Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Бөлісу

14.11.2026 43

Елордада көрнекті ғалым, абайтанушы, әдебиеттанушы, ақын, жазушы, драматург, аудармашы және қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 


Ғылыми жиын қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелерін талқылауға, ғалым мұрасының қазіргі гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі орнын айқындауға және абайтану, алаштану, шәкәрімтану салаларындағы зерттеулердің сабақтастығын зерделеуге арналды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Президент аудиториясында ұйымдастырылған халықаралық конференцияны университеттің филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасы және «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты бірлесіп өткізді.

Ғылыми басқосу қазақ руханиятының тарихында айрықша орны бар Қайым Мұхамедханұлының көпқырлы шығармашылық және ғылыми мұрасын қайта зерделеуге, оның зерттеушілік ұстанымдарының бүгінгі әдебиеттану ғылымымен байланысын анықтауға бағытталды. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Қайым Мұхамедханұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан энциклопедист ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз және қоғам қайраткері. Оның есімі, ең алдымен, Абайдың ақындық мектебін ғылыми тұрғыдан негіздеу, Шәкәрім шығармашылығын зерттеу, Алаш қайраткерлерінің әдеби мұрасын зерделеу және қазақ әдебиетіндегі мәтінтану ғылымының дамуына қосқан үлесімен тығыз байланысты.

Ғалымның ғылыми қызметі қазақ әдебиетінің тарихи сабақтастығын, ұлттық көркемдік ойдың даму ерекшеліктерін және әдеби мұраның түпнұсқалық мәселелерін зерттеумен ерекшеленеді. Әсіресе Абайдың ақындық мектебіне қатысты зерттеулері әдебиеттанудағы маңызды ғылыми бағыттардың біріне айналды. Қайым Мұхамедханұлы Абай дәстүрін жалғастырған ақындардың шығармашылығын жүйелі түрде қарастырып, олардың әдеби-эстетикалық ұстанымдарын, шығармашылық байланыстарын және ұлы ақынның көркемдік мектебімен сабақтастығын ғылыми деректер негізінде дәлелдеуге күш салды.

Оның зерттеушілік қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасын тану. Ғалым ақын шығармаларының мәтіндік ерекшеліктерін, авторлық нұсқаларын және әдеби-тарихи деректерін салыстыра зерттеу арқылы шәкәрімтанудың ғылыми негіздерінің қалыптасуына ықпал етті. Сонымен бірге Алаш әдебиеті өкілдерінің шығармашылық мұрасын жинақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу бағытында да елеулі еңбек сіңірді.

Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы мен ғылыми қызметі ұлттық мәдени мұраға адалдықтың, ғылыми принципшілдіктің және зерттеушілік табандылықтың үлгісі болып табылады. Ол 1940 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, 1940 жылы Семейдегі Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастыруға атсалысты. 1945 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторларының бірі болды. Ғалымның еңбегі мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол 1996 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атақтарына ие болды. Сонымен қатар Семей, Аягөз қалаларының, Жаңасемей және Абай аудандарының құрметті азаматы атанды.

Осы тұрғыдан алғанда, ғалымның 110 жылдық мерейтойына арналған конференция оның өмірі мен қызметін еске алумен ғана шектелмей, ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихын, зерттеу дәстүрлерін және қазіргі даму бағыттарын талқылауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаңға айналды.

Конференцияның ашылу салтанатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, ғылыми жиынның маңыздылығына тоқталды.

«Қайым Мұхамедханұлы — қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым.Әдебиет тарихын зерттеуші, текстолог және ұлт рухының жанашыры. Оның саналы ғұмыры Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан дамытуға, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге және ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын зерттеуге арналды. Әсіресе, Абайдың ақылдық мектебін, шәкірттері мен әдеби дәстүрін зерттеу, Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосты. Ғалымның ғылыми мұрасының құндылығы — әдебиет тарихындағы ақ таңдақтарды қалпына келтіріп, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы және басқа да ақындардың шығармашылық мұрасын ғылыми айналымға енгізуінде. Сонымен қатар оның мәтінтану саласындағы еңбектері қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын түпнұсқалық тұрғыдан зерттеуге негіз болды. Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы — ғылымға адалдық пен азаматтық табандылықтың үлгісі. 1951 жылы(фильмнен де көрген шығарсыздар) Абайдың әдеби ет мектебін қорғаған ғылыми ұстанымы үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, сол жылдары ұлт ұстарынан бас тартпай, тағдырдың Карлагта кезеңінде тоғысуда тарихымыздың тағылымды беттерінің бірі. Бүгінде Еуразия ұлттық университетінде Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасын зерттеу және насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ғалымның шығармашылығы мен зерттеулеріне арналған дипломдық, магистрлік, докторлық диссертациялық жұмыстар орындалып, Абайтану, Алаш әдебиеті және қазақ әдебиетінің тарихы пәндері аясында оның өмірі мен ғылыми қызметтеріне арналған дәрістер оқылады. Бұл — ғалым мұрасын білім беру үдерісіменсабақтастырып, ғылыми дәстүрді жалғастырудың маңызды көрінісі. Бүгінгі конференция аясында Отандық, шетелдік ғалымдар әдебиеттанудың өзекті мәселелерін, көркем шығарманың поэтикасын, жанрлық әрі стилдік ерекшеліктерін, әдеби дәстүр мен жаңашылдықты, сондай-ақ Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасын жан-жақты талқылайды деп сенеміз. Мұндай ғылыми басқосулар жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыруға, халықаралық ғылыми ықпалдастықтың нығаюына және ұлттық әдеби мұраны тереңдетіп тануымызға жол ашады. Ғылыми мұра — ұлттық рухани қазына. Оны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу — баршамызға ортақ міндет. Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдық мерейтойына арналған бүгінгі конференция көрнекті ғалымның өнегелі жолын ұлықтап қана қоймай, оның ғылыми идеяларының жалғастығына қызмет етеді деп мен сенемін. Конференцияға арнайы келген Отандық және шетелдік ғалымдарға, зерттеушілерге, оқытушылар мен бұл жерде отырған менің жас әріптестерім мен студенттеріме үлкен табыс тілеймін», - деді.

Жиын барысында Қазақстанның ғылым, білім және мәдениет саласындағы белгілі тұлғалары мен қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілепов құттықтау сөз сөйледі. 

Сондай-ақ Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Думан Орынбеков бейнебайланыс арқылы құттықтауын жолдады. АҚШ-тың Монтана университетінің Мемлекеттік басқару және саясат кафедрасының профессоры Андреа Вернон да конференция жұмысына қатысып, ғылыми жиынның халықаралық ауқымын кеңейтті.

Конференцияға Түркия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Татарстан және Өзбекстаннан келген жетекші ғалымдардың қатысуы оның халықаралық ғылыми сипатын айқындай түсті. Бұл өз кезегінде қазақ әдебиеті мен түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын салыстырмалы зерттеу, әдеби байланыстардың тарихи негіздерін зерделеу және гуманитарлық ғылымдар саласындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік берді.

Конференцияның ғылыми бөлімін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір ашты. Ол «Абайтанудағы ғылыми сабақтастық: Абайдың ақындық мектебі және Қайым Мұхамедханұлының зерттеушілік мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама тақырыбының өзі Қайым Мұхамедханұлының абайтану саласындағы ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарын және олардың қазіргі зерттеулермен байланысын айқындауға арналды. Абайдың ақындық мектебі мәселесі қазақ әдебиеттануындағы күрделі ғылыми тақырыптардың бірі саналады. Бұл бағытта Қайым Мұхамедханұлы қалыптастырған зерттеушілік дәстүр әдеби мұраны тарихи деректермен, шығармашылық байланыстармен және мәтіндік салыстырулармен сабақтастыра қарастырудың маңызын көрсетеді.

Одан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов «Қайым Мұхамедханұлы және Абай аудармалары хақында» тақырыбында баяндама ұсынды. Баяндамада Абайдың аудармашылық мұрасы мен Қайым Мұхамедханұлының осы бағыттағы зерттеушілік еңбектерін қарастыруға негіз болатын маңызды мәселелер қозғалды. Абай аудармаларының көркемдік табиғаты, түпнұсқа мен аударма арасындағы байланыс және аудармашылық дәстүрдің ұлттық әдебиеттегі орны – әдебиеттану үшін өзекті тақырыптардың бірі.

Қазан федералды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, татар әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Флюра Сайфуллина «Роль Каюма Мухамедханова в формировании казахско-татарского межлитературного пространства: от перевода к научному осмыслению» атты баяндамасын жасады.М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаева «Қайым Мұхамедханұлы: мұратанудың өзекті міндеттері» тақырыбында баяндама жасады. Қайым Мұхамедханұлының шығармашылық және ғылыми мұрасын арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастыру бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін маңызды міндеттердің бірі. Ғалымның қолжазбалары, ғылыми еңбектері, эпистолярлық мұрасы, архивтік құжаттары мен зерттеушілік қызметіне қатысты деректерді жүйелеу оның ғылыми мектебінің қалыптасу ерекшеліктерін анықтауға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, мұратану мәселесі жеке тұлғаның шығармашылық өмірбаянын зерттеумен шектелмей, оның ұлттық ғылым мен мәдениет тарихындағы орнын кешенді түрде тануды көздейді.

«АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің директоры, философия докторы (PhD) Дәулеткерей Кәпұлы «Қайым Мұхамедхановтың «АЛЖИР» музейіндегі құжаттық мұрасы: қуғын-сүргін кезеңіндегі өмірін музейлік деректер негізінде реконструкциялау» тақырыбында баяндама ұсынды. Бұл зерттеу бағыты ғалымның өмірбаянын тарихи құжаттар мен музей қорларындағы деректер негізінде зерделеудің маңызын көрсетеді. Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін тарихымен де тығыз байланысты. Сондықтан оның тағдырына қатысты архивтік және музейлік материалдарды ғылыми айналымға енгізу жеке тұлғаның өмірбаянын толықтырумен қатар, ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының қоғамдық және рухани қызметін тарихи тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді.

Конференцияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасын бірнеше өзара сабақтас гуманитарлық бағыт аясында қарастыруы. Ғалымның зерттеушілік қызметі абайтану, шәкәрімтану, алаштану, мәтінтану, аударматану және әдебиет тарихы салаларымен тығыз байланысты болғандықтан, оның мұрасын бір ғана ғылыми бағыттың шеңберінде бағалау жеткіліксіз.

Бүгінгі әдебиеттану ғылымында көркем мәтінді тарихи, мәдени, философиялық және әлеуметтік контекстермен сабақтастыра зерттеудің маңызы артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қайым Мұхамедханұлының ғылыми әдіснамасы мен зерттеушілік тәжірибесі қазіргі гуманитарлық ғылымдар үшін де құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның әдеби дерекке мұқият қарауы, мәтіннің түпнұсқалығын анықтауға басымдық беруі, шығармашылық сабақтастықты тарихи негізде дәлелдеуі – кейінгі зерттеушілер үшін маңызды ғылыми бағдар.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдық мерейтойына арналған маңызды ғылыми-мәдени іс-шаралардың бірі болды. Жиында көтерілген тақырыптар ғалымның ұлттық әдебиеттану ғылымындағы орнын әр қырынан қарастыруға, оның зерттеушілік мұрасының қазіргі ғылыми ізденістермен байланысын айқындауға және түркі халықтары арасындағы әдеби-мәдени қатынастарды зерделеуге бағытталды.

Конференцияның халықаралық құрамы қазақ әдебиетін зерттеу мәселелерінің шетелдік ғылыми орта үшін де маңызды екенін көрсетті. Түркия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Татарстан және Өзбекстан ғалымдарының қатысуы түркі және өзге де әдеби дәстүрлер арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға негіз болды.

Қайым Мұхамедханұлының мұрасы – ұлттық әдебиет тарихының ғана емес, қазақ ғылымы мен мәдениетінің де маңызды бөлігі. Оның еңбектері арқылы Абайдың ақындық мектебі, Шәкәрім шығармашылығы және Алаш әдебиеті мәселелері ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, ұлттық әдеби жадының маңызды қабаттары сақталды. Сондықтан ғалымның 110 жылдығына арналған мұндай ғылыми басқосулардың мәні мерейтойлық сипатпен шектелмейді. Олар ұлттық ғылымның тарихи тәжірибесін бағалауға, зерттеу дәстүрлерін жалғастыруға және жаңа буын ғалымдарының ғылыми ізденістеріне бағыт-бағдар беруге қызмет етеді.

Бөлісу