«Өмірге келгеніңе өкінбе сен». Бір қарағанда қарапайым ғана жұбату секілді естілетін осы жолдың астарында тұтас өмір философиясы жатыр. Қуаныш пен мұңның, үміт пен өкініштің қатар жүретінін санаға сіңірген «Өкінбе сен» әні бүгінде Жұбаныш Жексенұлының орындауымен кеңінен таныс. Алайда шығарманың тарихы әнші оны сахнаға алып шыққан кезеңнен әлдеқайда ертерек басталады.
«Өкінбе сен» әнінің сөзін ақын Шөмішбай Сариев, музыкасын композитор Кеңес Дүйсекеев жазған. Бұл кезең Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық жолының бастауындағы өнімді жылдардың бірі еді. Композитор консерваторияны 1974 жылы аяқтап, көп ұзамай қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңбасымен таныла бастады. «Өкінбе сен» де сол алғашқы кезеңдегі шығармаларының қатарынан орын алды. Шөмішбай Сариев пен Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық байланысы кейін қазақ ән өнеріне көптеген танымал туынды сыйлады. «Қарағым-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Ғашықтар жыры», «Еркеледің сен» секілді әндер де осы екі автордың шығармашылық бірлігінен туған. «Өкінбе сен» сол қатардағы мазмұны терең шығармалардың біріне айналды.
Әннің басты ерекшелігі – оның белгілі бір адамның басынан өткен оқиғаға құрылмауында. Шығарманың өзегінде өмірдің бір қалыпта тұрмайтыны, адам баласының қуанышпен бірге мұңды да бастан кешіретіні жатыр. Махаббат та бұл әнде тек бақыт пен шаттықтың көрінісі ретінде берілмейді. Сезімнің қуанышы болғаны секілді, сағынышы мен өкініші де бар. Бірақ қандай күй кешсе де, адам өмірдің өзінен түңілмеуі керек. Әннің «Өмірге келгеніңе өкінбе сен» деген түйіні де осы ойға жетелейді.
1976 жылы орындала бастаған шығарма бірден тұрақты репертуарға орнығып кете қойған жоқ. Уақыт өте ән сахнадан сиреп, біраз жыл көмескі тартты. Оның жаңа тынысы араға бірнеше онжылдық салып ашылды. Бұған Жұбаныш Жексенұлының орындауы айрықша ықпал етті. Жұбаныш әнді өзінің қоңыр дауысымен қайта ұсынып, шығарманың философиялық салмағын жаңа буын тыңдарманға жеткізді. Әнші 2000-жылдардың ортасында «Өкінбе сенді» репертуарына берік енгізді. 2006 жылы осы әнге бейнебаян түсіріп, «Өкінбе сен» атауымен 3000 дана күйтабақ шығарған. Осы кезеңнен кейін шығарма Жұбаныш Жексенұлының есімімен тығыз байланысып, әншінің ең танымал туындыларының біріне айналды.
Әннің кейінгі тағдырында тағы бір қызық жайт бар. Шөмішбай Сариев жазған түпнұсқада соңғы шумақтың бір тармағы «бақыт болып» деген тіркеспен аяқталған. Жұбаныш Жексенұлының орындауында ол «бақытым боп» түрінде айтылып кетті. Бір ғана тәуелдік жалғауы шығарманың қабылдануына елеулі әсер етті. Түпнұсқадағы ой жалпы адам өміріндегі бақыт туралы болса, кейінгі нұсқада ол нақты бір адамға бағытталған махаббат сөзіне жақындай түсті.
Ал кейінгі жылдары шығарма басқа әншілердің репертуарында да орындалып келеді. Соған қарамастан көпшілік жадында оның Жұбаныш Жексенұлының дауысымен сақталуы заңды. Кезінде біраз уақыт ұмыт қалған ән дәл осы орындау арқылы жаңа буынға жетті.