Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рухани жаңғыру және ырым-тыйымдар

3479
Рухани жаңғыру және ырым-тыйымдар - e-history.kz

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап көрсеткендей: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Оның үстіне тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі».

Осыған байланысты белгілі журналист, журналистер арасындағы «Аманат» байқауының лауреаты Жолдыбай Базар мырзаның «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген осы Президент көтеріп отырған сананың улануы мәселесіне арналған «Рухани агрессиядан қалай құтыламыз?» атты мақаласын атап өткім келеді. Ол оқырмандар тарапынан қолдау тауып, қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Автор өз жұмысында Қазақстанның тәуелсіздік алғанына қарамастан, сыртқы күштер жаһандану үдерісі мен демократиялық либерализді желеу етіп осал жағымыз бен жанды жерімізден дəлдеп тұрып соққы жасауға тырысуда деген өкінішін жасырмайды. Ол «осынау рухани агрессиядан құтыла алмай отырғанымызды және кесірлі сыртқы жəне ішкі күштердің рухани агрессиясы, экспансиясы қаймағы бұзылмаған қазақылықты, қазақы қоғамды бүлдіріп, тұнығымызды лайлап жатқандықтарына» алаңдаушылық білдіреді. Өйткені, саяси-экономикалық жəне мəдени-рухани экспансияның теріс ықпалының зардабы, қиын салдарлары қоғамымызда ашық көрініп отыр. Мақалада «дінімізді тұтынудағы əркелкілік, отбасылық құндылықтарымыздың шамадан тыс əлсіреуі, некелі жастардың арасында ажырасу деңгейінің бұрын-соңды болмаған 50 пайызға жуықтауы, алаяқтық қылмыстың күрт өсуі, сыбайлас жемқорлық пен көпшіліктің наразылығын күшейткен феминистердің шеруі ұлттық тəрбиемізде, қоғамдық қарым-қатынас саласында үлкен кінəраттардың бар» екендігі нақты және дәлелді көрсетілген. Расында да, бұл - өте қауіпті үрдіс. Оның ақыр соңында келіп «іргеден кеткен су» сияқты қазақстандықтардың ортақ үйі, һәм Отаны, «Қазақстанның «қабырғасын құлатып, іріткі салар күштер шаңырағымызды шайқалтып», оны «ортасына түсірмесіне» кім кепілдік бере алады?

Десек те, ұлттық тәрбие мен қоғамдық қатынастағы кемшіліктерге қарамастан жоғарыда айтылып отырған әйел теңдігі мәселесінде Қазақстанның өзіндік тарихи-мәдени даму ерекшелігі ескеріле отырып, өркениеттік өзгерістер үдерісі жүріп жатқандығын жоққа шығара алмаймыз. Халқымыздың қыз балаға, жалпы әйел затына қалтқысыз құрметі бізге тарихтан белгілі. Ал бүгінгі күннің күмән келтірмейтін ақиқаты ретінде Түрікменстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі аясында өткен Орталық Азия əйелдерінің Диалогы мінберінен айтылған еліміздің гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі əділеттілікті, кей кезде бой көрсетіп қалатын заңсыздықтарды жоюға деген құлшынысын және осы бағыттағы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси оңтайлы істерді атап өтсек артық болмас. 

1918962ff667f074e6dcdc887c22c744.jpg

Елімізде жас ұрпақты ұлттық рухани құндылықтар аясында тəрбиелеу мəселесіне ерекше мән берілетіндігін де ескерген жөн. 2021 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумының қатысушыларына арнаған бейне үндеуінде Қазақстан Тəуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы əйел қауымын қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дəйекті түрде жүргізіп келе жатқандығын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Президент Қазақстанның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы» жəне «Экономикалық əділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл коалициясы» сияқты екі серіктес бірлестікке қосылатынын жəне əйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың таралуы туралы жалпыұлттық зерттеу жұмысын қолға алу жөніндегі шешімін жария етті. Мемлекет басшысы гендерлік теңдік жəне зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ əйелдер мен балаларды əлеуметтік жəне құқықтық тұрғыдан қолдау бағытында Қазақстан елеулі ілгерілеуге қол жеткізді. Қазақстан гендерлік теңсіздік индексін 60 пайызға төмендетті, Парламентте жəне жергілікті өкілетті органдарда əйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Əйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2020 жылы елімізде жыныстық қылмыстар мен отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қатал жазалар енгізілді.

Ендеше, ұлтымыздың өмір салтына қарсы келетін, біздің қоғамды іштен ірітіп-шірітетін «ұжымдық либералдық құндылықтар мен ережелердің» халқымыздың тағдырына қауіп-қатер төндіруіне, оның экспансиясына жол бермес үшін, ұлттық болмыстан нәр алатын мәдени-рухани және әдептік ырым-тыйымдардың әлеуетін нығайтқан жөн. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында бұл індетке қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасып, олар ұлтының салтын терең біліп өседі. Ол үшін атадан мұра болып қалған ырым-тыйымдардың Қазақстанда толыққанды дамуына қажетті салт-сана мен ұлттық болмыс, әдет-ғұрып сияқты құнарлы топырақтың болуы шарт.

Қалай болғанда да ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені, сонау бағзы замандардан бері келе жатқан қазақтың ырым-тыйымдары халқымыздың қоғамдық өмірі мен тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алған. Осының арқасында қазақ халқы осыншама жерді игеріп, оған ие болып және халық ретінде сақталып, тәуелсіз елге айналды. Бұл тыйымдардың бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. нәрселер ретіндегі жұрнағы оның жаңа заман тұсында түбегейлі өзгерістерге ұшырап, театрландырылған сипат ала бастағанына қарамастан, олар қазақы ортада әлі күнге дейін сақталып отыр. Халқымыздың дәстүрлі ырымдарының арасында балаларды қауіптен сақтандыруға байланысты кездесетін ырым-тыйымдар, төрт түлікке, келін, әйел әдебін сақтауға бейімдейтін, тағамға байланысты және үй тұрмысына қатысты ырым-тыйым кең тараған. Сонымен қатар оның мәдени-гигиеналық, экологиялық және әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін түрлері де баршылық.

Бұл тыйымдар адамды анаға зекімеуге, үлкеннің алдын кеспеуге, ант ішіп әбес сөйлемеуге, білмегенін айтпауға, аузына ие болуға, арамдық ойлап, оны істемеуге, біреуге жамандық пен өлім тілемеуге, кісі міні мен кемтарға күлмеуге, мазақтамауға, кісіні сыртынан жамандамауға, өлген адамды тілдемеуге, біреуді қарғамауға, сөкпеуге және тілдемеуге, досыңды өкпелетіп, сатпауға, аманатқа қиянат жасамауға бағдарлайды. Олар еңбектен қашып, еріншек болмауға. жатып тамақ ішер арамтамақ болмауға, біреудің еңбегі мен ақысын жемеуге, дүниеқор болмауға, опасыздық жасамауға, әлсізге күш көрсетіп, зәбірлеуге және зорлықшыл болмауға баулиды.

hoYlA7q5.jpg

Қазақ қоғамында арыңды сатпау, әдепсіз болмау, намысыңды таптамау, зинақор болмау, наданмен дос болмау, жаманға ермеу, жақсының жолын кеспеу, жақсылығыңды бұлдамау, жеңілтек және күншіл болмау, жаман ырым жасамау, жала жаппау, орынсыз іске араласпау, өзімшіл, менмен және мақтаншақ болмау, өтірік, өсек айтпау, өтірікшіге еріп, оны құптамау, көп ұйықтамау, күш көрсетпеу, өтірік куәлік бермеу, өркөкірек және қызғаншақ болмау, сұқтанып, ұрлық қылмау, ұсақ болмау. сұрамсақ, сабырсыз, салақ, сараң, пайдакүнем, нас, лас болмау, тентек болып, қулық жасамау, теріс сөйлемеу, иесіз үйге кірмеу, ұрыншақ болмау өмір тіршілігінің басты қағидаттары болған.

Дәстүрлі қоғамда халқыңды жамандау, халыққа қарсы сөйлеу, көпке топырақ шашу мен рухты түсіретін әдеттер қатты айыпталған. Аруаққа тіл тигізуге, құдайды ұмытып, құдайға, дініңе тіл тигізіп, оны сатуға және айырбастауға, намазды бұзуға, қабірді басып, қабірге қол шошайтуға, дәстүрге қарсы келуге, қарт адамға күлуге, үлкенге және әйелге өктем сөйлеп, қызға қол жұмсауға тыйым салынған.

Қазақы ортада дәмге, құдыққа түкіруге, дастарқанды аттап, оны басуға, нанды жерге тастауға, ысырыпшылық жасауға, тұзды бекер шашып, оны басуға, ішімдікке бой ұруға, есікті қатты жабуға, орынсыз ойбайлауға, мезгілсіз жатып, ұйықтау мен жүруге, жәндікті өлтіруге, жерді теуіп, желге қарсы түкіруге, отпен ойнауға және көкті жұлуға жол берілмеген. Ұлы Далада малды тебу, аңды бейберекет ату, құстың ұясын бұзу жаман ырым саналған. Осылайша қоршаған ортаны қорғау, яғни осы ырым-тыйымдар арқылы жас ұрпақты обал, сауап дегенді сезінуге, адамгершілікке, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге баулыған. Сонымен қатар олар балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарған. Ендеше, тыйымдардың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбиелік мәні және тәрбие құралы ретіндегі рөлі жоғары болған. Өйткені ата-бабаларымыз баланы жасынан бастап сан алуан іс-әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиелеген.

Сондықтан қазақтың ырым-тыйымдар жүйесі бабалар жолының төл қағидаларына кереғар келетін қадамдарға тыйым салу арқылы халқымыздың өмірінде, оның тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алып, ұлтымыздың рухани кеңістігінде бұдан былайда сақтала бермек. Өйткені, бұл тыйымдар адамдардың құқықтарын бұзып, оны шектеу емес. Керісінше, олар – жеке тұлғалардың құқықтарымен қатар, бүкіл қоғам мүшелерінің өміріне қиянат жасамауды мақсат тұтып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын құрметтеуге, қорғауға жəне сақтауға ерекше мəн беріп, оны нақты іске асыруға бағытталған ұлттық құндылықтарымыз.

 

Жапсарбай Қуанышев,

саяси ғылымдарының докторы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?