Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батыс Қазақстан облысындағы тарихи мекендер

4191
Батыс Қазақстан облысындағы тарихи мекендер - e-history.kz

Батыс Қазақстан облысы – тарихи-мәдени мұраларға бай, әулиелер мен әмбиелердің ізі қалған киелі өлке. Олай дейтініміз, ортағасырлық Жайық қалашығы, Тақсай қорған кеніші, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, «Дәдем ата» деген атпен танымал Жұмағазы хазірет баба зираты, Алаш ақыны Ғұмар Қараш зираты, сонымен қатар Алаш тарихымен астасып жатқан бірнеше ғимараттардың орны – мұның бәрі де бүгінгі жас өскін білуі қажет ел тарихынан сыр шертетін құнды жауһарлар.

Ал оның дәріптеліп, насихатталуы үшін БАҚ беттерінде қоғамдық-ағарту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Осы орайда аталған өңірдегі бірқатар киелі орындар мен тарихи нысандарға шолу жасап, оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.

«Бөкей Ордасы» тарихи кешені


Облыс орталығынан 500 шақырым жердегі Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылында «Бөкей ордасы» деп аталатын тарихи-музей кешені бар. Ауылдың өзіне жетер жол алыс әрі күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен, қала тұрғындары бұл жерге көп бара бермейді. Бірақ былтыр жөндеу жұмыстары басталып, ауданға дейін тас жол салынып жатқанын өз көзімізбен көрген едік. 

_01.jpg

Мәселен, бірнеше шақырымға созылған жолға күрделі жөндеу жасалып бітсе, бұл тарихи өлкенің маңызын арттыруға арналған игі бастама болары анық. Алайда бұған қарамастан, музей қызметкерлерінің сөзінше мұнда шет мемлекеттерден, әсіресе Ресей елінен келетін туристер көп көрінеді. Аталмыш кешенде Жәңгір хан билігі дәуірлеп тұрған уақыттағы іргелі нысандар мен сол кездегі түрлі тарихи жәдігерлер сақталған. Егер бүгінгі күннің көзімен қарайтын болсақ та, тарихи кешеннің ішінен көнеліктің, ескіліктің емес, жаңа тұрпаттағы қалалық мәдениеттің лебі сезіліп тұрады. Бұны айтып отырған себебіміз, Жәңгір хан тұсындағы қолданылған бұйымдар мен тұрғызылған ғимараттар Европалық мәдениет үлгісінің сол уақта қылаң бере бастағанын аңғартады. Айталық, елдегі ашылған тұңғыш жәрмеңке, дәріхана, аурухана, мектеп, казначейство, баспахана, қыздар мектебі, өрт сөндіру мекемесі, обаға қарсы тұрғызылған станция, тіпті бильярд залы секілді дүниелердің барлығы дерлік жаңарған қазақ қоғамының көрінісіндей елестейді. Одан бөлек Хан ордасы ауылында сол кезеңдегі 40-тан астам ғимараттың орындары қалған. Жәңгір ханның өзі тұрған сарайға кірсеңіз, бірден былғарыдан жасалған орындықтар, жазу үстелі, қымбат бұйымдардан жасалған ыдыс-аяқтарға көзіңіз түсіп, хан әулетінің тұтынған заттарына куә боласыз. Кешен құрамында Хан сарайынан басқа 19 ғасырдағы белгілі дәрігер А. Сергачев тұрған үй мен Хан мешіті де бар. Ал ауылдан 3-4 шақырым жерде Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығаев, этнограф Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелерінен құралған пантеон орналасқан.

Жұмағазы хазірет зираты


Ел ішінде «Дәдем ата» деген атпен танымал Жұмағазы хазірет жайлы білетін Батысқазақстандықтар кемде-кем десем, қателеспеген болар едік. Себебі халқының ынтымағын сақтай отырып, өзіне берілген әулиелік хәлді елдік мақсат-мұратқа ғана жұмсаған әулие, аңыз адамның бірі – дәл осы Дәдем ата еді. Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы – 19 ғасырда өмір сүрген әулие һәм дін ғұламасы. 

_01 (1).jpg

Өзі өмірден өткен соң тұрғызылған мазары Батыс Қазақстандағы Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық мекенінен 18 шақырым жерде орналасқан. Халық арасындағы аңызға сенсек, ол киелі Түркістанда білімін жетілдіріп, Қожа Ахмет Ясауи дүрбесінде қызмет қылған. Кешегі аумалы-төкпелі заманда жоғалып кеткені болмаса, кейбір зерттеушілердің айтуынша, өз заманында ол бірнеше пәлсапалық тракттаттар жазып қалдырған. Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар, алыс-жақын өңірлерден келетін адамдар Дәдем ата басына қонып, зиярат етіп тұрады. Тіпті зиярат орнында бүгінгі таңда мешіт пен қонақ үй, кесене де бар.


Ғұмар Қараш кесенесі


Ғұмар Қараш кесенесі – БҚО-дағы Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық округінде орналасқан тарихи нысан. Ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш Жәнібек ауданы, Қырқұдық деген жерде дүниеге келгенімен, кесенесі 1921 жылы қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан жерге орнатылды. Өлеңдері философиялық толғамдарға бай, ұлтты, елді ғылым-білімге шақырған оның қазақ руханияты сіңірген еңбегі ересен. 1911 жылы Шора журналында жарық көрген «Ар-ождан – сенім өлшемі» деп аталатын мақаласының өзі кеңестік өлшемге сыймаған, ар-ожданды бәрінен биік қойған адам екенін аңғартады. Дін тақырыбында бірнеше мәселелер қозғап, сол кездің өзінде әлеуметке рухани реформа керегін айтады. Оған қоса ғылым-білімге ұмыталуда мәдениетті елдерден үлгі алуды қазақ қоғамына насихаттайды.

img_2810.jpg 

Әрине, Батыс Қазақстан өңірінде осы секілді киелі жерлер көп-ақ. Біз бұл жолы ел жадында сақталып, әбден орныққан тек үш орынға ғана тоқталып өттік. Оның мән-маңызын ұғыну үшін, киелі жерлермен тереңірек танысу үшін аталмыш орындарға сапарлап барған жөн. Бұдан бөлек бұл өңірде Қызыл әулие, Аққұм сынды ескі аңыздарға бай ғажайып жерлер, қаланың өзінде 18-19 ғасырлар тән ғимараттар әлі сақталған. Мәселен, Пушкин, Толстой, Шолохов сынды орыс әдебиетінің ең ірі өкілдері тұрақтаған жерлер мен ғимараттар сол күйінде тұр. Ал Дина Нұрпейісова, Сырым Датұлы, Ғабдолла Тоқай атындағы мұражайлардың жөні тіптен бөлек. Сондықтан тарихи мекендерге барып, «мың рет естігенше, бір рет көрген» елдің әрбір азаматы үшін абзал.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?