Балалар панасыздығы әлеуметтік-тарихи құбылыс ретінде: Қазақстан мен іргелес елдер тәжірибесі (1920-1930 жылдар)

Бөлісу

19.06.2026 186

2026 жылғы 11 маусымда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Балалар панасыздығы әлеуметтік-тарихи құбылыс ретінде: Қазақстан мен іргелес елдер тәжірибесі (1920-1930 жылдар)» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – 1920–1930 жылдардағы Қазақстан және іргелес өңірлердегі балалар панасыздығы құбылысын тарихи, әлеуметтік және құқықтық тұрғыда кешенді талдауға арналған ғылыми-сараптамалық алаң қалыптастыру. 


Талқылаудың негізгі бағыттары: Қазақстан мен іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесін зерттеудің әдіснамалық негіздері; Балалар панасыздығының тарихы: кезеңдері және проблемалары; Мемлекеттік саясат және балалар панасыздығымен күрес жолындағы институционалдық тәжірибелер; Панасыз балалардың күнделікті өмірі мен әлеуметтік портреті болды.

Іс шараға қатысушы ғалымдар

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ғылым комитетінің қолдауымен «1920-1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты (ИРН AP23488331) гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелге офлайн-онлайн түрде еліміздің өңірлерінің ғалымдарымен қатар Қырғыстан, Өзбекстан елдерінен әріптестер қатысып, балалар панасыздығы бойынша жүргізілген зерттеулерімен, ғылыми ізденістерімен бөлісті. Атап айтқанда, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор О.Х. Мұхатова «1920-1930 жылдардағы Қазақстан және онымен іргелес елдердегі балалар панасыздығы тарихының кезеңдері мен проблемалары», Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Ғ. Сақтағанова «1930 жылдардағы Қазақ АССР-індегі балалар панасыздығы (РФ МА материалдары бойынша)», М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті профессоры, тарих ғылымдарының докторы К.Д. Саипова «Өзбекстандағы балалар панасыздығы мәселелері (1917-1945 жылдар)», И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің Гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар кафедрасының доценті. С.К. Малабаев «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қырғызстандағы билік органдарының балалар панасыздығымен күресі», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы, қауымдастырылған профессор М.М. Қозыбаева «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі балалардың панасыздық мәселелері», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Т. Қайпбаева «Панасыз балаларды әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант Е. Сауырқан «Қазақстанмен іргелес елдердегі панасыз балалар мәселелері (Моңғолия мысалында)», Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі А.А. Бекенова «ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы панасыз балалар қылмысына қарсы күрес» тақырыптарында баяндама жасады.

 

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша келесі шешімдер ұсынылды:

- 1921–1923 және 1932–1933 жылдардағы ашаршылық қасіретін елдегі балалар панасыздығының пайда болуы мен отбасылық институттың күйреуінің басты факторы ретінде дәйектеу;

- 1920–1930 жылдардағы ашаршылықтың, сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан іргелес елдерге көшуге мәжбүр болған қазақ балаларының орналасу ерекшеліктерін және олардың тағдырын зерделеу; 

- ұлттық азшылықты құрайтын (нацмен) балаларды тәрбиелеген мекемелердің қызметін көрсету;

- тоталитарлық жүйенің қалыптасуы мен нығаюы кезеңінде панасыз балаларды әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесіне қатысты ұлт қайраткерлерінің ұстанымдары мен қазақ қоғамының біртұтастығын сақтау жолындағы тағлымдық қызметінің бағыттарын жүйелеу; 

- Қазақстандағы кеңестер билігінен бастау алатын балалар үйі мекемелері қызметтеріне шынайы тарихи баға бере отырып, мемлекеттің балалар панасыздығымен күресте қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктерін айқындау;

- кеңестік балалар үйіндегі білім беру мен тәрбие бағыттары және «кеңес адамын қалыптастыру» мақсатындағы жұмыстарының ерекшеліктерін, мәні мен мазмұнының маңызды тұстарын жүйелеу.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология 

институтының ғылыми қызметкері А.А. Бекенова

Бөлісу