Қазақ халқының отбасылық салт-дәстүрлерінде келіннің сәлем салуы ерекше орын алады. Бұл ғұрып арқылы келін күйеуінің үлкен туыстарына құрмет көрсетіп, жаңа әулетке деген ізетін білдіреді. Дегенмен қазақ дәстүрінде келіннің сәлем салудан босатылатын жағдайлары да болған. Мұндай ерекшеліктердің астарында қандай түсінік жатыр?
Келіннің сәлем салуы – қазақ қоғамында қалыптасқан әдеп нормаларының бірі саналады. Әсіресе оңтүстік өңірлерде кеңінен сақталған бұл дәстүр үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықты білдіреді. Алайда оның орындалу тәртібі әр өңірде, тіпті әр отбасында әртүрлі болуы мүмкін.
Жазушы Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» еңбегінде қазақ дәстүрінде келіннің екі жағдайда сәлем салудан босатылғанын жазады. Оның бірі – әйелдің ана атануға дайындалған кезеңімен байланысты болса, екіншісі – отбасындағы ауыр қазаға қатысты.
Қазақ халқы болашақ ананың денсаулығы мен көңіл күйіне ерекше мән берген. Жүкті әйелге ауыр жұмыс істетпеу, оның жағдайын жасау, көңілі қалаған асын тауып беру сияқты қамқорлық түрлері отбасылық тәрбиеде маңызды орын алған. Осындай түсінік сәлем салу дәстүрінде де көрініс тапқан. Зейнеп Ахметованың жазуынша, аяғы ауыр келінді қайын ағалары иіліп сәлем беруге мәжбүрлемеген. Тіпті оны ыңғайсыз жағдайға қалдырмау үшін алдынан шықпауға тырысқан. Мұндағы басты мақсат: келіннің үлкендерге құрмет көрсетуін шектеу емес, керісінше, оның жағдайына түсіністікпен қарау болған. Сондықтан жүктілік кезеңінде әйелді сәлем салудан уақытша босату – болашақ анаға жасалған қамқорлықтың бір көрінісі саналған.
Қазақ дәстүрінде келінді сәлем салудан босатудың тағы бір себебі күйеуінің қайтыс болуымен байланысты. Жолдасынан айырылған әйел үшін бұл тек жақын адамынан айырылу ғана емес, отбасылық өміріндегі үлкен өзгеріс. Балаларының тәрбиесі, шаңырақтың берекесі мен күнделікті тіршіліктің жауапкершілігі көбіне әйелдің мойнына артылатын. Осындай жағдайда әулеттің үлкендері жесір қалған келінді сәлем салудан біржола босатқан. Бұл шешім әйелге деген құрмет пен жанашырлықты білдірген. Зейнеп Ахметованың еңбегінде үлкендердің мұндай кезде келінге жігері жасымай, еңсесін тік ұстауын тілегені айтылады. Олар күйеуі өмірден өткен әйелге бұрынғыдай келін емес, өз қызындай қарайтынын білдірген. Осылайша сәлем салудан босату оның әулет алдындағы орнын төмендетпей, керісінше, қиын сәтте қолдау көрсетудің бір жолына айналған.
Сәлем салу дәстүрі қалай қалыптасқан?
Келіннің жаңа әулетпен танысуы беташар рәсімінен басталады. Беташар кезінде күйеуінің туыстарының есімдері аталып, әрқайсысына арнау айтылады. Келін оларға иіліп сәлем беріп, үлкендердің ақ батасын алады. Бұл рәсім келіннің жаңа отбасындағы алғашқы қадамдарының бірі саналады. Беташардан кейін де сәлем салу дәстүрі күнделікті тұрмыста жалғасын табады.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында келіннің ата-енесіне таңертең және олар ұзақ уақыттан кейін үйге оралғанда сәлем салатыны жазылған. Сондай-ақ ол күйеуінің жасы үлкен туыстарымен кездескенде де осы ғұрыпты орындаған. Сәлем салу кезінде келін қолын қусырып, денесін сәл иеді. Ал үлкендер оның құрметіне жауап ретінде: «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!», «Көп жаса!» деп ізгі тілектерін білдіреді. Дәстүрдің басты ерекшелігі де осында. Келін үлкендерге ізет танытса, олар өз кезегінде оған жақсылық тілеп, ықыласын білдіреді.
Қазақстанның әр аймағында сәлем салу дәстүрінің өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда Сыр бойында бұл ғұрыптың екі түрі кеңінен тараған. Біріншісі – келіннің күйеуінің жасы үлкен туыстарымен кездескенде иіліп амандасуы болса, екіншісі – дастарқан басындағы табақты алу рәсіміне қатысты. Қазақтың дәстүрлі қонақ күту мәдениетінде табақ тартудың өзіндік тәртібі бар. Қонақтарға ас ұсынылып, ет желініп болғаннан кейін келін үлкендердің алдындағы табақты сәлем салып алады. Мұндай әрекет дастарқан басындағы адамдарға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде қабылданған.
Көпшілік жиналған тойларда, астарда және құдайы тамақ кезінде бірнеше келіннің қатар тұрып сәлем салуы да кездеседі. Олардың әрқайсысы өзіне тиесілі табақты алып, дастарқан жинауға кіріседі. Бұл ғұрып кей отбасыларда қазір де сақталған.
Қазақстанның батыс өңірінде де келіннің сәлем салуында өзіндік ерекшеліктер бар. Бұл аймақта келін оң қолын немесе қос қолын тізесінің үстіне қойып, тізесін сәл бүге отырып, денесін алға иеді. Бірқатар отбасыларда осы кезде «Сәлем бердік!» деп дауыстап амандасу қалыптасқан. Мұндай сәлемдесу келіннің күйеуінің жасы үлкен туыстарына көрсеткен құрметі мен ізетін білдіреді. Үлкендер де келіннің сәлемін қабыл алып, ақ батасын арнайды. Батыс өңіріндегі сәлем салу үлгісі өзге аймақтардағы ғұрыптармен мәндес болғанымен, орындалу тәсілі жағынан ерекшеленеді. Дегенмен сәлемнің нақты түрі әр әулеттің қалыптасқан дәстүріне қарай өзгеріп отыруы мүмкін.
Сәлем салудың тәрбиелік мәні қандай?
Қазақтың отбасылық тәрбиесінде үлкенге құрмет көрсету маңызды орын алған. Баланы жастайынан үлкеннің сөзін бөлмеуге, алдынан кесе өтпеуге, сыйлы адамдарға ізет білдіруге үйреткен.
Келіннің сәлем салуы да осы әдеп қағидаларымен сабақтас. Дәстүрлі ортада бұл ғұрып жаңа түскен келіннің күйеуінің туыстарымен қарым-қатынас орнатуына, олардың арасындағы сыйластықтың қалыптасуына ықпал еткен.
Келінге қатысты басқа да салттар мен ырымдар болған. Мәселен, жаңа түскен келіннің босағаны оң аяқпен аттауы жақсылыққа баланған. Ал отқа май құю рәсімі шаңыраққа береке мен құт тілеу ниетімен орындалған. Сондай-ақ келінге бүйірін, жағын таянбау, үлкендердің алдында әдеп сақтау сияқты талаптар қойылған. Мұндай тыйымдардың бірқатары қазақ қоғамындағы ежелден қалыптасқан мінез-құлық ережелерімен байланысты. Алайда дәстүр тек белгілі бір талаптарды орындаумен шектелмеген. Үлкендердің де келінге қамқорлық танытып, оның жағдайын ескеруі маңызды саналған. Әсіресе жүкті әйелге жеңілдік жасау мен қазалы қайғыға ұшыраған келінге қолдау көрсету осы түсінікті айқындай түседі.
Қазіргі қазақ қоғамында сәлем салуға қатысты көзқарас пен оны орындау тәртібі біркелкі емес. Оңтүстік өңірлерде бұл ғұрып отбасылық өмірдің күнделікті бір бөлігі ретінде сақталса, басқа аймақтарда көбіне белгілі бір отбасылардың салтында кездеседі. Кей әулеттерде келін әр кездескен сайын сәлем салса, енді бірінде бұл рәсім тек үлкен жиындарда немесе ерекше жағдайларда ғана орындалады. Соған қарамастан, дәстүрдің өзегінде жатқан үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық және отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы маңызын жоғалтқан жоқ. Келінді жүкті кезінде сәлем салудан уақытша босату, ал жұбайынан айырылған жағдайда бұл міндеттен біржола азат ету қазақ дәстүріндегі адам жағдайын ескерудің мысалы бола алады. Бұл ерекшеліктер сәлем салудың тек қалыптасқан рәсім емес, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетімен тығыз байланысты екенін көрсетеді.