Әдеби мұраның жаңа қырлары зерттеушілер шығармалардың тікелей мазмұнына ғана емес, олардың астарындағы бейнелер жүйесіне, таңбалар әлемі мен мәдени ишараларға назар аударған кезде айқындала түседі. Абай Құнанбайұлының поэзиясы осындай көпқабатты талдауға ерекше мүмкіндік береді. Ақын шығармаларында қазақтың дәстүрлі дүниетанымы, исламдық ой-сана, Шығыс пен Батыс философиясының идеялары, сондай-ақ адам болмысы, иман және адамгершілік туралы терең толғаныстар өзара сабақтасып жатыр. Бұл мақалада Умберто Эконың семиотикалық тұжырымдамасы негізінде Абай шығармаларының түрлі мағыналық қабаттарын ашу, мәтінді интерпретациялаудың шекараларын айқындау және оқырманның мағына қалыптастыру үдерісіндегі рөлін пайымдау мәселелері қарастырылады. Зерттеуде, әсіресе, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінің метафоралық жүйесіне, символдық құрылымына және ішкі семантикалық логикасына ерекше назар аударылады. Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарды Роза Хасенова мен Манифа Сарқұлованың зерттеуінің негізгі тұжырымдарымен таныстырып, семиотикалық талдау тәсілінің Абайдың поэтикалық әлеміне жаңаша ғылыми көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Дереккөз: “Abai’s poetry in Eco’s semiotic light”, Roza Khassenova и Manifa Sarkulova, Chinese Semiotic Studies (2024, 20(2)).
Абай: өмірбаяны, шығармашылығы және әлемдік мойындалуы
Абай мұрасына деген қызығушылық әлдеқашан Қазақстан шекарасынан асып, халықаралық деңгейге көтерілді. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, әртүрлі мәдениет өкілдерінің рухани игілігіне айналды. Ақын поэзиясының әлемге кеңінен таралуындағы маңызды кезеңдердің бірі – 1950-жылдар. Осы кезеңде Абай өлеңдерінің жинақтары Моңғолияда жарық көріп, «Ескендір» поэмасын профессор Ха Хуаньцзянь қытай тіліне аударды. Кейіннен ақын шығармалары Қытайда және Чехословакияда жарияланды. Әлемнің әртүрлі елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференциялар, Абай атындағы мәдени және ғылыми орталықтардың ашылуы, сондай-ақ ақынға арналған ескерткіштердің орнатылуы оның тек ұлы ақын ғана емес, мәдениеттер сұхбатын, өзара түсіністік пен бейбітшілікті дәріптеген ағартушы ретінде де әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Азан шақырып қойылған есімі Ибраһим болған Абай 1845 жылдың 10 тамызында Семей өңіріндегі Сырт Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген. Оның зияткерлік әрі ақындық болмысының қалыптасуына отбасы тәрбиесі ерекше ықпал етті. Әкесі Құнанбай болыс басқарушысы әрі аға сұлтан болса, анасы Ұлжан ақыл-парасатымен және шешендігімен танылған. Осындай рухани орта Абайдың ойлы мінезінің қалыптасуына, қоғамдық өмірге, ұлттық мәдениетке және рухани құндылықтарға ерте кезден қызығушылық танытуына негіз қалады. Кейіннен оның дүниетанымы қазақтың дәстүрлі ойлау жүйесі, ислам өркениеті және Еуропа философиясының тоғысқан арнасында кемелденді.
Абай шығармашылығы қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ақын өлеңдерінде, қара сөздерінде және сыншыл ой-толғамдарында махаббат, табиғат, руханият және қоғамдық мәселелерді терең қозғап, білім мен ғылымның, ағартушылықтың және мәдени дамудың маңызын үздіксіз насихаттады. Оның әдеби мұрасы бүгінгі күні де тек оқырман сүйіспеншілігін ғана емес, ғылыми пікірталастарды да тудырып келеді. Зерттеушілер Абайдың тарихи орны мен қоғамдық ықпалына әртүрлі көзқарас білдіргенімен, мұндай пікір алмасулар оның шығармаларының қазақ мәдениетінің өміршең әрі өзекті бөлігі болып қала беретінін және оларды мәтінге негізделген терең ғылыми талдаудың қажеттігін дәлелдейді.
Умберто Эко семиотикасы және Абай поэзиясын талдау
Умберто Эконың семиотикалық тұжырымдамасы әдеби мәтінді мәдениетпен, тарихпен және өзге мәтіндермен өзара байланысқан таңбалар жүйесі ретінде қарастырады. Бұл көзқарас бойынша сөздің, бейненің немесе символдың мағынасы жеке дара емес, белгілі бір мәдени әрі мәтіндік контекст аясында ғана толық ашылады. Сондықтан көркем шығарманы түсіну үшін мәтінде тікелей айтылған оймен шектелу жеткіліксіз; оның негізінде жатқан мәдени кодтар мен интермәтіндік байланыстарды да танып-білу қажет. Осындай мәдени білімдер мен тәжірибелердің жиынтығын Эко «энциклопедия» ұғымымен сипаттайды. Бұл нақты бір кітап емес, адамның өмір бойы жинақтаған мәдени тәжірибесі мен дүниетанымдық қоры, яғни мәтінді дұрыс түсіндіруге мүмкіндік беретін рухани-танымдық кеңістік.
Бұл үдерісте оқырманның рөлі айрықша маңызды. Эконың пайымдауынша, әдеби шығарма әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік бергенімен, интерпретация шексіз еркін болмауы тиіс. Ол мәтіннің ішкі логикасына сәйкес келіп, оның жекелеген бөліктерімен қайшылыққа түспеуі қажет. Оқырман мәтіндегі таңбаларды танып, оларды өзге дереккөздермен байланыстырады және шығарманың тұтас мағынасына қатысты болжам ұсынады. Мұндай танымдық болжам ғылымда абдукция деп аталады. Егер бұл болжам шығарманың барлық құрамдас бөліктерін біртұтас жүйе ретінде қисынды түсіндіре алса, онда ол негізді интерпретация болып саналады. Сонымен қатар мағына ешқашан түпкілікті бекіп қалмайды: әрбір таңба жаңа ассоциациялар мен жаңа түсіндірулерге жол ашып, мағынаның үздіксіз қалыптасу үдерісін жалғастыра береді.
Абай поэзиясын зерттеуде бұл әдіс жекелеген сөздерді, метафораларды, діни ұғымдарды және мәдени ишараларды тұтас таңбалық жүйенің өзара байланысқан элементтері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Олардың мәнін толық ашу үшін ақынның дүниетанымын, өмір сүрген тарихи дәуірін, исламдық және қазақы рухани дәстүрлерді, сондай-ақ оның шығармаларының Шығыс пен Батыс философиялық-әдеби ойымен сабақтастығын қатар ескеру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, семиотикалық тәсіл өлеңнің тек сыртқы мазмұнын ғана емес, мәтін, мәдениет және оқырман арасындағы өзара ықпалдастық нәтижесінде ашылатын терең мағыналық қабаттарды да жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.
«Алланың өзі де рас»: Абай поэзиясындағы иман, махаббат және мәдени жады
Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіне жасалған семиотикалық талдау ең алдымен оның атауынан басталады. Өлеңнің алғашқы тармағында қайталанатын бұл атау бүкіл шығарманың идеялық бағытын айқындайтын тұжырым ретінде беріледі:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Осы жолдарда ақиқат пен жалғандық, көптеген кітаптар мен төрт қасиетті кітап өзара қарама-қарсы қойылады. Күнделікті қолданыстағы қарапайым мағынаға ие сөздер өлеңнің ішінде авторлық дүниетанымның таңбаларына айналады. Мәселен, Алланың аталуы кітаптар бейнесіне қасиетті мән үстейді. Мұнда Мұса пайғамбарға түсірілген Тәурат, Иса пайғамбарға түскен Інжіл, Дәуіт пайғамбарға берілген Забур және Мұхаммед пайғамбарға түскен Құран туралы сөз болып отыр. Осы ишаралар арқылы өлең діни мәтіндермен сұхбатқа түсіп, оқырманнан тиісті мәдени контексті білуді талап етеді.
Алла, Оның хақ сөзі және төрт қасиетті кітап өлеңде иманның негіздері ретінде көрініс табады. Сонымен бірге зерттеу авторлары бұл бейнелерді кеңестік кезеңде қауіп-қатерге ұшыраған қазақтың ұлттық құндылықтарымен байланыстырады. Сол кезеңде мешіттер мен ұлттық мектептер қиратылып, классикалық ақындардың шығармаларына тыйым салынып, дін «халықтың апиыны» деген түсінік кеңінен насихатталды. Сондықтан Абай поэзиясындағы діни таңбаларға қайта оралу тек иманға бет бұру ғана емес, сонымен бірге мәдени жадыны қалпына келтіру ретінде де түсіндіріледі. Сонымен қатар ақынның дінге деген көзқарасы діни рәсімдерді бұлжытпай орындаумен ғана шектелмейді: ол төрт қасиетті кітаптың бәріне бірдей құрметпен қарап, сыртқы діни рәсімдерден гөрі адамгершілік қағидаларын жоғары қояды. Бұл ұстаным төмендегі жолдарда айрықша айқын көрініс табады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы шумақтарды түсіндіру барысында зерттеушілер «махаббат» пен «сүю» ұғымдарының айырмашылығына назар аударады. Біріншісі, ең алдымен, Алланың махаббатын білдіретін асқақ әрі қасиетті сүйіспеншілікті меңзесе, екіншісі адамның сүйіспеншілігімен байланысты. Адам баласы жаратылысынан сүю қабілетіне ие болғанымен, ол бұл сүйіспеншілігін тек Жаратушыға ғана емес, күллі адамзатқа да бағыттауы тиіс. Осылайша Абай шексіз құдайлық махаббат әлемі мен адамдар арасындағы жер бетіндегі қарым-қатынастарды өзара сабақтастырып, адамның дініне, тіліне немесе шыққан тегіне қарамастан әркімге мейіріммен қарауға үндейді. Бұл ой қазақтың «Әкенің баласы болма, адамның баласы бол» деген нақыл сөзімен үндеседі. Абай дүниетанымында махаббат әрбір адамның қадір-қасиеті мен құндылығы мойындалатын әділетті әрі ашық қоғамның іргетасына айналады. Осы оймен Алланың көркем есімдері де сабақтасады: Ар-Рахман – «Аса Мейірімді», Ар-Рахим – «Ерекше Рақымды», Әл-Латиф – «Ілтипатты», Әл-Кәрим – «Жомарт», Әл-Уадуд – «Сүюші», Әл-Уәли – «Қамқоршы әрі Қорғаушы», Әл-Мухйи – «Тіршілік Беруші», Әл-Уәли – «Билеуші», Әл-Барр – «Ізгілік Иесі». Бұл сипаттар Алланың болмысын ғана танытып қоймай, адамға да адамгершілік бағдар береді.
Осындай мәдени және діни байланыстардың көпқабаттылығын түсіндіруге Умберто Эконың энциклопедияұғымы көмектеседі. Бұл жерде энциклопедия деп адамзат жинақтаған барлық білімнің, мәтіндердің, бейнелер мен тарихи куәліктердің жиынтығы түсініледі. Кез келген сөз тіркесі осы жүйедегі басқа элементтермен байланысы арқылы ғана мағынаға ие болады, сондықтан интерпретация үнемі кеңейіп отырады. Алайда мұндай энциклопедия белгілі бір тарихи дәуірге, мәдени ортаға және нақты оқырманның білім деңгейіне тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың бүкіл шығармашылығын оның ойлары мен өмірлік тәжірибесінің өзіндік энциклопедиясы ретінде қарастыруға болады. Абай он тоғыз жасында жазған өлеңінің өзінде-ақ араб сөздері мен исламдық рәміздерді қолданады:
Әлифдек ай йүзіңе ғибрат еттім,
Би, бәләи дәртіңа нисбәт еттім.
Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат,
Си, сәнаи мәдхия хүрмәт еттім.
Әліф сөзі бастау мен алғашқы негізді білдіреді, ай исламдық рәміздермен байланысты, бәләи мен дәртіңа қасірет пен дертті меңзейді, әбиат – өлеңдер мен жырлар, сәнаи – сұлулық, мәдхия – мадақ, ал хүрмәт – құрмет деген мағына береді. Осы таңбалар арқылы ақын құпия білім, махаббат күйі, жан жарасынан арылуға ұмтылыс, ақындық жолдың басталуы және Жаратушыны мадақтау туралы ой қозғайды.
Алайда мұндай түсіндіру Абайдың өмірбаянын ескерген жағдайда ғана мүмкін болады. Ол ислам дәстүрі терең орныққан отбасында өсіп, жастайынан қоғамдық жауапкершілік пен қайырымдылық ұғымдарын бойына сіңірді. Абай әкесі Құнанбайды әділ әрі жомарт адам ретінде сипаттап, оған қайғы-қасіретке ұшырағандар мен мұқтаж жандардың үнемі жүгінетінін жазады. Құнанбай ел ішіндегі дау-жанжалдарды тоқтатып, зекет жинаған, кедей-кепшіктерге ас берген, сондай-ақ Алла жолында дүние-мүлкін аямай, Меккеде қажыларға арналған уақып үйін салдырған. Ахмет Риза медресесінде оқуы да Абайдың дүниетанымын кеңейтті. Оның ұстазы Камалетдин Құранды оқытуды ғылымдарды үйретумен және сыни ойлауды дамытумен ұштастырған жәдидтік бағытты ұстанды. Соның арқасында Абай араб-мұсылман мәдениетімен, шығыс әдебиетімен, ислам негіздерімен, сондай-ақ Шиһабуддин Маржани мен Исмаил Гаспринскийдің еңбектерімен танысты. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіне қайта оралған зерттеушілер онда «Имани гүл» деп аталатын үш түрлі сүю ілімін бөліп көрсетеді:
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Бұл үш түрлі сүйіспеншілік шынайы иманның негізін құрайды және дүние-мүліктен, тіпті адамның өз өмірінен де қымбат құндылық ретінде бағаланады. Сонымен бірге Абай дүниетанымында махаббат әділеттен ажырамайды: біріншісі әлемді нұрландырып, оған қуат берсе, екіншісі тәртіп пен тепе-теңдікті сақтайды. Дәл осы ой «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде де көрініс тапқан:
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?
Абайдың пайымдауынша, қайрат пен ақыл әділет пен рақыммен толыққанда ғана өз мәніне ие болады. Өмірлік мақсаты жоқ, осы қасиеттерді елемейтін адам жалын мен мұздың арасында қалып, артында өміршең әрі игілікті із қалдыра алмайды.
Сопылық және Абайдың махаббат философиясының шығыстық бастаулары
Зерттеу авторлары Абайдың махаббат туралы түсінігінің бастау көздерін шығыс поэзиясы мен сопылық ілімнен таратады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында былай деп жазады: «Кейде Бабырды, Науаиды, Аллаярды және соларға ұқсас өзге ақындарды көп оқыған соң, ол [Абай] қағаз бен қалам алып, олардың мәнеріне еліктеп өзі де бірдеңе жаза бастайды [...] «Махаббат оты мен сүйіктінің» сарындары оны әлі де өзіне тарта береді».
Сопылық дәстүрде «махаббат оты» тек адам сезімін ғана емес, сонымен бірге пәк рухтың Алламен қауышуға деген ұмтылысын білдіреді. Бұл рухани жолдың негізін қалаушылардың бірі ретінде Рабия әл-Адауия аталады. Кейін оның ілімін Әл-Бистами, Әл-Халлаж және Ибн Араби дамытты. Уақыт өте келе махаббат философиясы Фирдоуси, Низами, Руми және Хафиз шығармаларында, сондай-ақ Ләйлі мен Мәжнүн туралы хикаяда көрініс тапты. Бұл шығармада Ләйліге деген махаббат бүкіл ғаламға деген сүйіспеншіліктің символына айналады. Осыған ұқсас ой дән таусылған кезде тіршілік үшін күресуге ұмтылысы болмағандықтан қырылып қалған құстар туралы сопылық аңызда да бейнеленеді.
Түркі мәдениетінде бұл «жүрек ілімі» Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» дастанынан-ақ көрініс табады. Шығарма кейіпкері Оғдұрмыш, есімі «қанағат» деген мағынаны білдіретін бұл тұлға, ізгі адамға тән қасиеттер – сыпайылықты, жомарттықты, білімділік пен мейірімділікті бейнелейді. XII ғасырда сопылық идеялар Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегі арқылы одан әрі кеңінен таралып, ислам ілімін түркі дүниесінің рухани тәжірибесімен ұштастырды. Ясауиге деген терең құрмет «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет»деген нақыл сөзден де айқын аңғарылады. Оның ілімінің кең таралғанын Маңғыстаудағы Шақпақ-Ата жерасты ғимаратынан табылған сопылық рәміздер бейнеленген жазулар да дәлелдейді.
Абай шығармашылығындағы Шығыс пен Батыс: кемел адамның мұраты
Бертельстің пікірінше, мұндай поэзияны сопылық идеялармен таныспайынша толық түсіну мүмкін емес, өйткені оның символдары мен мистикалық бейнелері дәл осы дәстүр аясында ғана өзіндік мағынаға ие болады. XIX ғасырдың соңында Абай шығармалары көшпелі өмір салты, ұлттық мәдениет пен дүниетаным салыстырмалы түрде тұтастығын сақтаған ортада қабылданды. Сондықтан «Алаш» қозғалысының қайраткерлері оның ағартушылық идеяларын философияда, әдебиетте, педагогикада және әділдік жолындағы күресте пайдаланып, «кемел адам» мұратына жақындауға ұмтылды. Кейін жағдай өзгерді: Абай шығармалары оқу бағдарламаларынан алынып тасталды, Ясауи мұрасы мен сопылық поэзияға тыйым салынды, «Алаш» қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады, ал Қайым Мұхамедханов «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясы үшін жиырма бес жылға сотталды. Сондықтан өткеннің мәдени мұрасы жаңаша оқуды қажет етеді. Әрбір мәтін өзге мәтіндермен байланыста болады, ал әрбір хабарлама өзінен бұрынғы хабарламаларға жауап беріп, кейінгі мәтіндердің негізіне айналады.
Абай поэзиясы Шығыстағы «кемел мұсылман» және «кемел адам» дәстүрін жалғастырады. Оның негізінде адамның ішкі мәселелері жүректің жай-күйімен байланысты, ал кемелдік ақылдың, қайраттың және мейірімнің тепе-теңдігі арқылы жүзеге асады деген ой жатыр. Бұл тақырыпты Руми, Омар Хайям, Хафиз, Сағди, Жәми, Жүсіп Баласағұни және Қожа Ахмет Ясауи дамытқан. Абайдың өзі адамзаттық білімнің әртүрлі арналарына ден қойғанын «Сегіз аяқ» өлеңінде былай білдіреді:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Мұндағы «Екі жаққа үңілдім» дегенді Шығыс пен Батыс деп түсінуге болады, өйткені Абай екі мәдени дәстүрді де терең меңгерген. Жиырма жетінші қара сөзінде ол Сократ пен Аристодемнің сұхбатына жүгінеді, ал поэзиясында Гетені, Пушкинді, Лермонтовты және Толстойды аударады. Әсіресе Лермонтов оған жақын болды: Абай оның отыздан астам өлеңін қазақ тіліне аударып, сол арқылы қазақ оқырманын Гетенің «Жолаушының түнгі жырымен» таныстырды. Абай мен Гетені махаббат пен гуманизмге деген қызығушылық, немқұрайлылық пен әрекетсіздікті сынауы, сондай-ақ рухани ізденіс кезіндегі жалғыздық тәжірибесі жақындастырады.
Гете де Абай сияқты махаббатты адамды рухани жаңғыртып, поэзияны тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін күш ретінде қарастырды. Ол «Батыс-шығыс диванында» былай деп жазады:
Әуелі махаббатты шақырайық,
Жырымыз махаббатпен тыныстасын,
Әуені тәтті болып естілсін,
Құлақ пен жүректі қатар тербетсін.
Кейін махаббатты ең ұлы кітаппен салыстырады:
Кітаптардың кітабы – махаббат,
Әлемде одан ғажап кітап жоқ.
Ал Фархад пен Шырын, Мәжнүн мен Ләйлі туралы хикаяларға тоқтала отырып, Гете есепке құрылмаған, шынайы махаббатты жырлайды:
Махаббат азабын рақатсыз тартқан –
Шырын мен Фархад.
Бір-бірі үшін дүниеге келген –
Мәжнүн мен Ләйлі.
Бұл мысалдар махаббатты даналықтың, ішкі тектіліктің және толық берілу сезімінің қайнар көзі ретінде көрсетеді. Абайдың өзі де рухани ізденістерінде Шығыстың ұлы ақындарына жүгінеді:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд.
Бұл жерде ақындар Абай шабыт пен рухани демеу сұрайтын символдық «жұлдыздар» ретінде көрінеді. Олардың ішінде махаббат поэзиясы Гетеге де ықпал еткен Хафиздің орны ерекше. Бұл байланыс шығыстық және батыстық дәстүрлердің бірлігін айқындайды. Хафиз бен Омар Хайям махаббатты құрбандықты талап ететін ауыр жол ретінде бейнелейді:
«Махаббат жолының шегі де, шеті де жоқ.
Ол жолдан шығудың жалғыз жолы – жанды тәннен шығару».
Руми де өлеңдерді рухани құпиялар деп атап, оларды жүрегін Аллаға арнаған адамдар үшін Нұхтың кемесіне теңейді және өлең адамның жүрегін таңның көзді ашатыны сияқты ашады деп тұжырымдайды.
Адам туралы философиялық түсінік ең толық түрде бастапқыда «Ғақлият-тасдиқат» деп аталған Отыз сегізінші қара сөзде баяндалады. Кейін бұл шығарма қырық бес қара сөздің құрамына енді. Онда Абай «кемел адам» ұғымын түсіндіреді. Бұл ұғым парсының жәуанмәрт сөзімен байланысты: жәуан – жас адам, мәрт – ізгілік пен жомарттық дегенді білдіреді. Осыған мағыналас қазақ сөзі – жомарт. Жәуанмәртлік ұғымына сиддиқ – ақиқат, кәрәм – жомарттық және ғақыл – парасат кіреді. Бұл қасиеттер адам бойына жаратылыстан берілгенімен, оларды үнемі тәрбиелеп, жетілдіріп отыру қажет.
Кемел адам мұратының терең мәдени тамырлары бар. Конфуций цзюнь-цзы бейнесін рухани кемелдікпен, адамгершілікпен және тұлғалық жетілумен байланыстырған. «Авестада» рақымшылық, ізгілік және қайырымдылық тақуа өмірдің негізі ретінде қарастырылады. Махмұд Қашқаридің «Диуан лұғат ат-түрік»еңбегінде сақталған Афрасиаб туралы аңыздар да осы мұраттың қалыптасуына үлес қосты. Сонымен қатар Абайға Ибн Арабидің «әл-инсан әл-камил» («кемел адам») сопылық тұжырымдамасы ықпал етуі мүмкін, алайда ақын оны өз дүниетанымына сәйкес дамытты. Өлеңнің келесі жолдары діни ұғымдарды мәдени және адамгершілік жауапкершілік мәселелерімен қайта байланыстырады:
Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
[…]
Заман, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.
[…]
Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.
Араб сөздері Абайға ойды дәлірек жеткізуге мүмкіндік береді: аманту – аманатқа тапсырылған нәрсе мен қауіпсіздікті, нәби – пайғамбарды, уәктубиһи – қасиетті кітаптарды, ал шариғат – тура жолды білдіреді. Зерттеушілердің түсіндіруінше, бұл сөздер адамзаттың мәңгілік құндылықтарды, тілді, мәдениетті және ұлттық болмысты сақтаудағы жауапкершілігін меңзейді. Сонымен бірге ақын мағыналы сөзді бос сөзге қарама-қарсы қояды. Дүние, әдет-ғұрып және қоғамдық жағдайлар өзгеріп отырады, бірақ діни ілімдердің адамгершілік негізі өзгеріссіз қалады. Сондықтан шынайы өзгеріс адамның өз нәпсісімен және мәнсіз сөзбен күресінен басталады.
Зерттеу авторлары мұндай түсіндірудің негізділігін Умберто Эконың абдукция ұғымы арқылы тексереді. Абдукция – шығарманың жалпы мағынасын түсіндіре алатын болжам ұсыну тәсілі. Ұсынылған «жасырын код»мәтіннің тұтас құрылымына сәйкес келуі тиіс: егер түсіндіру мәтіннің бір бөлігіне сәйкес келіп, екінші бөлігіне қайшы келсе, оны қабылдауға болмайды. Эко бұл қағиданы Августиннің тәсілімен де байланыстырады. Мәтіннің жалғыз әрі түпкілікті түсіндірмесі болмауы мүмкін, бірақ әрбір интерпретация ішкі тұтастық пен қисындылықты сақтауға міндетті.
Өлеңнің соңғы жолдарында Абай діни парыздарға тоқталады:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Мұнда руза, намаз, зекет және хаж, яғни ораза, намаз, зекет және қажылық туралы сөз болады. Ақын бұл парыздарды біртұтас күйінде орындауға шақырып, қажылықты сыртқы рәсімге немесе туристік сапарға айналдырмауды ескертеді. Сол себепті ол кейбір медреселерді де сынайды: сыртқы тазалықтың астарында иманның жоқтығы, дүниеқоңыздық, мақтаншақтық пен нәпсіқұмарлық жасырынуы мүмкін. Абайдың түсінігінде шынайы діндарлық білімді, ғылымды, шынайылықты және адамның ішкі рухани өзгерісін талап етеді.
Абай тұлғасы мен поэзиясының күрделілігі оның қалыптасқан тарихи ортасымен түсіндіріледі. Көшпелі өркениеттің соңғы белгілері, әлеуметтік қайшылықтар және Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің қасіреті ақынның көркемдік ойлауына ықпал етті. Әсіресе Құнанбайдың Кенесарының кесілген басының Омбыға жеткізіліп, зерттеуде келтірілген мәлімет бойынша, күміс күлсалғышқа айналдырылғаны туралы әңгімелері Абайға ауыр әсер қалдырды. Бұл оқиға ақынның шығармашылық жолын айқындаған тарихи қасіреттің бір бөлігіне айналды. Оның өлеңдері ағартушылық әрі сыншыл қызмет атқарды, ал «адам болу»қағидасы ақылды, еңбекқорлықты, әділеттілікті, білімді, махаббатты және адалдықты өзара біріктірді. Абай үшін иман тек діни ұғым ғана емес, адамгершіліктің, ар-ожданның және адам дүниеден өткеннен кейін де сақталатын игі істердің өлшемі болды. Сондықтан оның сыны бір ғана халыққа бағытталмайды. Абдуақап Қараның айтуынша, Абай атаған кемшіліктер түркі-мұсылман халықтарының көпшілігіне тән болған. Осыған байланысты Абайды тек қазақ ақыны ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ақыны ретінде қарастыруға болады.