Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығында әр құралдың өзіндік орны мен қызметі болған. Малшылар төрт түліктің жайын ғана біліп қоймай, оның төлдеу, сауу, күту және көбейту кезеңдеріне арналған түрлі жабдықтарды да шебер пайдаланған. Бүгін солардың ішіндегі қой мен ешкі шаруашылығында қолданылатын жабдықтармен таныстырмақпыз.
Көген
Көген – қозы мен лақты белгілі бір тәртіппен тізіп байлап қоюға арналған ұзын арқан. Ол көбіне жүннен немесе берік талшықтан есіліп, екі қазықтың арасына керіліп тартылған. Арқанның бойына қысқа баулар мен ілмектер тағылып, әрқайсысына бір-бір төл байланған. Көген әсіресе қой мен ешкі сауылатын кезде қажет болған. Енелері өрістен келгенде қозы-лақ бірден жамырап кетпеуі үшін олар көгенде тұрған. Малшы әр төлді кезекпен ағытып, енесіне жіберіп, саулықтың желінін иіткен. Осыдан кейін төл қайтадан көгенге байланған. Сауын аяқталған соң ғана қозылар мен лақтар енесіне қосылған. Қазақ арасында жаңа көген тартылған кезде оған май жағып, «Көген толсын!» деп тілек айту дәстүр бар. Бұл – төл көбейіп, мал-жан аман болсын деген ізгі ниетті білдіреді.
Күйек
Күйек – қошқар мен текенің беліне байланатын арнайы киіз жабдық. Оның негізгі қызметі – аталық малдың саулықтарға мезгілінен бұрын қосылуына жол бермеу. Осы арқылы малшылар қой мен ешкінің төлдеу уақытын табиғат жағдайына, жайылым мен ауа райына қарай реттеп отырған. Малдың тым ерте төлдеуі өте қауіпті. Себебі қыстың суығы мен көктемгі құбылмалы ауа райында туған әлсіз төлдің шығынға ұшырау ықтималдығы жоғары. Сондықтан қошқар мен текеге алдын ала күйек байлап, оларды белгілі уақытқа дейін аналық малдан шектеген. Қолайлы мезгіл келгенде күйек алынып, аталық мал отарға қосылған.
Желінқап
Желінқап – қой мен ешкінің желінін жауып, қорғау үшін байланатын арнайы қап немесе жапқыш. Ол желіннің айналасын жауып тұратындай етіп жұмсақ матадан, киізден немесе басқа да қолайлы материалдан тігілген. Жоғарғы жағындағы баулары малдың белінен асырыла байланып, қаптың түсіп қалмауын қамтамасыз етеді. Желінқап бірнеше мақсатта қолданылған. Біріншіден, ол малдың желінін қыстың аязынан, шаң-тозаңнан және жәндіктерден қорғаған. Екіншіден, сауын малдың сүтін қозысы немесе лағы түгел еміп қоймауы үшін тағылған. Мұндай жағдайда төл енесімен бірге жүрсе де, желінге жете алмайтын болған. Сондай-ақ желін жарақаттанғанда немесе ауырғанда, оны сыртқы әсерден сақтау үшін де желінқап пайдаланылған.
Кереқап
Қой мен ешкі кейде ауылдан алыс өрісте төлдейді. Жаңа туған қозы немесе лақ бірден аяғына тұрып, енесіне ілесе алмауы мүмкін. Осындай жағдайда малшылар кереқапты пайдаланған. Ол аттың қанжығасына немесе ердің екі жағына теңдеп байлауға ыңғайлы жасалған. Малшы әлсіз төлді кереқапқа салып, ауылға немесе қораға аман жеткізген. Қаптың екі жағына төлдерді тең орналастыру атқа түсетін салмақты біркелкі бөлген. Ал бір ғана төл болса, екінші жағына салмағы шамалас зат салынуы мүмкін. Кереқаптың іші төлге жайлы, жылы әрі қауіпсіз болуы үшін жұмсақ материалмен жабдықталған. Кереқап әсіресе төлдеу науқаны кезінде аса қажет болған. Ол малшының жаңа туған төлді қолына ұстап ұзақ жол жүруін жеңілдетіп, қозы мен лақты суықтан, желден және жол үстіндегі қауіптен қорғаған.
Бауырынтақ
Бауырынтақ – жас төлдің бауырын, кеуде тұсын суықтан қорғау үшін тағылатын киіз жабдық. Оның атауы да «бауырына тағу» деген қызметін аңғартып тұр. Бауырынтақ малдың құрсақ жағын жауып, баулар арқылы арқасына немесе кеуде тұсына бекітілген. Бұл жабдық әсіресе күн суытып, жерде қар мен мұз жатқан кезеңде қажет болған. Әлсіз немесе жас малдың құрсағы суық жерге тиіп, тоңып қалмауы үшін бауырынтақ тағылған. Оны көбіне киізден жасау да бекер емес. Киіз жылуды жақсы сақтайды, жеңіл келеді және мал қозғалғанда денесіне қатты батпайды. Бауырынтақтың көлемі мен бауы малдың денесіне лайықталып жасалған. Ол малдың еркін жүруіне кедергі келтірмей, ең осал тұсын суықтан қорғауы керек болған.
Бүгінде бұл атаулардың кейбірі күнделікті қолданыстан алыстап барады. Алайда оларды танып-білу арқылы қазақтың дәстүрлі шаруашылығының қаншалықты жүйелі болғанын аңғаруға болады. Әр жабдық табиғатпен біте қайнасқан тіршіліктен, ұзақ жылғы бақылау мен тәжірибеден туған. Сондықтан қой мен ешкіге арналған осы қарапайым бұйымдар – халқымыздың малшылық мәдениеті мен тұрмыстық тапқырлығын танытатын құнды мұра.