Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаржаубай Сартқожаұлы: Бітіг жазуы - көне түркінің таста қалдырған тағылымы

3100
Қаржаубай Сартқожаұлы: Бітіг жазуы  - көне түркінің  таста қалдырған тағылымы  - e-history.kz

Көне түркі жазуының тағдыры ауыр болды

Бұл жазудың тағдыр-талайы ауыр болды. 1662 жылы Голландиялық кезбе Н.К.Витсен Москваға келіп, одан әрі Орал, Сібір жерін аралайды. Орта Оралдың Шығыс сілемі «Сібір қақпасы» атанған Тур өзенінің бойындағы «Бітіг тас» деген жердегі байырғы түрік жазуын табады. Кейін С.У.Ремезов, Н.Г.Спафарий (167), Д.Г.Миссершмидтер (1735) Сібірдегі ондаған байырғы турiк бiтir тастарын тауып Еуропа оқымыстыларына жеткізеді.

Міне, сол 1662-1893-жылға дейінгі 231 жыл бойы бұл құпия жазудын кілті ашылмады. Осы аралықта еуропа ғалымдары жарыса атсалысып, бул жазуды көне ари, славян, угро-финдіктердің атамұрасы деген пікірлер ұсынып әркім өз жағына бұра тартып жатты.

1893 жылы 25 қараша күні Дат ғалымы В.Томсен Күлтегін ұстанымдағы алғашқы ʘPOT (түрік), ɩPɳT (тәнір) деген екі сөздегі 6 әріпті анықтайды. 12 желтоқсанға дейін қалған әріптердің мәнін тауып, 15 желтоқсан күні Данияның Корольдық ҒА-ның Президиумында хабарлама жасайды. Екі ғасыр бойы құпиясын ашпаған тарихи мұра түркі әлемінің рухани байлығы екені анықталды.

Осылайша, ғылым әлемінде екінші мәрте Мысырдың көне жазуларының кілтін тапқан Шамполиoнның есімімен Вильгелм Томсеннің есімі қатар аталатын болды.

Ғылыми маңыздылығы - жер бетіндегі бірде-бір өркениет байырғы түріктердің бітіп әліпби грамматикасындай жетілген ереже жасай алған жоқ

Алфавит дегеніміз адамзаттың мәдени-рухани байлығының баға жетпес үлкен жетістігі. Жазу өмірге келе қоймаған дәуірде дыбыстық тілдің мүмкіндігі шектеулі болды. Соның салдарынан «адам» атты пенденің қоғамдағы қозғаушы күш ретіндегі рөлі де шектеулі болды. Ал, жазуды игерудің нәтижесінде адам өзінің ойы мен мақсатын, іс-әрекетін өзгеге, қоғам ортасына және болашаққа, ұрпаққа жеткізу, тарату мүмкіндігіне қол жеткізді. Алфавитті болудың арқасында рухани тәжірибе, ақпарат алмасу кеңістігі мен уақыт ауқымы шексіз ұлғайды. Дыбыстық әліпбиді өмірге енгізіп, жазу өнері қоғамда өз орнын иеленгеннен кейін адамзаттың екінші тілі – жазу тілі пайда болып, адамзаттың екінші тынысы ашылды. Сөйтіп, адамзат ақпаратты ондаған ғасырларға жалғастыратын мүмкіндікке қол жеткізді.

Қоғам дамуын жеделдетуге, бүгінгі ғарыштық биіктікке алып келуге «Әліпби» деп аталған кішкентай «атом»-ның атқарған рөлі шексіз екенін көріп отырсыздар. Сондай мүмкіндікті біздің бабаларымыз түріктер жыл санаудан бұрынғы (ж.с.б.) XVI-XII ғғ. дәуірінде іске асыра бастаған екен. Б.з-дың VI ғасырында, дәлірек айтсақ, алғашқы Көк Түрік қағанаты дәуірінде байырғы түрік алфавитінің тылыми грамматикасы жасалынды. Содан бері де 1500 жыл өтіпті.

Түрік империясының қатынас құралын небары 8 дауысты, 18 дауыссыз дыбыс графикасына сыйдырған. Бұл түрік руханиятының үлкен жетістігі еді.

Осылайша біздің арғы бабаларымыз әлем өркениетіне өзінің рухани байлығын қосты.

Демек, баба түркілерінің ұрпағына қалдырған осы асыл қазынасын, рухани қазынасын сіздер мен біздерге бұйыртпай басқанын қанжығасына байлап жіберуге евроөктемдік (европоцентристік) идеология өкілдері атсалысып бақты. Олар байырғы түркі ескерткіштері түріктерге тән екенін жоққа шығара алмағандықтан ондағы байырғы түркі әліпбиі арамей, соғды, финикия әліпбиінен шыққан құндылықтар деп әлемге жар салды. Түркі этносы алфавит жасап шығаратындай рухани потенциялы болмаған деген тұжырым жасады.

Соңғы жылдары Қытай, Жапония, Моңғолия, Түркия, Қазақстан ғалымдары бұл тұжырымға тойтарыс беріп, байырғы түрік бітіг әліпбиі түркі халқының төлтуындысы, олардың өз өнімі екенін дәлелдеді. Бұл ғылыми ұсынысты Санкт-Петербург ғалымдары да имене отырып қолдай бастады.

Байырғы түрік бітік әліпбиінің грамматикасын жасаған сол дәуірдегі түрік зиялылары түрік тілінің дыбыс үйлесім (сингармонизм) заңдылығын соншама терең түсінген. Түркі тілінің дыбыстық жүйесі қатаң, ұяң айтылымдарға бөлінеді. Бұл заңдылықты терең түсіне білген ереже жасаушылар, дауысты және дауыссыз дыбыстарды осы заңдылық бойынша белгілеген. Байырғы түрік бітігінің әліпбиін жасаған дәуірдегі түркі тіл дыбыс жүйесі бүгінгі заманда 40-тан астам тілге, 60-тан астам диaлeктіге бөлініп кетсе де дыбыс үйлесім (сингармонизм) заңдылығынан алыстап кеткен жоқ.

Қазіргі замандағы аталмыш 40-тан астам түркі халықтары араб, кирилл, латын алфавиттерін қолданып отыр. Бірақ та, бірде-бірі ! байырғы түріктердің бітіп әліпби грамматикасындай жетілген ереже жасай алған жоқ.

Латын, араб, кирилл алфавиттері түркілер үшін сырттан келген қондырғы. Ол түркі халықтарының өздерінің ойлау қабілетінен жан жүрегінен жарып шыққан төл туындысы емес болғандықтан аталмыш 40-тан астам түркі халықтары тілінің фонетикасы бір жүйеге түскен жоқ. Аталмыш шетелдік алфавиттерді қабылдағанына 1000 жыл өтсе де түркілердің жан жүрегіне қонақтандыра, сіңіре алмай келеді.

Ал, түрік бiтiг түркілердің өз сезімінен, жүрегінен, ойлау қабілетінен жарып шыққан төл туындысы болғандықтан ұлттық кодка айналған. Бұл әліпби ұмытылып 1000 жылды артқа тастап барып келсе де, бүгінгі түркілер - біздер жатсынбай жан жүрегімізге сіңіріп, емірене қабылдап отырмыз.

Саяси маңыздылығыКөне түркі жазуы ондаған тайпа қала берді  бүтін бір империяны бір тудың астына топтастыра білді

Дат ғалымы Вильгелм Томсеннін ашкан жаңалығы Күлтегін, Білге қаған, Тұйұқық мәтіндерінің мынжылдыктар бойғы сакталған құпиясын ашып, әлем мәдениетінің биік аренасына түркі руханиятын қондырды. Осы көктас Түріктану (тюркология) ғылымын өмірге әкелді.

Көк түріктердің көк тасқа қашап жазып кеткен мәңгілік өсиеті, Мәңгілік ел саясаты, мәңгі тасы олардың көне тілін, тарихын, этномәдениетін, дүниетанымын (философиясын), өнерін, олардың осыдан мың жыл бұрынғы этнопсихологиясын, дәстүр-салтын бүгінгі сіздер мен біздерге жеткізді.

Шығысы - Манжуриядағы Хинган жотасынан, батысы - Еділге дейінгі 10000 км, оңтүстігі Гималайдан, солтүстігі Лена дариясына дейінгі 3000 км алып аймақта өмір сүретін байырғы түріктердің ондаған тайпалары мен тайпалық одақтары ондаған диалектіде болған. Міне, осы алып аймақтағы ондаған диалектіні бидайдың қауызындай 26 дыбысты таңбалаған әліпбиге сыйдырып, бүкіл империяның іс қағазын жүргізе беретін мүмкіндік тудырды. Нәтижесінде, бүкiл бүтін империя бірнеше ондаған тайпаларды бір алфавитке байлап беріп, бір тудың астына топтастырып үлгерді.

Көк Түріктер осылайша ел бірлігін сақтап, ұлт ынтымағын ұйыстырып, Мәңгілік ел саясатын жүргізді. Міне, бұл мәселелер әліпбидің саяси маңыздылығын көрсетеді. Әліпбидің аталмыш саяси маңыздылығы 1500 жылдан кейін де, бүгінгі күні біздің алдымыздан шығып отыр. Осылайша, әліпби қабылдау, оны іске асыру тұнып тұрған саясат екеніне көз жеткіземіз.

Түркі жазуы – әлемде теңдесі жоқ өркениет үлгісі

1890 жылдары Шығыстанудың бір саласы болып ғылым аренасында бұтақ жайған түркология ғылымы бүгінгі күні әлемдік деңгейдегі ғылым саласына айналады.

Қазақстанда Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов бастаған ғалымдарымыз негізін қалаған түркітану ғылымы ғарыштап өсіп, әлемдік деңгейге көтерілді. Бірақ толықтай зерттеу жасауына мүмкіндік болмады. Басындай айтып өткенімдей алдымен батыстың ғалымдары зерттеді. Кейін орыс, фин секілді елдер ғалымдары кірісті. Содан кейін ғана өзіміздің қолға тиді. Нақтысын айтқанда зерттеуге мүмкіндік берілмеді. Осының салдарынан өз тарихымыз екенін біле тұра, зерттеушілеріміз көп дүниені өзгеге теліп келді. Қазақтардан дұрыс маман шығармауға тырысты. Түркі жазбаларының соңынан шам алып түсіп, ерекше қызықтаған Ғұбайдолла Айдаров, Алтай Аманжолов секілді ғалымдарды көк түріктің мұралары сақталған Моңғолияға жібермеді. «Есесіне В. В. Радлов, Н. М. Ядринцев, С. Е. Малов, П. М. Мелиоранский сынды ғалымдарға «емін-еркін» зерттеу жұмыстарын жүргізуге барынша жағдай жасалды. Бұлардың барлығы да орыс ұлтының ыңғайына қарай жұмыс жасады. Көк түріктің дүниелерін қазақ халқына тиесілі екенін олар жақсы білді. Сөйте тұра ешкімді жақындатпады. Барлығын орыс ғалымдары зерттеді.

Орыстың бұл шовинистік көзқарасы соғыстан кейін тіптен күшейіп кетті. КСРО деген елде тек орыс тілі болуы керек деген идеология белен алды. Орыстан басқа ұлтта ұлттық мақтаныш болмауы керек. Төбеден ұрып кеп, ұрып кеп отырды. Байырғы көне түрік мұрасын зерттеуге талпынғандарды қыспаққа алып отырды. Көне түрік жазуын зерттеуге Қазақстаннан бірде-бір ғалым Моңғолияға бара алмады.

Бірақ соған қарамастан зерттеу жасалды. Бір ғана түрiк бiтir (руника) жазуына, сол графикамен тасқа қашалып сақталған мәтіндерге байланысты көптеген ғылыми монографиялар жарық көрді. В.Радловтан кейін 110-120 жылдан соң яғни 2019 жылы «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» атты 3 томдық толық атлас жасап шықтым.

Үштомдыққа Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған бабаларымыздың 2-3 мың жыл бұрынғы тарихы мен дүние танымын, бүтіндей түркілік болмысын айқындайтын көне таңба-жазулары енгізіліп отыр. Бұған дейінгі алғашқы атласты осыдан 120 жыл бұрын В.Радлов жасаған екен. Ол атласта руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қамтылған. Радловтан кейін Жапония, Ресей, Германия осы Атластың толық нұсқасын шығаруға ұмтылды.  Бірақ Қазақстанның алдына түсіп үлгермеді.

Бұл еңбектің бірінші томын 2005 жылы қазақ тілінде, 2007 жылы орыс шығарған едім. Екінші томында моңғол жеріндегі ұйғыр дәуіріндегі мәтіндер, байырғы түрік мәтін сөздігі, ал үшінші томында сол өңірден табылған майда жазулар туралы деректер енгізілді. Яғни, тасқа, жартасқа жазылған көне түркі бітік жазуларының мәтіндері мен транскрипциясы, түрлі-түсті фотолары мен сызба суреттері қоса беріліп отыр. Барлығы 46 аумақтан табылған 120-дан астам мәтін енгізілді.

Бұл еңбекті өмір бойы жиған қазынам деуге болады. Өйткені бұл үш томдықта автордың түркология саласындағы отыз жылдық еңбегім қамтылып отыр. Еңбек 2015 жылы дайын болыпты. Белгілі себептермен көпке дейін жарық көре алмады.

Сол секілді Әлемде тұңғыш мәрте «Түрік жазу мұражайын» тағы да қазақ ғалымдары орнатты.

Бұлардың сыртында Күлтегін, Тұйұқық, Ел-етміш, Білге қаған, Теркін, Тэс ұстындары мен Күлтегіннің бас мүсiнi, V ғасырда жасалып сақталған домбыраның көшірмелерін жасатып алып Астанамызға, соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жазу мұражайына орналастырдық.

Тұжырып айтсақ, қазақстандықтардың деңгейінде бірде-бір түркі елі, түркі халқы Көк Түріктердің рухани құндылығын ұлықтап отырған жоқ. Кезінде атақты ғұлама Валиди Тоған: «Көк Түріктер қазіргі қазақтар», - деген еді.

Қазақ – Көк Түріктердің тікелей мұрагері

Көк Түріктердің тікелей мұрагерінің бірі – қазақ халқы. Түрік қоғамының қол астында болған қыпшақ Орталық Азиядағы қалың динмендер (дарлекиндер), керей, найман, қарлұқ, басмыл (арғын), үйсін, дулат, адай, беріш, әлiм, чігіл, шекті, таздар кейін қазақ ұлтын кұрады.

Бұлардың бәрін неге тәптіштеп айтып отырмын?

Азербайжанның Баку қаласында ЮНЕСКО-ның кезекті бір отырысында моңғолдар «Тод» деп аталатын жазу графикасын Моңғол халқының рухани байлығы ретінде белгілетіп, тізімге енгізді.

Қазақ елі – біз байырғы түрік бiтir (руника) жазуын Қазақ халқының тарихи-рухани құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ға белгілетіп, меншіктеуіміз жөн сияқты.

Біз Моңғолия Республикасындағы ескерткіштерге таласып отырған жоқпыз. Біз ата-бабамыз жасап кеткен рухани құндылыққа ие болайық деп отырмыз. Бұған басқалар ренжи қоймайды.

Бүгінгі күні түркі мемлекеттері өткен дәуірдегі әлемі тарихында өз орны бар хандықтары мен қағанаттарын меншіктен алған.

Мысалы: Азербайжандар - Хазар хандығын, Түркиялыктар - Селжук хандығын, Түркімендер - Оттоман хандығын. Ұйғырлар – Моңғолиядағы Ұйғұр хандығын, Өзбектер - Ақсақ Темір хандығын., Татарлар - Алтын Орданы,

Ал, қазақтар - біздер Көк Түрік империясын меншіктеп отырмыз. Көк Түрiкке бізден басқалар тым сұғынып таласа қоймайды. Онымен қатар Көк Түріктердің рухани және материалдық құндылықтарының өзімізге аударып келеміз. Зерттелуі бізде жақсы жүріп келді, әлем ғалымдарының назарын

Сондықтан келешекте байырғы түрік зерттеуіне біз ерекше көңіл бөлуіміз жөн сияқты. Өйткені, Көк Түріктердің қалдырған рухани құндылықтары бүгінгі қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы болып есептелінеді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де қалыптасқан бір жақсы дәстүр бар. Жыл сайын 18 мамыр күнін «Күлтегін күні» деп белгілейді. Студент жастар құлшына қуана қарсы алып тойлайды. Осы күні, дәлірек айтсак, 2001 жылдың 18-мамыр күні, Күлтегін ұстынының ғылыми көшірмесі Астананың төсінде, осы университеттің төрінде орнатылған-ды. Бүкіл Қазақстандықтар Көк Түрік қағанатының Ұлы Қолбасшысы Күлтегін 1300 жылдан кейін тіріліп келгендей қуанышқа бөленген еді. Сөйтіп, бабамұрамыз - аруақтың сүлдесі Қазақ елінің дамуына рухани қолдау болды. Қазақ халқы тарихының тамыры тереңде екенін сезінді, ұқты, мактанды.

Осы киелі күнді еліміз бойынша «Байырғы түрік бітік күні» деп Парламенттің шешімін шығартып, жалпы ұлттық мән берсек ұрпақ айдарынан жел есер еді. Ұрпағымыз келешегіне нық сеніммен аяқ басып, ел дамуына екпін беріп, рухани серпілісіне серпін берер еді деген сенімдемін. Бұл мәселені көптен бері көтеріп келемін. Құлағына ілер жан болмай отыр.

2013 жылы 12 желтоқсан күні Парламенттің сол кездегі Әлеуметтік даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның қатысуымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің кеңейтілген мәжілісі өткен еді. Сондай арнайы баяндама жасап, осы мәселені тағы көтергем.   Қазақстан Республикасы Парламентінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Д.Нұрсұлтанқызы бастаған сол көшпелі отырысқа Комитеттің А. Смайыл, У.Бішімбаев, К.Бурханов сияқты онға жуық депутаттары қатысып, күн тәртібіндегі мәселені талқылап, 18 мамыр күнін «Байырғы Түрік бітіг» күні деп енгізуге атсалысатынын білдірген. Содан бері талай заман өтті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?