84 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАБЫЛҒАН БОЗДАҚ: ӘНУАРБЕК ЫСҚАҚОВТЫҢ МАЙДАН ЖОЛЫ

Бөлісу

03.11.2026 188

Уәли би әулетінен шыққан, Қармақшы топырағының перзенті, лейтенант Әнуарбек Ысқақовтың Екінші дүниежүзілік соғыстағы тағдыры мұрағат құжаттары мен әулеттік шежіре арқылы қайта жаңғырды.


Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған алапат соғыс қазақ халқына да орны толмас қайғы әкелді. Майданға аттанған талай азамат туған жеріне оралмады. Бірінің есімі ел жадында сақталса, енді бірінің тағдыры ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді. Олардың артында ата-анасы, жары, балалары, бауырлары мен туған-туыстары қалды. Жылдар өткен сайын сарғайған хаттар, ескі фотосуреттер мен мұрағат құжаттары сол боздақтардың өмірінен сыр шертетін тарихи куәгерге айналды.

Арада 84 жыл өткенде сондай жауынгерлердің бірі – Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы, Уәли бидің шөбересі, лейтенант Әнуарбек Ысқақовтың (1918-27.04.1942) майдан жолына қатысты маңызды деректер жинақталып, оның тағдыры жаңа қырынан зерттеле бастады.

1942 жылғы 27 сәуірде Ресейдің Смоленск облысындағы Велиж қаласы үшін болған шайқастар кезінде қаза тапқан қазақ офицерінің есімі туған елінде ұмытылған жоқ. Оның аты Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтасына алтын әріптермен жазылған.

Алайда офицердің нақты әскери қызмет жолы, соңғы шайқасы, жерленген жері және артында қалған жары мен баласының кейінгі тағдыры толық зерттелмеген.

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында сақталған әскери құжаттар мен әулеттік шежірелерді салыстыра зерделеу осы белгісіз жайттарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Бұл зерттеу бір ғана жауынгердің өмірбаянын қалпына келтіру емес, бірнеше ұрпақтың тағдырын тоғыстырған үлкен әулеттің тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған.

Уәли биден тараған текті әулет. Әулеттік шежіре бойынша, Әнуарбек Ысқақов – Сыр өңірінің қоғамдық өмірінде өзіндік орны болған Уәли би Итенұлының (1798–1882) шөбересі.

Оның атасы – Байзақ Уәліұлы (1868–1943), әкесі – Ысқақ Байзақұлы (1888–1958).

Уәли биден бастау алатын бұл әулет Сыр бойындағы қоғамдық өмірмен, ел басқару ісімен, ағартушылық дәстүрмен және ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты болған.

Әнуарбектің атасы Байзақ Уәліұлы да ел ішінде би атанған, Қармақшы өңірінің құрметті ақсақалдарының бірі болған.

Ол Байзақ тоғайының иегері ретінде танылған. Бүгінде әулет тарихында сақталған осы жер атауы Байзақ бидің есімімен тікелей байланыстырылады.

Байзақ би тек ел арасындағы дау-дамайды шешіп, жұртқа ақыл айтқан тұлға ғана емес, білім мен ағартушылықтың маңызын терең түсінген азамат болған.

Әулеттік деректерге қарағанда, ол Ресей жерінен ноғай молданы арнайы шақыртып, мешіт ашқызып, балалардың сауат ашуына жағдай жасаған.

Бұл бастама сол кезеңдегі ауыл өмірі үшін маңызды оқиға еді. Өйткені халықты сауаттандыру, діни білім беру, жастарды оқуға баулу – елдің рухани және мәдени дамуына тікелей әсер ететін іс болатын.

Байзақ би өз балаларының да білім алуына ерекше көңіл бөлген. Әулет естеліктерінде оның барлық баласын сауатты етіп тәрбиелеуге ұмтылғаны айтылады.

Бұл ағартушылық дәстүр кейін оның ұрпақтарының өмір жолынан да көрініс тапты.

Байзақ бидің қуғын-сүргінге ұшырауы. Байзақ Уәліұлының өмірі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күрделі қоғамдық-саяси өзгерістермен тұспа-тұс келді.

1930-жылдардың басында Қазақстанда жүргізілген күштеп ұжымдастыру, тәркілеу мен саяси қуғын-сүргін көптеген отбасылардың тағдырына ауыр әсер етті.

Әулеттік деректерге сәйкес, 1932 жылы Байзақ Уәліұлы «середняк», яғни орта шаруа ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, Ырғыз өңіріне жер аударылған.

Бұл оқиға Байзақ би әулетінің тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі болды. Ел арасында беделі бар, бұрын би болған, ауылдың ағартушылық ісіне ықпал еткен азаматтың жер аударылуы отбасы мен туған-туыстарына үлкен қиындық әкелген.

Дегенмен балаларының көмегімен Байзақ би кейін Қармақшы өңіріне аман-есен оралған.

Әулет естеліктерінде оның туған жеріне қайта оралуы ұрпақтары үшін маңызды оқиға ретінде сақталған.

1943 жылғы 15 ақпанда Байзақ Уәліұлы 75 жасында баласы Ахметбектің қолында дүниеден өтті.

Ол ата-бабалар қорымы саналатын Қорқыт қорымында, әкесі Уәли би Итенұлының (1798–1882) жатқан жеріне жақын жерленген.

Осылайша, Байзақ бидің ғұмыры ел басқару, ағартушылық, қоғамдық өзгерістер, қуғын-сүргін және туған жерге қайта оралу сияқты күрделі тарихи оқиғалармен сабақтасты.

Оның өмір жолы Қармақшы өңірінің ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік тарихын зерттеуде де маңызды орын алуға лайық.

Ысқақ Байзақұлы – Қармақшы өңірінің алғашқы педагогтерінің бірі. Байзақ бидің баласы Ысқақ Байзақұлы (1888–1958) әкесінің білім мен ағартушылыққа деген ұстанымын жалғастырған азаматтардың бірі болды.

Әулеттік мәліметтер бойынша, ол Қармақшы ауданындағы алғашқы педагогтердің қатарында болып, мектеп директоры қызметін атқарған.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ ауылдарында мектеп ашу, балаларды оқыту, сауатсыздықты жою және оқу ісін ұйымдастыру үлкен жауапкершілікті талап етті.

Осындай кезеңде білім беру саласында еңбек еткен Ысқақ Байзақұлының ағартушылық қызметі арнайы зерттеуге лайық.

Оның алғашқы жұбайы – Маханқызы Бәти (1888–1930/1933).

Әулеттік деректерде Бәти Маханқызының 1930–1933 жылдар аралығында дүниеден өткені айтылады. Нақты қайтыс болған жылы әлі де анықтауды қажет етеді.

Кейін Ысқақ Байзақұлы екінші рет отбасын құрып, Балаш Тәшкенбайқызына (1913-1988) үйленген.

Балаш әже де осы үлкен әулеттің кейінгі тарихында өз орнын алған.

Ысқақ Байзақұлының отбасы көпбалалы болған. Әулеттік мәліметтерде Асқарбек, Әнуарбек, Жәнібек, Оразбек, Жанабақыт, Қанибек, Жеңісбек, Сапарбек, Кенжебек есімді ұлдар, сондай-ақ Күнжан, Ақбала, Ханымкүл, Рая және Рамза есімді қыздар аталады.

Олардың ішінде Әнуарбек Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға аттанып, туған жеріне қайта оралмады.

Байзақ тоғайында дүниеге келген боздақ. Әулеттік шежіре бойынша, Әнуарбек Ысқақов 1918 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Байзақ тоғайында, сол кездегі №13 ауылда дүниеге келген.

Оның балалық шағы Сыр өңіріндегі дәстүрлі ауыл өмірімен, ал жастық кезеңі кеңестік қоғамның күрделі өзгерістерімен тұспа-тұс келді.

Атасы Байзақ бидің ағартушылық қызметі, әкесі Ысқақ Байзақұлының ұстаздық жолы – Әнуарбек өскен ортаның білім мен тәрбиеге мән бергенін көрсететін маңызды деректер.

Мұрағаттағы офицерлік құрамның есеп карточкасында оның сегіз сыныптық білімі болғаны көрсетілген.

1939 жылы ол Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясының қатарына қабылданған. Ол кезде небәрі 21 жас шамасында болатын.

Әскери қызметін бастаған жас азамат кейін офицерлік құрамға көтерілген.

1941 жылғы 22 шілдеге қатысты құжатта оның 23-ші запастағы полкте взвод командирі қызметін атқарғаны және Орта Азия әскери округінің №0478 бұйрығы көрсетілген.

Кейінгі әскери жазбаларда 91-ші жеке батальонда қызмет өткергені, танкіге қарсы мылтықтар взводының командирі болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі.

Офицерлік есеп құжаттарында оның әскери атағы лейтенант деп көрсетілген.

Осылайша, Әнуарбек Ысқақов соғыс басталғанға дейін әскер қатарына қабылданып, кейін майданда жауапты әскери міндеттер атқарған.

Алматыда қалған жас отбасы. Әнуарбек Ысқақовтың өміріндегі ең аянышты оқиғалардың бірі оның отбасылық тағдырымен байланысты.

Әулеттік мәліметтер бойынша, Әнуарбек татар ұлтынан шыққан қызға үйленген. Жас отбасы Алматы қаласында тұрған. Алайда олардың бейбіт өмірі ұзаққа созылмады.

Әнуарбек майданға аттанар алдында жұбайының аяғы ауыр болған. 1942 жылдың ақпан айында олардың Мұратбек есімді ұлы дүниеге келді.

Бұл кезде Әнуарбек әскери қызметте болатын.

Сәбидің өмірге келуі жас отбасы үшін үлкен қуаныш болғанымен, арада көп уақыт өтпей қаралы хабар жетті.

1942 жылғы 27 сәуірде лейтенант Әнуарбек Ысқақов майданда қаза тапты.

Сол кезде оның ұлы Мұратбек небәрі екі-үш айлық нәресте еді.

Осылайша, жас ана сәбиімен жесір қалды. Ал Мұратбек әкесінің мейірімі мен қамқорлығын көріп өсу мүмкіндігінен айырылды.

Әнуарбектің ұлын алғаш рет көріп, бауырына басып үлгергені немесе үлгермегені жөнінде нақты мәлімет жоқ.

Алайда майданда қаза тапқан жас офицердің артында Мұратбек есімді ұлы қалғаны әулеттік деректер арқылы белгілі.

Оның кейінгі өмір жолы, қайда тұрғаны, отбасын құрған-құрмағаны және одан ұрпақ тараған-тарамағаны әлі күнге дейін анықталмаған.

Қармақшыдағы белгісіз оқиға. Әнуарбек Ысқақовтың отбасылық тарихында бүгінге дейін толық анықталмаған күрделі оқиға бар.

Әулет үлкендерінен жеткен естеліктерге қарағанда, Әнуарбек майданда қаза тапқаннан кейін оның татар ұлтынан шыққан жұбайы мен кішкентай Мұратбекке қатысты Қармақшыдағы туыстарымен байланыс орнату әрекеті болған.

Алайда оқиғаның нақты қалай өрбігені белгісіз.

Әнуарбектің жұбайы Мұратбекті ертіп Алматыдан Қармақшыға келді ме, әлде баласының фотосуретін ғана жіберді ме – бұл жөнінде біржақты қорытынды жасауға мүмкіндік беретін құжат әзірге табылмаған.

Әулет арасында сақталған әңгімелерде Ысқақ Байзақұлының келінін қабылдамағаны айтылады.

Дегенмен мұндай оқиғаның нақты қандай жағдайда, қандай себеппен болғаны белгісіз. Сондықтан бұл мәліметті түпкілікті дәлелденген тарихи оқиға ретінде емес, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен отбасылық естелік ретінде қарастырған жөн.

Кейін жас ана мен баланың Қармақшыдағы туыстарымен байланысы қалай жалғасқаны, қашан және қандай жағдайда үзілгені де анықталмаған.

Бұл сұрақтарға жауап іздеу бүгінгі тарихи-генеалогиялық зерттеудің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.

1943 жылдан жеткен аманат – Мұратбектің суреті. Әнуарбек Ысқақовтың отбасылық тарихын зерттеу барысында ерекше құнды жәдігер сақталғаны белгілі болды.

Ол – майданда қаза тапқан қазақ офицерінің ұлы Мұратбектің сәби кезінде түсірілген фотосуреті.

Суреттің сыртқы бетінде араб графикасымен жазылған қазақша мәтін сақталған. Сонымен бірге оның мазмұны кирилл әрпімен түсіндірілген қолжазба да бар.

Жазбадан: «5 айлық кезімде түскен суретім» деген сөздер оқылады.

Сондай-ақ баланың есімі: «Мұратбек Ануарбекұлы Исхаков» деп көрсетілген.

Жазбада фотосуреттің Оразбек ағасына және отбасының үлкендеріне жолданғаны айтылады. Оразбек – әулеттік шежіреде Әнуарбектің бауырларының бірі ретінде аталған азамат.

Фотосуретке қатысты жазбалардың бірінде 1943 жыл көрсетілген. Мұратбек 1942 жылдың ақпанында дүниеге келгендіктен, оның бес айлық кезі сол жылдың жазына сәйкес келеді. Сондықтан сурет 1942 жылы түсіріліп, кейінірек туыстарына жолданған болуы ықтимал.

Алайда нақты түсірілген күні мен жазбаның жазылған уақытын қосымша анықтау қажет. Бұл фотосурет майданда қаза тапқан Әнуарбектің артында қалған ұлы туралы сақталған аса маңызды отбасылық жәдігер болып табылады.

Оның әулет мұрағатында сақталуы жас ана мен әкесінің туыстары арасында белгілі бір кезеңде байланыс болғанын аңғартады. Бүгінде осы бір ескі фотосурет бірнеше ұрпақ арасындағы үзілген байланысты қайта жаңғыртуға себеп болып отыр.

1967 жылғы іздеу: Шарифа Валиева туралы дерек. Әнуарбек Ысқақовтың татар ұлтынан шыққан жұбайының кейінгі тағдыры әлі де белгісіз.

Әулетте сақталған материалдардың арасында 1967 жылы Ресейдің Ижевск қаласындағы республикалық мекенжай бюросынан алынған жауап бар.

Онда 1893 жылы туған Валиева Шарифа есімді әйелдің тіркеу деректері анықталғаны көрсетілген.

Мекенжай анықтамасында оның Ижевск қаласындағы Орджоникидзе көшесінің №3 үйінде тіркелгені жазылған.

Құжатта 1964 жылғы 3 сәуір мен 1967 жылғы 5 қарашаға қатысты тіркеу мәліметтері кездеседі.

Мекенжай бюросының жауабында осы аты-жөнмен басқа адамның табылмағаны хабарланған.

Алайда бұл адамның Әнуарбектің іздеудегі жұбайы екені анықталмаған. Құжатпен бірге сақталған қолжазбада табылған Шарифаның ізделіп отырған әйел болмауы мүмкін екені айтылып, қосымша мәліметтер сұралған.

Оның үстіне іздеудегі әйелдің тегі «Валиева», «Валеева» немесе басқа нұсқада жазылған болуы да ықтимал.

Әулеттік фотоматериалдардың арасында жас әйелдің бейнесі кездескенімен, оны Ижевскідегі анықтамада көрсетілген адаммен сәйкестендіруге жеткілікті дәлел жоқ.

Соғыстан кейінгі кезеңде адамдардың бір қаладан екінші қалаға қоныс аударуы, фамилияларының өзгеруі және құжаттардың толық сақталмауы іздестіру жұмыстарына айтарлықтай қиындық келтірген. Сондықтан 1967 жылғы Ижевск мекенжай бюросының жауабын Әнуарбектің жұбайы табылды деген түпкілікті дәлел ретінде қарастыруға болмайды.

Дегенмен бұл құжат отбасы мүшелері арасындағы байланысты қалпына келтіруге бағытталған ізденістердің сол кезеңде де жүргізілгенін айғақтайды.

Алдағы уақытта Алматы қаласындағы туу туралы акт жазбаларын, тұрғындарды тіркеу құжаттарын және Шарифа есімімен байланысты материалдарды зерттеу қажеттігі туындап отыр.

Әсіресе 1942 жылдың ақпанында дүниеге келген Мұратбектің туу туралы акт жазбасын анықтау маңызды. Онда анасының толық аты-жөні көрсетілуі мүмкін.

48-ші жеке атқыштар бригадасындағы майдан жолы. Әнуарбек Ысқақовтың соңғы әскери қызмет орны ретінде 48-ші жеке атқыштар бригадасы көрсетілген.

Офицерлік құрам тізімінен шығару туралы құжаттардың бірінде оның осы бригаданың 2-ші атқыштар батальонында қызмет өткергені жазылған.

48-ші жеке атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде сол кездегі Молотов облысында, қазіргі Пермь өлкесінде жасақталған.

Бригада 1941 жылғы желтоқсан айынан бастап майдандағы ұрыс қимылдарына қатысып, кейін 4-ші екпінді армия құрамында батыс бағытындағы әскери операцияларға тартылған.

1942 жылдың алғашқы айларында аталған әскери құрам Смоленск облысының Велиж қаласы маңында ауыр шайқастар жүргізді.

Велиж сол кезеңде әскери-стратегиялық маңызы бар елді мекендердің бірі болатын.

Неміс әскерлері қаладағы ғимараттар мен көшелерді қорғаныс бекіністеріне айналдырып, кеңес әскерлерінің шабуылдарына табанды қарсылық көрсетті.

Қала кварталдары үшін болған шайқастар бірнеше айға созылып, екі тарап та айтарлықтай шығынға ұшырады.

Осындай ауыр жағдайда лейтенант Әнуарбек Ысқақов та өзіне жүктелген әскери міндетін орындады.

1942 жылғы 27 сәуір – соңғы шайқас. Мұрағаттық зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі – Әнуарбек Ысқақовтың қаза тапқан нақты күнінің анықталуы. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы құжаттарға сәйкес, лейтенант Әнуарбек Ысқақов 1942 жылғы 27 сәуірде қаза тапқан.

Осы күнгі әскери оқиғалар Калинин майданының жауынгерлік құжаттарында көрініс тапқан. 1942 жылғы 27 сәуірде 4-ші екпінді армияның бөлімдері Велиж қаласы бағытында шабуыл жүргізген. 48-ші жеке атқыштар бригадасы 334-ші атқыштар дивизиясының 1124-ші атқыштар полкімен бірлесіп, қаланың шығыс бөлігіндегі қарсылас бекіністеріне шабуыл жасаған.

Әскери мәліметтер бойынша, сағат 15:00 шамасында кеңес бөлімдері қаланың №64 және №65 кварталдарын иеленіп, №39, №70 және №71 кварталдар үшін ұрысты жалғастырған. Неміс әскерлері артиллериялық және пулеметтік қарсылық көрсетіп, шабуылдаушы бөлімдерге қарсы соққылар жасаған.

Дәл осы күні лейтенант Әнуарбек Ысқақов қаза тапты. Оның әскери бөлімінің Велиж қаласы үшін жүргізілген ұрыстарға қатысуы мен қаза тапқан күнінің сәйкес келуі қазақ офицерінің осы майдандағы шайқастар кезінде мерт болғанын болжауға негіз береді.

Алайда оның нақты қай жерде, қандай әскери тапсырманы орындау кезінде және қандай жағдайда қаза тапқанын анықтау үшін бригаданың 2-ші батальонына қатысты қосымша әскери құжаттарды зерттеу қажет.

Әскери мұрағаттағы аты-жөнінің әртүрлі жазылуы. Зерттеу барысында Әнуарбек Ысқақовтың аты-жөні әскери құжаттарда бірнеше нұсқада кездесетіні анықталды.

«Память народа» электрондық мұрағатында ол: «Искаков Ануарбек Байзакович», «Исхаков Андарбей Байзамович», «Исхаков Ануарбей Байзамович» деген нұсқалармен тіркелген.

Мұндай айырмашылықтар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы әскери құжаттарда жиі кездескен.

Қазақ және басқа да түркі халықтарының есімдері орыс тіліндегі ресми іс қағаздарға түсірілгенде олардың дыбыстық ерекшеліктері толық сақталмай, әртүрлі жазылып отырған.

Әулеттік мәлімет бойынша, Әнуарбектің әкесі Ысқақ Байзақұлы, атасы Байзақ Уәліұлы болған.

Сондықтан әскери құжаттардағы «Байзакович» және «Байзамович» нұсқаларының пайда болу себебі қосымша зерттеуді қажет етеді.

Әскери есеп құжаттарының бірінде оның туған жері «Қазақ КСР, Орда ауданы» деп көрсетілген. Ал әулеттік шежіре бойынша, ол Қармақшы ауданындағы Байзақ тоғайында дүниеге келген.

Бұл айырмашылықтарды түпнұсқа құжаттармен және жергілікті архив материалдарымен салыстыру қажет.

Сонымен қатар кейбір әскери құжаттарда оның соңғы қызмет орны 48-ші жеке атқыштар бригадасы ретінде көрсетілсе, басқаларында 215-ші атқыштар дивизиясы аталады.

1942 жылғы 19 мамырда 48-ші жеке атқыштар бригадасының негізінде 215-ші атқыштар дивизиясы құрылған.

Сондықтан кейінгі әскери есеп жүргізу кезінде бұрынғы бригада құрамында қаза тапқан жауынгерлердің деректері жаңа дивизиямен байланыстырылған болуы мүмкін.

Боздақтың мәңгілік мекені қайда? Әнуарбек Ысқақов туралы қайтымсыз шығындар жөніндегі мұрағат хабарламасында оның жерленген орны ретінде Ресей Федерациясы, Смоленск облысы, Велиж ауданы, Велиж қаласы көрсетілген.

Қаланың қазіргі ресми атауы да – Велиж. Велиж Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауыр шайқастар жүрген тарихи қалалардың бірі. Ол 1943 жылғы 20 қыркүйекте неміс әскерлерінен толық азат етілді.

Бүгінде қалада соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге арналған бірнеше әскери жерлеу орны мен ескерткіш бар. Олардың бірі – «Лидова гора» әскери мемориалы.

Аталған мемориалдың картадағы шамамен географиялық координаттары: 55.6014° солтүстік ендік, 31.1867° шығыс бойлық. Алайда бұл координаттар Әнуарбек Ысқақовтың жеке қабіріне емес, мемориал орналасқан аумаққа тиесілі. Қазіргі уақытта оның дәл осы мемориалда жерленгенін растайтын жеке жерлеу тізімі анықталған жоқ.

Сондықтан жауынгердің нақты мәңгілік мекенін анықтау мақсатында Велиж муниципалдық округінің әкімшілігінен, әскери комиссариатынан және әскери-мемориалдық мекемелерден қосымша деректер сұрату қажет.

Әсіресе 1942 жылғы алғашқы жерлеу құжаттарын, соғыстан кейінгі қайта жерлеу актілерін және бауырластар зираттарының тізімдерін салыстыру маңызды. Жосалыдағы ескерткіште сақталған есім. Әнуарбек Ысқақовтың туған жерінде оның есімі ұмытылған жоқ.

Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткіш орнатылған.

Әулеттік мәліметтер бойынша, сол ескерткіштің тақтасында лейтенант Ысқақов Әнуарбек Байзақұлының (1918-1942) есімі алтын әріптермен жазылған.

Бұл – жауынгердің туған елінің тарихи жадында сақталғанының маңызды айғағы. Алайда есімінің ескерткіште жазылуы оның толық өмірбаяны зерттелді дегенді білдірмейді.

Әскери қызметінің нақты кезеңдері, Велиж қаласындағы соңғы шайқасы, алғашқы жерленген орны және артында қалған отбасының тағдыры әлі де толық зерттеуді қажет етеді.

Сондықтан бүгінгі мұрағаттық ізденістер Жосалыдағы ескерткіште сақталған есімнің артындағы адам тағдырын кеңінен танытуға бағытталған.

Бұл бағыттағы зерттеу нәтижелері туған өлкесінің тарихын толықтырып қана қоймай, жергілікті мектептер мен өлкетану музейлерінің тарихи материалдарын байыта түсуі мүмкін.

Әулет ұрпағы Бақытжан Ахметбектің ізденісі. Әнуарбек Ысқақовтың тағдырын анықтау ісінде әулеттік шежіре мен ұрпақтар арасындағы тарихи байланыстың маңызы ерекше.

Уәли би әулетінің немере буын өкілі Бақытжан Ахметбек майданда қаза тапқан Әнуарбек Ысқақовтың әскери өмірбаянын қалпына келтіруге, мұрағаттық құжаттарды жинақтауға және отбасылық тарихтағы белгісіз жайттарды анықтауға атсалысып келеді.

Оның ізденісінің басты мақсаты – Әнуарбектің майдан жолын анықтап қана қоймай, оның артында қалған ұлы Мұратбек пен жұбайының кейінгі тағдырын зерттеу.

Әскери мұрағат құжаттары, әулеттік шежірелер, ескі фотосуреттер мен 1967 жылғы іздестіру материалдары өзара салыстырылуда. Әсіресе Мұратбектің бес айлық кезіндегі фотосуретінің сақталуы зерттеуді жаңа бағытта жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бірақ әлі де жауапсыз сұрақтар көп. Мұратбек қайда өсті? Анасы екеуі соғыстан кейін қай жерде тұрды? Ол отбасын құрды ма? Артында балалары немесе немерелері қалды ма?

Бұл сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ.

Сонымен қатар Ысқақ Байзақұлының педагогтік қызметі, Байзақ Уәліұлының ағартушылық еңбегі, 1932 жылғы жер аударылуы және Қорқыт қорымындағы ата-бабалар тарихы да қосымша зерттеуді қажет етеді.

Бақытжан Ахметбектің ізденісі – бір әулеттің жоғалған байланысын іздеу ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыс пен кеңестік қуғын-сүргін кезеңінде тағдыры күрделенген адамдардың тарихын жаңғырту жолындағы маңызды іс.

Бәлкім, осы мақала жарық көргеннен кейін Мұратбекті немесе оның ұрпақтарын білетін азаматтар табылар. Мүмкін, бір отбасының мұрағатында Әнуарбек Ысқақовтың есімі жазылған хат, фотосурет немесе басқа да құжат сақталған болар. Осындай мәліметтердің әрқайсысы ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген тағдырдың жаңа бір бетін ашуы мүмкін.

84 жылдан кейін жаңғырған тарихи тағдыр. Әнуарбек Ысқақовтың өмір жолына қатысты деректердің арада 84 жыл өткенде жинақталып, зерттеле бастауы – тарихи жадымыз үшін маңызды оқиға.

Ол 1918 жылы Қармақшы топырағындағы Байзақ тоғайында дүниеге келді.

Арғы атасы Уәли би Итенұлы ел тарихында өзіндік орны болған тұлға ретінде әулет жадында сақталды. Атасы Байзақ Уәліұлы би болып, мешіт ашқызып, бала оқытуға жағдай жасады. 1932 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Ырғызға жер аударылды. Кейін туған жеріне оралып, 1943 жылғы 15 ақпанда дүниеден өтті.

Әкесі Ысқақ Байзақұлы Қармақшы өңіріндегі алғашқы педагогтердің бірі ретінде ағарту ісіне үлес қосты. Ал Әнуарбек 1939 жылы әскери қызметке қабылданып, кейін лейтенант шенінде қызмет атқарды.

Алматы қаласында отбасын құрып, болашаққа үмітпен қарады. 1942 жылдың ақпан айында оның Мұратбек есімді ұлы дүниеге келді.

Алайда сол жылдың 27 сәуірінде Әнуарбек майдан даласында қаза тапты. Оның өмірі 23–24 жас шамасында үзілді.

Артында әкесі Ысқақ Байзақұлы, бауырлары, сүйген жары және екі-үш айлық ұлы қалды. Анасы Бәти Маханқызы одан бұрын, 1930–1933 жылдар аралығында дүниеден өткен еді. Әкесі Ысқақ Байзақұлы 1958 жылы қайтыс болды. Демек, ол майданда қаза тапқан ұлынан кейін тағы он алты жыл өмір сүрді. Ал Мұратбек әкесінің қамқорлығын көрмей өсті.

Осы бір отбасының тағдыры арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ қоғамына әкелген қайғы-қасіретін терең сезінуге болады. Майданда қаза тапқан жас әкенің артында қалған сәби, өмірлік жарынан айырылған ана, ұлын сағынған әке мен бауырлар – мұның бәрі сол дәуірдің адамдық қасіретін көрсетеді.

Алайда отбасының кейінгі тарихы да күрделі болып шықты. Келініне қатысты сақталған әулеттік естелік, Мұратбектің бес айлық фотосуреті, 1967 жылғы мекенжай бюросының жауабы – осы оқиғалардың әрқайсысы әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи дерек.

Бүгінде мұрағат құжаттары арқылы Әнуарбек Ысқақовтың майдан жолын қалпына келтіру тарихи жадты жаңғыртудың маңызды бағытына айналып отыр. Бұл ізденіс мұнымен тоқтамауға тиіс. Алдағы уақытта Әнуарбектің жеке фотосуреттерін, жұбайының толық аты-жөнін, ұлы Мұратбектің өмірбаянын, оның ықтимал ұрпақтарын және жауынгердің нақты жерленген орнын анықтау қажет.

Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы Байзақ тоғайының тарихын, №13 ауылдың әкімшілік орналасуын, Ысқақ Байзақұлының педагогтік қызметін, Байзақ бидің ағартушылық еңбегін және 1932 жылғы қуғын-сүргінге қатысты мұрағат құжаттарын жүйелі түрде зерттеу маңызды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде бір ғана жауынгердің емес, Сыр өңірінің қоғамдық, рухани және ағартушылық тарихына үлес қосқан тұтас бір әулеттің өмір жолын толықтыруға мүмкіндік туады.

Ер есімі – ел есінде. Тарих тек ірі шайқастар мен қолбасшылардың есімдерінен ғана тұрмайды. Ол қарапайым адамдардың тағдырынан, олардың арманы мен үмітінен, туған жерге деген сағынышынан және артында қалған ұрпақтарының өмірінен құралады. Әнуарбек Ысқақовтың тағдыры – соның айқын мысалы.

Қармақшы топырағында дүниеге келген жас азамат Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде лейтенант ретінде әскери міндетін орындап, Смоленск жерінде қаза тапты. Ол өз ұлы Мұратбектің ер жеткенін көре алмады. Ал Мұратбек әкесінің қамқорлығын көрмей өсті.

Арада 84 жыл өтсе де, оның есімі әулет жадынан өшкен жоқ. Бүгінде оның есімі Жосалы кентіндегі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткіш тақтасында сақталған. Ал Бақытжан Ахметбек сынды әулет ұрпақтарының ізденісі арқылы сарғайған мұрағат құжаттары қайта қаралып, белгісіз тағдырдың жаңа беттері ашылуда.

Әрбір табылған құжат, әрбір фотосурет, әрбір қолжазба – өткен мен бүгінді жалғайтын тарихи көпір. Әнуарбек Ысқақовтың майдан жолын толық зерттеу, нақты жерленген орнын анықтау және ұлы Мұратбектің кейінгі тағдырын табу – алдағы тарихи ізденістердің басты міндеттерінің бірі.

Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің тарихи жадына қатысты мәселе.

Сыр бойындағы Байзақ тоғайынан майданға аттанып, Смоленск жерінде мәңгілік тыныстаған қазақ офицерінің есімі туған елінің тарихынан лайықты орын алуға тиіс.

84 жылдан кейін мұрағат құжаттары арқылы қайта жаңғырған Әнуарбек Ысқақовтың тағдыры – ерлік пен қайғының, әке мен бала арасындағы үзілген байланыстың, ұрпақ жадында сақталған сағыныштың тарихы. 

Алматы әскери жаяу әскер училищесі элиталық командалық құрамды даярлау полигоны болды, оның түлектері соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданның ең қиын салаларына жіберілді. Әнуарбек Байзақұлының оны бітіргені оның кәсіби, жоғары білікті жаяу әскер офицері, ең қиын жауынгерлік тапсырмаларға дайын екенін толық растайды.

Ахметбек Бақытжанның мұрағаттық отбасылық фотосуретте лейтенант Ысқақов соғысқа дейінгі немесе ерте әскери формада (төмен қарайтын жағасы бар туника және иық бауларында лейтенант шенінің белгісі бар) бейнеленген. Оның кеудесіне сол кезде үлкен мақтанышпен тағылған және маңызды жетістіктер болып саналатын екі КСРО әскери физикалық ерлігінің төсбелгісі бекітілген:

1. 1-деңгейлі «ГТО» (Еңбекке және қорғанысқа дайын) төсбелгісі - шынжырларға тағылған аспалы төсбелгі. 1930 және 1940 жылдардың басында бұл жай ғана жаппай дене шынықтыру марапатынан артық нәрсе болды. ГТО төсбелгісін алу үшін қатаң әскерилендірілген сынақтардан өту керек болды: мергендік, кедергілер жолағынан өту, граната лақтыру және толық жабдықталған мәжбүрлі марш және газ маскасын кию. Бұл төсбелгінің болуы ерекше төзімді және жауынгерлік дайын сарбаздарды ерекшелендірді.

2. КСРО «ГСО» (Санитарлық қорғанысқа дайын) төсбелгісі – оң жақтағы дөңгелек төсбелгі, ортасында Қызыл Крест эмблемасы бар шынжырларға ілінген. Бұл төсбелгі офицердің қатаң әскери-медициналық дайындықтан өткенін растады. Ол шайқас алаңында алғашқы медициналық көмек көрсетуде, химиялық және бактериологиялық қарудан қорғануда және бөлімшенің санитарлық қорғанысын ұйымдастыруда мінсіз дағдыларға ие болды.

Әнуарбек Байзақұлының кеудесіндегі бұл төсбелгілер бірге алғанда оның жан-жақты дайындығын және командирінің күші мен ерік-жігерін көрсетеді. Аса физикалық төзімділікті (ауыр РОКС танктерін алып жүру) және химиялық соғыс туралы білімді қажет ететін (от шашатын топтар химиялық күштердің құрамына кірді) от шашатын бөлімшелер үшін ГТО және ГСО дайындығы бар лейтенант Ысқақов Әнуарбек шабуыл тобының мінсіз жетекшісі болды.

Бұл фотосуретте оның соғысты толық дайындықпен, үлгілі кеңес офицері ретінде қарсы алғанының баға жетпес дәлелі.

Ер есімі – ел есінде! 

 

Жас ғалым

Самат Жұматайұлы

 

Бөлісу