«Жарты патша» атанған қазақ...

Бөлісу

10.08.2026 419

Әр өлкенің ел жадында сақталған өз тұлғалары бар. Солардың бірі – 1912 жылы “Ресей әулетінің құрметті азаматы” атағын алған, 1913 жылы Романовтар династиясының 300 жылдық мерейтойына қатысушы, халық арасында «Жарты патша» атанған Самырат Алматұлы. Оның ел ішінде беделі, қоғамдағы орны мен өмір жолы – өз дәуірінің тынысын танытатын құнды тарих. Бұл мақалада Самырат Алматұлының тұлғасы мен ел тарихы жолындағы орнына тоқталатын боламыз. Қолымыздағы Ораз Сарбасовтың 2004 жылы Алматы баспаханасынан жарық көрген «Талмай шапқан тарлан» еңбегімен, 2001 жылы Ақтөбе қаласындағы «Отандастар-Полиграфия» баспахасынан жарық көрген «Ақтөбе энцеклопедиясы», Х.Қарсақовтың 2022 жылы Қарағанды қаласындағы «TengrilTD» баспаханасынан жарық көрген «Шөмекей Қарақорым Бекет аталығы (Шежіре баяны)» еңбектеріндегі мәлеметтерді, оған қоса Рахымжан Өтемістің 2024 жылы 9 тамызда Ақтөбе газетінде жарық көрген Алашқа аты мәлім Алмат сардар мақаласын салыстырып Алматұлы Самыраттың өмір жолына баға береміз.


«Әлеуетті әулеттің бекзадасы»

Алматұлы Самұрат (шын есімі - Шахмұрат) – 1945 жылы қазіргі Ырғыз ауданының аумағында дүниеге келген. Кіші Жүздің Шөмекейінен тараған Бозғұлынан шығады да, оның Келдібайдың Бекет аталығына жатады. Бекет 4 некелі болған. Соның екінші Шобдар есімді әйелінен тарған ұрпақтары түгелдей дерлігі Шобдар аталып кеткен. Шежіре бойынша таратсақ: Бозғұл - Келдібай - Сейін (Желдер) - Бекет - Шобдар - Қалақ - Әлібек - Киікбай - Тобаберген - Алмат - Самұрат (Шахмұрат). Бабасы Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр тұсында өмір сүрген Киікбай батыр 1717-1718 жылдары туып, 1795-1796 жылдар шамасында дүние салған. Қазақ жеріне, әсіресе Кіші жүз аймағына қалмақтармен қатар, Хиуа, Қоқан хандықтары көз сүзіп, елді әлсін-әлсін дүрбелеңге түсірген шақта қол бастап, жаудың бетін қайтарған батыр, сол ұрыстарда бірнеше рет ауыр жараланған. Ұлағаты мол жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Киікбай Әбілқайыр ханның сенімді батырларының бірі, оған қолдау көрсеткен ықпалды тұлға ретінде суреттеледі. Киікбайдың ұлы Тобаберген де (1766-1840 жж.) өз аймағының беделді, ел сөзін ұстаған азаматтарының бірі болған дейді шежіре тарих. Ол Ресейдің «Гүберлі» деген жерінде (қазіргі Орск қаласының маңы) жаугершілік шайқаста 76 жасында қаза тапқан, сүйегін бір жыл аманатқа қойып, келесі жылы Ырғыздан 25 шақырым жердегі Майтөбеге әкеліп жерлейді (қараңыз: Рахымжан Ө. Алашқа аты мәлім Алмат сардар...//9.08.2024. aqtobegazeti). Әкесі патша заманында өмір сүрген Алмат Тобабергенұлы (1804–1895) сардар атанып, би болған (Әйтеке би ауд.энц. 88-бет, Ақтөбе энц. 265-бет.). Алматтың Самырат (1845-1922), Төремұрат (1848-1933), Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмақан (1865-1933)  атты ұлдары болған. Самұрат әкесінің ақылының арқасында ел билігіне ерте араласқан. Алмат Тобабергенұлы ұлын 1865 (бір деректерде 1861 жыл деп көрсетілген) жылдан бастап қызметке тартқан. Алматтың ұрпақтары жеке-жеке ауыл болып тұрған деседі. Алматтың алғаш қолға алған әлеуметтік шараларының бірі жерге иелікті сақтау мақсатында балаларын мен қоса ел-жұртын отырықшылыққа тәрбиелеу болады. Ырғыздың Қарақоғасын қыстап, қазіргі Әйтеке би ауданы, Жабасақ ауылдық округіндегі Аққұмды жаз жайлауы қылған. Соған байланысты жергілікті халық «Самұраттың Аққұмы» атап кеткен. Отырықшылыққа байланысты жоспарын іске асыруды көздеп, өзі бас болып, 1840 жылдары  осы күнгі Ырғыз ауданының Шөмішкөл, Қарақоға, Сарыөзек деген қопалы, сулы жерлерін 12 бөлмелі, немересі Әбдісаламға 7 бөлмелі, Әбдіразаққа 8 бөлмелі қалалық үлгі-жобасымен қаңылтыр төбелі үйлер салғызады. Жер көлемін қаупі үшін Ырғыз өзенімен жоғары өрлеп, осы күнгі Әйтеке би ауданына қарасты Аққұм деген жерден 1848 жылы Самыратқа арнап қарағайдан құрастырылған 12 бөлмелі үй салған. Кеңес заманының белсенділері қиратқанша өмір сүрген бұл үйдің көркемділігін көргендер әлі күнге дейін тамсана айтады. Ел аузыңда «Самұраттың Көк үйі» болып қалды. Әкесі ХІХ ғасырдың екінші орта шегінде баласына арғы атасы Тархан болған шақшақ Жәнібектің ұрпағы Мұсаның қызы Мәмишаны айттырған (қараңыз: Сарбасов О. Талмай шапқан тарлан. 14-бет). Кейін ХІХ ғасырдың аяқ жағында арғынның Қорғанбек. Дәуренбек деген байлардың Ақша есімді қарындасына құда түсіп, үйленеді (қараңыз: Қарсақов Х. Шөмекей Қарақорым Бекет аталығы (Шежіре баяны). 73-бет). Самыраттың Әбдісатқар, Әбдіғаппар деген балдары болыпты. Әбдісатқарды ХХ ғасырдың 30- жылдары байлардың мал-мүлкін  тәркілеп, өзің  белгісіз жаққа жер аударыпты. Немересі Мұхаммед-Қанафия 13 жасында әкесінен ерте жетім қалған. Әкесі кетіп бара жатып «Оқы балам, оқы» дей беріпті. Содан әкесінің інісі Әбіғаппар қорқып Ташкетке қашады. Сосын Қанафия есейгенде Ұлы Отан соғысына қатысып, одан жараланып оралады. 1945-1967 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында мал дәрігер болып еңбек еткен. 1967 жылы зейнеткерлікке шыққанша Жабасақ кеңшарында фермада мал дәрігер болған. 2002 жылы Аққұмда қаза тапқан. Ұрпақтары Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов, Жабасақ, Аққұм ауылдарында тұрады (қараңыз: Құдайбергенов Б. Жерұйығым жер жаннаты - Жабасақ. 18-бет).

Тұлғаның қызметі мен «Жарты патша» атануы...

Самырат Алматұлы жастайынан әкесінің қасында ел билеу ісіңе жетілді. Жоғарғы да аталығандай 1865 (бір деректерде 1861 жыл деп көрсетілген) жылдан бастап баласын ел басқару жұмысына тартты. «Әрбір перзент әкесінен оза тууы керек» деген халық нақылындай Самұрат әкесінен де жоғары дәржеге жетіп, Ресей патша үкіметінің сеніміне лайық болып, ел-жұрттының мол ықыласы мен қошеметіне ие болды. 1964-68 жылдары №54, №31-ші дистанциялар бастығы, 1868-1869 жылдары Қожакөл, Кенжеғара болыстарының басқарушысы болып жүріп, Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі, уезд биі сынды т.б. қызметтерді 1911 жылға дейін атқарған. 1889 жылы 25 қыркүйекте Торғай облысының әскери губернаторының №29-шы бұйрығымен Ырғыз уезінің Мировой сотында құрметті бітімші судьясы қызметін атқарған. 1901-1903 жылдары Торғай облысы басқармасының қарауында жұмыс істейді. 1903 жылы 17 мамырда Торғай селолық шаруашылық қоғамы мәжілісінің қаулысымен сол қоғам кеңесінің мүшесі болып сайланады. 1906 жылы Ресейдің І Мемлекеттік Думасына, 1912 жылы «Ресейдің император ұлықтарының құрметті азаматы» жоғарғы атағы берілді. Сондай-ақ, ол патша әулетіне қатысты түрлі салтанатты жиындарға – (тақ мұрагерінің үйлену тойы, 1913 жылы өткен Романовтардың Ресей тағына отырғанына 300 жылдық мерейтойына) қатысты делегация құрамында бірнеше рет Петербургке барып қайтқан. 1905 жылы Орынборда өткен қазақ құрылтайына қатысып, сөз сөйлеген. Ел ісіңе келгенде, ол әке жолын жалғастырып, жұртты отырықшылыққа, егіншілікке баулуға ерекше ден қойған. Сейілхан Оразымбетовтың мақаласында былай делінген: «Самұрат та әке өсиетінің негізімен отырықшылықты мақсат етіп, егіншілікті дамыта түскен. Көктемде ұтылы тұстардан бөгет салдырып, шабындыққа су шығарудың технологиясын игере бастайды. Егін шаруашылығы өнімі, жайлымдағы шөп түсімі Самұрат балаларының және тұтастай ауылының тұрмысы мен әл-ауқатын жедел көтереді». Осы еңбектері елеңіп, Алматұлы Самұратқа, Ресей үкіметі тарапынан патшаның қылышымен, Станислав күміс медалімен, Анна күміс медалімен, Станислав алтын медалімен  және т.б. көптеген сыйлықтармен марапатталған. Осыған байланысты халық «Жарты патша» атап кеткен (қараңыз: Ақтөбе энцеклопедиясы. 2001ж. 267-бет.). 

«Бейгеден келген тарлан ат...»

Заманында Самыраттың қыстауындағы, жайлауындағы (Аққұм) үйлерінің сән-салтанаты, өзінің кісілігі, сөйлеу мәнері, тіпті жүріс тұрысына дейін Орынбор, Торғай, Ақтөбе, Қызылорда қазақтарға аңыз болып тараған деседі. Өлкетанушы Молдияр Серікбайұлының «Ана тілі» газетіне шыққан жер атауларына қатысты зерттеулеріне көз жігіртсек: Самұрат Алматұлының «...жаз жайлауы «Торы ат бидайлығы» деген жер көрінеді... Самұраттың әйгілі жүйрік торы аты болған. Ауылдың жанындағы шағын көл табанға бидайлық өседі екен. Соны жалғымен шаптырып қысы-жазы тек осы атына бергізген. Бұл ат 25 жасқа келгенше бәйгенің алдын бермеген көрінеді».

Ғасырлар бойы созылған соғыстар, жаугершілік кезеңдерден кейін, сол тұста халқымыз өркениет көшінен кенжелеп артта қалып қойған болатын. Самұрат сынды азаматтар осы олқылықты түзетудің, қазақты басқалармен тезірек теңестірудің қамын ойлаған болар. Және осы мақсатқа жетуді жеке басынан, өз әулетінен бастап қолға алып, жалпақ жұртқа таратсам деп ниеттенген болар.

Қайткенде:

«Алматтан туғаны белгілі,

Мынау тұрған Самұрат.

Әлім-Шөмен ішінде, 

Бәйгеден келген тарлан ат» - деп, Құрманалы ақын жырлағандай, ел-жұрттың ықылас-ниетіне қарағанда, Самұрат сән-салтанат асырып, атақ қуған жан емес, осындай үлкен мұратты көксеген жан болса керек.

Қайтадан Торы атқа оралайық. Бұл ат Ырғыз, Торғай, Қарабұтақ, Арал, Қазалы өңірінде бірінші болып, бәйгенің алдын бермеген көрінеді. Аққұмнан 20-25 шақырым жерде «Торы ат бидайлығы» - деген жер бар. Көлемі шамамен 2-3 гектар жерге бидайлық шығады екен. Бұл жерге басқа мал түсірмей, осы бидайлықты шауып, қысы-жазы тек Торы атқа береді екен. 

ХІХ ғасырдың аяқ жағында Самұрат арғынның Қорғанбек, Дәуренбек деген байлардың Ақша есімді қарындасына құда түсіп үйленеді. Сонда арғындар ағайынды жігіттерге «қыздың қалың малына ештеңе алма, Самұраттың Торы атын сұра» дейді. Амалсыздан Самұрат қинала-қинала Торы атын береді. Арғындар жағы риза болып, Торы атты баптап Қостанай жағындағы бәйгелерге қосқанымен ат бәйге алдында келмепті. Содан арғындарда күмән пайда болып, сол сөз сөз Самұраттың құлағына жеткен екен. Арада біраз уақыт өтіп, Торғайда үлкен ас беріліп, сол асқа Самұратта қайтысып, қайнағаларынан Торы атты сұрап алып, баптап, бәйгеге қосқанда Торы ат бәйгеден бірінші болып келген екен. Бұны көрген қайнағалары: «ат шаппайды бап шабады, бап шаппайды бақ шабады» деген дұрыс екен, Самұрат Торы ат сенің бағыңа біткен мал екен, ендігі жерде бәйгеге өзің қос, - деп атты қайтарып беріпті. Самұраттың «Сарыбауыр» деген аты да болған екен. Екі сәйгүлікті бәйгеге алма кезек қосып отырыпты. Бір серкеш руының жігіті Қазалы жақта айыпты болып, Орал жаққа барғанымен байұлы арасына сыймай Самұратқа келіп паналапты. Сол кісі Самұратқа риза болып осы атын сыйлаған екен. Самұрат осы «Сарыбауырға» мініп, өзі Аққұмда тұрсада Жабасақтағы өзі салдырған мешітте әр жұмада таң намазын оқиды екен. Сонда екі ел арасы 50 шақырым (қараңыз: Қарсақов Х. Шөмекей Қарақорым Бекет аталығы (Шежіре баяны). 71-72-73-беттер).  

«Самұрат мешіті»

«Самұрат мешіті» – 1904 жыл қыр басына Алматұлы Самұрат (Шахмұрат) салдырған. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Жабасақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 192 метр жерде орналасқан. Құрылыс күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Кірпішті жергілікті жерде дайындаған. Сосын ауа-райына төзімді болу үшін кірпішке керекті саз балшықты иілеп жатқанда жылқының қылы мен қымызын қосқан. Мешіттің көлемі 13,5х21,6 метр, төрт бұрышты. Төбесі қызыл қаңылтырмен жабылған. 6 бөлмелі, көп терезелі болған. Жоғарғы 4 қатарына кірпіш өрнектеліп қаланған. Іші тегіс сақталып, кей бөлмелерде суреттер салынған. Мешіттің алғашқы имамы Бұқар медресесін бітірген, Жағалбайлы руынан шыққан Мұқантай ақын. Алғашқы балаларды мешітте оқытқан қадірменді молда. Кейінен бұл мешітте Досым, Кенжеғұл, Алмағанбет және басқа да молдалар жұмыс істеген. Революциядан кейін Кеңес үкіметі кезінде мешітті дүкен мен балалар үйіне айналдырған (қараңыз: Әйтеке би аудандық энц. 250-бет, Құдайбергенов Б. – Жерұйығым жер жаннаты – Жабасағым...//2013. «Самырат мешіті» 47-бет). 

Зерттелуіне қысқаша тоқталып өтсек. 1998 жылы ҚазКСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Серік Әжіғали «Көшпенділер архитектурасы» кітабында Самырат мешіті суретімен, ішкі схемаларын толық көрсеткен. Жалпы Самұраттың тапсырмасымен халық арасынан шыққан атақты Жыға деген шебер кісі салған болуы да мүмкін. Нақты ақпарат жоқ. Бірақ Самұраттың тапсырмасымен біраз нысандарды (Алмат тамы, Қаражан және т.б.) осы кісі салған. 

1992 жылы  26-шы көкегінде айында болыпты. Өзбекстандық емші Әбдімәлік Талипов деген емші Жабасақ ауылына келіпті. Ауылдың кеңес төрағасы Ж.Шоқпаров пен сол кездегі конторда жұмыс жасайтын ауыл азаматтары барып жағдайын біліп тұрған. Барғанда айтатын: “адам аз келеді маған, ақша көп түсуі керек”. Тағы бірде “қасиетті мешіт бар жер екен, айналысы лас соңы тазарту, жөңдеу керек”,-деді. Сол кезде Жабасақ ауылдық кеңесінің төрағасы Ж.Шоқпаров: айналасын  азарту дұрыс. Бірақ біз биыл жаңа мешіт саламыз-деген. Сонымен 10 мамыр күні сағат 3-те сеансқа барсам 70-ке жуық адам жиналған. Ал Талипов жоқ. Сосын шамалыдан кейін көмекшісі Хасан келіп: “Талипов сырқаттанып қалды, ертең келіңдер”- деп халықты таратып жіберді. Көңілін сұрайын деген оймен қонақ үйге барғанда, емші диванда жатыр. Ауырғаң адамға ұқсамайды. Ол бір кезде: “Қазір мешітті жөңдеймін”-деді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша байырғы заманда Алмат әулеті Жабасақтағы Самырат мешітінің орнына алтын-күміс, бағалы заттарын көмген екен. Бұл емші халықты пайдаланып сол заттарды Науаи облысындағы Алмат ұрпақтарынан біліп келген болса керек. Тұсқайта аудан әкімі мен орынбасары А.Ермағанбетов, директордың орынбасары А.Бірманов, Ж.Шоқпаров үшеуі барғанда мешітті қазып жатыр екен. “Бұл жерде құран бар, соңы аламын”-деді. 12 мамырда Аққұм орта мектебінің директоры Байнязов пен шофер А.Жоламанов барса мешітті саз балшыққа айналдырып, ішін адам көргіс етіп бүлдірген. Кірмек болған адамдарды есіктен қуғаң. Ақыр аяғында Жабасақ ауылдық кеңесі мен аудан басшылығы Ә.Талиповты ауылдан еріксіз қуып шығуға мәжбүр болған. Ол өзіңе қарсылық көрсеткен қызметкерлерге жұдырық жұмсаған. Егер нағыз емші болса қасиетті орынды қорламай, адамдарға қол көтермейтін еді. (қараңыз: Шоқпаров Ж. - Емшінің хикаясы...//1992.06.27; «Жаңалық жаршысы»). 

Осы жоғарғыда айтылған оқиғалардан бөлек тек Жабасақтықтарға ғана мәлім жәйттар көп. 1930-1920 жылдары болған тарихи оқиғалар мешітті құлдыратты. Ал 1991 жылы 26 сәуіріндегі оқиға мешіттің ішкі жағдайын нашарлатып жіберді. Қазіргі уақытта мешіт апатты жағдайда. Алмат Самыраттардың Ақтөбе қаласында тұратын ұрпағы Роман Рахиұлының айтуынша жоспар бойынша 2024 жылы қайта қалпына келтірілуі керек екен. Бірақ еліміздегі алапат су тасқын оқиғасына байланысты кейінге қалдырылған.

«Әке өсиетін орындаған асыл перзент»

ХІХ ғасырдың аяғында шамамен 1886-88 жылдары  салынған сәулет өнері. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының оңтүстік-шығысында 22 км жерде орналасқан. Тамды салу үшін Самырат халық арасынан шыққан жағалбайлы руынан шыққан Жығаға қолқа салған. Көлемі 12,70х12,10 метр, 7 бөлмелі. Комплекстік жобасы мен архитекуралық шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге арқалы ойықтар өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған арқалар өте әдемі  көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған (қараңыз: Ақтөбе энцеклопедиясы, 2001ж. 266-267 бет., С.Әжіғалиев ҰЭ 1- том, 277-бет.).

Өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеде сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетасссыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат кесенедегі дөңгелек бөлмеде аңғарылады. Алмат тамының күрделі композициясы мәйітті жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйіттің бір бөлменің бір бұрышына ығыстырады да орына жаңа мәйітті қояды. Кесенеде Алмат Тобабергенұлының көзі тірісінде өз тапсырысымен, өсиетімен тұрғызылған. Осында әкесі және жастай қайтыс болған бірнеше баласы жерленген. Басына құлыптастар қойылған қорым бар. Құрылысты салдырған баласы Самұрат там салынып біткеннен кейін мақтанғысы келіп әкесін ерітіп келіп:

- Әке, там қалай екен? – деп сұрағанда, әкесі Алмат:

- Сендей баласы бар мен қандаймын! – деген екен.

Сөз соңы

Бірде Қара Басықараға көшіп келе жатып Аққұмдағы Самұраттың жайлауы Былқылдаққа аялдапты. Былқылдақ жылқының тұяғы жартылай ғана батып тұратын көк майса жер екен. Темірбек келе жатыр деген хабар келеді. Ауыл болып алдынан шықса 3 адам екен. Біреуі – Тел Жаманмұрынов, екіншісі – атақты большевик Н.Подвойский екен. Сонда Қараның оқымысты баласы әкесіне ақыл айтыпты: «Самырат жайлауына бекер қондыңыз. Енді ағайын арасына жік түсетін болды. Заман өзгереді. Байлықты жек көретін үкімет орнайды. Сауын сиыр мен мінер жылқыдан басқасының керегі жоқ. Жалшы ұстайтын заман емес» - дейді. Ол кезде баланың әкесіне ақыл айтуы ұғымға сыймайды. Қара шарт кетіп: «Сені адам болсың деп оқытсам, маған ақыл айтасың. Менікі жуса кетпейтін байлық. Құдай берген байлықты кім көрінгенге таратсам, қадірін біле ме! Шекие өзің шекие бер», - деген екен. 

Айтқымыз келгені Самұраттың жайлауы Аққұмның Қарақай бойы, Князь (Аққұмнан 10 км жерде, 1896 жылы Самар генерал губернаторы, князь Николай Константинов Самұрат осы жерде күтіп алған), Былқылдақ, және т.б. осы сияқты көптеген жерлерді жайлаған. Ал Қара Басықара қопасы, Ащылысай, Көксай, Жантай деген жерлерді жайлаған. Самырат пен Қара Былқылдақ пен Мысты(Жабасақ ауылының қазіргі орналасқан орны) сияқты көптеген жерлерге таласып, екеуінің арасында жер дауы болып тұрған. Жабасақ ауылындағы мешітте сол мәселелерге байланысты салынған болуы керек. Кейінен Самұрат Сыр бойына қоныс аударып, 1922 жылы қайтар шағында ағайындарына: «Қараға сәлем айт. Жері де, елі де өзіңе қалды» - депті (қараңыз: Құдайбергенұы Б. ҚАРА...// 12.09. 2013. zhanalyq-zharshysy.kz). 1922 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақсуат-Кеңтүбекте қайтыс болды.

Асқар Рахымжанұлы

тарихшы

Бөлісу