Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ ТАРИХЫНАН

13297
КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ ТАРИХЫНАН - e-history.kz
ХХ ғасырдың 20-30-жылдары большевиктер кеңестік негіздегі жаңа қоғамды құруға бағытталған ауқымды тарихи-мәдени жаңартуды іс жүзіне асырды

Тарихта «мәдени революция» және «мәдени құрылыс» атауларымен қалған бұл іс-шаралар кешенінің маңызды бағыттарының біріне ұлттық-тілдік саясат немесе тіл құрылысы айналды. Қоғамның барлық салаларына қатаң бақылау орнатуға тырысқан билік Кеңес мемлекетінің және большевиктер партиясының саяси доктринасы мен мүддесіне жауап бере алатын жаңа ортақ жазу үлгісін іздестірумен айналысты. КСРО-дағы бұл процестің қиындығына Кеңес мемлекетіне Ресей империясынан мұра ретінде қалған тілдік кеңістіктің әр алуандығы және әр түрлілігі тікелей әсер етті.

Кеңес Одағы құрылған уақытта оның құрамына кірген 130 халықтың ішінде тек 20-сы ғана біршама жүйелендірілген жазуға ие болды. Жазудың өзіндік графикасын дамыған әдеби тілдері бар орыстар, украиндықтар, дәрежеде орыс әліпбиін христиан дінін ұстанған 7 халықтың өкілдері (мордва, осетиндер, чуваштар, удмурттар, марийліктер, якуттар) қолданса, Балтық бойының халықтары (литвалықтар, эстондар, латвиялықтар) латын графикасын қолданды. Қалған халықтар көне ұйғыр, моңғол, көне еврей, араб графикаларының негізінде құрылған күрделі және жетілдірілмеген жазуларды пайдаланды. Алайда, алғашқы екеуін тек бірнеше «кіші халықтар» ғана қолданған болса, араб графикасында – 16 түркі-мұсылман халықтары, олардың ішінде қазақтар, өзбектер, татарлар, әзербайжандар, тәжіктер сынды көпсанды халықтар жазды. Сонымен қатар, басқа да халықтар араб графикасын өз тілдеріне сай бейімдеумен айналысып, жазу үлгісін қалыптастыруға ұмтылды [1].

Саяси доктринаға орай, большевиктер кириллицаны да, араб графикасын да дінмен, сондай-ақ еңбекші халықты қанап келген патшалық режиммен және Орта Азиядағы хандықтармен байланыстырып, олардан қол үзу жолдарын іздестірді. Сондықтан да, кеңестік қайта құрулардың бастапқы кезеңінде халықтардың жазуларын бірыңғайландыру және жаңарту мәселесінде әлемдік революцияның жеңісіне сенген партия басшылары интернационалды әліпби ретінде латын жазуын қолданысқа енгізуді жоспарлап, оған болашақтың жазуы немесе «революция әліпбиі» ретінде қарады. Осы себептен кеңес билігінің алғашқы жылдарында кириллицаны қолданған славян халықтарына латын жазуын енгізу мүмкіндіктері қарастырылды. Алғаш ұсыныс білдіргендердің қатарында РКФСР Ағарту халық комиссары А.В. Луначарский, танымал ғалымдар Н.Ф. Яковлев, Н.В. Юшманов және т.б. тілтанушылар болды. Олар латын жазуын бүкіл Ресей территориясын мекен еткен халықтар үшін жаппай енгізу қажеттігі туралы өз ұсыныстарын алға тартты [2]. Алайда, алғашқы орыс латыншыларының бұл ойлары көпшілік арасында да, жоғарғы басшылық тарапынан да тиісті қолдау таппағандықтан, латындандыруды тәжірибе ретінде ең алдымен жазуы жоқ және жазуды реформалауды талап етіп отырған КСРО-ның «кіші халықтары» мен этностары үшін жүргізу қажет деп танылды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отар аймақтарында (Қырым, Кавказ, Қазақстан, Орта Азия) араб графикасын реформалаудың алғашқы талпыныстары жасалынғанымен, олар айтарлықтай нәтиже бермеген еді. Революциядан кейін кеңес билігінің қолдауын тапқан реформаторлар араб жазуын латындандыру ісіне бел шеше кірісіп, біртіндеп бұл қозғалыс мәдени революцияның негізгі өзегінің біріне айналды. Өйткені, кеңес басшылығы да, жаңадан құрылған кеңестік автономиялы республикаларының жетекшілері де өз жазуларын жаңартуға мүдделі болды. Латындандыруды араб графикасын кең қолданған КСРО-ның түркі халықтарынан бастау көзделді. Бұл үдерістің көшбасында Әзербайжан тұрды. Мұнда 1922 жылы С. Ағамалы-Оғлы басшылығымен латыншылардың арнайы комиссиясы құрылып, оның жұмысының нәтижесінде латын қарпінің негізіндегі әліпби құрастырылып шығарылды. Комиссия ұсынған әліпбиде әрбір дыбысқа жеке әріп сәйкес келіп, олардың баспа және қолмен жазылатын нұсқалары, атаулары және араб графикасына сай келуі көрсетілді. Көптеген талқылаулардан кейін Әзербайжан үкіметі әліпбидің жаңа жобасын бекітіп, 1922 жылы 21 шілдеде оны қолданысқа енгізумен айналысатын Жаңа түркі әліпбиінің комитетін құрды [3]. Біраз уақыт бойы Әзербайжанда араб графикасы және жаңа латын әліпбиі қатар жүрді. Тек 1924 жылы 27 маусымда жаңа әліпбиі мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Әзербайжанда енгізілген латын әліпбиі бүкіл одақ ауқымында кең талқылаудан өтті. Оның құрастырушылары оған қатысты КСРО-ның тек түркі тілдес халықтардың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің пікірін білуге, өз тәжірибесімен бөлісуге тырысты. 1924 жылы С. Ағамалы-оғлы бастаған Жаңа түрік әліпбиі комитетінің арнайы делегациясы Симферополь, Ташкент, Уфа, Орынбор және Қазан қалаларына сапар шегіп, көптеген зиялы қауым өкілдерімен тіл құрылысы мәселелері бойынша талқылаулар мен пікір алмасуларды өткізді [4]. Сапар қорытындысы бойынша делегация мүшелері КСРО-ның бүкіл түркі халықтарының басын қосатын арнайы жиын өткізу қажет екендігіне көздері жетті. Осы мақсатта 1924 жылы РКФСР Ұлт істер жөніндегі халық комиссариатының жанындағы Шығыстану ғылыми ассоциациясы өз құрамында Түркі халықтары үшін латын шрифтінің ассоциациясын құрып, түркітанушылар съезін шақыруға бағытталған даярлық жұмыстарын бастап кетеді [5].

КСРО-ның жекелеген республикалары мен облыстарында латындандыру үдерісі біртіндеп қарқын ала бастаған шақта, Қазақстанда керісінше, ХХ ғасырдың 20-жылдардың басында жаңа түркі емлесіне көшуге қарсылық таныту, оған сенімсіздікпен қарау байқалды. Қазақстанда, сондай-ақ одан тысқары жерде, ең алдымен Ташкент және Мәскеу қалаларында жауапты мемлекеттік қызметтерде, түрлі ғылыми мекемелерде, ағарту және білім, мәдениет және өнер салаларында, мерзімді баспасөзде еңбек етіп жүрген қазақ қайраткерлерінің латындандыру мәселесіне қатысты көзқарастары бірыңғай болмады. А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов сынды танымал қазақ ғалымдары бастаған «арабшылар» тобы ескі жазбада қалуды жақтап, оны жан-жақты жетілдіру және дамыту қажеттілігін қолдаған болса, ал Шығыс халықтарының Орталық баспасы басқармасының төрағасы, Шығыстану ғылыми ассоциациясының мүшесі Н. Төреқұлов, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың мүшесі, белгілі тілтанушы Т. Шонанов жетекшілігіндегі «латыншылар» тобы оқу-ағарту саласы үшін күрделі әрі қолайсыз, ескірген, қолдану аясы тар, баспа ісі үшін шығынды араб жазуының орнына заманауи латын қарпін енгізуді жақтады. Латын жазуына көшу жөнінде екі топ арасындағы қызу пікірталас алдымен ұлттық баспасөз беттерінде, әсіресе «Еңбекші қазақ» пен «Ақ жол» газеттерінде орын алып, артынан бірнеше арнайы басқосулар мен жиындарда жалғасты.

Қазақ тілі, соның ішінде араб жазуын латындандыру мәселесі бойынша қазақ қайраткерлері арасында орын алып отырған қайшылықты көзқарастарды жойып, ортақ позиция мен пікірді қалыптастыру мақсатында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты 1924 жылы 12-17 маусымда Орынбор қаласында Қазақ білімпаздарының І съезін ұйымдастырды. Бұл съезге Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жолдыбаев, Н. Төреқұлов, А. Кенжин, Е. Омаров, Н. Залиев, М. Саматов, М. Мұрзин сынды қазақтың белді ғалымдары мен қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ съезд жұмысына Қырғызстаннан арнайы шақырылған танымал ағартушы И. Арабаев та белсене араласты.

Съезде арабшылар мен латыншылар арасындағы пікірталас пен тартыс өз жалғасын тауып, өткір сипатта өрбіді. Әр топтың өкілдері өз ойларын ортаға салды: А. Байтұрсынов бастаған «арабшылар» съезде «қазақ әліпбиін латындандыру идеясынан біржолата бас тарту қажет» деген пікір білдірген болса, Н. Төреқұлов латын қарпінің басымдықтарын негіздеуге күш салып, жаңа емлеге өтуді сатылап, жүйелі түрде жүргізу қажеттілігіне назар аударды. Съездің қорытындысында қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т.б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылданды [6].

Съезд делегаттары латын графикасына көшу мәселесі және қазақ тілінің болашақтағы жазу үлгісі бойынша ортақ шешімге келе алмады. Қайта керісінше, съезд Қазақстан жағдайында тілдік реформаларды жүргізуден гөрі араб графикасының негізінде А. Байтұрсынов құрастырылған әліпбиді – «төте жазуды» қолдануды жалғастыру, оны одан әрі жетілдіру қажет деп тапты. Дегенмен, латындандыру мәселесі бұрынғысынша күн тәртібінде тұрды. Съезд қарарларының бірінде республиканың Ағарту халық комиссариатының Академиялық орталығына латын графикасына көшу мүмкіндігін тиянақты және жан-жақты зерттеу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды [7]. Осылайша, Орынборда өткен съезд жазба реформасына қатысты пікірталасты тоқтата алмай, І Түркітану съезіне дейін өрбіді.

Орынбордағы Қазақ білімпаздарының І съезінде тиісті қолдау таппаған латыншылар латын жазуы артықшылықтарының жаңа дәлелдемелерін іздестіруге, жазба реформасын жүргізудің және Әзербайжанның тәжірибесін ұтымды пайдаланудың қажеттігін негіздеуге күш салды. Қазақ латыншыларының өкілі Н. Төреқұлов осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тіліне бейімделген латын әліпбиінің нұсқасын, сондай-ақ КСРО-да латын қарпіне өту мәселесінің тарихына қатысты шолуын 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жаңа әліпби неге керек» атты еңбегінде ұсынды [8]. Бұл кітапша «латыншылар» мен «арабшылар» арасындағы пікірталастың жаңа толқының туындатты. 1924 жылы Түркістан республикасының Ағарту халық комиссариатында қызмет еткен Х. Досмұхамедов «Ақ жол» газетінде «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі» атты мақаласын жариялады. Х. Досмұхамедов латын графикасына көшуге қарсы пікірде болғанымен, өз бетімен құрастырып шыққан латын әліпбиінің нұсқасын көпшіліктің назарына ұсынып, латын әріптері жүйесінің негізінде «әр дыбысқа жеке әріп» ұстанымын қатаң сақтау қиынға соғатыны туралы қорытындыға келді [9].

Кеңес тұсында қазақ тілін латын графикасына көшіруге қарсылық танытқан қазақ қайраткерлеріне сол кезде үстем етіп отырған идеологияның салдарынан түрліше күйе жағу үрдісі орын алғаны белгілі. Оның өз себептері де болғаны түсінікті. Өйткені, Қазақстанда латыншыларға идеялық қарсылас атанған арабшылардың басым бөлігі – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров, Х. Досмұхамедов сынды Алаш қозғалысының белді өкілдері немесе олармен түрліше байланыста болған қайраткерлер еді. Тіл мәселесі бойынша баспасөз беттерінде де, түрлі алқалы жиындарда да орын алған пікірталастар мен тартыстарда латыншылар жаңа емлеге көшуге наразылық танытқан кертартпа іс-қимылдарды кеңес мемлекетінің мәдени құрылыс бағытында жүргізіп отырған саясатына қарсылық ретінде көрсеткісі келді. Латыншылар Қазақстанның ішінде сан жағынан аз болғанын және латын әліпбиін енгізуді қолдаған қайраткерлердің басым бөлігі Орталықта (Мәскеуде) қызмет атқарғандықтары туралы айта кеткен де орынды.

Қазақ қайраткерлерінің жекелеген тобының тіл құрылысы, соның ішінде қазақ әліпбиіне негіз болатын жазба үлгісін таңдау мәселесінде кертартпа позицияны ұстануға субъективті себептермен қатар, объективті себептер де ықпал етті. «Латыншылар» мен «арабшылардың» тартысы қарқынды түрде жүріп жатқан шақта, КСРО басшылары Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеуді іс жүзіне асырды. Оның қорытындысы бойынша, Қазақ АКСР-не бұған дейін Түркістан АКСР-нің құрамында болған екі қазақ облысы – Сырдария мен Жетісу қосылып, ол өз территориясы мен халқы саны жағынан РКФСР-дың құрамына кірген түркітілдес автономиялы республикалардың ішінен ең ірісіне айналды. Сондықтан да, латын қарпіне көшу кезінде Әзербайжанның тіл құрылысындағы тәжірибесін үлгі ретінде пайдаланумен қатар, көптеген әлеуметтік-экономикалық және этномәдени факторларды ескеру шарт еді. Демек, латындандыруға қатысты туындаған қаржылық, ұйымдастырушылық, мәдени, кадрлық, әдіснамалық және басқа да қауіптердің көбісі негізсіз емес болатын. Оның үстіне, өз жазулары мен әліпбиі, дамыған әдеби тілдері жоқ КСРО-ның «кіші халықтары» және этностарымен салыстырғанда қазақтар араб әріптерінің негізінде түзілген, қолданысқа енген А. Байтұрсыновтың әліпбиін бірнеше жыл бойы ағарту және білім, баспа және баспасөз, оқулықтар жазу және оларды жарыққа шығару салаларында жан-жақты әрі табысты түрде пайдаланып келді. Осы себептен «латыншылар» Қазақстандағы «арабшылардың» қарсылығын басуда түркітанушылар съезіне үміт артқаны түсінікті.

1926 жылы 26 ақпанда Бакуде ашылған І Жалпыодақтық түркітану съезіне Солтүстік Кавказдың, Сібірдің, Якутияның, Татарстанның, Қазақстан мен Орталық Азияның ғылыми және қоғамдық ұйымдарының атынан 111 өкіл, сондай-ақ арнайы шақырту бойынша Ираннан, Түркиядан, Германиядан, Австриядан, Венгриядан, КСРО және Украина ғылым академияларынан, Шығыстану ғылыми ассоциациясынан келген 20 ғалым қатынасты. Съездің жұмысына тіл мамандарымен қатар, партия және кеңес органдарының, өнер, әдебиет, ағарту ісі мен білім беру саласының қызметкерлері белсене араласты. Бұл съезге Қазақстаннан Е. Омаров, Б. Сүлеев, Ә. Байсейітов қатысқан болса, ал Татарстанның шақыруымен келген А. Байтұрсынов съезд төралқалығына сайланды. Сонымен қатар, съезге Шығыстану ассоциациясының төралқа мүшесі Н. Төреқұлов Орталықтың өкілі ретінде қатысты. Бағдарламаға сәйкес делегаттар 17 мәжіліс барысында КСРО-дағы түркітану мен тіл құрылысының әр түрлі мәселелеріне арналған 38 баяндаманы талқыға салды [10].

Съездің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бастысы – түркі тілдес халықтардың жазуларын латын графикасына көшіру мүмкіндігін қарастыру еді. Бұл мәселе төңірегінде делегаттар арасында қызу пікірталастар орын алды. Съезде қазақ және татар делегаттары бірлесе отырып, түркітілдес халықтарға латын қарпіне көшудің және ортақ әліпбидің енгізудің қажеті жоқ деген ұстанымда болды. Съезде қазақ «латыншылары» мен «арабшылары», ең алдымен Н. Төреқұлов пен А. Байтұрсынов арасындағы талас-тартыс өз жалғасын тапты. 1926 жылы 3 наурызда сөз сөйлеген Н. Төреқұлов қазақ және татар делегаттарының араб жазуын реформалауға («ислахшылар»), бір-бірінен ерекшеленетін әліпбиді енгізуге күш салғаннан гөрі, КСРО-ның түркі тілдес халықтарын біріктіретін ортақ латын қарпін құрастыруға ат салысуға шақырды. Өйткені, «ескі жазба тарихта қалып, оның тарапынан сынға ұшырады» [11]. Келесі күні өткен мәжілісте Н. Төреқұловтың оппоненті А. Байтұрсынов былай деді: «Біз әліпбиді өзгерту туралы мәселені ол жоқ болған жағдайда немесе сәтсіз жасалынған кезде ғана қоя аламыз. Алайда, әліпби бізде бар, сондықтан бізге басқа әліпбиге көшу қажет емес. Егер біздің әліпби нашар болған жағдайда, бұл өз алдына жеке мәселе, алайда, екі әліпбиді салыстыра отырып ешкім нақ осы латын әліпбиі ерекше бір артықшылықтарға ие екендігін дәлелдеп бермеді... Бүгінде біз, қазақтар, озық жазу емлесіне ие болып отырмыз» [12]. Оның пікірінше, латын қарпіндегі қазақ тілінің жетік әліпбиін құрастырып шығу көп күш пен уақыт талап ететіндігіне назар аударды, мұндай әліпби құрастырылған кезде қазақ тілінің фонетикалық жазу емлесі қаншалықты дұрыс көрініс табатындығына күмән білдірді. Съезге Қазақстан атынан қатысқан Б. Сүлеев пен Ә. Бәйсейітов бұл пікірталасқа араласпай, өз ойларын ашық айтуға ұмтылыс танытпады. Съезден кейін Н. Төреқұлов «Советская степь» газетінде жарияланған мақалалардың бірінде жоғарыда есімі аталған екі қайраткердің пассивті позициясын сынап, олардың орнына Қазақстаннан басқа білікті тіл мамандарын жіберу керек еді деген пікір айтты [13].

Съезге қатысушылардың басым бөлігі КСРО-ның түркітілдес халықтары үшін ортақ жаңа әліпбиді және жазуы жоқ халықтар үшін латын жазбасын енгізу идеясына қолдау көрсетті. Съезде баяндама жасаған көптеген ғалымдар мен қызметкерлер бұл көшу кезінде қиындықтар болатындығын атап өткенімен, олар араб графикасынан гөрі латын әліпбиіне басымдық беретінін айтты.

Қазақ және Татар республикасы өкілдерінің қарсылығына қарамастан, съезге қатынасқан 131 делегаттың ішінен 101-і жаңа емлені қабылдау қажет деп дауыс берді. Дегенмен, съезд қабылдаған қарарда «жекелеген түркі-татар республикалары мен облыстарында жаңа емлені енгізу және бұл шараны жүзеге асыру жолдары әрбір халықтың және республиканың өз ісі» деп танылатындығы жайлы айтылды. Сонымен қатар, съезд барысында латын әліпбиін енгізу бойынша бүкіл одақ көлемінде жеке және арнайы орган құру қажеттілігі жөнінде де ұсыныстар алға тартылды [14]. Бұл органды съезден кейін құру жоспарланғанымен Әзербайжан қайраткерлерінің шұғыл түрде істі өз қолына алуына байланысты Әзербайжанның жаңа әліпби комитетіне ұлттық республикалардың бірқатар өкілдері кіргізіліп, ол болашақта Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің Орталық Комитетінің өзегін құрады. Осылайша, Н. Төреқұлов бастаған қазақ латыншыларының үміті ақталып, І Түркітанушылар съезді КСРО-дағы латындандыру үдерісіне жаңа қарқын берді.

Бакуде съезд аяқталғаннан кейін Қазақстанда латын қарпіне өту мәселесін баспасөзде талқылау қайта жанданды. Бұл талқылауға қазақ қайраткерлерімен қоса орыс тілді қызметкерлер де тартыла бастады. Орталық баспасөзде тіл және латын әліпбиі мәселесі жөнінде Н. Феоктистовтың, П. Михеевтің және тағы басқалардың мақалалары жарық көрді [15]. Латындандыру мәселесінде кенже қалып қойған Қазақстанда 1926 жылы «Қазақ латын әліпбиінің қоғамы» құрылып, оның басшылығына Т. Шонанов тағайындалды [16]. Соған қарамастан латын қарпіне өту ісінде айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров жетекшілігендегі «арабшылар» тобы бұрынғысынша араб графикасының негізіндегі қазақ әліпбиін қорғап, баспасөз беттерінде латын қарпіне өтудің қажетсіздігін дәлелдеуді жалғастырды.

Бұл уақытта Орталықта жауапты қызметтерде болған қазақ қайраткерлері латын графикасының негізіндегі жаңа түркі әліпбиіне көшу ісіне бел шеше араласады. Олардың қатарында Н. Төреқұловпен қатар, РКФСР БОАК Төралқасы хатшысының орынбасары, Ұлттар бөлімінің меңгерушісі С. Асфендиаров, РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, кейіннен РКФСР БОАК Төралқасының мүшесі Ә. Досов кірді. 1926 жылы 12-24 сәуір аралығында ІІІ шақырылған КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлт аймақтарының өкілдерімен ұлт және тіл мәселесі бойынша С. Ағамалы-оғлы және КСРО ОАК Ұлттар Кеңесінің хатшысы С. Асфендиаров арнайы кеңес өткізді. Бұл кеңесте түркі халықтарының жаңа емлеге көшіруге жауапты болатын орталық органды құру қажеттілігі мойындалып, тиісті шешім шығару үшін қосымша арнайы жиын ұйымдастыру көзделді. Бұл бағыттағы жұмыстардың қорытындысы ретінде Жаңа түркі әліпбиінің Бүкілодақтық комитетін (ЖТӘ БК) құру мәселесі 1926 жылы қазан-қараша айларында БКП (б) XV конференциясында талқыға салынады. КСРО Орталық Атқару Комитеті жанынан латын қарпіне көшу комитетін құруға Татарстанның, Түрікменстанның, Қырғызстанның және Қырымның өкілдері қарсы шықты. Өзбекстанның делегаттарына келетін болсақ, олар екі жақты пікірде қалды. Комитетті құру идеясына Әзербайжан, Башқұртстан, Бурят-Моңғолия және Дағыстан өкілдері қолдау білдірді. Партия конференциясына қатысушылар латындандыру үдерісінің ауқымын, республикалар мен облыстар арасында бірыңғайлықтың жоқтығын ескере отырып, латын қарпіне көшуді орталықтандыруды жүзеге асыру қажет деп таныды [17]. Сонымен қатар, конференцияда болашақ комитеттің орналасу жері (Мәскеу немесе Баку) бойынша да талқылау жүрді. Латын графикасында кітаптарды жарыққа шығару мәселесі де өткір пікірталастарды тудырды. Себебі, ол уақытта бүкіл КСРО-да латын тілінде кітап шығаратын баспа тек екі қалада – Мәскеу мен Бакуде ғана болды. Дегенмен, Әзербайжан қайраткерлері бастаған «латыншылардың» талаптары мен ұмтылыстарына қарамастан партиялық конференцияда ЖТӘ БК құру туралы шешім қабылданбады.

Одақ орталығында латындандыру үдерісіне қатысты орын алып отырған оқиғалар Қазақстанға әсер етпей қоймады. 1926 жылы 10 желтоқсанда Қазақ АКСР-нің астанасы – Қызылордада латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша арнайы кеңес өтеді. Бұл кеңесте де қазақ «арабшылары» мен «латыншылары» арасындағы өткір пікірталас өз жалғасын тапты [18]. Екі жақ тағы да ортақ шешім мен ымыраға келе алмай тарады. Бұл кеңестен кейін де 1926 жылдың аяғында – 1927 жылдың басында Қызылорда қаласында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты мен «Жаңа әліппешілер қоғамы» ұйымдастырған бірнеше жиын өтеді. Олар да «латыншылар» күткен нәтижеге алып келмеді.

«Латыншылардың» бастамасымен 1927 жылдың басында Қазақстанда Жаңа қазақ әліпбиі бойынша үкімет комитеті құрылады. Оның төрағалығына Қазақ республикасы үкіметінің басшысы Н. Нұрмақов тағайындалынып, мүшелігіне жауапты қызметкерлер кірді [19]. Дегенмен, бұл комитет жеке орган мәртебесіне ие болмай, үкіметтің жанындағы уақытша комиссия міндетін ғана атқарды.

Бұл уақытта Мәскеуде қызмет еткен қазақ қайраткерлері түркі-татар зиялыларымен бірігіп, ЖТӘ БК-ін құруға бағытталған істерге белсене ат салысады. 1927 жылы 13 ақпан С. Ағамалы-оғлы бастаған латыншылар КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІІ шақырылымының ІІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлттық республикалардың жауапты қызметкерлерінің басын қосып, арнайы кеңес өткізеді. Кеңеске қатынасқан қайраткерлердің басым бөлігі ЖТӘ БК-ні құру қажеттігі туралы ұсынысқа қолдау білдіріп, осы мәселені шешу міндеті жүктелген ұйымдастыру комиссиясын құрады. Комиссияның төрағалығына – С. Ағамалы-оғлы, хатшылығына – Ю. Назиров, мүшелігіне – С. Асфендиаров, Ф. Қожаев, Б. Күлбешеров, Н. Айтақов және С. Диманштейн сайланды. Сонымен қатар, бұл комиссияға ЖТӘ БК-нің алғашқы пленумы шақырылғанға дейін барлық тиісті өкілеттіліктер берілді.

1927 жылы 28 ақпанда БКП (б) Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросының мәжілісінде ЖТӘ БК құру туралы мәселе талқыға салынып, бұл мәселе бойынша сөз сөйлеген БКП (б) Орталық Комитетінің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі В. Кнорин, жауапты қызметкерлер – С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов және басқа да қайраткерлер түркі тілдес халықтардың латын графикасының негізінде құрылған жаңа емлеге көшу жұмыстарына басшылық жүргізетін Орталық Комитетті құру қажеттілігін негіздеп берді. Талқылаудың қорытындысында мәжіліс Бакуде Жаңа түркі алфавитін енгізу бойынша Бүкілодақтық комитет құру туралы қаулы қабылдайды [20]. Бұл қаулыға сәйкес комитет төрағалығына С. Ағамалы-оғлы тағайындалып, комитет мүшелері түркі тілдес автономиялы республикалар мен облыстардың өкілдерінен құрылуы тиіс еді. Комитеттің ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік жүргізу үшін құрамына С. Ағамалы-оғлы, Н. Айтақов, С. Асфендиаров, С. Диманштейн, Ф. Қожаев, Ю. Назиров, К. Кульбешеров кірген уақытша төралқа құрылады.

1927 жылы 11 мамырда КСРО Орталық Атқару Комитетінің төралқасы С. Ағамалы-оғлының төрағалығында (орынбасарлары Ф. Қожаев пен Н. Айтақов) Жаңа түркі әліпбиін енгізу бойынша комитет құру туралы қаулы қабылдайды. Комитет төралқасының құрамына С. Асфендиаров, Ю. Назиров, С. Диманштейн және Б. Күлбешеров кірген болса, мүшелігіне Орталықтан – Т. Рысқұлов, Ф. Қожаев, Н. Төреқұлов, Н. Айтақов, М. Павлович, Ә. Досов, Е. Мансұров, Қазақ АКСР-нен Н. Нұрмақов, Ғ. Тоғжанов және Т. Шонанов кірді [21]. Аталған комитеттің тұрақты орналасу орны Баку қаласы болып табылғанымен, Мәскеуде оның өкілдігін (атқару бюросын) ашу ұйғарылды. Комитет мүшелерінен құрылған ұйымдастыру комиссиясына 1927 жылы маусымда Баку қаласында өтуі белгіленген Құрылтай пленумын шақыруға қатысты барлық ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру және оған қатысатын ұлттық республикалар өкілдерінің құрамын анықтау міндеті тапсырылды. Сонымен қатар, бұл комиссия Комитеттің жарғысын, ережесін және оның жылдық жұмыс жоспарын құрастыруымен айналысып, бұл құжаттарды алда өтуі күтілген тұңғыш пленумда ұсыну көзделді.

Бакуде ЖТӘ БК-нің құрылуы Қазақстандағы «Жаңа әліппешілер қоғамы» комитетінің төңірегіне топтасқан «латыншылардың» белсенділігін арттырды. Талқылау мен пікір алмасу формасында елдегі «арабшылармен» ортақ мәмілеге келу мүмкін еместігін түсінген «латыншылар» Қазақстан «Жаңа қазақ әліпбиінің комитетін» құруға бағытталған даярлық жұмыстарын қолға алады. 1927 жылдың қыс және көктем айларында қоғамның ұйымдастыруымен қазақ студент жастары білім алып жатқан Мәскеу, Ташкент, Қазан, Саратов және басқа да қалаларда арнайы жиындар өтіп, түсіндірме және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. 1927 жылы мамырда Орталықта жүрген қазақ қайраткерлері тарапынан қолдауға ие болған Т. Шонанов пен Ә. Байдилдиннің жетекшілігіндегі «Жаңа әліппешілер қоғамы» республика үкіметінің атына Қазақстанда «Жаңа қазақ әліпбиінің Орталық Комитетін» ұйымдастыру қажеттілігін негіздейтін арнайы баяндама құрастырып, оған қоса болашақ органның жарғы жобасын, мүшелікке үміткерлердің тізімін де тіркеп жолдайды. Баяндамада қазақ «латыншылары» үкіметтен және тиісті мемлекеттік органдардан жаңа латын әліпбиі мәселесіне қатысты шешімді шұғыл түрде қабылдауды сұрайды [22].

1927 жылы 3-7 маусымда Баку қаласында Жаңа түрік әліпбиінің Бүкілодақтық Орталық Комитетінің пленумы өтеді. Оның жұмысына Орталықтан – С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, Ә. Досов, Қазақстаннан – Н. Нұрмақов, Т. Шонанов, Ғ. Тоғжанов белсене араласады. Аталған пленумге КСРО және РКФСР ұлттық республикаларының өкілдері, білім және ағарту салаларының мамандары, жалпы 39 делегат қатысады. Пленумның күн тәртібіне келесідей мәселелер қойылды: 1) Уақытша төралқаның есебі (баяндамашы Ю. Назиров); 2) Комитеттің 1927 жылдың 15 маусым мен 1 қазан аралығындағы жұмыс жоспарын және 1927-1928 жылға арналған жоспарын талқылау және бекіту (С. Ағамалы-оғлы); 3) Комитет туралы ережені талқылау және бекіту (С. Диманштейн); 4) Латын графикасының негізінде құрылған жаңа түркі емлесін бір жүйеге келтіру (Шобан-заде және Н. Төреқұлов); 5) жаңа түркі емлесінің республикалық комитеттерінің сметаларын бекіту (Ю. Назиров); 6) Одақтық комитеттің төралқасын құру (Ф. Қожаев), 7) республикалық комитеттердің баяндамалары; 8) пленум мандат комиссиясының баяндамасы (Б. Күлбешеров) [23].

Пленум «Жаңа түркі емлесінің комитеті» туралы ережені бекітіп, комитет төралқасының 12 мүшеден құралған жаңа құрамын сайлайды. Пленумның соңғы бесінші мәжілісінде мандат комиссиясының атынан баяндама жасаған С. Диманштейн, «егер комитет төралқасының құрамына қайтадан сайланған С. Асфендиаров тұрақты түрде жұмыс жасайтын болса, онда бұл комитет үшін үлкен табыс болатындығы» туралы пікір білдірді [24]. Сонымен қатар, пленум ЖТӘ БК-нің мүшелігіне 38 адам сайлап, олардың қатарына РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, Мәскеу шығыстану институтының ректоры С. Асфендиаров, БОАК Ұлттар бөлімінің меңгерушісі Ә. Досов, Шығыс халықтары Орталық мемлекеттік баспасының меңгерушісі Н. Төреқұлов, Қазақ АКСР ХКК-нің төрағасы Н. Нұрмақов, БКП (б) Қазөлкеком баспа бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Ғ. Тоғжанов кірді.

ЖТӘ Бүкілодақтық Орталық Комитеті құрылған соң, 1927 жылы 19 маусымда Қазақ АКСР-нің ХКК «Жаңа қазақ әліпбиінің Орталық Комитетін (ЖҚӘ ОК) құру туралы» қаулы шығарып, оның төрағасы етіп Н. Нұрмақов тағайындайды. Республикалық партия, кеңес және комсомол ұйымдарының қолдауына ие болған комитет қарқынды түрде өз қызметін бастап, жаңа әліпби идеясын тарататын үгітшілер даярлау ісін қолға алады. Комитеттің күш салуымен Қазақстанның ірі қалалары мен губерния орталықтарында бөлімшелері ашылып, олар жергілікті халық арасында ағарту және түсіндірме жұмыстарын жүргізумен айналысады. Көп кешікпей, Қазаткомның төралқасы ағарту орындары мен ұйымдарына жаңа қазақ әліпбиін енгізу ісінде шығармашылық бастама және белсенділік танытуға үндеу тастаған арнайы қаулы қабылдайды [25]. Осы үндеуге жауап ретінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген газеттерде латын графикасының негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін насихаттау мақалалары жарық көре бастап, оларда араб жазуының кемшіліктері және латын әліпбиінің артықшылықтары негізделіп көрсетілді.

Қазақстанда «латыншылар» «арабшылардың» қарсылығын жеңгеніне қарамастан, іс жүзінде жаңа қазақ әліпбиін енгізу көптеген қиындықтарға тап болды. Бұл жөнінде 1928 жылы 8-13 қаңтар аралығында Ташкентте өткен ЖТӘ БК-нің ІІ пленумында Қазақстанның атынан баяндама жасаған үкімет басшысы Н. Нұрмақов мәлімдеген болатын. Егер Бакуде өткен алғашқы пленум КСРО халықтарының жазуларын латындандыру қозғалысына ұйымдасқан сипат беру бағытында өткен болса, Ташкенттегі ІІ пленум практикалық маңыздылығы бар мәселелерді шешуге күш салып, ұлттық республикаларда жаңа әліпбиді енгізудің нақтылы жоспарын жасауға көшті. Пленум қабылдаған қарарға сәйкес әрбір республика жаңа әліпбиді енгізудің 5 жылдық жоспарын құрастырып шығуы тиіс еді және осы мерзімнің ішінде жаңа әліпбидің енгізілуі мен нығаюы аяқталуы шарт ретінде қойылды.

1928 жылы Қазақстанда ЖҚӘ ОК латындандыру қозғалысының ауқымын кеңейтіп, қарқынын күшейтуге тырысты. Оған ел ішіндегі жауапты қызметкерлер, білікті мамандар, зиялы қауым өкілдері, студент жастар тартылды. Республикалардың барлық облыстарында комитеттің бөлімшелері ашылып, олар жергілікті атқару комитеттерінің қарауында болды. Сонымен қатар комитеттің жетекшілігімен республикада жаңа әліппешілердің 58 ерікті қоғамы құрылып, оларға мүше болған адамдардың саны 3546-ға жетті. Комитет латын графикасының негізінде жаңа әліппені құрастыру ісін қолға алып, екі тілді әліппені 56 мың данамен жарыққа шығарды. Республика халқы арасында жаңа әліпби туралы ақпаратты тарату мақсатында комитет латын әліпбиі туралы арнайы брошюра дайындап, тегін таратумен айналысты. Сондай-ақ, комитет Қазақстанда латын әліпбиі туралы «латыншылар» мен «арабшылар» арасындағы бірнеше жылға созылған пікірталасты арнайы жинақ ретінде 5 мың данамен жариялады [26].

Жоғары аталған жетістіктерге қарамастан, Қазақстан өзге ұлттық республикалармен салыстырғанда латындандыру қарқыны мен ауқымы жағынан артта қалды. Себебі жүргізіліп жатқан шаралар ең алдымен ірі қалалар мен өнеркәсіп орталықтарын қамтып, ауылды мекендер шет қалып отырды. Сонымен қатар, мектептердегі оқушыларға жаңа әліпбиді үйрету, бүкіл оқу процесін латын әліпбиіне көшіру ісі баяу дамыды, оған кедергі болған басты шарттардың бірі – білікті педагогтардың тапшылығы. Бұл ретте, 1928 жылы қазанда Алматы қаласында ашылған Қазақ мемлекеттік университетіне және оның педагогикалық факультетіне үлкен үміт артылды. Қаражат пен кадрлардың жетіспеуі, республикада өмір сүрген саны аз ұлт өкілдері арасында латын әліпбиіне көшіру ісі баяу дамыды, әсіресе өз жазуларына ие болмаған қарақалпақтар мен ұйғырларға назар аударылуы тиіс еді. Қазақстанда латындандыру науқанының ауқымын кеңейтуге баспа ісіндегі қиындықтар да өз септігін тигізді. Өйткені, 1928 жылы Орталықтан Қазақстанға жіберілген 9400 кг латын шрифтінің ішінен тек жартысынан көбі ғана іске жарамды деп танылды. Бұл жағдай шрифтерді жіберу кезінде жаңа қазақ әліпбиінде жоқ әріптердің жиынтығы да орын алғандығымен байланысты еді. Сондықтан, шрифттердің толық комплектіне тек Қазақ өлкелік баспасы ғана ие болды, ал губерниялық баспаханаларда жаңа әліпбидің шрифттері және оларды терумен айналысатын мамандардың айқын тапшылығы сезілді. Жоғарыда аталған қиындықтар республикадағы іс қағаздарын жүргізуді және баспасөзді, кітап пен оқулық шығаруды жаңа әліпбиге көшіруге өз кедергісін келтірді.

Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу мәселелерін шешу үшін 1928 жылы желтоқсанда Қызылордада Жаңа қазақ әліпбиін жақтаушылардың І өлкелік конференциясы өтеді. Бұл конференцияға республиканың барлық губернияларынан 300-ден астам адам қатынасты. Жиынды ашқан Қазақ АКСР ХКК-нің және ЖҚА ОК-нің төрағасы Н. Нұрмақов өз сөзінде мұны жария түрде мойындаған еді: «Жаңа қазақ әліпбиі – Қазақстандағы революция. Оны тез арада жүзеге асыру үшін жұмыстың революциялық әдістері керек. ЖҚӘ іс жүзіне асыруда Қазақстан бауырлас түркі республикалардың соңында қалып қойды. Бұл артта қалушылықты жою керек. Жаңа әліпбиді енгізу үлкен қиындықтарға тап болып отыр, оған еңбекшілердің қалың бұқарасын тарту қажет» [27].

Аталған конференцияның күн тәртібінде негізгі үш мәселе талқыға салынды: 1) ЖҚӘ ОК-нің есепті баяндамасы және ЖҚӘ енгізу жоспары туралы қосымша баяндама; 2) Әліпбилерді бірыңғайландыру және орфография мәселелері; 3) Аз санды ұлттар өкілдері арасындағы жұмыс. Осы мәселелер бойынша баяндама жасаған О. Жандосов пен Ә. Байдилдин жаңа әліпбиді енгізудегі жағдайға тоқталып, негізгі жетістіктер мен басты қиындықтарға тоқталды. Олардың мәлімдемесі бойынша, республикадағы барлық мектептер, мемлекеттік мекемелердегі, кооперативті және шаруашылық ұйымдардағы іс қағаздарын жүргізу жаңа әліпбиге толықтай 1931 жылы көшуі тиіс еді. Баяндамалардан кейін орын алған жарыссөзге қатынасқан 25 делегаттар Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты және ЖҚА ОК-нің жүргізіп жатқан саясатына қолдау білдіріп, комитет жергілікті ұйымдармен нашар байланыс орнатқандығына, маман кадрлардың тапшылығына, үгіт-насихат жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмей келе жатқандығына назар аударды [28].

Конференция аяқталысымен Қазақстандағы ЖҚӘ енгізуге жауапты қызметкерлер Қазан қаласында 18-23 желтоқсанға шақырылған ЖТӘ ОК-нің ІІІ пленумына қатысу үшін аттанады. Бұл съезге 15 ұлттық республикадан 25 ұлт өкілдері қатынасады. Съезде Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Ағарту халық комиссары О. Жандосов келесідей пікір білдірді: «Қазақстан жаңа әліпбиді енгізуде артта қалғанымен де, әліпбилерді бірыңғайландыру ісінде біз Әзербайжанның алдына шықтық. Қазақстанда жаңа әліпбиді енгізуде қалыптасқан шарттар бізге Өзбекстан мен Татарстанды қуып жетуге мүмкіндік беріп отыр. Біз бір жылдың ішінде жаңа әліпбиге өтеміз деп кепіл бере аламыз. Артта қалушылыққа себеп болған жағдай – Қазақстанда ЖТӘ осы күнге дейін заңдастырылмағаны. Қазір Қазаткомның IV сессиясы жаңа әліпбиді заңдастырып жатыр. Өзге республикалардың тәжірибесін ескеретін болсақ бұл жағдай жаңа әліпбиді енгізуді жеделдетуге және оған қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің басты қиындығымыз – республика көлемінің ауқымдылығы» [29]. Одан кейін, О. Жандосов пленумды Қазақстанда ЖҚӘ көшу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар кешені туралы айтып, қорытындысында жаңа әліпбиге көшудің нақты мерзімдерін белгіледі: 1) 1929 жылы 1 қаңтарда ЖТӘ мемлекеттік әліпби ретінде жариялау; 2) 1931 жылдың 1 қазанына дейін барлық мекемелер мен кәсіпорындарда іс жүргізу жаңа әліпбиге көшеді; 3) 1930 жылдың 1 қаңтарына дейін бүкіл баспасөз жаңа әліпбиге ауысады; 4) 1931/1932 оқу жылынан барлық дәрежедегі бүкіл оқу орындарында араб әліпбиіндегі оқу кез келген түрінде толықтай тоқтатылады [30]. Қазақ жаңа әліпби комитеті жасаған баяндамасының негізінде қабылданған қарарда ІІІ пленум Қазақстандағы «арабшылар» қозғалысының жойылғандығына қанағат білдіріп, жаңа әліпбиді енгізу қарқынын арттыруды тапсырды.

ІІІ пленум жұмысының қорытындысында ЖТӘ ОК-нің мүшелігіне сайлау өтті. Оған Орталықтан – Т. Рысқұлов және Ә. Досов, Қазақстаннан – С. Асфендиаров, Ғ. Тоғжанов және Т. Шонанов қайтадан сайланып, олардың қатарын О. Жандосов толықтырды.

Қазанда ІІІ пленум өтіп жатқан уақытта 1928 жылы 19 желтоқсанда Қазаткомның VI шақырылымдағы VI сессиясы «Жаңа қазақ әліпбиін енгізу туралы заң» қабылдап, латын графикасының негізінде құрылған жаңа әліпбиді мемлекеттік әліпби ретінде жариялайды [31]. Бұл заң Қазақстанда латын әліпбиін жаппай енгізу науқанына жол ашқан болатын. Көп ұзамай, 1929 жылы тамызда ЖТА ОК-нің бастама көтеруімен КСРО ОАК және ХКК «КСРО араб жазуы халықтарының жаңа латындандырылған әліпбиі туралы» қаулы қабылдап, бүкіл Одақ көлемінде жаңа әліпбиге өтудің құқықтың негізін қалады. Осы қаулыға сәйкес КСРО-ны түркі тілдес халықтары жаңа әліпбиге қысқа мерзімде, дәлірек айтқанда 1-2 жыл ішінде толықтай көшулері тиіс еді. Бүкілодақтық маңыздағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар араб жазуындағы басылымдарды тоқтатып, латын қарпін қолдануға міндеттелінді.

1929 жылы Қазақстанда барлық оқулықтар мен методикалық құралдар тек жаңа әліпбиде ғана басылып шығатын болды. 1930 жылдың қазанынан бастап араб әліпбиінде қандайда бір басылымдарды шығару толықтай тоқтатылды. Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты ЖҚӘ ОК-мен біріге отырып 1929/1930 жылында ескі әліпбиді таныған сауаттарды адамдарды латын қарпіне үйрету мақсатын алға қойды. Осы бағытта республикада ЖҚӘ ОК жергілікті бөлімшелері мен «Сауаттылық жойылсын» ұйымдары бірігіп, ауылдарға мәдени жорықтарды ұйымдастыру арқылы 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарын жаңа әліпбиге үйретті [32]. Тек 1928-1929 жылдары ғана жаңа әліпбиді меңгерген адамдардың саны 170 мыңнан асқан болса, 1929-1930 жылдары олардың саны екі еселенді (368 мың) [33]. ЖТӘ ОК Қазақстанның латындандыру процесіндегі қол жеткізген табыстарын ескере отырып, өзінің кезекті IV пленумын 1930 жылы Алматы қаласында мамыр айында өткізген болатын [34].

Осылайша, 1937 жылға дейін қызмет еткен Жаңа түркі әліпбиінің Бүкілодақтық Орталық Комитетінің және оның ұлттық республикалар мен автономды облыстардағы жергілікті комитеттері қызметінің нәтижесінде Кеңестер Одағының 20 түркі тілдес халқы латын графикасының негізінде құрылған жаңа әліпбиге көшкен болса, 50 халық пен этнос өз тарихында алғаш рет жазуға қол жеткізді. Кеңестік Қазақстанда латын әліпбиі мәдени құрылысты іс жүзіне асырудың басты құралдардың біріне айналды. Өзге республикалармен салыстырғанда Қазақстанда тарихи себептердің салдарынан латындандыру үдерісі кеш басталғанымен де, 1927-1930 жылдары жүргізілген ауқымды іс-шаралар кешенінің қорытындысында латын әліпбиі мемлекеттік мәртебеге ие болып, жаңа графикада ұлттық баспасөз бен оқу құралдары жарыққа шығарылып, барлық оқу орындарында оқыту латын графикасының негізінде жүргізілді, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда іс жүргізу де латын әліпбиіне толықтай көшті. Жаңа әліпбиге көшу үдерісіне қазақтың белді әрі танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен тілтанушылары, мәдениет және өнер, білім және ағарту салаларының қызметкерлері араласып, оны жүзеге асыруға өз үлестерін қосты.

Елімізде латын әліпбиін жаппай енгізу және латын графикасындағы әліпбиді жетілдіру, оның орфографиясын, жазу емлесін қалыптастыру, терминологиясын жасап шығару бірнеше жыл бойы қатар жүрді. 32 әріптен құралған қазақ латын әліпбиінің соңғы нұсқасы Қазақ КСР-нің Орталық Атқару Комитетімен және Халық Комиссарлар Кеңесімен тек 1938 жылы ғана қабылданды. Дегенмен, екі жылдан кейін 1940 жылы латын графикасындағы әліпбиді кириллицаның негізінде жасалынған жаңа әліпби алмастырды.

2017 жылы 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы [35] елімізде латын қарпіне көшу үдерісіне бастау берді. Елбасының бұл мәлімдемесі Қазақстан халқы тарапынан қолдау тапты. Қазақстан латын қарпіне өткен бауырлас Түркияның, Әзербайжанның, Өзбекстанның, Түрікменстанның латын жазуына көшудегі тәжірибесін зерттеп пайдалану арқылы өз тарихында екінші рет қайтадан латын жазбасына көшуді алдына мақсат етіп қойды. Белгіленген меже – 2025 жыл. Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, латын қарпіне ауысу елімізде іс жүзіне асырылып отырған индустриализация мен жаңғыртудың маңызды құралына айналмақ. 

ЖҮНІСБАЕВ А.Ә.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Исаев М.И. Языковое строительство в СССР (процессы создания письменности народов СССР). – М.: Наука, 1979. – С. 40.

2. Луначарский А.В. Латинизация русской письменности // Культура и письменность Востока. Выпуск 6. – Баку, 1929. – С. 22; Яковлев Н.Ф. За латинизацию русского алфавита // Культура и письменность Востока. Выпуск 6. – Баку, 1929. – С. 27.

3. Смағұлова С.О. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихынан // Отан тарихы. – 2007. – № 1. – 121 б.

4. Исаев М.И. Языковое строительство в СССР (процессы создания письменности народов СССР). – М.: Наука, 1979. – С. 68.

5. Павлов М. Задачи тюркологического съезда // Советская степь. – 1926. – 3 февраля. 6. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. – Орынбор, 1925. – 120 б.

7. Алдоңғарұлы Е. Әліппе түзету тақырыпты білімпаздар тобының қортыныдысы // Еңбекші қазақ. – 1924. – 27 шілде; Тюрякулов Н. Еще раз о новом алфавите // Советская степь. – 1927. – 1 марта.

8. Төреқұлов Н. Жаңа әліпби неге керек? – Москва, 1924. – 38 б.

9. Досмұхамедов Х. Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі // Ақ жол. – 1924. – № 435.

10. Первый Всесоюзный Тюркологический Съезд. – Баку: Нагыл Еви, 2011. – 552 стр.

11. Первый Всесоюзный Тюркологический Съезд. – Баку: Нагыл Еви, 2011. – С. 344-345.

12. Первый Всесоюзный Тюркологический Съезд. – Баку: Нагыл Еви, 2011. – С. 375-376.

13. Тюрякулов Н. Еще раз о новом алфавите // Советская степь. – 1927. – 24 февраля.

14. Первый Всесоюзный Тюркологический Съезд. – Баку: Нагыл Еви, 2011. – С. 515.

15. Феоктистов Н. О перемене транскрипции (о порядке постановки вопроса) // Советская степь. – 1926. – 11 мая; Михеев П. Еще о перемене транскрипции // Советская степь. – 1926. – 25 мая.

16. Шонанов Т. К вопросу о переходе на латинский алфавит (История вопроса. Почему добиваемся перехода на латинский алфавит. Подводные камни. Перспектива будущего) // Советская степь. – 1926. – 30 мая.

17. Даудов А.Х., Мамышева Е.П. Из истории латинизации национальных алфавитов СССР // Вестник СПбГУ. Серия 2. – 2011. Выпуск 2. – С. 8.

18. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА). Р-740-қ. 1-т. 1-іс. 1-12 пп. 19. История Казахстана в документах и материалах: Альманах. Вып. 1. – Алматы: Издательство LEM, 2011. – С. 409.

20. ЦК РКП (б) – ВКП (б) и национальный вопрос. Книга 1. 1918-1933 гг. / Составители: Л.С. Гатагова, Л.П. Кошелева, Л.А. Роговая. – М.: РОССПЭН, 2005. – С. 475.

21. Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (РФМА). Р-3316-қ. 13-т. 6-іс. 80 п.

22. ҚР ОМА. Р-740-қ. 1-т. 2-іс. 5-6 а.п.

23. Стенографический отчет первого пленума Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, заседавшего в Баку от 3-го до 7-го июня 1927 года. – М.: Издание Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, 1927. – С. 5-6.

24. Стенографический отчет первого пленума Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, заседавшего в Баку от 3-го до 7-го июня 1927 года. – М.: Издание Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, 1927. – С. 168.

25. Исаев М.И. Языковое строительство в СССР (процессы создания письменности народов СССР). – М.: Наука, 1979. – С. 88.

26. ҚР ОМА. Р-740-қ. 1-т. 2-іс. 59-70 пп.

27. ҚР ОМА. Р-740-қ. 1-т. 10-іс. 112 п.

28. ҚР ОМА. Р-740-қ. 1-т. 10-іс. 113-115, 118 пп.

29. Стенографический отчет. Третьего пленума Всесоюзного Центрального Комитета Нового тюркского алфавита, заседавшего в г. Казани от 18-го по 23 декабря 1928 г. – Казань: Издание ВЦК НКТ, 1928. – С. 65-66.

30. Стенографический отчет. Третьего пленума Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита, заседавшего в г. Казани от 18-го по 23 декабря 1928 г. – Казань: Издание ВЦК НКТ, 1928. – С. 171.

31. ҚР ОМА. Р-740-қ. 1-т. 3-іс. 103-104 пп.

32. Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚР ПА). 141-қ. 1-т. 3821-іс. 152 п.

33. Асфендиаров С. Борьба за новый алфавит – борьба за новую культуру. (Из доклада тов. Асфендиарова о работе Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита) // Советская степь. – 1930. – № 103 (1885). – 13 мая.

34. IV пленум Всесоюзного Центрального Комитета нового тюркского алфавита // Советская степь. – 1930. – № 101. – 9 мая. 35. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. – 2017. – 12 сәуір. – № 70 (29051).