Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан тарихындағы қаралы күндер

2247
Қазақстан тарихындағы қаралы күндер  - e-history.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде - коронавирус індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды аза тұту күні деп жариялады.

Бұл ретте, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта осымен елімізде тоғызыншы рет ұлттық аза тұту күні жарияланып отыр. QazaqstanTarihy порталы аза тұту күнін жариялауға себеп болған еліміздің тарихында болған қаралы күндерді еске алады.

Ленин атындағы шахтадағы апат (Шахтинск).

Бұл техногендік апат 2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы көмір шахтасында болды. Метан жарылуынан 41 кенші қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Бұл 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде елімізде болған ірі апаттардың бірі. 2006 жылғы 20 қыркүйекте механиктер желдету құбырына жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті желдетудің желдеткішін өшіреді. Желдеткіштің өшірілуі себебінен метан 620 метр тереңдікте орналасқан дәлізге жинала бастайды. Сағат таңғы 8:56-да шахтада жарылыс болады. Жарылыс кезінде шахтада 324 адам жұмыс істеп жатқан, оның 44-і 620 метр тереңдіктегі дәл сол дәлізде болған.

Құтқарушылар жараланған үш кеншіні алып шығады, ал қалған 41-і қаза болған. Сонымен қоса, басқа деңгейлерде жұмыс істеп жатқан төрт кенші жарақат алған.

«Абай» шахтасындағы апат.

2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысында болған тағы бір апат отыз адамның өмірін қиып кетті. Сол күні сағат 9:20-да 400 метр тереңдікте жарылыс болып, артынша өрт басталған. Құтқарушылар 191 адамның 161-ін жер бетіне шығарып үлгереді. Айналада түк көрінбей, температура 90 градусқа дейін қызып, метанның көп жиналуы апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатты кедергі келтірді.

Құтқарушылар жеті адамның денесін тапты, ал 15 қаңтарда республиканың төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Бажко үйіндінің астында қалған 23 кеншіні қайтыс болды деп мәлімдеді.

Қызылағаштағы су тасқыны.

2010 жылғы наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түні су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Алматы облысындағы Қызылағаш кентін су шайып кетті. Су тасқыны салдарынан 43 адам қаза болып, 211 адам жарақаттар алды, мыңнан астам адам көшірілді. Су бөгетінің бұзылуы толассыз жауған жауын, қардың жылдам еруінен және жергілікті биліктің салдыр салақтығынан орын алды. Нәтижесінде 2 метрлік толқын су Алматы-Өскемен тасжолындағы көпірді шайып кетіп, Қызылағаш кентін су басып, көршілес орналасқан елді-мекендер де зардап шекті. Үйіндіні тазалап, көшірілгендерге шатыр мен қажетті көмек көрсету үшін өңірге 600-ден астам шұғыл қызмет қызметшілері аттанды.

Тонаушылық жағдайларын болдырмау үшін ауданда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қызылағаштан көшірілген мыңнан астам адам үшін далалық госпиталі бар уақытша лагерь ұйымдастырылды, ал қазақ әскерилері көмек көрсету үшін осы ауданға бөлімшелер аттандырды. Төтенше көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды өз көзімен көріп, бақылау үшін өңірге Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов те келіп кетті.

«Арқан керген» шекара бекетіндегі қырғын.

14 шекарашы мен қорықшының өлімі Қытаймен шекаралас Алматы облысында орын алды.

Арқан керген – Үшарал қаласынан 224 шақырым жерде орналасқан, Қытаймен шекарадағы шекара бекеті. Бұл қасірет он бес адамның өмірін қиды. 2012 жылғы 28 мамырда таңғы сағат 5-те шекара бекетімен байланыс үзіледі. Көрші бекеттен келген полиция жанып кеткен казарма мен шаруашылық құрылысты және күйіп кеткен он төрт адамның мәйітін көреді. Жергілікті қорықшының денесі сәл кейінірек көрші үйден табылады. Бастапқыда тергеушілер түрлі себептерді, оның ішінде солдаттардың арасындағы өзара төбелес, діни экстремистердің шабуылы және контрабандашылардың шабуылы сияқты түрлі нұсқаларды қарастырады. Дегенмен де басты нұсқа қудалау болды.

Жалғыз ғана тірі қалған Владислав Челах болды, ол таудағы лашықтан табылады, онда тапанша, компьютер және қаза болған солдаттардың мобильді телефондары болған. Ақыр соңында тергеушілер 19 жасар сарбазға әлімжеттік (дедовщина) көрсетілген деген болжам жасады. Владислав Челах 2012 жылғы 5 маусымда тұтқындалды. Келесі күні ол өз істегенін мойындады.

Шымкент түбіндегі Ан-72 ұшағының құлауы.

2012 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 әскери-көлік ұшағы Шымкент түбінде құлады. Құлау нәтижесінде борттағы 27 адам түгелдей қаза болды. Ұшақ Астанадан Шымкентке ұшып келе жатқан, бортта экипаждың жеті мүшесі және «Оңтүстік» шекара қызметі өңірлік басқармасының мүшелері, оның ішінде ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы полковник Тұрғанбек Стамбеков және қызметтің орталық аппаратының офицерлері болған. Апат жергілікті уақытпен 19:00 болған. Ұшақ қонуға дайындалып, шамамен 800 метр биіктікте ұшып келе жатып, кенеттен құлаған.

22 қаңтарда Бас Прокуратура апатқа бірнеше фактор, оның ішінде мұздану жағдайында ұшу және ұшақты екінші ұшқыштың басқару себеп болды деп хабарлады.

Алматы түбідегі CRJ-200 апаты.

SCAT әуекомпаниясының DV760 рейсі Көкшетау – Алматы бағытындағы CanadairCL-600-2B19 әуелайнері жасайтын ішкі жолаушылар тасымалының тұрақты рейсі болатын. 2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы Халықаралық әуежайына қону кезіндегі қою тұманға байланысты әуе лайнері екінші айналымға кетеді. Сағат 13:13-те ұшудың 14-ші секундында әуелайнері Қызылту ауылынан 5 шақырым жерде құлайды. Бортта болған 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі түгелдей қаза табады. Тексеру кезінде экипаж командирінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты ұшақты басқаруды қадағалаудан айырылып қалғандығы анықталды.

2016 жылы 5 маусымдағы Ақтөбедегі террорлық акт.

5 маусымда қару-жарақ қоймаларына екі шабуыл жасалып, үшінші шабуыл әскери бөлімге жасалған. Одан кейінгі бірнеше күн ішінде полиция мен терроршылар арасында бірнеше атыс орын алған. Тағы да бір атыс 8 маусым күні балалар лагерінде болған. Террорлық акт нәтижесінде 7 адам қаза тауып, 37 адам жарақат алды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің күштерімен өткізілген арнайы операция нәтижесінде он сегіз шабуылшы жойылып, тағы да тоғыз адам тұтқындалды.

Алматы түбіндегі Fokker 100 апаты.

BekAir әуекомпаниясының Fokker 100 әуелайнері Алматыдан Нұр-Сұлтанға ішкі жолаушылар тасымалы рейсін орындайтын. Ол 2019 жылғы 27 желтоқсанда Халықаралық Алматы әуежайынан ұшып шыққаннан кейін апатқа ұшырайды. Ұшып-қону жолағынан ұшып шыққан ұшақ көп ұзамай биіктігін жоғалтады. Апат жергілікті уақытпен шамамен 7:22-де болған деп хабарланады. Соқтығысу нәтижесінде ұшақтың алдыңғы бөлігі негізгі фюзеляждан жұлынып кетіп, елеулі зақым алады. Ұшақ бортында барлығы 98 адам болған – 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Апатта он үш адам қаза тауып, 66 адам жарақат алды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?