Ежелгі бітіктастарда «(түріктер) Табғаш қағанына бағынды. Елу жыл ісін-күшін берді» деп сипатталатын бодандық кезеңінде Қытай империясының саяси-әскери жүйесінде қызмет атқарған түркі текті тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеудің айтарлықтай маңызы бар. Әсіресе жылнамашылардың қаламына ілінбей қалатын деректерді ұсынуымен құнды қытайтілді түркілік құлпытастар ашина әулетінің ататек шежіресін нақтылай түсуде, империялық «ноқталау саясатының» мәні мен салдарын тереңірек түсінуде, екінші Түрік қағанатының қарсаңындағы түрік элитасының саяси-әлеуметтік көңіл-күйін жан-жақты талдауда шынай, бұрмаланбаған дереккөз бола алады.
Біз қазақ тіліне аударған «Ұлы Тан елі Оң тұрғауыл әскері құрметті күзет басқармасының Оң ланцзяны Ашина Ушидің құлпытасы» 1956 жылы Қытайдың Шэньси провинциясының Сиань қаласына қарасты Шапо ауылының оңтүстік-шығыс іргесінен табылған. Қақпақтас та, көртас та шаршы пішінді, ұзындығы мен ені бірдей 31 см. Қақпақтаста чжуаньшу үлгісімен төрт жолға (әр жолда 3 иероглиф) келесідей жазу қашалған: «大唐故阿史那府君墓誌之銘» (Ұлы Тан елінен марқұм Ашина мырзаның құлпытасындағы жазу), төрт бұрышы бао-сян өрнегімен (дәстүрлі қытай өрнегі, Шығыс Хань әулеті кезеңінен белгілі, Үндістан мен Орталық Азияның өсімдік әлемі туралы түсініктерінен бастау алатын буддалық бейнелеу өнеріндегі гүлді өрнектің бірі) безендірілген. Көртас мәтіні 22 жолдан, толық жолдар 22 таңбадан тұрады, кайшу үлгісімен жазылған, жалпы 458 иероглиф. Төрт қырына кезбе бұлт өрнегі (қытай өнеріндегі дәстүрлі сәндік мотив, бұлттардың қозғалысын білдіретін еркін әрі сырбаз сызықтар қолданылады, ізгілік пен сәттіліктің нышаны ретінде қабылданады) қашалған. Мәтін авторы мен каллиграфтың есімдері көрсетілмеген. Тарихи мұра қазіргі күнде Қытайдың Шэньси провинциясының Сиань қаласындағы Бейлин музейінде сақтаулы.[1, 2 б]
Құлпытас мәтінін бүгінге дейін жапон тарихшысы Ивами Киехиро және Тайвань Чжунчжэн ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры Чжу Чжэньхун зерттеп, түсіндірме жасаған. Біз мәтінді қазақ тіліне аударғанда Чжу Чжэньхун ұсынған нұсқаны пайдаландық.
Мәтіннің қазақ тіліндегі аудармасы келесідей:
Ұлы Тан (елінің) Оң тұрғауыл әскері құрметті күзет басқармасының ⌠1⌡ Оң ланцзяны⌠2⌡ Ашина Уши⌠3⌡ марқұмның құлпытасындағы арнау мен баян
Мырзаның аты Ши⌠4⌡, екінші аты Уши⌠5⌡. Чуньвэйдің⌠6⌡ тұқымы, Ся Юйдің⌠7⌡ зәузаты, Юньчжун аймағының⌠8⌡ тумасы.
Бабасы Циминь қаған Ямар терістіктегі жатжұрттық (тайпалардың) шаньюйі еді⌠9⌡. Даенің алғашқы жылдары⌠10⌡ Суй⌠11⌡ (әулеті Циминь қағанға) Ичэн ханшайымды⌠12⌡ берді. Қабылдау рәсімінде аты (тіке) аталмай, барша хоу мен ваннан жоғары тұрды⌠13⌡. (Бұл жайында) Ұлы Тан туралы шынайы жазбаларда⌠14⌡ нақты баяндалған.
Атасы – Шора қаған Сичунь шаньюй⌠15⌡. Суй (әулеті) екінші санаттың жоғары сатысына тән Сол Даңқты дафу⌠16⌡ (лауазымымен) жарылқап, Ли ханымды⌠17⌡ сыйға берді. Суй (әулетінің) соңғы жылдары (елді) бүлік жайлап, баһадур ерлер билікке таласты⌠18⌡. Ұлы Танның күні туып, Цзиньеде асыл ер атқа қонды⌠19⌡. Тайшанхуан⌠20⌡ Сун Цзиньганның⌠21⌡ (әскерін) талқандағанда, Шора қаған үкімет шерігімен жолығысуға інісі Бөрі шадты⌠22⌡ әскерімен жіберді. Ізінше Шора қаған көтеріліске қалың қолмен көмекке келіп, жәрдемші күштерді Бинчжоу (қаласына) орнықтырғаннан кейін кері қайтты⌠23⌡.
Әкесі – Юйшэ шад Момо шаньюй⌠24⌡. Ол Шора қағанның (бәйбішесінен туған) ұлы⌠25⌡. Тан (билігінің) бастапқы жылдарында қарауындағы он мыңнан астам отбасымен тізе бүкті⌠26⌡, Сары өзеннің оңтүстік алқабын⌠27⌡ қоныс тұтып, шекараны Линчжоу аймағына⌠28⌡ дейін (ұлғайтты), оған Оң тұрғауыл тай қолбасы⌠29⌡ (лауазымы) берілді. Тайцзун⌠30⌡ арнайы жарлықпен көңілін сұрады, (жарлықта) «Түріктің Юйшэ шады мен аяулы ханшайым⌠31⌡ менің көз көрген жақындарым, бір атаның баласындай көңіл жетер (тумаластарым) еді. Суй (әулетінің билігі кезінде екеуі) бас құрағанда, тиісті рәсімдер біздің үйде өтеліп, оны мен де өз көзіммен көрген едім. Сол оқиға ешқашан ұмытылмай, есіме орала береді» ⌠32⌡ делінген еді.
Уши арлы һәм адал болды, мансап жолын ланцзян⌠33⌡ (лауазымынан) бастады. Мырзаның мінезі өжет, болмысы асқақ, кеудесі кенен, көрген-білгені көп еді. Қанатын жазған аққудай көк жүзіне самғауды, бауырын жазған тұлпардай жер түбіне жортуды армандайтын⌠34⌡.
Кенеттен қайтпас жолға сапар шекті. Шэньгуннің бірінші жылы сегізінші айдың он жетінші күні⌠35⌡ науқас себебінен Хэнань аймағының⌠36⌡ Синьань ауылындағы⌠37⌡ қызметтік үйде⌠38⌡ алпыс екі жасында⌠39⌡ қайтыс болды.
(Мырзаның) жары Чжао ханым⌠40⌡ сәмбі талдай сымбатты, Бао-у жұлдызындай⌠41⌡ ажарлы, айымдар әдебіне⌠42⌡ жетік, ақылды да ұстамды еді. Шэньгуннің екінші жылы оныншы айдың он тоғызыншы күні⌠43⌡ астаналық аймақтың⌠44⌡ Хуаюань ауылындағы⌠45⌡ қызметтік үйде өмірден өтті. (Ханым) сыңарынан айрылған мұңлы аққудай⌠46⌡ ауыр қайғыдан қан жұтып, аждаһаны тілген ақ семсердің жүзіндей⌠47⌡ (жарының соңынан) келмеске аттанды.
Кайюаньның он бірінші жылы оныншы айдың он жетінші күні⌠48⌡ астаналық аймақтың Луншоуюань жазығындағы⌠49⌡ (қорымға) бірге жерленді⌠50⌡, бұл хаттамаға сай келеді. Аһ, қандай ауыр қасірет! Үлкен ұлы, Сол гвардиялық күзет әскері құрметті күзет басқармасының чжунланы ⌠51⌡ (Ашина) Чжэ⌠52⌡:
Құртқа мен әсем сүйсіндей⌠53⌡,
Аулада өнген сән құрып.
Дауыс сап ұзақ жылады,
Байтақта⌠54⌡ үні жаңғырып.
Көкжиек мүлги керіліп,
Көрстан мәңгі әлдиле.
(Айтылған осы ақтық сөз)
Жетеді қай жыл, қай күнге?
Түсіндірмелер:
⌠1⌡ 右屯衛翊府 – Тіркестегі 右屯衛 он екі күзеттің (кей әдебиеттерде он екі алай делінеді, қытайша: 十二衛) құрамына кіретін гвардиялық қолбасшылық мекемесі [2, 233 б]; ал 翊府 – Тан әулетінде тақ мұрагеріне бағынатын үш басқарманың бірі, түнгі күзет пен ертеңгілік қабылдауға сақшы болып, тақ мұрагері сарайдан шыққанда құрмет қарауылы қызметін атқарады[2, 813 б].
⌠2⌡ 右郎將 – Лауазым атауы. 624 жылы императордың өкімімен бұрынғы чэци-цзянцзюнь (арбалы-атты әскердің қолбасшысы) лауазымы ланцзян деп қайта аталды. Сол және оң ланцзян болып бөлінеді. Сарай күзетінің оң және сол қанаттарына қарасты циньфу (император күзетінің басқармасы), сюньфу (сарай күзетінің басқармасы, бірінші және екінші басқармаларға бөлінеді) және ифу (құрметті күзет басқармасы, бірінші және екінші басқармаларға бөлінеді) мекемелерінде және өзгеде күзеттер мен ұландарда қызмет етеді. Олардың басшылары чжунланцзян (сарай күзетінің жетекшісі), ал орынбасарлары сол және оң ланцзян аталады. Билік жүйесінде бесінші санатты шенеунік[1, 30 б].
⌠3⌡ 阿史那勿施 – Құлпытас иесінің аты-жөні. Сойы түрік, қаған тұқымынан.
⌠4⌡ 諱施 – Бұндағы 諱 иероглифі қайтыс болған әміршілер мен елге сыйлы адамдардың тура аталмайтын шын есімін меңзейді. Ежелгі қытай дәстүрі бойынша тұлғаның туғанда қойылған өз атын жасы, жолы үлкен немесе лауазымы жоғары кісілер ғана атай алады. Құлпытастан белгілі болғандай, қабір иесінің шын аты – Ши (施 – иероглиф орта ғасырларда ɕie̯ -- Шие болып оқылуы мүмкін). Бұл қытайша есім болуы ықтимал.
⌠5⌡ 字勿施 – Құлпытас иесінің ер жетіп, кәмелет жасына жеткенде қойылған екінші аты (字) Уши (勿施 – орта ғасырларда mi̯uət- ɕie̯ болып оқылуы мүмкін). Ушидің әкесі Ашина Момоға арналған құлпытаста марқұмның есімі шын және екінші ат деп айырылмаған. Демек біз қарастырып отырған құлпытастағы бұл өрнек ежелгі қытай дәстүрімен байланысты болуға тиіс.
⌠6⌡ 淳維 – Ежелгі қытай мифологиясы бойынша Ся әулетінің соңғы билеушісі Ся Цзе қайырсыз, қатыгез болғандықтан, ел билігі Шан әулетінің қолына көшіп, өзі Минтяо аймағына жер аударылады. Цзе үш жылдан кейін өледі, артында Чуньвэй деген жалғыз тұяқ қалады. Ол ел-жұртымен көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес алыс қиырға көшіп кетеді, әкесінің жесірлерін өзіне қаратып, олардан үбірлі-шүбірлі бала сүйеді. Далалық көшпенділер қытай жылнамаларында Чуньвэйдің үрім-бұтағы саналып, сюньюй (獯鬻, 葷粥, 薰粥), сяньюнь (玁狁, 獫狁), яньюнь (嚴允) деген аттармен хатталған. Кейін сюнну (匈奴) деп аталды. Қытайлық жылнамашылар таратқан айтылмыш шежіренің түбі шикі болғанмен, бұл дерек кемінде Ішкі Азияның Хуанхэмен (Сары өзен) шектесетін оңтүстік алқабын мекен еткен көшпенді халықтар арасында өзара сабақтастық болғанын көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Ашина Момо құлпытасы және оның қазақша аудармасы
⌠7⌡ 夏禹 – Қытай мифологиясы бойынша жер бетіндегі алғашқы патшалық – Ся әулетінің негізін қалаушы тұлға. Да Юй (大禹) немесе Жун Юй (戎禹) деген аттармен де белгілі. Тегі – Сы (姒), аты – Вэньмин (文命). Сяхоу тайпасының көсемі ретінде, ол Шунь (舜) бабалықтың пәрменімен тасқын суға қарсы күрес ашады. Оның бастамасымен өзен арналары аршылып, каналдар қазылады, аймақта егін шаруашылығы өркендей бастайды. Сіңірген еңбегіне байланысты Шунь оны мұрагерлікке ұйғарады. Аңыз бойынша, биліктегі кезінде саньмяо деп аталатын бірлестіктің көтерілісін жаныштайды. Ол өлгенде орнына баласы Ци (啟) отырады. Қытай тарихындағы әулеттік монархия осылай басталады[3, 2795 б]. Қытайлық жылнамашылардың көшпенділер туралы көзқарасы қайшылыққа толы: жылнамаларда олар көбінесе тағы, хайуан, тойымсыз, мәдениетсіз жат халық есебінде сипатталғанмен, кейде ежелгі қытайлықтардың түбі бір тумаласы ретінде аталады. Шын мәнінде бұл Даланы мекен еткен көшпенділерге байланысты мемлекеттік саясаттағы идеологиялық қайшылықтың көрінісі болуға тиіс. Ежелгі қытайлықтардың дүниетанымында далалық көшпенділер тағылық пен қараңғылықтың түнегінде өмір кешкен және «адамгершілік қағидаларымен, ағартушылық жұмыстармен мәдени өмір салтына бейімдеу әсте мүмкін емес» адам тәріздес хайуан есебінде қабылданды, бірақ әскери-жауынгерлік белсенділігі мен ұтқырлығына байланысты көшпенділермен санасуға, одақ құруға, тіпті олардың үстемдігіне мойын ұсынуға мәжбүр болды. Ондайда далалықтардың қытайлық тегі туралы мифологиялық түсінікке айрықша екпін берілетін еді. Ал кейде Қытайды басып алған жатжұрттық «жаулаушы әулеттер» де өз билігінің легитимділігін нығайту мақсатында осы мифологиялық түсінікті жаңғыртуға мүдделі болған.
⌠8⌡ 雲中郡 – Тарихи-географиялық аймақ атауы. Қытай тарихында Юньчжун атауымен белгілі бірнеше аймақ бар. 1. Ежелгі Чжао елінің билеушісі Улин-ван (б.з.д. 356—295 ж.ж) құрған аймақ. Жер шарасы қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялық регионындағы Батыс Тумэд ауданының шығыс бөлігі мен Чжоцзы ауданының батыс бөлігіне, солтүстікте Дациншань жотасымен, оңтүстікте Хуанхэ өзенімен шектесетін далалық өңірге тура келеді. 2. Солтүстік Вэй әулеті құрған шекаралық аймақ. Жер шарасы қазіргі Қытайдың Тогтох ауданының аумағына турала келеді. 3. 648 жылы Юньчжоу аймағы деген атпен құрылып, орталығы Динсян ауданына орналастырылған әкімшілік бірлік. Жер аумағы қазіргі Қытайдың Шаньси провинциясының солтүстік бөлігіне – Қытай қорғанының оңтүстік іргесінен Сангань өзеніне дейінгі алапқа тура келеді. 682 жылы жойылып, 732 жылы қайта құрылған. 742 жылы Юньчжун аймағы деп қайта аталған[4, 383 б]. Ал Чжу Чжэньхун профессордың анықтауынша, Юньчжун тарихи-географиялық аймақ ретінде Суй әулетінің билігі тұсында Майи округіне, ал Тан әулеті билікке келгеннен кейін Юнчжоу округінің құрамында болған[1, 9 б].
«Суйшу» жылнамасында Түрік ордасына елші болып барған Чжансунь Шэннің императорға келесідей ұсыныс енгізгені айтылады: «Ямардың ел-жұртынан оралғандар өте көп, олар Ұлы қорғанның ішінде отырғанмен, әлі де Юнъюйлюйдің (Оңиоллұғ?) шапқынына түсіп, үркін-қорқыннан көз ашпай, алаң-салаң күн кешіп келеді. Оларды Уюаньға көшіріңіз, Сары өзенді қамал қылып, Сячжоу мен Шэнчжоу бекіністерінің аралығын жайласын, шығыстан батысқа қарай Сары өзенге дейінгі, оңтүстіктен солтүстікке қарай 400 ли кеңдіктегі алқап ормен қоршалып, олар сонда қоныстансын, атыс-шабыс тиылып, емін-еркін мал бағуға мүмкіндік туса, ел іргесі қалайда орнығады». Император оның айтқанын қабыл алады[5, 1334 б]. Аталған еңбекте сондай-ақ «Ямарға Цили Чжэньдо Циминь қаған (Еллік Синта Қабан қаған?) деген атақ берілді... Тақ иесі оған арнап Шочжоу аймағынан Дали қаласын тұрғызды... Юнъюйлюй шапқыншылығын тоқтатпады, сондықтан (Циминь қаған) Сары өзеннің оңтүстігіне көшті. Сячжоу мен Шэнчжоу аралығында ұзындығы бірнеше жүз ли қашықтыққа созылған ор қазу үшін жұмыскерлер жіберілді. Сөйтіп, шығыстан батысқа қарай Сары өзенге дейінгі алқап Циминь қағанға өріс-қоныс болды»[5, 1873 б] делінеді. Осында айтылған Дали қаласы Динсян аймағының жерінде орналасқан, ал Сячжоу Шофан аймағына, Шэнчжоу Юйлинь аймағына қарайды. Демек, 599 жылдың жазында Түріктің Циминь қағаны ел-жұртымен Сары өзеннің оңтүстігіндегі Уюань, Юйлинь, Динсян, Майи, Шофан аймақтарының жеріне қоныс аударғаны анық. Циминь қаған – Ашина Ушидің бабасы.
Ал «Синь Таншу» жылнамасы келесідей дерек ұсынады: «Суй (әулетінің соңғы жылдарындағы аласапыран кезеңде) Уюань аймағының басшысы Чжан Чансун қарауындағы бес қаламен жабайы (түріктерге) берілген болатын. Юйвэнь Синь (Ілікке) Уюань аймағын (иесіне) қайтару жайлы кеңес берді, (Ілік бұл ұсынысты) құп көрді әрі Цинь князінің (Ли Шиминь) қолымен бірігуге өзінің және Чжан Чансунның сарбаздарын жіберді. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, Юйчжун өңірін (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Шораның ұлы Юйшэ шад (Ашина Момо, Ашина Ушидің әкесі) қарауындағы он мың түтінді Сары өзеннің оңтүстігіне қондырды, Линчжоу шекаралық бекініске айналды»[6, 6029 б]. Дәл осы оқиға «Цэ фу юань гуй» жылнамасында былай хатталған: «Фэнчжоу аймағы ит арқасы қиянда жатыр, ілгеріде Түріктерге қараған, (сондықтан жергілікті тұрғындар далалықтармен) тығыз қарым-қатынас жасап келеді, оған шектеу қою мүмкін емес. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, қала-кенттерді босатып, қараша халықты уақытша Линчжоу аймағына көшіруді, Уюань және Юйчжун аймақтарын (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Түрік (қағанаты) Шораның ұлы Юйшэ шадты қарауындағы он мынан астам түтінмен Сары өзеннің оңтүстік өңірін қоныс етуге жіберді, Линчжоу шекаралық аймаққа айналды» [7, 11469 б]. Демек, Сары өзеннің оңтүстігінде жатқан тарихи Хэнань өңірі төрт атадан бері осы әулетке қоныс болып келген.
Оқи отырыңыз: Ашина Білге тегін бітіктасының аудармасы
⌠9⌡ 曾祖染干北蕃單于啟人可汗 – Сөйлемде «терістіктегі жатжұрттық тайпалар» (北蕃) деп түріктер, ал «шаньюй» (單于) деп Түрік ордасының қағаны меңзеліп тұр. Жалпы қытайлық жылнамаларда түріктер сюнну (匈奴), ал қаған шаньюй деп жиі аталады. Мысалы, «Суйшу» жылнамасында «Даенің үшінші жылы (607) бірінші айдың алғашқы күні (сарайда) ғұрыптық бұйымдардың көрмесі өтті. Сол уақытта Түріктің (Циминь қағаны) Ямар (императордың) ресми қабылдауына келген еді, (көрме заттарына) көңілі құлап, (далалықтардың хуася үлгісіндегі) баскиім киінуіне рақым айлауды сұрады, тақ иесі рұқсат етпеді. Келесі күні сол Гуанлу Дафу -- Ашина Чжиюй тегін, сол Гуанлу Дафу -- Ашина Ишун тегін, оң Гуанлу Дафу -- Шишу Хуси елтеберлер тақ иесіне дәтнама ұсынып, (хуасялықтарға ұқсас) киінуді қайта өтінді. Император көңілі шалқып, «Хань (әулетінің) жөн-жосыны алғаш анықталғанда Тәңір ұлдарының қадыр-қымбат аян бола бастаған еді. Енді міне киім-кешек жүйесі жетіліп, (соның арқасында) шаньюй айдарын тарқатпақ (хуася дәстүрін қабылдамақ)болып жатыр» деді»[5, 279 б]. Әрине, қытайлық жылнамашылардың асыра сілтеуі де мүмкін, дегенмен, Циминь қағанның қытайға жақын болғанында, қытайшыл бағыт ұстанғанында дау жоқ, бірақ қытайлықтар үшін ол бәрібір «жатжұрттық тайпаның шаньюйі» болып қала берді. Айтпақтайын, құлпытас мәтінінде Ямардың атағы Циминь (啟民) емес, Цижэнь (啟人) деп аталған. Бұл Тайцзун император Ли Шиминнің (李世民) атын тергеумен қатысты болу керек. Ежелгі Қытайда императордың, даңқты аталардың немесе аса құрметті адамның есімін тура айтуға, жазуға тыйым салынған. Бұл билеушіге немесе әруаққа деген құрметтің белгісі саналған. Сондықтан мәтіндерде император есімінің құрамындағы иероглифтерді басқа таңбалармен алмастыратын немесе мүлде қолданбайтын болған. Ли Шимин (李世民) есімі мен Циминь (啟民) атағында 民 иероглифі бірдей қолданылатындықтан, құлпытаста ол 人 иероглифімен алмастырылған. Ат тергеу дәстүрі Қытайда мыңдаған жылдар бойы сақталды. Кейде императордың аты-жөнін тергеусіз қолданған адам жазаға да тартылған.
⌠10⌡ 大業初 – Суй әулетінің Ян-ди императоры қолданған жылнамалық атақ, жалпы 13 жыл (605 жылдан 617 жылға дейін).
⌠11⌡ 隨 – Бұл жерде Суй (隋) әулеті меңзеліп тұрғаны анық. Бұндағы айырмашылық – соңғы иероглифте 辶 қосымшасы жоқ. Бұның себебін, Чжу Чжэньхун келтірген дерек бойынша, Тан дәуірінде өмір сүрген Ли Фу былай түсіндіреді: «Хань әулеті (бес элементтің бірі) от арқылы жер жүзіне иелік етті. Кейінгі (Шығыс) Хань әулеті ел астанасын Лоянға (洛陽) көшіргенде, (洛 иероглифінің) қатарында су қосымшасы (氵) болғандықтан, су отты сөндірер деп қауіптеніп, (洛 иероглифін 雒 иероглифіне) ауыстырды. Суй (隨) әулетіне дейінгі Вэй, Чжоу және Ци әулеттері жаугершіліктен көз ашпаған еді. Вэнь-ди император ондайды қаламады, сондықтан, (隨 иероглифінен қозғалыс немесе кетіс мағынасын білдіретін) жылыс қосымшасын (辶) алып тастап, 隋 деп жаздырды».[1, 11 б] Чжу Чжэньхунның анықтауынша, Суй әулеті билікке келгенге дейін-ақ 隨 және 隋 иероглифтері аралас қолданыла беретін. Осы кезеңге жататын құлпытастардың көпшілігінде Суй әулеті 隨 иероглифімен көрсетілген.
⌠12⌡ 義成公主 – Кейде 義城公主 деп те жазылады. Суй әулеті «император қызы» деген атақпен Циминь қағанға ұзатқан ханшайым. Жалпы, Суй әулеті Ямарға екі мәрте қыз берген. 597 жылы Ямар алғаш рет Суй әулетіне күйеу атанады. Оның жайы жылнамада келесідей хатталған: «(Суй әулеті) Ямарға қыз беруге келісті. Кайхуанның 17 жылы (597) Ямар қызды алып келуге (еліне қайтқан Суй елшісі) Чжансунь Шэнмен бірге 500 атты әскер жіберді. (Вэнь-ди император) өз әулетінен бір қызды Ань-и ханшайым деген атпен оған ұзатты» [5, 1333 б]. Ань-и ханшайымның өмір жолы бізге белгісіз. Вэнь-ди император Түріктің кіші хандарының бірі Ямарға қыз бергенде, Дулань (Тұлан) қаған атанған Ұлы қаған Юнъюйлюй (Оңиоллұғ) мен қағанаттың солтүстік аймағын билейтін әскері әлсіз, құрығы қысқа Тули (Төле) хан Ямар арасында араздық отын тұтатып, сол арқылы билеуші элита ортасына ірткі салуды, сөйтіп Дулань қағанның күш алуына жол бермеуді мақсат тұтқан еді. Ямар бастапқыда елдің қиыр қонып, шет жайлаған кіші хандарының бірі-тұғын, Суй әулетінен қыз алып, қолдау тапқаннан кейін күрт нығайып, 599 жылы ордасын күнгейге – қағанаттың кіндігіндегі киелі Өтікен тауына (қазіргі Хангай тауы) көшіреді. Сөйтіп ол шын мәнінде Суй әулетінің агентіне – Ұлы қағанның басқан-тұрғанын қадағалап, сарайға дер кезінде хабар жеткізіп тұратын тыңшысына айналады.
599 жылы Дулань қаған Ямардың ордасын тұтқиыл шабады, қорған түбіндегі қанды шайқаста Ямар ойсырай жеңіледі. Сатқындығының жазасы ретінде, оның аға-бауырлары, бала-шағасы өлтіріледі. Ямар аз ғана әскермен Қытайға қашады. Көп өтпей Ямарға Цили Чжэньдо Циминь қаған (Еллік Синта Қабан қаған?) деген атақ берілді. Сол жылы Ань-и ханшайым қайтыс болып, Вэнь-ди император Ян Цзян жамағайын туысы Ян Сенің қызын Ичэн ханшайым деген атпен Циминь қағанға ұзатты. Ичэн ханшайым Түрік ордасында отыз жылдай дәурен сүрді, Ямар өлгеннен кейін, оның ұлдары Шібір (шамамен 610 жылы), Шора (619 жылы) және Ілік (620 жылы) қағандарға қаратылады. Отыз жыл бойы қатұн атанып, ілгерінді-кейін төрт қағанға жар болған Ичэн ханшайымның Түрік ордасында айтарлықтай салмағы, ықпалы болады. Ол қағанаттың саяси өміріне жиі, белсенді түрде араласып отырады. Мысалы, Ян-ди император 615 жылы Яньмэнь бекінісінде түріктің қалың қолының торуылына тап болып, қолға түсе жаздағанда, Ичэн ханшайым Шібір қағанға «Телелер бас көтерді» деген жалған хабар жібереді, сөйтіп, Шібір қаған қалың қолмен кері қайтады. Ли Юань 617 жылы Чанъань шаһарын алып, Суй әулетінің Гун-ди императорын тақтан тайдырғаннан кейін, Ичэн ханшайым ескі әулеттің билігін қалпына келтіруге барын салды. Осы кезеңде Дала ордасы мен Тан әулеті арасындағы қарым-қатынастың ушығуына Ичэн ханшайымның да ықпалы болғаны даусыз. 630 жылы Ілік қағанның қалың қолы талқандалып, Орда басып алынғанда, Ичэн ханшайымды Табғаш қолбасшысы Ли Цзин өлтірді.
Оқи отырыңыз: Ашина Ганьдэ құлпытасы және оның қазақша аудармасы
⌠13⌡ 贊拜不名位在諸侯王上 – 607 жылы мамыр айында Ян-ди император Түрік еліне сапар шегеді. Жылнамада осы сапар жайлы келесідей дерек ұсынылады: «Ян-ди император Юйлиньге барды. Циминь қаған мен Ичэн ханшайым императордың жорық сарайына сәлем бере келіп, тартуға ілгерінді-кейін 3000 жылқы сыйлады. Император айрықша разы болып, оларға сыйлық ретінде 12,000 орам кездеме берді... Император мың адамға арналған шатыр тіккізіп, Циминь қаған мен 3500 тайпа көсемін сонда қабылдады. Оған сыйлыққа 20,000 орам торғын-торқа берілді, оның қол астындағыларға да әртүрлі мөлшерде сыйлық үлестірілді. Император «... Циминь шын жүректен адалдық танытып, сарайыма сәлем бере келді. Қарауындағы тайпаларды бастап, босағама басын иді. Оның шынайы ықыласын мен өте жоғары бағалаймын. Ол жоғары лауазымдармен жарылқанып, ең салтанатты рәсімдермен құрметтелуге лайық. Оған сәнді күйме, мініс ат, дабыл мен сырнай және байрақ берілсін. Қабылдау рәсімінде аты-жөні аталмай, орны барша хоу мен ваннан жоғары тұрсын» деп әмір етті. Сондай-ақ император Юньнейді аралап көрді, Цзиньхэ (Алтынсу) өзенінің бойымен шығысқа қарай жол тартып, теріскейдегі Циминьнің ордасына ат басын тіреді. Циминь тақ иесіне ұзақ ғұмыр тілеп, тост көтерді һәм зор құрметпен тізесін бүгіп, тәжім етті»[5, 1874-1875 б]. Құлпытаста «Қабылдау рәсімінде аты аталмай, барша хоу мен ваннан жоғары тұрды» деп, Ян-ди императордың осы ілтипаты меңзеліп тұр.
⌠14⌡ 大唐實錄 – Қытай тілінде «Шынайы жазбалар» (實錄) деп о баста Қытай тарихшыларының атасы Сыма Цяньның «Тарихи жазбалар» еңбегі аталды. Бань Гу «Ханьшу» жылнамасында бұл туралы бүй дейді: «Лю Сян мен Ян Сюн секілді көп оқыған ғұлама ғалымдар Сыма Цяньның тарих жазудағы теңдессіз дарынын көкке көтере мақтады, оның оқиғаны жүйелеудегі шеберлігіне, ой қорытудағы тиянақтылығына және сөз қолданудағы сырбаздығына тәнті болды. Оның жазғаны нақты, келтірген деректері дәлелді еді, асыра мақтаудан да, жамандықты жасырудан да аулақ болатын, сондықтан оның еңбегі шынайы жазбалар деп аталды»[8, 2737-2738 б].
Шамамен V ғасырда өмір сүрген Лю Биннің «Дуньхуан туралы шынайы жазбалар» еңбегі Батыс Лян (400-421 жж., IV ғасырда Солтүстік Қытайда билік құрған он алты варварлық мемлекеттің бірі.) билігінің тарихы мен Дуньхуанның жергілікті қайраткерлерінің өмір шежіресіне арналады. VI ғасырда Чжоу Синсы «Лян У-ди туралы шынайы жазбалар», ал Се Хао «Лян Юань-ди туралы шынай жазбалар» еңбегін жазды, осылайша қытайдың дәстүрлі тарих ғылымында императорлардың сөзі мен әрекетін хатқа түсіруге арналған жаңа жанр қалыптасты.
Тан дәуірі Қытай тарихында шынайы жазбалар жанры бойынша еңбектер жазу алғаш рет жүйелі түрде жолға қойылған маңызды кезең болды. Бұл еңбектер жылнамалық (хронологиялық) тәртіппен жазылды. Еңбектерде императордың айтқан сөздері мен істеген істері ғана емес, тақ иесімен замандас мемлекеттік қайраткерлердің де өмірбаяндары қоса беріліп отырды. Тан әулеті туралы алғашқы «Шынайы жазбалар» Тайцзун императордың билігі тұсында жазылды. Содан бастап әрбір билеуші өмірден өткеннен кейін немесе тақтан кеткеннен соң, оның атқарған шаруаларын хатқа түсіру бұлжымас дәстүрге айналды. 300 жылға жуық уақыт ішінде 16 императорға арналып 27 жинақ (барлығы 805 том) дайындалған.
Бұл жазбалар деректердің жинағы ғана емес, сонымен қатар белгілі бір саяси мақсатқа да қызмет етті. Жылнамашылар оқиғаларды баяндаумен шектелмей, билеушілердің іс-әрекетіне әр қырынан баға берді, соның негізінде саяси легитимдікті нығайтуға ұмтылды. Біз қарастырып отырған құлпытаста «Ұлы Тан туралы шынайы жазбалар» деп, сірә, сол кездегі ең беделді екі еңбек – «Қазіргі тақ иесі туралы шынайы жазбалар» және 654 жылы жарық көрген «Чжэньгуань жылдары туралы шынайы жазбалар» меңзелсе керек.
Тан дәуірінде хатқа түскен бұл еңбектер – қазіргі тарих ғылымы үшін (соның ішінде Түркі қағандығы мен Суй, Тан империялары арасындағы қарым-қатынасты зерттеуде) айтарлықтай маңызды дереккөз.
⌠15⌡ 祖奚純單于處邏可汗 – Дереккөздерде Циминь қағанның үш ұлының есімі аталады: Доцзи, Сичунь және Доби. Циминь қағанның үлкен ұлы Доцзи 610 жылдан 619 жылға дейін Шібір қаған деген атпен билік құрды. 619 жылдың мамыр айында Шібір қаған қайтыс болып, інісі Сичунь Шора қаған деген атпен Шығыс Түрік ордасының Ұлы қағаны болып жарияланды. Бұл туралы «Цзю Таншу» жылнамасында «Шібір (қаған) қайтыс болды. Оның ұлы Шибоби (什鉢苾) өте жас болды да, таққа мұрагерлік ете алмай, Нибу шад (泥步設) деген атпен шығысқа ығыстырылып, Ючжоу аймағының солтүстік өңіріне жіберілді. (Шібір қағанның) інісі Елтебер шад (俟利弗設) таққа мініп, Шора қаған атанды» [9, 5154 б] делінеді. Ол Елтебер шад болып тұрғанда-ақ Қытайды қайта біріктіруге ниетті Ли (болашақ Тан) әулетімен құдандалық байланыс орнатып үлгерді, үлкен ұлы Момоға Ли шаңырағынан қыз айттырды. Ол қағандық билікке келісімен қытай қызы Ичэн ханшайымды жеңгелей алады және Тан әулетіне өз ықпалын өткізу үшін биліктен кеткен ескі әулеттің босқындарын жылы қабылдап, панасына алды. Мысалы, 620 жылы наурыз айында Суй әулетінің Ци-ваны Ян Чжэндаоды өз ордасында қабылдап, оны даланы паналаған қытайлық қашқындардың билеушісі деп таныды. Ал Қытайдағы билік үшін күресте Шора қаған Тан әулетіне қолдау көрсетті. Ол билікте ұзақ отыра алмай, 620 жылы жаз айында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның өлімі туралы «Синь Таншу» жылнамасында «(Шора қаған) Бинчжоуды (билікке енді ғана келген Тан әулетінен) тартып алмақ болып, (балгерге) жауырын қаратып еді, болжал сәтті болмады... Үш күн бойы қанды жаңбыр жауды, елдегі ит біткен түнімен ұлып шықты. Оның себебі анықталмады. Сонымен, (Шора қаған) ауырып қалды. (Қытай қызы И-чэн) ханшайым бес дәрілік минералдың ұнтағын жегізгеннен кейін көп ұзамай күйдіргісі асқынып, өлді»[6, 6029 б] делінсе, «Цзю Таншу» жылнамасында «Шібір қағанның інісі Ел шад ағасының орнына отырып, Шора қаған атанды... (Қытай сарайы) тағыларға жақсы мен жаманды тәптіштеп түсіндірмек болып, елшілікке Чжэн Юаньшуды жіберді. Бірақ Шора қаған (сарайдың ұсынысын) қабыл алмай, қалың қолымен Тайюань шаһарын шабуға шықты... Жол үстінде Шора ауырып, дертіне шипа табылмады. Қарауындағылар Чжэн Юаньшу у бергізді деп күдіктеніп, оны қайтармай ұстап қалды. Шора сонан өлді»[9, 2379 б] делінеді.
Оқи отырыңыз: Ашина Сымоның құлпытасы және өмір жолы
⌠16⌡ 左光祿大夫... 正二品 – Лауазым атауы. Мемлекеттік қызметтегі көрнекті тұлғаларға берілетін қосымша лауазым. Ол сарай шенеуніктерін ынталандыру, жасының ұлғаюына немесе денсаулығының азаюына байланысты қызметтен кеткен зейнеткерлерді марапаттау үшін енгізілді. Кейде мемлекетке еңбегі сіңген тұлғалар көз жұмғанда да Гуанлу Дафу атағымен жарылқанды. Батыс Цинь әулеті кезеңінде Гуанлу Дафу атағына қол жеткен тұлғаларға алтын мөр мен күлгін шашақ және арнайы сыйлық, дәрежесіне сай бас киім мен күймелі арба, белдікке тағылатын қастас (нефрит) әшекей беріліп, мәртебесі екінші санатты шенеуніктермен теңестірілді[2, 258 б]. Ал «Суйшу» жылнамасына сәйкес, Суй әулетінің негізін қалаған Гаоцзун император Ян Цзянь Солтүстік Чжоу әулетінің билік жүйесін негізге ала отырып, Сол және Оң Гуанлу Дафу, Алтын мөрлі Гуанлу Дафу секілді лауазымдарды саньгуань, яғни азаматтық және әскери шенділерге абройы мен атағын көтеру үшін берілетін номиналды лауазым қатарына жатқызды[5, 781 б]. Нақты қызметі жоқ, тек шенеуніктің мәртебесін, өтілін және дәрежесін айқындайтын құрметті атақ, номиналды лауазым иелері мемлекеттік қызметке араласа аламайды. Бұл жүйе арқылы мемлекет шенеуніктерге өкілеттік бермей-ақ, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеріп, материалдық жағдайын қамтамасыз етіп отырған.
⌠17⌡ 李夫人 – Ли ханымның шыққан тегі, өмір жолы белгісіз. Суй әулетінің Елтебер шад Ашина Сичуньға қыз бергені қытайлық жылнамаларда тілге алынбайды. Тегінің Ли (李) екенін ескерсек, Тан империясының негізін салушы Ли Юаньмен туыс болуы мүмкін.
⌠18⌡ 鹿走秦郊 – Тура мағнасында: Цинь даласында бұғы жортты. Негізін Цинь Шихуанди салған Цинь әулетінің (б.з.д. 221—207 жж.) билігі аяқтағаннан кейінгі аласапыран кезеңді Куай Тун (шамамен б.з.д. 236–196 жж., Хань әулеті билікке келудің қарсаңында бірнеше қайраткерге кеңесші болған тұлға) «Цинь жоғалтқан бұғыны аспан астының ерлері қуып әкетті» (秦失其鹿,天下共逐之) деп сипаттайды. Тіркестегі бұғы (鹿) – биліктің ишарасы. Ежелгі қытайлық саяси риторикада бұғы бейнесі мемлекеттік биліктің нышаны ретінде қабылданды. Өйткені бұғы ежелгі аңшылықта ең ірі және негізгі олжалардың бірі саналған. Ол өте шапшаң әрі оңайшылықпен аулана бермейтін аң. Сондықтан бұғы сөзімен байланысты біраз сөз бірліктері «аспан астының билігіне» қол жеткізудің оңайға түспейтінін сипаттауға қолданылған. Осыған орай қытай тілінде «逐鹿中原,群雄逐鹿,秦失其鹿» секілді тұрақты тіркестер қалыптасқан. Бұндағы «Цинь даласы» (秦郊) және «Орталық жазық» (中原) ұғымдары елдің басты саяси орталығын білдіреді. Баста келтірілген тұрақты тіркестер белгілі бір монархиялық әулет биліктен тайып, елде дүрбелең мен бүлік басталған беймаза кезеңді, яғни, ескі тәртіп күйреп, жаңа жүйе әлі қалыптасып үлгермеген, бейберекеттік пен жаңа мүмкіндіктер қатар өмір сүрген, билікке талас шарықтау шегіне жеткен алмағайып, өтпелі кезеңді сипаттауға қолданылады.
⌠19⌡ 龍飛晉野 – Тура мағынасы: Цзинь жазығында аждаһа көкке ұшты. Құлпытаста бұл тіркес Тан әулетінің іргесін қалаған Ли Юаньның Тайюаньда көтеріліске шығып, ел билігіне қол жеткізгені меңзеліп тұр. Ежелгі қытайлық дүниетанымдағы киелі мифологиялық жануар аждаһа немесе лун (龍) – императордың символы. Аждаһаның көкке самғауы (龍飛) жаңа императордың таққа мінуін немесе жаңа әулеттің билікке келуін білдіреді. Тіркестегі Цзинь жазығы (晉野), тарихи-географиялық түсінік ретінде Шаньси аумағын (Чуньцю заманындағы Цзинь княздігінің жері), нақтырақ айтқанда Тайюань шаһарын меңзейді. Ли Юань 617 жылы Тайюаньда Суй әулетінің билігіне қарсы бас көтереді, жылдың аяғына қарай ел байтағы Чанъань қаласын басып алады; 618 жылы Гун-ди императорды тақтан тайдырып, Тан әулетінің билігін жариялайды.
⌠20⌡ 太上 – Бұл сөздің 1) ежелгі, ескі; 2) жоғары және 3)әмірші деген мағналары бар. Мәтінде экс-император немесе тақ иесінің әкесі мағынасын білдіретін Тайшанхуан сөзінің орнына жұмсалып, Гао-цзу император Ли Юаньды меңзеп тұр. Ли Юаньның ұлы Ли Шиминь 626 жылы шілде айында өзінің туған ағасы, тақ мұрагері Ли Цзяньчэн мен інісі Ли Юаньцзиді өлтіреді. Қыркүйек айында Ли Юань тақты Ли Шиминьге босатып береді. Ли Шиминь Тай-цзун, ал Ли Юань Тайшанхуан атанады.
⌠21⌡ 宋金剛 – Суй және Тан әулеттері алмасқан дүрбелең шақта Қытайда билікке таласқан көтеріліс көсемдерінің бірі. Ол Солтүстік Қытайда, нақтырақ айтқанда, қазіргі Шаньси провинциясының аумағында әрекет етті. Сун Цзиньган Ичжоу аймағында Суй әулетіне қарсы көтеріліске шықты. Бастапқыда оның қол астында мыңдаған сарбаз болды. Бірақ азулы көтерілісшілердің бірі Доу Цзяньдэден жеңіліп, Лю Учжоуды паналады. Лю Учжоу Сун Цзиньганның талантын жоғары бағалап, оған Сун ваны деген атақ берді. Сун Цзиньган Лю Учжоудың билігін нығайтуға үлкен үлес қосып, оның сенімді серігіне айналды. 619 жылы Сун Цзиньган Тан әулетінің иеліктеріне басып кірді және өте табысты соғыс жүргізіп, Тайюань қаласын тартып алды. Тан әскері жеңіліс тауып, биліктің тағдыры қыл үстінде тұрған шешуші сәтте, әскер билігін болашақ император Ли Шиминь қолына алды. Атақты Байби шайқасында Сун Цзиньганның қалың қолы Ли Шиминьнен ойсырай жеңіліп, Лю Учжоу екеуі Шығыс Түрік қағанатына қашты. Түрік қағанатында Лю Учжоу мен Сун Цзиньган соғысты жалғастыруды жоспарлады. Алайда, бұл жоспарды Түрік ордасы құптамады. 620 жылы Сун Цзиньган қашып кетпек болғанда түріктердің қолына түсіп, өлтірілді. Сун Цзиньганның жеңілісі Тан әулетінің Солтүстік Қытайда өз билігін орнатуына жол ашты. Қытай тарихында ол батыл, бірбеткей, ержүрек, бірақ стратегиялық тұрғыдан мықтырақ қарсыласқа жол берген бақытсыз тұлға ретінде сипатталады.
⌠22⌡ 步利設 – Бөрі шад – Түрік қағанатында билеуші әулет мүшелеріне берілетін жоғары мәртебелі титул. Бөрі – түріктердің тотемі, шад — мемлекеттік басқару иерархиясында қағаннан кейін үшінші немесе төртінші сатыда тұратын маңызды әскери-әкімшілік лауазым. Шығыс және Батыс Түрік қағандықтарының тарихында бірқатар маңызды тұлғалар осы титулды иеленген. Мысалы, шамамен 620 жылы Шора қаған інісі Бөрі шадты 2000 атты сарбазбен Бинчжоу аймағына Тан әскеріне көмекке жіберген.
Сондай-ақ, Шығыс Түрік қағандығының соңғы билеушісі Ілік қағанның билігі тұсында Бөрі шад лауазымымен белгілі тұлға Си (霫 – орта ғасырларда zjəp деп оқылған) тайпасын басқарған.
⌠23⌡ 處邏可汗率兵馬助起義至并州留兵助鎮而去 – Тиісті дерек «Цзы чжи тун цзянь» жылнамасында келесідей хатталған: «Лю Учжоу жеңілді, осы айда (шамамен 620 жылдың шілде айы) Шора қаған Цзиньянға келді, губернатор Ли Чжунвэнь ештеңе істей алмады. Шора қаған Ли Чжунвэньнің Тайюаньды қорғауына жәрдем береді деген желеумен Лунь тегінді жүздеген сарбазбен сонда қалдырды. (Шора қаған) Шилин асуының солтүстігіндегі аймаққа бірнеше мың сарбаз тұрғызғаннан кейін еліне қайтты»[10, 5884-5885 б]. «Синь Таншу» жалнамасында «(Ли Шиминь) Лю Учжоуға жорық тартқанда, Шораның інісі екі мың атты сарбазбен Бинчжоуға келді, олар сонда 3 күн аялдады. Ат көтіне өңгеріп әкетілген қыз-келіншектің санында есеп жоқ. Оларды тоқтатуға губернатор Ли Чжунвэньнің шамасы жетпеді. Тайюаньды қорғауға Цзюйцзянь (мүмкін Көген?) тегін жіберілді» [11, 6029 б] делінеді. Ал «Цзю Таншу» бойынша, Шора қаған Бинчжоуға дейін ат ізін салған: «Шора қаған інісі Бөрі шадты империя әскерімен жолығысуға екі мың сарбазбен аттандырды. Маусымда Шора Бинчжоуға келді. Губернатор Ли Чжунвэнь оны бәйек болып күтті. Олар үш күн дамылдап, қаладағы сұлулардың көпшілігін алып кетті. Ли Чжунвэнь оларды тоқтата алмады. Көп төпей Шора қаған қайтыс болды»[9, 5154 б]. Бұл деректер Суй және Тан әулетінің билігі алмасқан алмағайып кезеңде түріктердің аймақ саясатында шешуші рөл атқарғанын көрсетеді.
⌠24⌡ 父摸末單于郁射設 – Шора қағанның екі ұлының есімі белгілі. Бірі – біз сөз етіп отырған құлпытас иесінің әкесі Ашина Момо, енді бірі – қытай тарихында атақты қолбасылар қатарында аталатын Ашина Шээр (阿史那社爾). Қытай жылнамаларында Момоның өмір жолы туралы арнайы тарау жоқ. Бірақ «Цзю Таншу» және «Синь Таншу» жылнамаларының «Юань Цзюньчжанның өмір баяны», «Ли Юаньцзидің өмір баяны», «Ван Даоцзунның өмір баяны», «Лю Ланьның өмір баяны» және «Түрік» сияқты тарауларында оның аты тілге алынады. Жылнамаларда оның ресми атағы Юйшэ шад (鬱射設немесе 奧射設) деп көрсетіледі. Ерте орта ғасырларда郁/奥 иероглифтері ʔi̯uk, ал 射 иероглифі dʑʰi̯a болып дыбысталуы мүмкін. Ендеше титулдың түркілік нұсқасы Ұза шад немесе Үзе шад болуға тиіс. Шора қаған мезгілсіз көз жұмғаннан кейін, И-чэн ханшайымның мұрындық болуымен қаған тағына марқұм әміршінің інісі Доби отырып, Ілік қаған атанады. Бұл жайында жылнамада «Шора қайтыс болды. (Шораның қатыны) И-чэн ханшайым ұсқынсыз әрі қайратсыз (Ашина Момо) Юйшэ шадты емес, Шораның інісі Добиды Ілік қаған деген атпен қаған көтерді»[9, 5154 б]. Момоның басына қойылған құлпытастан белгілі болғандай, ол 607 жылы туып, 649 жылы 43 жасында өмірден өткен. Демек, Шора қаған қайтыс болған жылы Момо он үшке толып, оң-солын танып қалған. Құлпытаста Ашина Момо есімінен кейін шаньюй сөзі келген, бұл, сірә, оған қайтыс болғаннан кейін берілген құрметті титул болуға тиіс.
⌠25⌡ 嫡子 – Қытай тілінде бұл сөз «бәйбішеден туған ұл» деген мағынада қолданылады. Кейде бәйбішеден туған ұлдардың үлкенін меңзеуі де мүмкін(12, 766 б). Чжу Чжэньхунның жазуынша, Момо Шора қағанның бәйбішесінен туған үлкен ұл[1, 23 б]. Алайда көрнекті қытайлық ғалым Гао Вэньдэ құрастырған «Қытайлық этно-тарихи тұлғалар сөздігінде» Ашина Шээр 604 жылы туып, 655 жылы өлді[13, 288 б] деп көрсетілген. Бұндай болғанда ол Ашина Момодан үлкен болуға тиіс. Деректердегі мұндай сәйкессіздіктер терең зерттеуді қажет ететіні түсінікті.
⌠26⌡ 唐初所部万餘家歸附 – Ашина Момоның Қытай империясымен қарым-қатынасының қалай басталғаны туралы «Синь Таншу» жылнамасы келесідей дерек ұсынады: «Ілік қаған Бағадыр шад аталып тұрған шағында ордасын Уюань аймағының солтүстік бөлігіне қондырды. (Суй әулетінің соңғы жылдарындағы көтеріліс жетекшілерінің бір) Сюэ Цзюй Пинлян қаласын алып, (Ілікпен) байланысты. Император (Гао-цзу олардың одақтасуынан) қауіптеніп, Юйвэнь Синь арқылы Ілікке сыйлықтар жіберді, сөйтіп, (Сюэ Цзюй екеуінің) арасына сына қақты. Суй (әулетінің соңғы жылдарындағы аласапыран кезеңде) Уюань аймағының басшысы Чжан Чансун қарауындағы бес қаламен жабайы (түріктерге) берілген болатын. Юйвэнь Синь (Ілікке) Уюань аймағын (иесіне) қайтаруға кеңес берді, (Ілік бұл ұсынысты) құп көрді әрі Цинь князінің (Ли Шиминь) қолымен бірігуге өзінің және Чжан Чансунның сарбаздарын жіберді. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, Юйчжун өңірін (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Шораның ұлы Юйшэ шад (Ашина Момо) қарауындағы он мың түтінді Сары өзеннің түстігіне қондырды, Линчжоу шекаралық бекініске айналды»[11, 6029 б]. Дәл осы оқиға «Цэ фу юань гуй» жылнамасында былай хатталған: «Фэнчжоу аймағы ит арқасы қиянда жатыр, ілгеріде Түріктерге қараған, (сондықтан жергілікті тұрғындар далалықтармен) тығыз қарым-қатынас жасап келеді, оған шектеу қою мүмкін емес. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, қала-кенттерді босатып, қараша халықты уақытша Линчжоу аймағына көшіруді, Уюань және Юйчжун аймақтарын (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Түрік (қағанаты) Шораның ұлы Юйшэ шадты қарауындағы он мынан астам түтінмен Сары өзеннің оңтүстік өңірін қоныс етуге жіберді, Линчжоу шекаралық аймаққа айналды»[7, 11469 б]. Келтірілген деректерден белгілі болғандай, Ашина Момо шамамен 618 жылы түрік-табғаш арасындағы келісімшартқа сәйкес қағанатқа қайтарылған ата қонысқа – қазіргі Му-Ус шөлінің оңтүстік жиегіндегі шұрайлы алқапқа ел-жұрттың аманатын арқалап көшіп келеді.
622 жылы Тан әскері Уюань аймағын қайта басып алды. Дегенмен 626 жылға дейін Сары өзеннің оңтүстігіндегі тарихи Хэнань өңірі іс жүзінде Ашина Момоның иелігінде болды. 629 жылы Ашина Момо қарауындағы тоғыз іркін елмен Тан әулетіне берілді. Оның жайы қытайлық жылнамада былай баяндалады: «Түріктерден береке кетті. Юйшэ шад Ашина Момо ел-жұртымен Сары өзеннің оңтүстігіне көш түзеді. (Тан елінің қолбасшысы) Лю Лань олардың арасына ірткі салып, бір-біріне жауықтыра түсті. Ілік қаған шынымен Момодан секем алды. Сөйтіп, Момоны үрей биледі. Ілік қаған оның соңынан қуғыншы жіберді. Лю Лань өз қолымен қуғыншылардың жолын кесіп, бетін қайтарды»[9, 2524 б]. Демек, Тан империясының арандатушылық әрекеттерінен кейін Ілік қағанның қысымына шыдамаған Ашина Момо 629 жылы Қытай сарайына беріледі.
⌠27⌡ 河南之地 – Хуанхэнің, атап айтқанда атақты Сары өзен иінінің ( Хэтао) оңтүстігіндегі егін және мал шаруашылықтары қатар дамыған аралас экологиялық аймақ. Жер шарасы шамамен қазіргі Солтүстік Шэньси және Ішкі Моңғолиядағы Ордос аймағына тура келеді.
⌠28⌡ 靈州 – Тарихи-географиялық әкімшілік бірлік. Солтүстік Вэй сарайының шешімімен 526 жылы құрылып, қазіргі Нинся-хуэй автономиялық регионының Учжун қаласына қарасты аумақты басқарған. Солтүстік Чжоу әулеті (557—581 жж.) билік құрған кезеңде әкімшілік орталығы Хуэйлэ қаласында орналасып, қазіргі Хэланьшань жотасының шығысы қапталынан Нинсяның Чжунвэй және Чжуннин аудандарының солтүстік бөлігі мен Яньчи ауданының батыс бөлігіне дейін созылып жатқан аймақты басқарды. 607 жылы Лин-у аймағы атанды. 620 жылдар шамасында Линчжоу атауы қайтарылды[4, 1610 б]. Суй әулетінің соңғы жылдарындағы көтеріліс жетекшілерінің бірі Сюэ Цзюй 618 жылғы Гаочжи шайқасында Тан әскеріне ауыр соққы жасайды һәм Гуаньчжун өңіріне шабуылды үдете түсу үшін түріктермен одақ құруға ұмтылады. Қытайлық жылнамаларға сенсек, Тан әскері жеңіліс тапқаннан кейін Ли Юань елші Юйвэнь Синь арқылы Бағадыр шад Добиды (болашақ Ілік қаған) паралап, оны Сюэ Цзюйге көмек беруден бас тартуға көндіреді һәм Линчжоу аймағын таратып, құрамындағы Уюань және Юйчжун өңірлерін Шығыс Түрік қағанатына береді, оның өтеуіне түріктер Тан әулетінің Сюэ Цзюй орнатқан Батыс Цинь әулетіне (617-618 жж.) қарсы жүргізген әскери операцияларына қолдау көрсетуге келіседі. Шамамен 626-627 жылдарға дейін Уюань өңірі Юйшэ шад Ашина Момоның иелігінде болады. 628 жылы қытайлық шенеуніктер Лю Минь мен Лю Лань іріткі салу айласын қолданып, Ілік қаған мен Ашина Момо арасына сына қағады. Араздық ұлғая келе Ашина Момо елден кетуге шешім жасайды. 629 жылы ол ел-жұртымен Тан әулетіне беріледі. Онымен бірге Иньнай (蔭奈, иероглифтер ерте орта ғасырларда ʔi̯əm-nɑi болуы мүмкін) тегін де Табғашқа мойын ұсынды. Сөйтіп, Линчжоу аймағы кезекті рет Қытай құрамына кіреді.
⌠29⌡ 右屯衛大將軍 – Ашина Момо бітіктасындағы келесі дерекпен сәйкес келмейді: «Мырза (Ашина Момо) заманның қас-қабағын жіті барлап, самұрықша қанат жазды, ұлы шөлді кесіп өтіп, (сарайға) қол тапсырды. (Империяға) адалдығын марапаттау үшін, (тақ иесінің) арнайы жарлығымен оған Жоғары бас қолбасшы (атағы) берілді, көп ұзамай Оң тұрғауыл қолбасшы (лауазымына) көтерілді». Демек, Ашина Момо Тан империясына берілгеннен кейін бірден Жоғары бас қолбасшы (上大將軍) атағымен жарылқанып, кейінірек Оң тұрғауыл қолбасшысы (右屯衛將軍) қызметіне көтерілген. Жоғары бас қолбасшы – шенеуніктерге сыйға берілетін және нақты өкілеттігі жоқ құрметті атақ. Оның мәртебесі Император күзетінің жоғары шенді командирімен, ал дәрежесі үшінші санаттың жоғары сатысындағы шенеуніктермен теңестірілген. Ал Оң тұрғауыл қолбасы – сарай күзетіндегі жоғары лауазымы қызмет және ол номиналды атақ емес, нақты әскери лауазым. Дәрежесі үшінші санаттың жоғарғы сатысына тән. Бұл лауазымға тағайындалған адам империяның ең таңдаулы элиталық Увэй гвардиясынан кейінгі сайлауыт бөлімді басқарған. Демек, Ли Шиминь ашина әулетінің өкілдерін өте маңызды да жауапты және тек сенімді адамдарға тапсырылатын лауазымды қызметтерге тарта білген. Біздің ойымызша, құлпытас мәтініндегі Ашина Момоның лауазымы Оң тұрғауыл тай қолбасы деп жаңылыс жазылса керек, дұрысы Оң тұрғауыл қолбасы болуға тиіс.
⌠30⌡ 太宗 – Ежелгі Қытайда билеуші әулеттен шыққан екінші императорға берілетін атақ[12, 248 б]. Құлпытас мәтінінде 626 жылдан 649 жылға дейін ел билеген Тайцзун император Ли Шиминь (598—649 жж.) айтылып тұр. Ли Шиминь, шүбә жоқ, әлем тарихындағы айтулы әміршілердің бірі. Ол әкесі Лю Юаньның басты бақталастары Сюэ Жэньгао, Лю Учжоу, Ван Шичун, Доу Цзяньдэ және Лю Хэйта биліктеріне қарсы соғыстарда әскер бастап, ерлігімен көзге түседі және өзіне адал саяси-әскери топ ұйымдастырып үлгереді. 626 жылы тақ мұрагері Ли Цзяньчэнді өлтіріп, әкесі Ли Юаньды тақты босатуға мәжбүр етеді. Қытайлық жылнамаларда оның сарай кеңесшілерінің пікіріне ілтипатпен құлақ түре білетін кішіпейілдігі, мемлекеттік қазынаны керекке жаратудағы үнемшілдігі айрықша аталады. Оның билігі кезінде Шығыс Түрік қағанаты (630 ж.) мен Сюеяньто мемлекеті (646 ж.) жойылып, империяға солтүстіктен төнетін қатер айтарлықтай азаяды. Бұл өз кезегінде экономиканың өркендеуіне, империяның саяси ықпалының күшеюіне жол ашады. 630 жылы Ілік қаған тұтқынға түскеннен кейін, Ли Шимин далалық көшпенділер тарапынан Тәңір қаған (天可汗) деп жарияланады. «Цзы чжи тун цзянь» жылнамасына сәйкес, «(630 жылдан) кейін солтүстік батыс (даладағы) ұлыс көсемдеріне жіберілген мөрлі хаттарда (Ли Шиминь әмісе) Тәңір қаған деп аталды». (10, 6073 б) Шын мәнінде бұл орта ғасырлық Қытай тарихында теңдессіз құбылыс болды: Қытай әміршісі алғаш рет бір мезетте «Аспан астының әміршісі» (Қытай билеушісі) һәм «Тәңір қағаны» (дала халықтарының ортақ әміршісі) атанды. Бұл империяның көпұлтты әлеуметтік құрылымының іргетасын бекемдеп, әлемдік империя ретінде қалыптасуына жол ашты. Ашина әулетінің өкілдері сарай қызметіне тартылып, Тайцзун императордың сенімді әскери-саяси қызметкерлерінің қатарын толықтырды.
⌠31⌡ 可怜公主 – Ашина Момо құлпытасына сәйкес, оның (Момоның) жұбайының тегі Ли, атағы Пинъи сяньчжу (平夷縣主). 635 жылы 31 қаңтар күні Чанъань қаласындағы Сюаньян махалласында дүниеден өтіп, 649 жылы 3 мамыр күні Ваньнянь ауданының Луншоу қорымына Ашина Момоның жанына қайта жерленеді. Оның аты-жөні белгісіз, қытайлық жылнамаларда ол жайлы дерек сақталмаған. Дегенмен, біз қарастырып отырған құлпытастан белгілі болғандай, ол Тан империясының негізін салған Ли әулетінен шыққан. Ол түріктерге Ли Шиминьнің үйінен ұзатылған. Мәтіндегі 可怜公主 тіркесінің нақты мағынасы түсініксіз. Ескі қытай тілінде 可怜 сөзінің бейшара, аяушылық тудыратын, сүйкімді, таңдай қақтырарлық деген бірқатар мағыналары бар. Біз мәтінге орай аяулы ханшайым деп баламаладық. Дегенмен бұл оған өмірден өткеннен кейін берілген құрметті атақ болуы да мүмкін.
⌠32⌡ 突厥郁射設,可怜公主,是朕親舊,情同一家,隨日初婚之時,在朕家內成禮,朕亦親見,追憶此事,無時暫忘。– Жылнамаларға сәйкес, Ашина Момо Даенің үшінші жылы (607 ж) дүниеге келген. Хатта «Суй (әулетінің билігі кезінде екеуі) бас құрады» деп көрсетілгеніне қарағанда, Момо мен Пинъи сяньчжу шамамен 617-618 жылдары үйленген болу керек. Бұл жылдары Момо 10~11 жаста ғана. Әрине, әскери-саяси одақтастыққа бағытталған саяси неке болғандықтан, отау иесінің жасы күдік тудырмауға тиіс. Тайцзун Ли Шиминьнің Момо мен Ли ханшайымның үйленген сәтін еске алып, арнайы жарлық хат жолдағанына қарағанда, Шібір қағанның билігі тұсында-ақ, болашақ Тан империясының іргесін қалаушы Ли Юаньнің ашина әулетінен шыққан Сичуньмен (болашақ Шора қаған) құдандалық (неке одағы) байланыстар орнатып үлгерген. Құлпытас мәтінінде «Тайшанхуан Сун Цзиньганның (әскерін) талқандады» деп, ал Ли Шиминьнің жардық мәтінінде өзін «朕(Мен)» (қытайлық дәстүрде тек император ғана өзін өзі 朕 – Чжэнь деп атай алады) деп атағанына сүйенер болсақ, жарлық Ли Юань биліктен шеттетіліп (Тайшанхуан атанып), император тағына Ли Шиминь көтерілгеннен кейін, нақтырақ айтқанда, Момо ел-жұртымен Тан империясына берілген 629 жылдың аяғында шығарылғанға ұқсайды.
⌠33⌡ 郎將 – Әскери лауазым. Тан әулеті Сарай күзеті басқармасы (親府), Құрмет қарауылы басқармасы (勳府) және Қосалқы күзет басқармасы (翊府) мекемелерінде ғана Күзет қолбасшының (中郎將) көмекшісі ретінде Оң және Сол ланцзян тағайындаған[2, 606 б].
⌠34⌡ 鴻鵠將飛便懷四海之志驥騄方騁已有千里之心 – Тікелей аудармасы: Аққу ұшар сәтте төрт теңізді мақсат етеді, тұлпар шабар сәтте мыңдаған шақырымды көздейді. Біз осы бейнелі тіркесті қазақшаға «Қанатын жазған аққудай көк жүзіне самғауды, бауырын жазған тұлпардай жер түбіне жортуды армандайтын» деп көшірдік. Мәтіндегі 鴻鵠 (аққу) қытай дәстүрінде асқақ арман-мақсатқа қол созған адамға метафора ретінде қолданылады. Ал 驥騄 (тұлпар немесе сәйгүлік) қытай мифологиясында айтылатын Му-ванның жел жетпес жүйріктерінің лақабы. Қытайлық дәстүрде бұл термин жүйрік, сымбатты жылқылармен қатар, қара үзген дарынды тұлғаларға метафора ретінде де қолданылады.
⌠35⌡ 神功元年八月十七日 – Шэньгуннің бірінші жылы сегізінші айдың он жетінші күні, қазіргі есепке сәйкес, 697 жылдың 9 қыркүйегіне тура келеді.
Осында ескеретін бір жайт бар: Шэньгун — патшайым У Цзэтянь Чжоу әулетінің билігін орнатқаннан кейін енгізген жыл санауы. Шэньгуннің бірінші жылы қызық Тауық жылына, яғни біздің заманымыздың 697 жылына туралы келеді. Алайда, У Цзэтянь Шэньгун атауын тек төрт ай (қыркүйектен желтоқсанға дейін) ғана қолданған. Нақтырақ айтқанда, ол 697 жылы қыркүйекте жыл атауын Шэньгунге ауыстырды және келесі жылдың қаңтар айында Шэнли (圣历) санауын енгізді. Сондықтан, біздің жыл санауымыз бойынша 697 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейінгі кезең Ваньсуй Тунтянь (萬歲通天) санауының екінші жылына тән. Демек, Ашина Уши, шын мәнінде, Ваньсуй Тунтяньның екінші жылы сегізінші айдың он жетінші күні қайтыс болған.
⌠36⌡ 河南府 – Тан империясының шығыс астанасы – Лоян қаласы 713 жылы Хэнань аймағы атанды. Чжу Чжэньхунның анықтауынша, 621 жылы Ван Шичун билігі талқандалып, Лочжоу аймағы қалпына келтіріледі. 713 жылы Лочжоу аймағы Хэнань фу (Хэнань аймағы) деп қайта аталды[1, 31 б].
⌠37⌡ 新安里 – Хэнань аймағына 26 аудан (үйез) қараған, Солардың бірі Синьань деп аталған. Тарихи деректерге сәйкес, Синьань ауданы аймақ орталығынан (Лоян қаласы) шығысқа қарай 35 шақырым қашықтыққа орналасқан. Құлпытас мәтініндегі Синьань аулы, негізі, Синьань ауданы болуға тиіс[1, 31 б].
⌠38⌡ 官舍 – Цинь және Хань әулеттері билік құрған кезеңнен бастап Қытайда лауазымды қызметке тағайындалған шенеуніктер бала-шағасымен мемлекет тарапынан уақытша берілген тұрғын үйлерде отыратын болған, қызметтік мерзімі аяқтағанша пайдалануға берілген бұл үйлер 官舍 – қызметтік үй деп талған.
⌠39⌡ 春秋六十有二 – Мәтіннен белгілі болғандай, Ашина Уши 697 жылы 62 жасында өмірден өткен, демек, ол 636 жылы туған.
⌠40⌡ 夫人趙氏 – Ашина Ушидің бәйбішесі Чжао ханым жайлы дереккөздерде қосымша мәліметтер жоқ. Ата-тегі Чжао деп көрсетілгеніне қарағанда, қытай қызы екенінде дау жоқ. Атап өтер бір жайт, Ашина Ушидің бабасы Ямар Суй әулетінен Ань-и және И-чэн ханшайымдарға, атасы Сичунь Ли ханымға, әкесі Момо Тан әулетінен Пин-и Сяньчжуға үйленген. Демек, олар мен қытайлық билеуші әулеттер арасында сары сүйек құдандалық байланыс мықтап бекіген.
⌠41⌡ 寶婺 – Бастапқы мағынасы: жиырма сегіз шоқжұлдыздың құрамына кіретін Қыз шоқжұлдызының бейресми атауы. Кейін бұл сөз көбінесе мифологиялық түсініктегі құдай-әйелдерге қатысты қолданылды. Мәтінде әйелдерге байланысты құрметті атау ретінде қолданылып тұр.
⌠42⌡ 女則 – Тан әулетінің Тайцзун императоры Лин Шиминьнің бәйбішесі Чжансунь патшайымның «Айымдар әдебі» дейтін еңбегі болған. Бұл жайлы жылнамада «(Чжансунь) патшайым ежелгі арулардың ізгілікті өнегесін жинақтаған он томдық еңбек жазып, оған «Айымдар әдебі» деген ат қойды»[9, 2166 б] делінеді. Мәтінде бұл сөз әйелдер қауымы ұстануға тиіс әдеп ережелері деген мәнде қолданылып тұр.
⌠43⌡ 神功二年十月十九日 – Біздің жыл санауымыз бойынша 698 жылы 26 қараша.
⌠44⌡ 京兆府 – 713 жылы құрылған аймақ, құрамына Чанъань және Ваньнянь аудандары (қазіргі Сиань қаласының аумағы) және Циньлин жотасының теріскейіндегі өңірлер кірді. Ішкі округ (關內道) пен Астаналық округтың басқармасы да осында орналасқан. [4, 1889 б]
⌠45⌡ 華原里 – Дереккөздерде Хуаюань ауылы туралы мәліметтер жоқ. Чжу Чжэньхун жапон тарихшысы Ивами Киехироға сілтеме жасап, бұл жерде Хуаюань ауданы айтылып тұрса керек деп болжайды[1, 32 б]. Хуаюань ауданы 586 жылы құрылған, 686 жылы Юнъань ауданы деп аталды. 706 жылы Хуаюань атауы қайтарылып, Астаналық аймақтың құрамына енгізілді[4, 1186 б].
⌠46⌡ 鏡前鸞影 – Ежелгі қытай аңызы бойынша, Кабул (罽宾) әміршісі біреулерден сыңар луань-няо (мифологиялық құс, түрі қырғауылға немесе тауысқа келеді, қауырсыны жалт-жұлт етіп құбылып тұрады, үні өте жағымды) сатып алады. Қапасын алтынмен аптап, күміспен қаптап, кім көрінгеннің қолы жете бермейтін кенеулі азықпен баптаса да, сыңар луань-няо мыңқ етіп үн салмайды. Арада үш жыл өтеді. Күндердің бір күні әміршінің ханымы «луань-няо тұқымдасын көрсе сайрайды деп естіп едім, неге айнаға жақын ұстамаймыз?» деп білгішсінеді. Әмірші ханымның кеңесімен луань-няоны айнаға жақындатады. Сол сәтте қола айнадан өзінің кескінін көрген сыңар, мұңлы луань-няо зарлы үн шығарып, бұлқынған беті шырқау биікке көтеріледі де жан тапсырады[14, 14 б]. Осы аңызға байланысты қытай тілінде жары қайтыс болып, жалғыз қалған адамның сүйенішсіз ауыр халін бейнелейтін 鏡裡孤鸞 (айнадағы сыңар луань) деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Бұл жерде осы тұрақты тіркес 鏡前鸞影 (айна алдындағы луань) деген нұсқамен беріліп тұр. Біз оқырманға түсінікті болу үшін тіркесті «сыңарынан айрылған мұңлы аққудай» деп аудардық.
⌠47⌡ 劍彩蛟分 – Тіркестегі 蛟分қытайдың ежелгі семсер өнеріндегі жаттығулардың бірі. Тұтас тіркестің мағынасы «судағы аждаһаны екіге бөлген киелі семсердей жарқ еткен жылдамдықпен» дегенге саяды. Бұл жерде Ашина Уши қайтыс болғаннан кейін, Чжао ханымның қайғыдан жұтап, не бәрі бір жыл екі айдан соң дүниеден озғаны меңзеліп тұрса керек.
⌠48⌡ 開元十一年十月十七日 – Біздің жыл санауымызбен 723 жылдың 19 қарашасы.
⌠49⌡ 龍首原 – Тарихи-географиялық аймақ. Хань әулетінен Суй әулетіне дейін Луншоушань, ал Тан әулеті билікке келгенде Луншоуюань атауымен белгілі болды. Астаналық аймаққа қарайтын Чанъань ауданынан солтүстікке қарай бес шақырым қашықтықта орналасқан. Шығыста Байлуюаньдағы Чаньхэ өзенінен батыста Фэншуй өзеніне дейін созылып жатады, жалпы ұзындығы алпыс шақырымнан асады.
⌠50⌡ 合葬 – Бір қабірге жерлеу, бірге жерлеу. Құлпытас мәтінінен белгілі болғандай, 697 жылдың 9 қыркүйегіне Хэнань аймағының Синьань ауданындағы қызметтік үйде көз жұмған Ашина Ушидің сүйегі арада 26 жыл өткенде, Чанъань шаһарына таяу Луншоуюань қорымына көшіріліп, жарының қасына қойылған. Ашина Ушидің әкесі Ашина Момо мен оның бәйбішесі Ли ханым және 722 жылы Ашина Ушидің ұлы Ашина Цзыну да осы қорымға жерленген еді. Сондай-ақ, Ашина Білге тегін, Ашина Білге ханша (Қапаған қағанның кенже қызы) секілді белгілі тұлғалардың да Луншоуюаньда жер қойнына тапсырылғаны анық. Біздің болжауымызша, осында Ашина әулетінің арнайы зираттығы болуы мүмкін.
⌠51⌡ 左驍衛翊府中郎 – Сол гвардиялық күзет әскерінің құрметті күзет басқармасы (左驍衛翊府) -- Сол гвардиялық күзет әскерінің (左驍衛) құрамындағы әскери құрылым, ол тікелей тақ мұрагеріне бағынады және ерекше сенім артылады[2, 812 б]. Чжунлан (中郎) – түнгі күзетке жауапты кежеуіл, императордың нөкері[2, 156 б].
⌠52⌡ 哲 – Ашина Ушидің тұңғыш ұлы Цзынудың екінші аты. 653 жылы туып, 722 жылы өлген. Оның басына қойылған құлпытас Қытайдың Сиань қаласының аумағынан табылған.
⌠53⌡ 芝蘭 – Ежелгі жазбаларда бұл сөз хош иісті шөптердің 芝(құртқашаш) және 蘭(орхидея) деп аталатын екі түрін білдіреді, дәстүрлі дүниетанымда олар ізгіліктің, достықтың немесе көрікті ортаның теңеуі ретінде қолданылады. Мәтінде біз құртқа және сүйсін деп аудардық.
⌠54⌡ 鄠杜 – Тура мағынасында Хусянь (鄠縣) ауданы мен Хань әулетінің Сюань-ди (漢宣帝) императоры жерленген Дулин (杜陵) кесенесін білдіреді. Мәтінде империя астанасы Чанъань меңзеліп тұр. Біз оны ескі қазақ тілінде астана мағынасында қолданылған байтақ сөзімен баламаладық.
Соңғы сөз
Ашина Ушидің құлпытасы – тарихи тұлғаның өмір жолы баяндалған эпиграфикалық ескерткіш қана емес,. Құнды мұраның өне бойынан ашина әулетінің бірнеше буынының басынан өткен тарихи оқиғалар, түркі билеуші әулетінің Суй және Тан империяларымен күрделі қарым-қатынасы, сондай-ақ сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік үдерістердің ізі байқалады. Құлпытас мәтінін қытай жылнамаларындағы деректермен салыстыра зерттеу арқылы Ашина әулетінің тарихына қатысты ақтаңдақтарды нақтылай түсуге, дереккөздеріндегі кей қайшылықтарды аңғаруға және Қытай империясының саяси кеңістігіндегі түркілердің орны мен рөлін тереңірек пайымдауға мүмкіндік туады.
Ең бастысы, құлпытастар – жылнамаларда кездесе бермейтін деректерді сақтап қалған түпнұсқа тарихи дереккөздер. Оларды қытай жылнамаларымен және басқа да түркілік эпиграфикалық мұралармен сабақтастыра зерттеу Еуразия тарихындағы түркі-қытай байланыстарының шынайы бейнесін тереңірек тануға жол ашады.
Әсіресе құлпытас мәтіні Тан империясының қызметінде болған түркі элитасының қытайылану үдерісі жайлы нақты болжалдар жасауға негіз болатын дереккөз ретінде де айтарлықтай мәні бар. Біз бұл бағыттағы талдауымызды Ашина Момоның немересі, Ашина Ушидің ұлы – Ашина Цзынудың басына қойылған тастың мәтінін қазақ тіліне аударғанда жалғастырамыз.
Арада он үш ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ашина Ушидің көртасындағы жазу өз міндетін әлі мінсіз орындап келеді: үнсіз көк тас ежелгі дәуірдегі адамдардың тағдыры мен сол заманның саяси-әлеуметтік өмірінің тынысын бүгінгі бізге хабарлап тұр. Ата тарихтың ізін шолған әр ұрпаққа тек жоқ іздеген жоқшыдай ыждағаттылық пен жауапкершілік керек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. 朱振宏. 阿史那勿施墓誌箋證. 《中國邊政》第194輯.中國邊政雜誌社所刊印, 2013
2. 呂宗力. 中國歷代官制大辭典. 北京:商務印書館,2015
3. 辭海. 上海:辭書出版社,2009
4. 戴均良等. 中國古今地名大詞典. 上海: 上海辭書出版社, 2005
5. 魏徵. 隋書. 北京:中華書局,2011
6. 歐陽修,宋祁. 新唐書. 北京:中華書局,2013
7. 王欽若等. 冊府元龜. 南京:鳳凰出版社,2006
8. 班固. 漢書. 北京: 中華書局,1962
9. 劉昫. 舊唐書. 北京:中華書局,1975
10. 司馬光. 資治通鑑. 北京,中華書局,1976
11. 歐陽修,宋祁. 新唐書. 北京:中華書局,2013
12. 辭源. 北京: 商務印書館, 1980
13. 高文德. 中國民族史人物辭典. 北京: 中國社會科學出版社, 1990
14. 劉敬叔. 異苑. 北京: 中華書局, 1996
Ерлан Мазан