Ату жазасына кесілген асыл ұстаздар

Бөлісу

19.01.2026 14213

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін кезеңі қазақ халқының дамуына орны толмас зардап әкелді. Бұл нәубет әсіресе зиялы қауым өкілдеріне, соның ішінде ұстаздар үшін де ауыр соққы болды. Тоталитарлық жүйе олардың еркін ойы мен ағартушылық қызметін қауіпті деп бағалап, аяусыз жазалады.


Қостанайлық ұстаздардың  қасіретті тағдыры

1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты да қасіретті күндерге тап болды. Жазықсыз «халық жауы» атанып, моральдық соққыға ұшырап, азап пен қасірет тартып, небәрі 44 жыл өмір сүрген осы мектепте басшылық қызмет еткен ұстаз Досмұхамед Құлшықов (құжат бойынша Кульчиков Досмухаммед) болатын. 1933 жылдан бастап қазақ мектебі Левон Мирзоянның есімімен аталған. Қостанай облыстық мемлекеттік архивінде елдегі дүрбелең уақытта мектепте қызмет еткен ұстаздар Шай-Ахмед Сауытбаевтың, Мырзабек Бекеновтың, Күлімжан Байзақованың, Николай Прохоровтың, Рашида Зайнуллинаның, Сапа Жұмашевтың, Қапан Искаковтың, Жұмұр Есмурзиннің, Байжан Исмаиловтың, Орымбай Бижановтың, Мертай Қайдауловтың, Әділқан Бақаевтың, Әбубәкір Дощановтың, Сұлтан Кикеновтың, Мунира Исмагилованың, Досмұхамед Құлшықовтың 1937 жылы ақпан айында  жазған сауалнамалары сақталған. Сауалнамадағы мәлімет бойынша Досмұхамед Құлшықов 1893 жылы 15 сәуірде Жітіқара ауданының бұрынғы Әйет (Аят) болысына қарасты 2 ауылда туған. Қостанай  2 кластық орыс-қазақ училищесінде оқып, 1913 жылы мектеп жанында ашылған 2 жылдық педагогикалық курсты тәмамдаған. Одан өзге үйленгендігі, екі баласы бар, кедей отбасынан шыққандығы, жақын туыс-туғандары жоқ, 1913 жылдың 1 тамызы айынан басталған еңбек жолы жайында: «Торғайдағы Шұбалаңда мұғалімдік қызмет атқарғандығы, Қостанай облыстық салық комитетінде меңгеруші, Қостанай кооперативті оқу комбинатында оқытушы болғандығы жайында мәлімет беріледі» [1]. Бұл сауалнаманы 1937 жылы 20 ақпан айында толтырып, қол қойған.

Мектеп директоры Д.Құлшықов және  мектеп оқушылары. 1929 жыл.

1937 жылы қазақ мектебінің директорлары бірінен соң бірі (оларды жиі ауыстыру олардың еркімен жүргізілмеді) Досмұхамед Құлшықов (Күлшіков) және Ескендіров (басқа дерек көрсетілмеген) болды. Досмұхамед Омарұлы 1937 жылы мамырда қамауға алынған кезде мына құжатты толтырған: «Сауалнама деректері. Кульчуков Досмұхамед Омарұлы. Мамандығы-мұғалім. Жұмыс орны ­– қазақ орта мектебінің директоры. Білімі-орта. Партияда жоқ» [2,114].

Қостанайдағы 1928 жылы Қостанай облысы дербес әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде КСРО Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) 1936 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен құрылды. Білім беру саласына бөлінген қаржы көлемінің ұлғаюына байланысты 1937-39 жылдар бойы облыста 12 бастауыш және орта мектеп, 3 балабақша салуға мүмкіндік берді. Жергілікті басқару органдары 1938-1942 жж. балаларды жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру  бойынша жұмыс жүргізді, облыста 1 және 2 сыныптары бар мектептер таратылып, оларды 4 сыныпты бастауыш мектептерге толықтай ауыстырды [3]. 

Орыс мектептерімен қатар қалада қазақ мектебі (Левон Мирзоян есімімен аталған мектеп) және татар мектебі (оқыту қазақ және татар тілдерінде жүргізілді) болды. 1937 жылғы түлектердің бірі Сералы Жәкетовтың естелігінде: «Біз мектепке 11 ұл балалар үйінен, Торғайдан келдік. Олардың ішінде: Дастан Аппазов, Сейіт Қалиев, Сейтқасым Боранқұлов, Кәрім Ізтілеуов, Сейітқұл Исаев және басқалар (көбісі Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапты) болды. Қиын уақыт болды, аш жүрдік. Күніне үш мезгіл нан мен шай ішіп жүрдік. Жаппай қамауға алу мен қуғын-сүргін біздің мектепті де айналып өткен жоқ. Мектеп директоры Досмағамбет Құлшықов (Күлшіков), орыс тілі мұғалімі Шаяхмет Сауытбаев, математика мұғалімі Әубәкір Досжанов «Халық жауы» атанды. Тәрбиешілер С.Жұмашев, Ж.Есмұрзин біз үшін туғанымыздай жанашырлық танытты. Сонымен қатар, бізден қатаң тәртіпті талап етті. Үлкен қиындықтарға қарамастан, мұғалімдер өз істеріне адал болып, жақсы адамдарды тәрбиелей алды», – дейді [2,113].

Сол кезеңдегі басқарушы билік өз шешімін қабылдады. Қостанай облыстық Атқару Комитеті 1937 жылғы 21 қазанда «Орта мектептерге басшылықты қамтамасыз етпегені үшін, Мирзоян атындағы Қостанай орта мектебінде халықтың жауларын әшкерелеуге шаралар қолданбағаны үшін облОНО меңгерушісінің орынбасары Бекова А. жұмыстан шығарылсын» деген бұйрық шығарып, шара қолданды [4].

Ыбырай мектебінде 1933-1941 жылдары оқыған соғыс және еңбек ардагері, тарих ғылымының кандидаты Сейітқасым Боранқұлов 2009 жылғы 1 қаңтарда жазған естелігінде: «Көптеген жылдар бойына мектеп директоры болып сондай беделді Құлшықов қызмет атқарды. Бұлардың ішінен Әубәкір Досжанов, Сауытпай Шаяхметовты «халық жауы» деп ұстап әкетті. Жоғарғы сынып оқушылары жиналып НКВД-ға барып оларды босату жөнінде тілек жазып, ереуілдетіп жүргенде ересек біреулер «мұны қойыңдар, өздеріңді ұстап әкетеді» дегесін басылдық. Кейін мектепке Тәліп Мұсақұлов директор болды», ­– дейді. 

Ыбырай мектебінің түлегі журналист Дәуренбек Ахметбековтың бірге оқыған досы Құлшықов Сәруарбек жайында «Сәруардың айтылмаған сыры» естелігі сақталған. Естелікте «...Сәруардың әкесі Құлшықов Досмұхамед қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балалар лицейі аталатын, ол 1936-1940 жылдары Мирзоян атындағы қазақ орта мектебі аталған оқу орнының директоры болатын. Ешқандай алаңсыз, өзіне жүктелген қызметін адал, беріле атқарып жүрген шағы еді. Мектепте оқу ­–  тәрбие жұмысын қайтсем жақсартамын дегеннен басқа ой да, қиял да болмайтын. Найзағай оғы 1937 жылдың 3 қазан күні жарқ етті. Құлшықов Досмұхамед Қостанай қаласы, Әбілсай көшесі, 6 үйде тұратын мекенжайынан тұтқынға алынды. Тұтқындау хаттамасында жазылғандай «халық жауының» отбасында 9 жасар Саруарбек, 7 жасар Ануарбек, 30 жасар жұбайы Күлзада болған. Иненің жасуындай жазығы жоқ, еліне, халқына адал қызмет атқарып жүрген азамат Совет өкіметіне қарсы кұрылған астыртын ұлттық ұйымға мүше болды-мыс, Совет өкіметіне қарсы күреске белсене қатынасты деген жалған айыппен РСФСР қылмыстық кодексінің 58 бабының 2,7,10,11 тармақтары бойынша жауапқа тартылды. 

1937 жылдың 16 қазанында Қостанай облыстық ішкі істер басқарма бастығының орынбасары Тюринның қол қойған Құлшықов Досмұхамедті айыптау актісінде 1936 жылдың мамыр айында облыстық кеңес атқару комитетінің іс басқармасы Зенгитаевтың басшылығыман Қостанайда астыртын жұмыс жүргізетін кеңес өкіметіне қарсы ұйым құрылды деген жалған түсінік болған. Осындай жалған, Республиканың, облыстын саяси өмірінде болмаған, болуы да мүмкін емес астыртын ұйымның мүшелері болды, кеңес өкіметін құлатуға әрекет жасады деген айып тағылып Құлшықов Досмұхамедпен бірге Алматов Есенгерей, Тұрсынов Тоқсын «үштіктің» шешімімен 1937 жылдың 21 қазанында атылып кетті [5,193]. Құлшықов Досмұхамед 1937 жылдың 18 қазан айында «Халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. 

Қостанай облысы бойынша ҚР ҰҚКД мұрағатында Д.О. Құлшықовтың айыптау бойынша № 914 мұрағаттық қылмыстық іс қозғалады. Құжат мұқабасында «Т.2. Д. Құлшықовтың, Ш. Үдербаевтың, З. Мухеевтің, Х.Абдрахмановтың айыпталуы бойынша. 1937 жылғы 11 мамырда басталды, 1937 жылы 15 қазанда аяқталды», ­– деп жазылған. Қамауға алынғанда қарапайым мұғалімдер емес,  негізінен басшылық құрам халықтық білім беру қызметкерлері, атап айтқанда, 1937 жылы Қостанай қазақ мектеп-интернатының және Қостанай колхоз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мектебінің екі директоры бірінен соң бірі қамауға алынды.

Мұрағат құжатында: «Кульчуков Досмухамед Омарович, 1893 года рождения, казах, уроженец Аятского аулсовета, Джетыгаринского района Кустанайской области, с 1913 г. работал учителем аульной школы, с 1932 г. на ответственных должностях в уездисполкоме и ГубФо. 3 октября 1937 г. арестован Кустанайским УНКВД по обвинению в том, что состоял членом антисоветской организации, подпольно действовавшей в г. Кустанае с целью насильственного свержения Советской власти в Казахстане. Решением тройки УНКВД по Кустанайской области (протокол № 11 от 18 октября 1937 г.) Кульчуков Досмухамед Омарович приговорен к ВМН - расстрелу. Приговор приведен в исполнение 21 октября 1937 года. Сведений о месте захоронения в архивных материалах не имеется. На момент ареста работал в г. Кустанае директором Казахской средней школы им. Мирзояна» деп сақталған [2,232]. 

 Қостанай облысы бойынша саяси айып тағылу бойынша ату жазасына кесілген тұлғалардың тізімі берілген  2001 жылы жарық көрген «Азалы кітап» 5 басылымында  Құлшықов Омарұлына тағылған айыпқа сәйкес жазалаудың ең жоғары шарасы қолданғаны жайында жазылады [6,104].

Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздардың тағдырын, еңбегін танып білудің тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде маңызы зор. Жазықсыз жапа шеккен ұстаздардың ерлігі мен адалдығы болашақ ұрпақ үшін рухани бағдар болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. ҚОМА. 250-қор.2-тізім. 48іс. 173-188 п.

2. Легкий Д.М. Довоенный город. «Кустанай. Областной центр. Казахская ССР» (1936-1941 годы) Часть 1. - Костанай. - 2020. - 928 с.

3. ҚОМА. 72-қор. 5 тізім.49 іс.132п.

4. ҚОМА. 268-қор.2-тізім.4 іс.93п.

5. Мәулетов Ғ.Н.Ұмытылмайтын қасірет. – Қостанай. -2016.- 450 б.

6. Азалы кітап – Книга Скорби. 5-басылым. Қостанай облысы. Алматы, 2001 ж. 104-бет.

 

Салтанат ӨТЕЛБАЕВА.,

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай

өңірлік университетінің магистранты

Бөлісу