Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абайдың алғашқы әдеби хатшысы

2752
Абайдың алғашқы әдеби хатшысы - e-history.kz
Абай қолжазбасы. Ұлы ақын қазақы тұрмыс қалпын өткір шенеген, түнекке түскен сәуледей жақұт жырлары мен ғибратқа толы ғақлияларынан кітап етіп бастыруды көзінің тірісінде көре алмайды.

Бірақ бұл миссия Абайдың өктемшіл ағасы Тәкежанмен қоныстас Мүрсейіт оқымыстыға тиеді. Осылайша Абайдың ақындық айналасында Мүрсейіт Бікіұлының (1860-1917) аты алтын әріппен жазылып таңбаланады.

Абаймен аталас туыс

Абай өлеңдерін алғаш қағазға түсіріп, ұрпаққа аман жеткізуші Мүрсейіт Бікіұлы 1860 жылы өмірге келген. Руы тобықты, алашқа аты әйгілі Әнет баба – оның жетінші атасы. Шежіре деректерінде Әнет – Абайдың жетінші атасы Әйтекпен бір туысады. Мүрсейіттің ата-бабалары туралы деректер әр түрлі. Бірінде «Әнеттен Байболат, Байболаттан Бақай, Бақайдан Тоққожа, Тоққожадан Көбікен, Көбікеннен Бікі, Бікіден Мүрсейіт» деп келсе, енді бір өз ұрпақтары таратқан шежіре бойынша «Әнет ұрпағы Бостаннан Аралбай, Аралбайдан Шоман, Шоманнан Бікі, Бікіден Мүрсейіт» деп жүйелейді. Бұл екі шежіренің қайсысы дұрыс дер болсақ, молданың немересі Муфтибек Рақымбайұлының «Ұрпағыма айтар сөз» атты шағын кітапшасындағы мәліметке назар саламыз. Жеті-он атасын санамалап беретін қазақ шежірешілдігіне шүбә келтірмейміз.

Мүрсейіттің әкесі Бікі жас кезінде Құнанбай ауылына көшіп келіп, қолында тұрып, малшысы болған. Ұлы Мүрсейіт Құнанбай балаларымен бірге Жақып молдадан қара таныған, мұсылманша оқып білім алған. Ұлт жазушысы Сәбит Мұқанов: «Зерек, ынталы Мүрсейп Семейдегі интернатта екі-ақ жыл оқып, орысша аз да болса хат таниды да, аулына қайтып кеп, балаларға мұсылманша және орысша сабақ береді» деп жазады.

Қорғансыз қыздар қамқоры

Мүрсейіттің Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь қызметін атқарған кезі де болыпты. Елдің ішін кернеген Зағипа қыздың дауында да есімі аталады. Онда да Абайдың тапсыруымен. Әбдіқызы Зағипа атынан арыз жазып, ұлықтарға жеткізген де Мүрсейіт деседі.

Ол тағы бір есімі тарих көмбесіне жасырылып қалған тағдырлы қыздың дауына түсіп, арашашы болады. Жазып берген арызына жандаралдың мөрі басылып, күң басы азат етіледі. Осы әрекеттері қырдың шынжыр балақ шұбар төс байларына ұнамай, кесірінен Өскемен уезіне жер аударылады. Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Кенек руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында тұрып, бала оқытып, молда болады.

Туған елде

Бірнеше жылдан кейін Тобықты еліне қайтып келеді. Ол кезде Тобықты елінің Семейге баратын керуен жолы Қарауы Жидебай, Тақырбұлак, Көкиірім, Ақшоқы, Шолпан арқылы Күшікбайға жалғасып жататын. Осы күре жолдың бойына Доғалаң мен Орда тауларынын ортасындағы бір шағын бұлақ басына Абай үй салдырып Мүрсейітке бала оқыттырған деген дерек бар. Кейіннен ол жер «Бұзылған там» атанып кетеді. Қазақ баласына әліпті таяқ деп оқытқан Мүрсейіттің сабағы, осы өңірдегі алғашқы білім ошақтары туралы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соң» атты кітабында тарқатып жазылған.

Мүрсейіт Бікіұлы өте биязы, боқтық сөз білмейтін, жарамсыз сөз сөйлемейтін, ақсарылау, қасқа бас кісі болыпты. Молдалықты, тазалықты қатты ұстаған адам екен. Өмірлік жұбайының Ажар – Құнанбайдың Меккеге барғандағы, жалпы өмірдегі адал, сенімді серігі, мықты күзетшісі болған Мырзаханның туған інісі Төреханның қызы екен.

Мүрсейіт молданың өз қыстауы Абай туған Қасқабұлақтың теріскейіндегі Шолпан тауында орналасқан. Айналасы 2-3 шақырым аумақта Бабалы, Кәрішал, Қаржау деген қоныстарды мөлдіреген шыңырау құдықтар мен тұщы сулы бұлақтардың қоршап жатқаны ғажайып табиғат аясы, әсемдік тұнған өлке дерсіз. Ел арасында Қаржаудағы тастан қаланған құдық қанша жылқыны суарса да, ортаймайды екен деген сенім күшті.

Шолпанның төңірегіндегі түгін тартса, майы шығатын касиетті топырақ Құнанбай балаларының беттісі Тәкежанға да қоныс болып бұйырған. Бір қос жылқысын жайып жіберіп, қысқа қарсы кара малды коңдандыру үшін жайлаудан ел бауырға түскенде күзекке деп осы өңірге ентелей, жататармағай ұмтылады екен жарықтық.

Абайдың әдеби хатшысы

Басына там соқтырып, бала оқыттырған Абайдың Мүрсейітпен байланысы ежелден белгілі. Мүрсейіттің балаларға жазып берген «Жарапазан» өлеңін көрген Абай оған өз өлеңін жинап, жазып жүруді тапсырып, қаламақысын төлеп тұратынын айтады. Бұл ақынынң жеке әдеби хатшысы қызметі деген сөз. Мүрсейіт бұл міндетті ыждағатпен орындайды. Абайдың өлеңдерінің алғашқы нұсқасы қолжазба күйінде қазақ арасына осылай тарап, осылай жатталған. Өзгеше тұрпатты өлеңге құмартқан халық оның жинағы басылып шығуын күтпей, тобықтының өз руларынан да, көршілес рулардан да Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдерін қолқалаушылар көбейеді.

Өлең жазылған дәптерді сұраушылар көбейген соң Мүрсейіт оларға да көшіріп беріп отырады. Ақысына бір қой, бес сом ақша алған дерек те ұшырасты. Өлең жазылған дәптерді сұраушылар көбейген соң Мүрсейіт оларға да көшіріп беріп отырады. Ақысына бір қой, бес сом ақша алған дерек те ұшырасты. М. Әуезов: «Бұл ретте Абай сөздерінің шашылмауына, жоғалмауына мезгілімен тізіліп, жазылып, елге тарап отыруына көп еңбек еткен молдалар бар. Олар Кішкене молда, Самарбай, сонан соң әсіресе Мүрсейіт. Баспаға шыққанынша жыл бойы әлденеше рет Абай жинағын көшіріп отырып, Мүрсейіт бір кітапты бір қойға сатушы еді» деуі осныы айғақтайды. 1896 жылдан бастап, 1916 жылға дейін Абайдың өлеңін көшіріп ұқыптап жүрген Мүрсейіт молданың бұл қадамы сол уақыттың «баспаханасы» іспеттес болған.

Осы әдіспен 1909 жылы баспадан шыққанша Абайдың өлеңдері Мүрсейіттің қолжазбасымен көп елге тарап кетеді. Кейіннен Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын Кәкітай Мүрсейітке қолжазбасы негізінде түзгені баршамыз білетін дерек. Мұндағы себеп екеу: біріншіден, Мүрсейіттің қолтаңбасы анық және көркем болса, екіншіден, жыртылған я бас-аяғы жоқ қолжазбалардың жоғалған сөздерінің көбін Мүрсейіт жатқа білетіндігімен түсіндіріледі.

Және бір қызық жайт, елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда өлеңнің бір данасын ала кететін болған. Мұхтар Әуезов «қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз», – дейді. Бұл қазақ жастарының арасында Абай өлеңінің бағалы болғандығын көрсетеді.

Абай еңбектерінің түпнұсқасы бізге Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жетті.

Әуезов пен Бибі

Өмірде Мүрсейіттің Бибі есімді жалғыз қарындасы болған. Бибіні ұзатып алған уақ Ібіш деген кісі ірі саудагер ретінде өңірге аты шыққан, қырық шақты лау жүргізіп Семейдің саудасын қыз-қыз қайнатқан алпауыт болыпты.

Осындай молшылықтың арқасында Бибі ештеңеден таршылық көрмейді, есесіне төркініне үздіксіз әрі үнемі қамқорлық жасап отырыпты. Кейін кәмпескелеу науқаны Ібішті «ірі бай» деп, дүние-мүлкін тәркілеп, түбіне жетеді. Жасы ұлғайған Бибі Мүрсейіттің ұлы, ел «Қисық» деп атаған  Рақымбайдың қолына келіп тұрады.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов 60 жылдығына Абай еліне келгенде «Мүрсейіттің карындасы» деп Бибі апамызды шақыртып алып, өткенді еске түсіріп, көп әңгімелескен екен. Содан естелік болып тарихи сурет сақталып қалған. Бибі апа жасы жүзден асқанда қайтыс болады, туыс-туғандары оны  ақ жауып, арулап қояды.

Осы сәтте айта кетудің реті бар шығар, Мағауияның қызы (Уәсила болу керек) М. Әуезовке:

– Мұха, Абай мұрасын шығаруда Мүрсейіттің үлкен үлесі бар еді ғой, кітабыңызда тиісті бағасын бермегеніңіз қалай? – деп сұрақ қойғанда, Мұхаң:

– Ойбай-ау, оның молдалығы пәле болды ғой! – деп жауап беріпті.

«Қожа-молданы қойдай қу қамшымен» дәуірінің үстемдігі жүріп тұрған шақта өз басынан қара бұлт арылмаған ұлы жазушының әсіре сақтығы тегін емес еді. Бірақ кейіннен ол Мүрсейіттің абайтану ғылымына қосқан үлесін «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалайды. 

Қорымнан табылған қолжазба

Ауыр да ұзақ сергелдеңнен кейін, Абайдың бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы үш жылда зорға жарыққа шығады. Мүрсейіт қолжазбасының негізінде жарық көрген мұндағы  5339 жол өлеңнің 1090 жолы аударма болатын. Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық көрсеткен алғашқы тұлға – Әлихан Бөкейхан еді. Ол өлеңдерін жинақтап бастыру үшін Кәкітай Ысқақұлына, Турағұл Абайұлына қозғау салдырып және солар арқылы Мүрсейіт Бікіұлын ұйымдастырып, ақырында ұлт руханиятындағы тарихи оқиға өмірде орын алған болатын.

Мүрсейіт жинақтап жазған өлеңдер 5 дәптерге жеткен екен. Қазіргі таңда олардың екеуі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында тұрса, біреуі М. Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында сақталып отыр. Абайдың Семейдегі мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорығында сол дәптердің фото-көшірмесі тұр.

Мұхтар Әуезовтің арнайы тапсырмасымен Алматыдан Қайса Сармурзин есімді азамат Абай туған өңірге келіп Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған. Молда баласы Рақымбай Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған қолжазбаны Қайса арқылы Мұхтарға жөнелткен. Алматыдағы М. Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында тұрған жалғыз дана қолжазба осы болса керек.

Мүрсейіт ұрпақтары

Қазақ жазба әдебиетінің тарихында өлшеусіз үлес қосқан, қыр баласының арасында қолжазба мәдениетінде айрықша із қалдырған Мүрсейіт Бікіұлы 1917 жылы 57 жасқа толған шағында қайтыс болады. Одан Рақымбек, Рақымберлі, Рақымбай, Тілеубек, Мұхамедрахым, Рахманбек және Зейнеп ұл мен қыз қалады.

Осылардың ішіндегі әке мұрасын сақтап, Әуезовке табыстаған Рақымбай жайлы айрықша тоқталамыз. Мүрсейіттің бұл баласы бетің бар, жүзің бар демей турасын айтатын, өжет, илікпейтін мінезді адам болыпты. Кейбір сәттерде көнбейтін, қыңыр, қияпас, қатты мінезіне сай ел оны «Қисық» деп атаған екен. Ел баласын оқытып адам қылып шығарған әке ақылы ұлына жетпеген: «оқытам, хат танытам» дегеніне көнбей, тезектің астына тығылып, қашып-пысқан Рақымбай сол қияңқы мінезін, қыңырлығын арқалап қала беріпті. Осылайша оның оқымаған, қараңғы болғанына қарамастан, әкесі Мүрсейіттің қолжазбасын сақтап, сенімді қолға тапсыруын дала ілім-білімін көкірегіне тоқыған саналы жан болғанын аңғаруға болады.

Ал Рақымбайдың ұлы Муфтибек ата бабалар салған сара жолдан жаңылмаған, дәстүрін бекем ұстаған, қадірлі ақсақал болып, ұрпақ жалғастығын көріп отыр.

Биыл ұлы ақын, хәкім Абайдың тұңғыш жинағына 110 жыл. Әдебиет тарихындағы аса маңызды датаға орай, оның басталуы, жинақты жаратуда зор пайдасын тигізген, сөйтіп  абайтану ғылымында «Мүрсейіт қолжазбасы» деген термин қалыптастырған ыждағатты істің иесі жайлы арнайы сөз қозғауды мақсат тұттық. Абайтану ғылымы шыңына жеткен ғылым болса да, Абайдың жұмбақ әлемі әлі түгесілген жоқ.  

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?