Алаштың антропологы - Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

Бөлісу

24.11.2026 117

Бүгін көрнекті ғалым, антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол 96 жылдық ғұмырында қазақ халқының антропологиялық тарихын зерттеуге, отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ғалымның есімі Қазақстандағы антропология ғылымының тарихымен тығыз байланысты. 


Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Ғылыми ізденісін антропология саласына бағыттап, Мәскеуде кәсіби даярлықтан өтті. 1963 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғады.

Ғалымның еңбек жолы 1958 жылы басталды. 1961 жылдан Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарып, 1973 жылы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Кейін Орталық мемлекеттік музейде, Тәуелсіздік сарайында және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ғылыми қызметін жалғастырды.

Оразақ Смағұловтың негізгі ғылыми зерттеулері қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезін, этникалық қалыптасуы мен тарихи сабақтастығын зерделеуге арналды. Ол палеоантропология, краниология, соматология, одонтология және дерматоглифика бағыттарында іргелі зерттеулер жүргізді. Отырар, Көк-Мардан, Құйрықтөбе, Мардан-Күйік секілді тарихи ескерткіштерден алынған антропологиялық материалдарды зерттеуге үлес қосты. Сондай-ақ тарихи тұлғалардың антропологиялық бейнесін қалпына келтіру бағытында да еңбек етті.

Оқи отырыңыз: Оразақ СМАҒҰЛОВ Тоталитарлық жүйе ғылыми еңбектеріме кесірін тигізді

Ғалымның ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2004 жылы академигі болып сайланды. 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағын иеленді. 2010 жылы «Құрмет» орденімен, 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Оразақ Смағұлов – Қазақстанда антропология ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан, бүкіл ғұмырын ұлт тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеуге арнаған бірегей тұлға. Оның зерттеулері мен ғылыми мұрасы қазақ ғылымының құнды қазынасы ретінде кейінгі ұрпаққа қызмет ете бермек. 

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұловтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Бөлісу