақыптың Бақытсыз Жамалында, Спандиярдың Қалың малы, секілді туындылар арқылы сол заманның көптеген авторларында көтерілгенін байқаймыз. Тіпті Алаш зиялыларының «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ұран көтеруінің, Мұхтардың «Адамдықтың негізі- әйел» деп мақала жазуының артында елге деген үлкен жанашырлық, қазақ қоғамындағы қордаланған бұл мәселеге халықтың назарын аударуға жасалған талпыныс еді. Осы орайда біз, сол дәуірде қазақ қызы түгелдей дерлік малға сатылды немесе еркіндігі жоқ басыбайлы құл еді деп барлығына күйе жағуға да еш құқығымыздың жоқ екендігін түсінеміз. Қазақ танымда: Ұмай Ана, Домалақ Ана, Томирис, Зарина, Қарашаш, Рәбия Бегім сынды тұлғалар біржағынан үлкен құрметтің, парасаттылықтың, ерліктің нышаны екенін айта кетуіміз де қажет. Ойымызша, Абай да және оның заңды мұрагері бола алған Алаш зиялыларының қазақ әйелінің ахуалына назар аударуы өте маңызды іс еді. Себебі, ер мен әйелді құстың қос қанатындай деп қарастырсақ, бір қанатпен ұшамын деу абсурд болар. Қазақ роман тарихындағы алғашқының бірі және сүйекті туынды саналатын Жүсіпбектің «Ақбілек» романындағы күрескер қазақ қызының бейнесі,қанша десекте идеологиядан туған Раушан коммунистен әлдеқайда артық.   Жалпы, Абайдың жеке өмірінде қалыптасуына   әжесі –Зере, аналары: Ұлжан мен Айғыздың ықпалы өте зор болғанын бәріміз білеміз. Сонымен қатар Абай биографиясында   1897 жылы Мұқыр сайлауының алдында атастырылған жерінен қашқан, зорлыққа ұшыраған Хадиша бойжеткенді ел-шонжарларының қарсылығына қарамай қарсы тұрып қорғап қалуы аяулы қазақ қызына деген қамқорлығы мен азаматтығы еді. Абайдың Ақылбайдың ұлы Әбубәкірдің жұбайы Кәмәлияның естеліктерінде Оспанның үйіне келін боп түскен жанды Абай шақырып алып: «Қарағым, Кәмәш, ата-енеңді, туыс-туғанды сыйлап, салт-дәстүрді сақтағаның дұрыс. Бірақ менің алдымда бетіңді ашып, өз үйіңде жүргеніңдей еркін жүр» - деп Кәмәлияның басындағы желегін алғызып тастаған екен. Сонымен қатар бәрімізге білгілі «Масғұт» поэмасында басты кейіпкердің байлық пен ақыл орнына «сары алманы» яғни астарлы түрде әйел достығын таңдайтын жерінде қаперімізден еш шығара алмаймыз.Қалай десек те бұл тақырыптағы қатысты көп нәрсе айтуға болады. Себебі, әйел құқығы елдіктің, қоғамның дамуының, адамдық қатынастың   ажырамас бөлігі екендігін шын түсінуіміз қажет.

– 1914 пен 1918 жылдар аралығын қамтыған бірінші дүниежүзілік соғыста 8 миллионнан астам адам ажал құшып,   21 милионнан астам адам мүгедек болып қалған болатын. Осы бір жүрек шабақтар аянышты хал ағылшын әдебиеттанушысы Гертруда Стайнға «жоғалған ұрпақ» деген сөзді алғаш   рет айтқызған еді. Әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэй   «Сенімен мәңгілік болатын мейрам» романы арқылы осы ұғымды әдеби айналымға түсіріп, ел санасына   орнықтырды. Егер де   бұл   ұғым тек соғысқа ғана қарасты десек, қатты қателескен болар едік. Ашалап   айтайық. Бұл жердегі басты мәселе майданда емес, зая болған уақыт пен   күйіп кеткен ғұмырлар хақында, дәлірек айтар болсақ, адамзаттың анықталмаған миссиясы мен құрбанға айналған құнсыз өмірі жайында болып отыр ғой.

Өзіңде түсініп отырсың ғой. Ендігі сөзді осы төңіректе жалғастырсақ қайтеді?

– Хәкімнің адамның «уақытқа» қатынасын білдіретін пікірлері көп. Абай универсалдығының мәні де осы. Еңбектеріне үңіліп қарасақ инсан өмірінде өтетін көп жағдаяттарға қатысты құнды ойлары баршылық. Соның бірегейі жастық шақтағы уақытқа тиесілі. Біз мұны хәкімнің өз тілімен баян етейік. Абай шығармашылығында осы мәселе:

Білгенге жол бос

Болсайшы қол бос,

Талаптың дәмін татуға.

Дүниенің әр ғылымын меңгеріп, алысқа ой жібертін, шыға ойлайтын, жол табатын, жиһан кезетін, талпынатын, еш қиындыққа мойымай талаптың дәмін татып, кейін осы бір қызығым еді ғой деп еске алатын ең базарлы, уайым аз, үміт көп, боламын деген шақ.

Хәкімнің «Жасымға ғылым бар деп ескермедім» деп сол шақты аласұра іздейтіні де осыдан:

Жастықтық оты, қайдасың,

Жүректі түртіп қозғамай?

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл.

Бұл ең өнімді, әр дүние ісі қолыңа оңай түсетін бағалы кезең. Себебі уақыт бірқалыпта тұрмайды. Сол қайрат, сол қуат бойыңда үнемі болмасы белгілі.

Мұны хакім «Жалыны қайтар дененің, үнемі тұрмас осы шақ» дейді.

Уақыт өтпей қоймайды. «Сағаттың өзі ұры шықылдаған, өмірді білдірмеген күнде ұрлаған» дейтіні тағы да бар.

Бір жағынан жастықтың индикаторы күнтізбелік жас емес «болмақ, болу» деген өлшемдерге де келеді.

«Болам деген талапты ұмытқан соң,

Құр өмірдің кеудеге несі дәрі?».

Ой адамдары адам өмірін табиғатпен етене байланыстыра төрт мезгілге телитін кездері бар. Мысалы: көктем жандану, өмірге келетін кез болса, жаз жастық, күз өмірдің бері қайтқан еңкейме шағы, ал қыс табиғаттың өлімімен шендестіріле суреттелген адам ғұмырының соңғы тәмсілі. Бәріміз білетін Абайдың тұңғыш өз атынан жариялаған «Жаз» атты туындысы бар. Өлеңге үңілсек бірыңғай экспрессивті, етістік (баяндауыш) өте жиі қолданылған. Жоғарыда айтқанымыздай, жаз – жастықтың символикасы деп алсақ, шыныменде ол адам өмірінің ең экспрессивті, қайрат қыларлық ерекше бір кезі. Тура осы тақырып аясына сиятын Абайдың Крыловтан аударған мәшһүр «Шырылдауық шегіртке» деп басталатын мысалына есімізге түсірсек. Бір жағынан бұл жазын бос күлкі, ыржаң қылжаңмен кешірген, шегіртке ғана емес, асылы ұлы ойшылдың жазды (жастық шағын) ғапыл өткізген, өмір базарынан құр қол қайтқан адам өміріне емеуірін емес пе екен?

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Ең қызығы, бір жағынан парадокс жағдай, осының бәрін Абай сөзінсіз-ақ көп адам біледі, ішкі түйсікпен сезе алады. Өзі айтқандай: «Ақылсыздығымыздан азбаймыз, соны ұстап, харекет қылар қайратсыздықтан» болады екен. Осы орайда сұхбатымыздың мәнін ашу үшін өте маңызды, түбі шындыққа, шынайы тарихи адам өміріне негізделген шығыстың тәмсіліне тоқталып өтсек. Кезінде Бағдат шаһарында өте шебер ағаш ұстасы, өмірінің соңында көрсе көз тоятындай көркем, ағаштан мінбер ойған деседі. Мінбердің әдемілігі сондай сипаты шаһар халқының аузында еді, жұрт сол мінбердің көркемдігін айтып таң-тамаша қалатын. Тіпті ауқаттылар сол мінберді қанша сатып алуға тырысса да, кәрі ұста бұл мінбердің Құдыстағы (Қазіргі Иерусалимде орналасқан, мұсылмандар үшін аса қасиетті орын. Мыңдаған жылдар бойы кресшілер жорығының басты нысанасына айналған «аспан патшалығының есігі» аталған қала) Әл-Ақса мешітінде тұруы керек екендігін айтып тұрып алатын. Түсінгенге түбінде: «Бір ер шықсын, қасиетті жерді кресшілер қолынан қайтарып алсын» – деген ой жатыр еді. Айтты, қалды. Бәрібір мінберді көргендер, оның әдемілігін он есе қоса айтып, ел аузында аңыз боп жүре берді. Тағдырдың жазуы болар, осы оқиғаны 7-8 жасар бір бала естиді. Алайда ол бала мінбердің әдемілігін ғана емес, ұстаның айтқан шартына назар берген еді. Арада қырық жыл өткенде, сол мінбер тұруы керек жер Әл-Ақсаға апарып қойылды. Қойған сол кезіндегі осы оқиғаны естіп көңілге түйіп, абыройына нәсіп болған, шығысқа да, батысқа да мәшһүр қолбасшы Салах ад-Дин Аюп еді. Мінберді жасап, ер шығар деп арман қылған шебер де, орнын тауып аманатты жеріне қойған Салахаддин де тарихта болған адамдар. Бір жағынан, бәріміз осы мінбердің әдемілігін сөз ғана қылатын халық сияқты емес екенімізге кім кепіл? Түбі озған, осы айтылғанның сыртына емес, ішкі мәніне жете білген, қатардағы әскерден, патша дәрежесіне жеткен сол бала болар.

Не қылады мың надан,

Сыртын көріп таңдансын.

Одандағы бір есті,

Ішкі сырын аңғарсын.

Шынымен де, осы бағалы шақтың маңызды екенін көбіміз де білеміз. Жоғарыдағы Абай сөздеріне мінберге тамсанғандай болып жүріп, бос өткізіп, хәкімше айтсақ әніміз: « «Боламынмен» жүргенде болат қайтып,

жалын сөніп, жас жүзімізді басты әжім» – деп аяқталып кетпес пе екен?

Өз елің мен еліңе, айналаңа қызмет етер осы шақты яғни «бағалы жастықты» – «бағасыз жастыққа» конвертация жасай салу оңайдың оңайы болар. Себебі Абай жолын, ойын тамсанудың емес, амалдың, іс-әрекеттің обьектісі деп алуымыз қажет деген ойдамын.

Бұл соңғы сауал болсын. Сонымен хакім еңбектері бізге не үшін қажет?

– Ақын өмірінің соңы трагедиялы еді. Себебі өзі қайтқан 1904 жылға дейін   өзінің сүйікті ұлдары, ет жақын бауыры Оспан қайтыс болды. Әсіресе мінезі жұмсақ, елгезек ұлы Мағауия (Мақыштың) өлімі Абайға өте ауыр тиген деседі. Естеліктерде Мағауияның денесін қояр жолда   Абайдың мазарға жеткенше жолды тастардан тазартып, «Күйме ақырын жүрсін, Мақашымның денесіне тас батпасын» – деген екен дейді. Бұл құса ұзаққа создырмады. Хәкімде Мағауияның қырқынан ұзамай өмірден көшті.

Соңғы кездерде: «Неге Абайды сынамаймыз? Неге Абай деп құлша елпектей береміз»? – дейтін пікірлер де көп қылаң беруде. Мүмкін, бұл да керек болар. Пікір әр түрлілігі өсудің индексі. Бірақ солай сөйлеп жүргендердің көбі, жаңашыл, батысшыл, оянған, еркін ойлы көрінгілері-ақ келеді. Көбісі тілін түгілі, өздері бетке ұстап жүрген сол мәдениеттен анық хабары аз. Себебі сын олай айтылмайды, кез келген сын айтушы сол арқылы басқа альтернатив ұсына алуы керек. Әйтпесе, оның түбі – арсыздық. Крыловтан аударылған «Піл мен Қанден» мысалығындағы ахуалға дәлме-дәл жақын ситуация. Қалғып отырып, өтірік оянған сыңай танытып, ел айтпаған сөзді айттым деп күйе жағудың несі сән екен?

Айтып-айтпай не керек. Сөзсіз, Таласбек Әсемқұловша айтсақ Абай: «Қазақ ренессансын өз басынан жалғыз кешкен» тұлғалардың бірі. Ойшыл, адамды тереңдікке шақыратын, арзандықтан, саяздықтан, жалғандықтан араша бола алатындай кісі. Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді. Осы уақытқа дейін қазақ Абайды құрметтеді, қастерледі, әлі де сүйе бермек. Сол үшін ғана Абайды қолыңа алып, еңбектеріне үңіліп шықсаң да болады. Ең бастысы ықыласпен қарауды еш ұмытпаған жөн.

Хәкімнің өзі айтқандай: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды». Бәрі өзгереді әр толқынның межелі уақыты, өлшеніп берген өмірі бар. Ертең біздің орнымызға да өзгелер келеді. Оларда ақын жырлағандай өмір керуенін жалғастыра бермек. Анығында келер толқынмен тек біздің орнымыз ғана ауысады. Бірақ өзгермейтін нәрселерде бар...

Шығыс дастандарында айтылғандай «Ләйлә өлді, Мәжнүн өлді, бірақ ұлы махаббат қалды». Одан әркім өзінше өрнек алады емес пе. Сол сияқты Абай дүниеден көшіп тәні Жидебайда барақат тапқанмен артында мол мұра боп сом ойлары қалды.

– Ақниет, тұшымды әңгімеңе көп-көп рахмет. Алдағы жоспарларыңа тек сәттілік тілеймін.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?