Халықаралық аса маңызды ұйым ЮНЕСКО «бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп таныған Әлихан Бөкейхан – Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі әрі теоретигі, «Алаш» партиясының басшысы, Алаш Орда үкіметінің Президенті һәм Премьер-Министрі, энциклопедист ғалым, көрнекті публицист, шебер аудармашы, тұңғыш ормантанушы, статистик-экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, білгір тарихшы, этнограф ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ тарихында ғана емес, Орталық Азия және Ресей, Шығыс Еуропа тарихында елеулі із қалдырған даңқы тұлғаның әр салаға түрен салған тұңғыш адам екенін тізіп көрдік.
1) ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының бір мүдде үшін топтасып, біріге қызмет еткен жалпыұлттық қозғалысының бұған дейінгі қозғалыстардан айырмашылығы көп. Қарулы қақтығыстар мен бітіспес майдандардан гөрі туған халқының тағдырына алаңдаушылықтан туындаған әрі саналы түрде ұлттың ой-санасын ояту арқылы ағартушылық жолмен басталған ұлт-азаттың күрестің көшбасшысы ретінде Әлихан Бөкейхан танылды. 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан басталған мүлде өзгеше формадағы тұңғыш күрес Алаш арыстарының ақырғы демі таусылған 37 жылдың қырғынына дейін, ал оның идеясының жаңғырығы 1990 жылдарға дейін жетті.
2) Ресей Думасына сайланған тұңғыш депутаттардың бірі ретінде Әлихан есімі аталады. «21 маусымда Омбыға кейін Петербургке жүруге Семей облысының қырғыздары (қазақтары) атынан Мемлекеттік Дума мүшесі Бөкейханов жіберілді. Ә. Бөкейхановты кемеге шығарып салуға көптеген қырғыз және орыс зиялылары жиналды», – деп жазды Семей газеті. Сол кездің өзінде Әлиханның беделі атырапқа белгілі болғанын көрсетеді.
3) Сол тұстағы бүкіл қазақ ұлтының басын «Алаш» ұғымы біріктірді. «Алаш» ел мен жұрттың бойында атам заманғы ғасырлардан таңбаланып қалған, ұлттық рухпен бірге адамдар санасында ұзақ жылдар жасап келген код болатын. Қазақ оқығандары осының мәнін терең түсінгендіктен, осы аттас партия құрып, демократиялық жаңғыру үрдісіне бет алды. Партияның тұңғыш төрағалығына Ә. Бөкейханның тағайындалуы елдің саяси, қоғамдық құбылыстарына өзгерістер әкелді.
4) 1917 жылғы желтоқсанның 5-13-і аралығында Орынборда өткізілген II бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында төрағалыққа үш кандидат түсіп, Әлихан Бөкейхан басым дауыспен жеңіске жеткен. Сөйтіп ол жаңа негізде құрылған, айқын жоспары бар һәм қысылтаяң шақтарда ең өзекті міндеттерді іске асыруға бел байлаған Алаш Орда үкіметінің басшысы болып бекіді. Бұл – бүгінгі тілмен айтқанда, тұңғыш Премьер-Министріміз.
5) Әлихан Бөкейхан – бірегей ғалым, энциклопедист. Әлемнің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, бірнеше тілде жаза білген. Оның бай мұрасымен танысқан адам соншалық биік, дара тұлға екенін аңғарар еді. Тарихшы Манаш Қозыбаевтың дерегі бойынша, оның мұрасында 400-ден аса жұмыс бар. Мұраның бір бөлігі белгілі әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының құрастыруымен 9 томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Ғалымның айтуынша, Әлихан Бөкейханның әлі де сондай көлемде еңбегі баспа бетін әзір.
6) Тұңғыш ормантанушы ретінде ол орман институтында білім алғаны тарихтан белгілі. Ә. Бөкейхан 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Оқудан соң Омбы қаласында орман мектебіне қызметке тұрып, екі жылдай осы жерде дәріс оқиды. Тек 1896 жылдан бастап ғылыми экспедицияларға қатысып, қазақ орманы мен мал шаруашылығына, аграрлық саласына қатысты зерттеулер жазады. Өткен ғасыр басында ұлттың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт төлік малын, жер-суын, қысқасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген бірден-бір басты тұлға болды.
7) Ғылыми жорықтарға қатысып, бай тәжірибе мен білім жинаған Әлихан қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған қайраткер ретінде де танылады. Щербина экспедициясынан кейін Швецов экспедициясының қатысушысы қазақтың кісібі, мал шаруашылығы жайында көлемді зерттеу еңбектерін жазып шығарды. Онда қазақ даласындағы қой шаруашылығының жай-күйін, мал тұқымдарын, жем азығы мен жайылымы, аурулары мен одан өндірілетін өнімдер, бұйымдар жайында көл-көсір деректер қалдырады. Әр жан басына шаққанда қанша малдан келетіні, оның қыстық, жаздық азықтары мен қай өңірде қандай шөп-өсімдектердің өсетінін, қай жерге мал жаюға болмайтынын егжей-тегжейлі зерттеген. Аталған еңбек экспедициясының басқа материалдармен бірге «Материалы по экономическому обследованию раионов Сибирскои железнои дороги» деген үш бөлімнен тұратын кітап болып 1904 жылы Том қаласынан басылып шыққан.
8) Бүгінгі таңда қазақ елінің әлемге мақтанар ұлы тұлғасы Абай болса, сол ұлы ақынды зерттеу, насихаттау ісінің басында Әлихан Бөкейхан тұрады. Себебі ол Абай шығармашылығын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсініп, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалаған. Өз қазағы әлі толық танып білмеген Абай мұрасын көршілес орыс еліне алғаш танытқан Әлихан болатын. Ұлы ақынның қазасына орай жазған некрологы, кейінгі жылдары ақын өлеңдерінің баспа бетін көруіне септігін тигізіп, ұйытқы болуы дәлел.
9) Тұңғыш кәсіби журналист һәм көрнекті публицист. Ол 4 газет шығарды, үш орыс тілінде жарияланып тұрған «Омич», «Иртыш», Голос степей» газеттерінің редакторы, «Қазақ» газетінің ұымдастырушысы болды. Ресей астанасының «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь», «Дала уалаяты», «Фікір», «Уақыт», «Серке», «Қазақстан», «Айқап» газет-журналдарында мақалаларын ұшырастыруға болады. Ұлы тұлғаның шығармашылығын зертеуші ғалым С. Аққұлұлының айтуынша, «Әлихан Бөкейханның белсенді жарияланып тұрған публицистік жолы 1889 жылдан қолдағы бар нақты тарихи деректер бойынша 1927 жылға дейінгі 40 жылға жуық кезеңді қамтиды».
10) 1920 жылдардан «алашордашыларды» мемлекеттік саяси қызметтен шеттеткенде халықтың сауатын ашуға оқулықтар жазу ісін қолға алған Әлихан. Ғылымның қажырлы қайраткері ретінде Әлихан өзінен кейінгілерге оқулық жазуды тапсырып, соның нәтижесінде 1922 жылы Мағжан Жұмабаев «Педагогиканы», 1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов «Психологияны», Міржақып «Есеп құралын» жазды.