Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы милиция генералы

1803
Алғашқы милиция генералы - e-history.kz
Ойды ой қозғайды. Қазіргі қоғамда айтылатын тарихтың хатқа түсуі мұғдарлы дүние. Тарихтағы алғашқылар туралы әңгіме де қозғау сол қажеттілікті өтеуден туындайды

Қазақ ұлдарының арасынан шыққан алғашқы милиция генералы Шырақбек Қабылбаев – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант, Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері деп бағаланған асқаралы тұлға.

Шырақбек 1908 жылы 8 наурызда бұрынғы Семей губерниясына қарайтын Қарқаралының Абыралы №3 ауылында дүниеге келген. Әкесі Қабылбай, анасы Масура барлық өмірін колхозға арнаған қатардағы еңбек ардагерлері болатын.

 

Алаш Орда әскерінің рухы және бала Шырақбек

Бала Шырақбектің кезіндегі Семей қаласы – оның алдындағы уақыттарда ғана дүрілдеп өткен Алаш әскерінің рухы басылмаған шақтың куәгеріндей еді. Алаш Орда әскерінің шығыс қанатының құрылуы хақында баяндалатын атрихшы Күлпаш Ілиясованың «Алаш әскері: құрылуы мен қызметі» атты мақаласында «1918 жылдың  8 маусымында Ә. Бөкейханның  басшылығымен өткен Кеңес қаулысында көрсетілгендей, біріншіден, милиция керек; екіншіден милиция атты болады; үшіншіден милицияға  жігіт беру  міндетті  емес,  ұлт  үшін  тіленіп жазылғандар  кім болса  міндетті  қылып  алу  Алашордада болсын; төртіншіден милицияға  керек  ат,  ақша  жұрттан  салықпен  алынсын,  байдан  байша,  кедейден  кедейше; бесіншіден қанша  ат,  қанша ақша  жинау  еркі  Облыстық  Комитетке берілетін болды» деген дерек кездеседі.

Ұлт тарихында енді ғана көтеріліп жүрген Алаш әскері шығыс бөлімінің құрылуына ұйытқы болған Семей шаһарында Шырақбек 1924 жылы ересек қазақ мектебінің оқуына, кейіннен 1925 жылы Семей педагогикалық техникумының даярлық тобына түседі. Совет үкіметінің әбден орныңып, ірге тепкенінен кейінгі жылдардағы әскери құрылым мүлде басқа арнаға түскені тарихтан белгілі. Алғашында еңбек жолын педагогикалық бағытта бастаған жас маман 1932 жылы Совет армиясының қатарына шақырылды да, 1932 жылдың 10 қарашасынан бастап 1933 жылдың 14 қарашасына дейінгі аралықта Алматыдағы Кавалерия ұлттық полкінің қызыл әскерінде қызмет етеді. 

Қабылбаевтың негізгі қызметі ОГПУ-НКВД-дан басталған  

Әскерден қайтарылғаннан кейін ОГПУ-НКВД жұмысқа қабылданған Ш. Қабылбаев 1933 жылдың 20 қараша айынан бастап 1938 жылдың 10 наурызына дейінгі аралықта НКВД органында қызмет атқарады. Оның қызметтік аттестация материалдарының ішінде  осы кезеңдегі қызметі жөнінде: «Ш. Қабылбаев НКВД органының қызмет уақытында тәртіпті, тапсырылған жұмысқа адал қарайды. Ынталы, қиын жағдайларда жылдам бағдар жасай алады. Тұрмыста сыпайы. Партиялық-қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Өзінің идеологиялық деңгейін жоғарылатуға күнделікті жұмыс жасайды» деп мінездеме беріліпті.

Ал «1939 жылдың 7 қаңтарынан бас­тап Қазақстанның КП ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің көмекшісі болып жұмысқа кі­ріседі. Осы кезең­нен бастап Жұ­мабай Шаяхметов Шырақбек Қа­былбаевтың тәлім­гері және оқытушысы болып танылады» деп жазады заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов. Көптеген тарихшы ғалмдар өз заманында саяси қызметін НКВД-да бастаған Жұмабай Шаяхметовтің де ұлттық кадрларды тарту мәселесіндегі біліктілігін жоғары бағалайды.

Алайда 1939 жылдың 14 наурызында денсаулық жағдайы бойынша зейнеткерлікке шығады және НКВД командалық құрамына енгізіледі. Бұдан кейін ол Қазақ ССР СХК құпиялы қызметінің меңгерушісі болып қызмет атқарған делінеді.

Қызметтің сатылы баспалдақтарынан сүрінбей өткен Шырақбек Қабылбаев өз ісін мүлтіксіз орындауының арқасында Қазақ ССР Совет министрлігіне ауыстырылады да, сұнда ол кісі әр қилы қызметтерді басқара отырып, 16 жыл уақытын жұмсайды. 1940 жылы кіші лейтенант, 1943 жылы аға лейтенант әскери шендерін иеленеді.

Өмірдің бұралаң жолдары

1950 жылдардың іші Шырақбек Қабылбаевқа қуанышы мен қайғысы қатар келген, өмірі әр түрлі бояулармен жазылған жылдар болып есептеледі. 1954 жылғы 10-ыншы тамызда Қазақ ССР Ішкі істер министрі болып тағайындалады да, кезекті полковник шенін иығына тағады. Бұл, әрине, кемеліне жеткен, тәжірибесі толысқан қайраткерге берілген лайықты баға болатын.

Ал 1957 жылдың 17-інші шілде күні ССРО Кеңес министрлігінің № 855 қаулысы бойынша Ш. Қабылбаевқа үшінші рангілі ішкі қызмет генералы атағы беріледі. Бұл дегеніңіз – алғашқы милиция генерал-майоры деген сөзді білдіреді.

Теміртау және Қарағанды қалаларында болған 1959 жылғы жұмысшылардың жаппай тәртіпсіздіктерінің салдарынан Шырақбек Қабылбаевты Қазақстанның ОК КП бюросының осы жылдың 19 қазандағы «Республика Ішкі істер министрлігінің жұмысында түйінді кемшіліктер туралы» қаулысына сәйкес министрі қызметінен шеттетіледі.

«Ш. Қабылбаевтың өмір жолында кедергілер мен бөгеттер көп кездесті. Сол кедергілердің бірі – Теміртау оқиғасы. Сол уақытта Теміртау қаласындағы металлургия комбинатын Қазақстан магниткасы деп атаған. 1959 жылдың жазында комбинат құрылысына жұмысшы жастар шеттен әкелінді. Жұмысшыларға дұрыс материалдық жағдайлар жасалған жоқ, азық-түлік жетіспеді. Осының салдарынан 1959 жылдың тамыз айында жұмысшылар бүлік шығарады, милиция органдарына шабуыл жасайды. Осы оқиғадан кейін Ш.Қабылбаев жазықсыз жазғырылып орнынан, яғни ішкі істер қызметінен 1959 жылдың 18 қарашасынан бастап 16 желтоқсанына дейін тағайындалған лауазымынан партиялық жаза тәртібін салумен босатылады» деп жазады М. Қызылов. Осы кезде қозғалған қылмыстық жауапкершілікке тартуға орай Қабылбаевтың арызы алғашқы тергеу аяқталғаннан соң, КСРО Бас прокуроры Руденконің жеке қарауына беріліп,  ақырында министрге тағылған негізсіз және дәлелденбеген кінәларды алып тастауға нұсқау беріледі.

Алайда тағдырдың тартқан сыйы сол, төмен түскен баспалдақтың жоғары бағыттары да болады екен. 1967 жылдан 1973 жылдар арасында Қазақ КСР Ішкі істер министрі лауазымына қайта оралады. Осылайша қазақ полиция тарихында Қазақ ССР ІІМ екі рет басқарған министр ретінде аты қалды. 1967 жылдың 1 қараша айында Ш. Қабылбаевқа 2 рангілі ішкі қызмет генерал атағы беріледі.

Қабылбаевтың қайраткерлігіне қатысты «Ш. Қабылбаев өзіне тән қайраттылығымен, ашықтығымен сол уақытта милицияда қызмет атқарып жатқан қызметкерлердің жалақысын көтеруге, жаңа нысанды киім-кешек енгізуге және милиция қызметкерлерінің беделін жоғарылатуға, әлеуметтік қамтамасыз етуін жақсартуға тырысты. Сондай-ақ, Ш. Қабылбаев 60-қа жуық түзету-еңбек колонияларында ұсталынған сотталғандарды еңбекпен тәрбиелеу арқылы оларды тура жолға қою міндетін де жемісті шешіп, сотталғандарға орта білім мен мамандық алуына мүмкіндік берді. Осындай адамгершілік қасиеттері мол, білімді, қайраттылығымен, табандылығымен қиын жағдайларда алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жемісті орындап, өзін нағыз басшы екендігін мойындады. Ол тек қана адал, тәртіпті, өзіне және бағынысындағыларға талап қоятын, әділ де қамқор басшы ретінде көріне білді» деп жазады О. Уақпаева.

Сонымен бірге Шырақбек Қабылбаев – Қазақстанның КП ОК мүшесі болып төрт рет, Қазақ КСР Жоғары Советінің депутаты болып үш рет сайланған шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткері.  

Әуезовтің домбырасын сақтап, әнші Жәнібекке қамқорлық жасаған

Бүкіл республиканы қаһарымен жасқап отырған тұлғаны атақты әнші Жүсіпбек Елебеков «Жандарал» деп атайды екен. Өзінің шәкірті, ғасырды бір туатын ұлы өнерпаз жәнібек Кәрменовті тыңдап отырған Ж. Елебеков тосыннан басшыларға, оның ішінде Шырақбек Қабылбаевқа телефон соғады.

Бұл туралы Әуезовтің домбырасының Қостанайға тап болуының хикаясы жайында журналист Нәзира Жәрімбетованың мақаласында кеңірек баяндалады.

«– Әй, жандарал, – деді біреуге дауысын ажарлы шығарып. – Бұл Жүсіп қой. Сен кісі қамап, кісі сабағаннан басқа бірдеңені білуші ме едің? Радиоңды ашсаңшы, сасып кетесің ғой, сенің ауылыңдағы бір әнші баланы менің балам очерк қып жазған екен, соны тыңдап отырмыз, – деп тұтқаны тастай салды». Жәнібектің дауысын радио арқылы тыңдаған министр ауылда, Семейдің бір түкпірінде жатқан өнерпазды бір тәуліктің ішінде дереу алдырып, басына үй, астына сахна жасап, қызмет береді.

Осылайша дарынды әншінің ел алдына шығуына, билік басшыларының көзіне түсуіне жағдай жасаған Қабылбаевтың ісі өнеге. Осындағы Жәнібек тартқан домбыраны Семей қаласына сапарлап барған ұлы жазушы М. Әуезов арнайы жасатқан деген дерек бар. Бұдан біз саласы басқа болғанымен, өнерді бағалаған, өнерпазды құрметтеген министр Шырақбек Қабылбаевтың кесек бейнесін тани аламыз.

Алғашқы милиция генералы, қоғам қайраткері, даңқты тұлға Шырақбек Қабылбаев 1976 жылы 5 шілде айында 68 жасында дүниеден өткен. О кісінің құрметті есімімен қазіргі таңда ҚР Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы жұмыс істейді. Қаншама балғын шәкірттер тарихи тұлғаның өмірін өнеге тұтып, ерліктерін дәріптеп отыр.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?