Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даланың дарабозы – Құлан Кейкі мерген

3366

Өткен аптада «Qazaqstan” телерадиокорпорациясы Кейкі батыр жайлы телехикая түсіруді жоспарлап жатырғаны туралы ақпарат тараған болатын, әрине даланың дарабозы – Кейкі туралы қанша айтсақ та, жазсақ та артық болмайды.

Осы ретте, Кейкі батыр туралы мына мақаланы назарларыңызға ұсынамын.

Кейкінің руы Құлан, Қыпшақ заты
Асынған найза, қылыш, белде сапы.
Жеткізбес жер басқанда құстан басқа 
Астында Әбділдәнің Шұбар аты.
(ел аузынан)

1-сурет. Кейкі батыр, фото авторы – Амандық Әмірхамзин

Құлан Қыпшақ Кейкі Көкембайұлы 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшыларының бірі, Аманкелді батырдың жан-жолдасы, құралайды көзге ататын атақты мерген - Кейкі батыр туралы ондаған жылдар бойы шындық айтылмай, оны бандит, ұры, қарақшы деп даттаумен келді. Кейкі мерген Аманкелді батырдың қарулас серігі, көмекшісі, мың басы болып, патша жазалаушыларына қарсы Күйік, Құмкешу, Доғал, Торғай соғыстарының бәріне де қатысып, асқан ерлік көрсеткен, жүрек жұтқан, қайсар да, қайратты батыр.


Құлан Кейкі мергеннің арғы аталары Құлан Қыпшақтардың ішіндегі әулетті де, байы да, батыры да ағайын арасында айбынымен ерекше көзге түскен «Молда баласы» деп аталатын, атақты Қошқарбай батырдың ұрпақтары.Қыпшақтар топ-тобымен Кенесары көтерілісіне қатынасып, Кенесары-Наурызбай қырғыздардың қолынан қаза тапқаннан кейін, Торайғыр, Сәбденбек бастаған Кенесары көтерілісінің басшылары азып-тозып, біразы майдан даласында қалып, сарбаздардың қалғаны аз ғана топпен Торғай алқабына құлайды. Құлан Қыпшақтар Торғайдағы Қыпшақ туыстарынан жер алып, қазіргі Тасты өзенінен бастап, Ақтас деп аталатын жерлерді Құлан Қыпшақтардың жаз жайлауы, қыс қыстауы етіп бөліп береді.


Сонымен, 1916 жылғы Торғайдағы көтеріліске Әбдіғапар хан, Аманкелді әскер басы - сардар болып сайланса, Кейкі батыр Аманкелді мен Әбдіғапардың оң қолы, мың басы батыры, мергені болғаны анық, оған ешкімнің де дауы жоқ.

2-сурет.1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, суретші Әбілхан Қастеев

Кейкінің еңбегі 1916 жылғы көтерілісте Аманкелдіден бір мысқал да кем болған жоқ, амал не қызылдардың сұрқия саясатынан Кейкіні тек «жау, ұры, қарақшы» деп көрсетумен келді. Барлық төнкерістің жеңістері тек бір адамның басына ғана, Аманкелдіге үйіп-төгіп келді.


Ел арасында Торғай көтерілісінен көп бұрын-ақ: «Кейкінің қолы мерген, Аманкелдінің көзі мерген» -, дейді екен. Кейкі ұсынғанын қалт жібермейтін мерген болған. Кейкі мергеннің ақтарға да, қызылдарға да қызмет еткісі келмей, «мен ақ-қызыл дегеніңді білмеймін, маған сары орыстың бәрі жау, оларды басқыншы деп есептеймін, олар әуелі жерімізді алды, одан кейін еркімізді алып, тілімізден, дінімізден айырды»,- дейді екен.


Әсіресе Кейкінің саясат сахнасында ерлік, билік жұмыстарға араласпай, адасқан киіктей оқшауланған кезі Аманкелді батырдың өлімінен кейін болған тәрізді. Аманкелді сардар белгісіз жағдайда жау қолынан қаза тапқаннан кейін, бұл іске Әбдіғапардың да қатысы бар деген ел арасында тараған қаңқу сөзге алғашқыда аңғал батыр да сеніп қалады. Қазақтың бір жайсаңын бір жайсаңына өлтірткісі келгендер Әбдіғапар мен Кейкінің арасына осылай от салған. Мұның ақыры үлкен қантөгіске апарып соғатынын білген Әбдіғапар ханның жақыны Ержанның Қалиы деген ел арасының беделді адамы Кейкіні райынан қайтарып, оның Әбдіғапар хан туралы пікірінің қате екеніне көзін жеткізеді. Кейкінің Әбдіғапарға негізгі өшігу себебі осындай түсінбестіктен болған.

3-сурет. Әбіғапар Жанбосынұлы, фото Интернеттен алынды

 

Арадағы ағайынның араласуымен Кейкі Әбдіғапарға деген кегін басып, мерген өз тіршілігімен мамыржай күн кешіп жүргенде, қызылдардың жіберген арнаулы отряды Аманкелдінің өлімін Әбдіғапардан көріп, Әбдіғапарды 1919 жылы атып кетеді.
Әбдіғапар ханның өлімінен кейін, Кейкінің бүкіл тыныс-тіршілігі, ақыл-ойы бір тоқтамға келе алмай, әуре-сарсаңға түсіп, оқшау тұрмыс кешеді. Ол енді тіршіліктегі дүниеден түңіліп, ақтарға да, қызылдарға да қосылмай, өзінің келешегін басқа жерден, басқа елден іздеуді мақсат етеді. Сөйтіп, Кейкі мерген азғантай ағайын-туыстарымен ертеде ақтармен шайқасқан бір соғыста қолға түскен татардың солдатын ертіп, Ұлытау арқылы шетелге өтіп кетпекші болады.


Айта кететін бір шындық, осы татар жігітін өзімен бірге шетелге алып кетпекші болғанда, Кейкінің аяулы жары, Ақжан сұлу айтты деген сөз ел аузында осы кезге дейін сақталуда, Ақжан сұлу күйеуіне наздана отырып:


- «Батыр мына ноғайды бетіне жібер, жүрегім бірдеңе сезеді, осыдан опа таппай-ақ қой, осының мінез-құлқы маған ұнамайды!» - депті. Ақжан сұлудың бұл кезде мергенге еркелейтін де, назданатын да жөні бар еді, өмірде еркек баланың исін аңсап жүрген Кейкінің бұл кезде көңілі қуанышты, Ақжан екіқабат болатын. Батырдың «тұқымсыз өтем бе?» деп, өмірден түңіліп:
Қарындасым қанатым,
ұшқыр қылыш болатым,
еркек балам жоқ еді,
айырып жаудан алатын – деп торығып жүрген кезі еді.
Міне, Кейкі мергеннің ең ақырғы аянышты өлімі, қызылдардың бүкіл Кейкі әулетін атып өлтіруі де дәл осы кез еді.

4-сурет. Кейкі батыр үңгірі, фотоны жергілікті тұрғындар түсірген

1921 жылғы сәуір айының 22 жұлдызында Торғай жеріндегі Жыланшық өзені бойындағы Жалаулы деген жерде Сүтемгеннің Жәкенінің үйіне әйелімен, 2-3 жақын туыстарымен қонып жатқанда, түн ішінде Торғайдан жасырынып шыққан қызылдардың 50 шақты солдаты үйді қоршап алады. Үйді күзетіп тұрған Кейкінің інісі – Оспанның Түскенін қызылдар қылышпен турап өлтіреді. Үйдің ішінде Кейкінің әйелі Ақжан күйеуіне көмектесіп, жаудан есікті қорғап оқ атады. Енді Кейкіні соғысып ала алмайтынын түсінген қызылдардың командирі қулыққа көшеді. Кейкіге еріп келе жатқан ақтың солдатына терезе жақтан, сырттан орысша айқайлайды:
«Сен Кейкінің ту сыртынан келіп, екі қолын ұстап, өзің бұғып қал, сол кезде біз Кейкіні атамыз, ал, саған еркіндік береміз, жұмысқа аламыз» деп, өтірік уәде береді. Қызылдардың екіжүзділігіне сеніп қалған бейшара қашқын татар солдаты, іштен Кейкіні: «ту сыртынан ұстадым» деп, айқай салғанда, қызылдар отрядының бастығы Кейкіні дәл маңдайдан атып салады. Ал, екінші оқ Кейкінің әйелі - Ақжанға тиеді. Қызыл жендеттер Кейкінің басын кесіп, қанжығасына байлап, өздерімен бірге Торғайға алып кетеді. Кейкінің екіқабат әйелі Ақжан сұлудың басын қылышпен шауып, қарынын жарады, сөйтсе, Ақжан сұлудың құрсағында айы күні толысқан ер бала бар екен, ол ана құрсағында қызыл қанға боялады. Ал, қызылдарға көмектесіп, Кейкіні ұстаған қашқын татар солдатын олар Торғайға кетіп бара жатқанда жолда атып кетеді.

5-сурет. Торғай-Ұлытау жеріндегі мешіт, авторы Алмат Таңғұтұлы

(Бұл деректі біздің туысқанымыз Нұртайдың баласы Жарылғасын айтып кеткен еді, сол уақытты Кейкінің басын алып, өздерінің қатыгез жауыздықтарына масаттанған қызылдардың отряды Аққұм болысының ірі байы Нұртайдың үйіне қонған екен).


Кезінде Кейкі батырдың ерлігін, батырлығын, асқан мергендігін ақындар жырға қосқан. Кейкі мерген қайшылығы мен бұралаңы мол сол заманда халқының бостандығы үшін күрескен, осы жолда жанын пида еткен арыстан жүректі, рухы күшті ерлердің бірі де бірегейі болып ұрпақтар санасында қала бермек.


Амандық Әмірхамзин

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?