Ахмет Байтұрсынұлының "Масасы" ағылшын тілінде жарық көрді

Бөлісу

02.06.2026 247

Қазақ руханиятының темірқазығы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы енді ағылшын тілінде оқырманға жол тартты. Ұлт ұстазының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық ойды сілкінткен әйгілі туындысын америкалық жазушы әрі аудармашы Жейк Завлацки ағылшын тіліне аударып, жеке кітап ретінде жариялады. 


Бұл жоба оның ұстазы, қазақ тілі мен мәдениетін зерттеуші профессор Фатима Молдашеваның жетекшілігімен жүзеге асқан. Жейк Завлацкимен «Түркістан» газетінің журналисі Әлия Тілеужанқызы сұхбаттасып, аудармашының қазақ әдебиетіне келу жолы, «Масаны» таңдау себебі және аударма барысындағы ізденістері туралы әңгімелескен еді. Сол сұхбатта айтылған ойлардан аңғарылғандай, бұл еңбек жай ғана әдеби аударма емес, қазақ руханиятын әлемдік кеңістікке танытуға бағытталған мәдени қадам.

Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы алғаш 1911 жылы жарық көрді. Жинақ атауының өзі терең символдық мәнге ие. Ақын өзін ұйқыдағы жұртты ызыңдап жүріп оятатын масаға теңейді. Шығармадағы басты идея – халықты надандық пен енжарлықтан арылту, оқу-білімге, еңбекке, ұлттық серпіліске үндеу. Сондықтан «Маса» – поэзиялық жинақ қана емес, ұлттық жаңғырудың көркем бағдарламасы.

Жейк Завлацки қазақ мәдениетіне сырттай қызыққан зерттеуші емес. Ол төрт жылдан астам уақыт бойы Баян-Өлгейде, Бішкекте, Астанада тұрып, Орталық Азия мәдениетін зерттеген, қазақ тілін арнайы оқыған маман. Стэнфорд университетінде білім алу кезінде магистрлік зерттеуін Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациялық туындысына арнаған. Оның айтуынша, қазақ мәдениеті мен Алаш мұрасы уақыт өте келе ғылыми қызығушылықтан жеке рухани байланысқа айналған. Аудармашының Алаш қозғалысына ерекше ден қоюының да өзіндік себебі бар. Ол Алаш қайраткерлерін өз дәуірінен озық туған, ұлттың заманауи болашағын ерте болжай алған тұлғалар ретінде бағалайды. 

Сол себепті қозғалыстың жетекші өкілдерінің бірінің шығармасын ағылшын тіліне аударуды мақсат еткен. Таңдау «Масаға» түсуі де сондықтан. Алайда қазақ поэзиясын ағылшын тіліне көшіру оңай болмаған. Жейктің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларында қазіргі қолданыстан шығып кеткен сөздер, әдеби қазақ тіліне тән күрделі құрылымдар, ерекше синтаксистік өрнектер мол кездеседі. Әсіресе қазақ өлеңіндегі сөйлемнің етістікпен аяқталуы мен ұйқас табиғатын ағылшын тілінде дәл сақтау қиындық туғызған.

Ол аударма жұмысын бейнелі түрде «өлең жолдарын электрлі арамен кесіп, қайта құрастыру» үдерісіне теңейді. Дегенмен аудармашы үшін ең маңыздысы – түпнұсқаның идеялық қуатын, ішкі әуезі мен рухын жоғалтпау. Жейк Завлацкидің пайымынша, «Маса» бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Әлемдік тұрақсыздық күшейген қазіргі кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы көтерген білім, сауаттылық, ұлттық абырой, өзін-өзі басқару мәселелері бұрынғыдан да өзекті. Оның пікірінше, тарихтағы ұлы тұлғалар көбіне өздері армандаған қоғамды көріп үлгермесе де, сол жолда табанды еңбек ететін көшбасшылар ретінде бағаланады. А.Байтұрсынұлы – сондай қайраткерлердің бірі. Бір ғасыр бұрын қазақ қоғамын оятуды мақсат еткен «Маса» енді ағылшын тілінде сөйлеп отыр. Бұл қазақ әдебиетінің жаһандық мәдени кеңістікпен жаңа деңгейде шықты деп айтуға негіз болар сөз

Бөлісу