Ескі қытайдың № 1 мұрағатында сақталған құжаттарда қазақ ханы Шотан туралы деректер айтылады. Бұл туралы белгілі тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Қазақстан тарихы порталына берген сұхбатында мәлім етті.
Тарихшының айтуынша, қазақ хандығының жойылу уақыты дұрыс айтылып жүрген жоқ.
«Қазақ хандығының құрылған уақытын 1465 жыл деп жүрміз. Шыны керек, бұл шартты дата. Хандық жалғыз күнде немесе бір жылда құрыла салған жоқ. Ол ұзақ уақытты қамтыған күрделі процес. Оны кемі жүз жылға алға жылжытуға болады.
Сол секілді хандықтың ресми түрде жойылу уақыты да біркелкі емес. 1822 жыл деп айтылады. Мұны бір тараптық тұжырым деп ойлаймын. Себебі бұл қазақ тарихшылары немесе зерттеушілер тарапынан қойылған дүние емес. Ол патшалық Ресейдің шешімі. Осыған байланысты біз де Қазақ хандығы ресми түрде 1822 жылы жойылды деп жүрміз. Немесе Қазақ хандығының соңын Кенесарының қайтыс болуымен байланыстырып жүргендер де бар. Құжаттармен жұмыс істеу барысында айрықша бір жарлық-хатқа тап болдым. Құжат Ескі қытайдың № 1 мұрағатында сақтаулы. Бұл қазақ ханы Шотанға түсірілген жарлық. Құжатта «Қазақ ханы Шотан...» делінеді. Бұл хаттың уақыты 1863 жылды қамтиды. 1822 жылы Қазақ хандығы жойылып кетсе, бұл қайдағы хандық, қандай жарлық?
Тарихтан белгілі, қазақтың жері 1860 жылдан бастап қана ресейдің әкімшілік басқаруына өте бастады. Алайда, бұл жарлық-хаттың уақыты осы оқиғадан біршама кейін, яғни үш жылдан кейінгі уақытқа сай келеді. Осыған қарап, қазақ хандығының ресми түрде жойылған жылы осы уақытта болды деп айтуға болады.
Тағы бір айта кетерлік дүние, 1864 жылы Цинь патшалығы мен Ресейдің арасындағы Тарбағатай- Шәуешек келісімі жасалды. Осыған қарап, хандық уақытының дәл осы жылдар аралығында жойылғанын байқауға болады.
Шотан – Тұрсын ханнан тарайды. Құжатта нақты елі жазылмаған. Шамамен Тарбағатай өңірі болуы тиіс. Ресейдің әкімшілік басқаруына сол ең соңғы болып, Алтай, Тарбағатай өңірі өткен болуы мүмкін», - дейді тарихшы.