Жалған айыпты арқалаған – ағайынды Каналиндер

Бөлісу

23.01.2026 14404

Бүгінгі күні өткен ғасырда орын алған тарихтың ақтаңдақ беттері қайта түптеліп, ұмыт бола бастаған тарихи тұлғалар туған халқымен қайта қауышу үстінде. Өйткені жылдар бойына шаң басқан архив қорлары мен жергілікті жерлердегі ақсақалдардың ғана аузында жүрген талай боздақтар мерзімді басылымдар мен зерттеу еңбектерінде танылып жатыр. Әрине, бұл ұлттық тарих үшін үлкен жетістік.


Дегенмен, әлі де болса көмескіленіп, өзіндік бағасын күтіп жатқан мәселелерде жоқ емес. Оның ішінде жекелеген облыстардағы жергілікті ру аттары жапсарланған топтардың тарихы. Кеңестік принціпке негізделіп жасалған құжаттарда олар «контрреволюционерлер» мен «үкімет жаулары» деген түсініктен әрі аспайды. Ал, бүгінгі зерттеушілердің өзі бұл топтардың жұмыстарын ашып көрсетуден тартыншақтап отыр. Өйткені мәселенің артында тар шеңберде ойланғанда рулық принціптерден қауіптенетін секілді. Бірақ мәселеге тереңірек үңілсек бұл жерден ешқандай рулық мәселе емес, керісінше кеңестік күштік құрылымдардың жапқан жалған айыптарын аңғарамыз. Осы тұрғыда бүгінгі Ақтөбе облысы, Темір өңірінде де жергілікті интеллегенцияны басып-жаншу мақсатында «Назар-Жекей» (ру аттарымен аталған) жалған айыптарға негізделген іс жүргізілген. Ол бойынша 1926 жылы жергілікті жерден 17 адамды басшылары ретінде, жүздеген адамды топқа мүше болды деп айыптаған. 

Жалпы уездегі «Назар-Жекей» ісіне қатысты тергеу 1926 жылы тамыз-желтоқсан айларында жүргізілген. Айыпталушы азаматтардан ОГПУ Ақтөбе губерниялық бөлімінің екінші бөлімшесінің комиссары Ф.Ковалышкин жауап алды. Осы іске қатысты губерниялық, уездік, болыстық, ауылдық деңгейдегі 17 адам жетекші ретінде тұтқындалған. Олар: Есенғұлов Ғұмар, Каналин Елтай, Иманов Мақан, Жұмықов Елубай, Қалменов Мұқаш, Дүйсенбин Құдайберген, Сейітов Рысмағамбет, Молдағазин Шәріп, Шәмпиков Мұқаш, Дартаев Құрманша, Суфимулдин Мағжан, Көздібаев Абдұлла, Жолбатыров Әбілхан, Белгөреков Ахмет, Наурызғалиев Өмірәлі, Жолбатыров Ыбыраш, Ахметов Хабибулла. Көрсетілген азаматтар ҚК-ң 57-ші және 62-ші баптары бойынша айыпталған. Бұл адамдарды губерниялық, болыстық, уездік, ауылдық деңгейдегі басшылары ретінде бөліп қарастырады. Аталмыш азаматтар ақпан төңкерісінен кейін уездік масштабтағы жауапты қызметтерді атқарды. Атап айтқанда: Уақытша үкіметтің Темір уездік комиссары – Есенғұлов Ғұмар, Бәйменшин Нұртаза – Темір уездік бастығының көмекшісі, құрылтай жиналысына сайлау комиссиясының төрағасы, Каналин Елтай – азаматтық комитеттің мүшесі және 3-ші секция комиссары болып бекітілген. 

 Оларға негізінен тағылған айыптар:

Уездегі билікті өз ықпалдарына алуға тырысты және рулық топ құрды;

Кеңестік биліктің жұмыстарына кедергі келтірді;

«Қосшы» т.б. ұйымдардың жұмыстарына кедергі жасады;

Бұрынғы Алаш Орда мүшелерімен байланысын үзбеді;

Байлардың мүддесі үшін іс-әрекет жасады;

Жергілікті кеңестерге қайта сайлау жұмыстарын тежеді;

Шабындық және жайылым жерлер үшін талас тудырды;

Уездік, болыстық атқару комитеттеріне өз адамдарын кіргізу үшін әрекеттер жасады т.б.

Темір уезіндегі «Назар-Жекей» ісі бойынша негізгі айып Алаш Ордаға жақтас болғандарға тағылды. Ол бойынша Каналин Елтай, Есенғұлов Ғұмар, Алпысбай, Мұқаш, Нұраш Қалменовтер, Көптілеуов Мұхамедияр, Қожахметов Бексұлтан т.б енді. Осы жерде уездегі зиянды элементтердің басты ұяшығы ретінде Қалменовтер әулетін бірнеше жерде арнайы атап өтеді. Қалмақ-Қырған болысының №4-ші ауылында тұратын Есбағамбетов Жұмалыға Алаш Орда мүшелерімен байланыста болып, 22 учаскеге (Перелюбовка) Алаш жасағын алып келген деп айып тағылған.  Міне, осы секілді «Назар-Жекей» ісі бойынша 1929-1930 жж. тұтқындалған бірқатар азаматтарға жергілікті Алаш Орда билігімен тығыз қарым-қатынаста болғандығы жөнінде айтылып өтеді. Бұл жердегі негізгі мақсаттары уездегі беделі бар сауатты азаматтарды жою болғандығы жасырын емес.

Жоғарыда көрсетілген айыптардан басқа күнделікті тұрмыстық жағдайға байланысты да қосымша айыптар тағылды. Сонымен қатар істі жүргізу барысында айыпталушылардың 1917 жылға дейінгі қызметі толық тексеріліп, патша заманындағы уездегі жағдай ОГПУ қызметкерлері тарапынан мейлінше зерделенген. Темір уезіндегі «Назар-Жекей» жаласы бойынша өңірде қызмет еткен жауапты қызметтегі адамдар қамтылды. Оның ішінде өңірде белсенді қызмет атқарып, бүгінгі күні тарих беттерінен өзіндік бағасын алуы тиіс тарихи тұлғаларындың бірі  – Каналин Елтай еді.

Каналин Елтай – 1886 жылы Ақтөбе губерниясы, Темір уезі, Темір-Орқаш болысы, №1-ші ауылда дүниеге келген. Өйткені 1926 жылы 27 тамыз күні ОГПУ Ақтөбе губерниялық бөлімінің екінші бөлімшесінің комиссары Коволышкин жүргізген жауап алу хаттамасында: «Каналин Елтай – 40 жаста. Тұрғылықты орны – Темір қаласы, Саратов көшесі, №37 үй. Отбасылы, екі баласы бар. Уақытында Темір қалалық  2 класстық орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. 1905 жылы Темір қаласына Оралдан Ипмағамбетов Нұрғалидің келуімен Социалды Демократиялық партия қатарына өткен. Бірақ партиялық билетін жоғалтып алған. Кейін Орал қаласында бұл партия жойылғанына байланысты қарым-қатынас үзілгендігін көрсетеді. Патша заманында 1903 жылдан бастап қызметте болған. 1906-1908 жж. Темір-Орқаш болысы, 1908-1910 жж. Ұлы Сам болысы, 1910-1912 жж. Темір-Орқаш болысында хатшы (писарь) болды. 1912-1917 жж. Темір-Орқаш болысының басшысы. 1917 жылдың ақпан-қазан айларында Темір уезіндегі азаматтық комитет мүшесі. 1918 жылы ақпанда Бірінші Темір уездік съезінде «Темір уездік кеңесіне мүше» болып қабылданады. 1918 жылы тамыз айында ауырып ауылына қайтып кеткен. Бір ай өткен соң қыркүйек айында қайта шақыртылып кеңестік депутаттыққа (Совдеп) алынып Қалмақ-Қырған және Темір-Орқаш болыстарына іс-сапарға жіберілген. 1918 жылы қазан айында әкесінің өліміне байланысты ауылына кетіп сол жақта 1919 жылдың желтоқсан айына дейін ауруынан емделді. 

1919 жылдың шілде айына таман Ойылдан Ж.Досмұхамедов бастаған Алаш жасағы Темірге келеді. Бұл жорыққа Темірден – Каналин Елтай, Есенғұлов Ғұмар, Қалменов Нұраш, Бәйменшин Нұртаза тартылады. Олардың міндеті әскерге Ізімбет бекетіне дейін жол көрсету болатын. Бұл мәлімет жоғарыда көрсетілген Ковалышкин жүргізген жауап-алу хаттамасында берілген. 

Каналин Елтай 1919 жылы желтоқсан айында уездік съезде Темір атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. 1918-1919 жж. біршама уақыт Қызыл әскердің шабуылдауы кезінде татар көпестерінің арыздары бойынша ақтардың жазалауынан бой тасалап Ембі өзеніне қарай көшіп кетуге мәжбүр болған. 1920-1921 жж. уездік атқару комитетінің мүшесі. Бірнеше уездік съездер өткізіліп соның бірінде жер бөлімінің басқарма басшысы болып сайланады. 1921 жылдың соңында Темір КНО басқармасының мүшесі болып, бұл қызметте 1922 жылдың сәуіріне дейін болды. Сәуір айында Адай руының ауылдары мен Темір уезіндегі отырықшы тұрғындар арасындағы жанжалға байланысты Адай уезіне іс-сапарға жіберілді. Тамыз айының соңында Темірге қайта оралып КНО мүшесі болып екінші рет сайланды. Бұл жерде 1924 жылдың наурыз айына дейін болған. 1924 жыл наурыз-қараша аралығында ауылда жұмыссыз болды. 1924 жылы қараша айында Темір-Орқаш болысының «Тұтыну қоғамы» басқармасына мүше болып қабылданды. Бұл жерде тамыз айына дейін болып кейін жұмыстан қысқартылған. Осы кезден бастап мемлекеттік қызметке алынбаған.

 

1927 жылы Темір қаласында түсірілген сурет (Ескерту: сурет қайта өңделген).  Елтай Каналиннің інісі Ғиззат Каналин отбасымен. Түрегеліп тұрғандар: оң жақта қарындасы, бала көтеріп тұрған әйелі Ақжарқын, ортада кимешек киген анасы және Ғиззат Каналин.Суретті тапсырушы інісі Қайыров Естектің қызы Клара

Каналин Елтайға «Назар-Жекей» жаласы бойынша «Жекей» тобының жетекшісі ретінде жергілікті билікті басып алуға тырысты және Кеңестік органдардың жұмыс жасауына кедергі келтірді деген айып тағылған. Сол үшін 1926 жылдың тамыз айында тұтқындалып тергеу ісі жүргізілген. Тергеу ісіне назар аударсақ Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі болған оқиғаларды тізбектей келе, 1921-1922 жж. бастап айналасына жақтастарын жинап, «Назар» тобын билікке жібермеуге тырысты деген қатып қалған сыңаржақ сұрақтардан әрі аспайды. Міне, осы істе Каналинді де 1905 жылғы Ипмағамбетовпен кездесуінен бастап тізбектеп, ақырында «Жекей» тобының басты жетекшісі ретінде айыптайды. Сол үшін Темір уезіндегі ҚК-ң 6 бап, 59-шы бөлімі бойынша айыпталған «Назар» және «Жекей» тобының басшылары Есенғұлов Ғұмар мен Каналин Елтайға үш жылға Қаз АКСР-ден тыс жерге жер аудару туралы үкім шығарды. Ол бойынша 30.04.1927 жылы Есенғұлов – Саратов қаласына, Каналин – Қазан қаласына жіберілген.

Міне, үш жылға жазасын өтеуге кеткен Елтайдың нақты қай уақытта елге қайтып оралғаны белгісіз. Бірақ 1930 жылдан кейін оның аты контрреволюциялық ұйымның жетекшісі ретінде атала бастайды. Осы іс бойынша 1933 жылы 25 наурызда өте құпия түрде жазылған Ақтөбе облыстық ОГПУ-дің есеп жазбасы сақталған. Оның ішінде контрреволюциялық ұйымдарды ашу кезінде Ақтөбе облысы ОГПУ бөлімі буржуазиялық-ұлттық ұйымды әшкерелегенін және мүшелерінің тізімін келтіреді. Дерекке сәйкес ұйымның пайда болу уақыты 1930 жылдан басталады. Осы уақыттан бастап Ақтөбе, Ақбұлақ, Ойыл, Темір, Табын аудандарына таралған. Темір өңірі бойынша колхоздардарды да қамтиды. Оның ішінде №7, 8, 13 және 14-ші ауылдар бар. Облыстық орталықта жетекшілері  25 адамнан тұрады. Темір ауданы бойынша – Каналин Елтай, Жауымбаев Қажығали, Өтепбергенов Ілияс, Қожахметов Бексұлтан, Құлбасов Жұмабек, Нейталин Ысқақ, Нұрпейісов Ерпейіс, Сарбасов Абдолла (Каналин Елтаймен бірге Бершүгірде лагерде болған). Негізгі мақсаттары: 

1. Аудандардағы кеңестік шаруашылық құрылысты жою;

2. Орта Азияға қарай жаппай көшуді ұйымдастыру; 

3. Бандалардың көтерілістерін ұйымдастыру. 

Бұл ұйым Каналин мен Сарбасов келмей тұрып алдымен Ақтөбеде ұйымдасып, кейін Алматыда лагерде жалғасқан. Каналин болса Табын, Темір, Ойыл аудандарындағы контрреволюциялық қозғалысты ұйымдастырды. Сарбасовтың көрсетуі бойынша: «Ұйым 1930 жылдың аяғында құрылған. Ол Каналин мен өзінің Ақтөбедегі қамаудан босап шыққан соң басталғанын» алға тартады. Олар 1931 жылдың қаңтар айының соңына дейін Ақтөбеде болып, кейін Алматыға жіберіледі. Осы кезде Каналиннен тапсырма алуға Темір ауданынан Есенов Нұғман, Сарбасов Ғұбайдолла, Қазмағамбетов Қайырлан т.б келіп кетеді. Осылайша Каналин Темір ауданының ауылдарында бандалық ұяшықтар құру үшін олармен тікелей байланысып отырады. 1932 жылдың күзінде айдаудан босаған Каналин арнайы Ақтөбеге оралады. Оның келуімен Ақтөбедегі контрреволюциялық ұйым одан әрі күшейіп, аудандармен байланысы артады. Оның ішінде: Темір ауданында – Каналин, Тілеуов, Балмұхамедов, Тілеубергенов, Ойылда – Жауымбаев, Қожахметов, Нейталин, Көптілеуов, Көпжасаров, Сапаров, Жүмекенов, Есенғазин, Алшымбаев, Шектібаев, Табын ауданында – Өтепбергенов, Назаралин, Ақтөбеде және Ақбұлақ ауданында – Құлбасов, Хабиев жетекшілік етті. Олар кеңестік үлгіде құрылған шаруашылықтарды қиратып, малын теміржолдың бойы мен Арал теңізі арқылы Орта Азияға айдап кетуді ойластырды. Ол үшін Ойыл, Табын, Темір, Ақтөбедегі малды Түркімен асырып, сол жақтағылармен бірлесе отырып Кеңес үкіметіне қарсы шығуды жоспарлаған. Тиісінше ұйым мүшелері алдын-ала Түркіменстан мен Қарақалпаққа барып келіссөздер жасасты (Сапаровтың айғағы).

Міне, осы деректен Каналиннің 1932 жылдың күзіне дейін айдауда болып, 1933 жылы қайта тұтқындалғанын көреміз. Дегенмен 1933 жылдан кейінгі тағдыры белгісіз. 

Темір өңірінде Каналиндер отбасы ауқатты отбасылардың қатарына жатқан. Бірақ жеке-іс қағаздарында кедей, қарапайым шаруа деп көрсетілген. Ал, Елтайдың інісі Каналин Ғиззат болса Темір жәрменкесінде сауда-саттықпен айналысқан алғашқы қазақтардың бірі болатын. Дегенмен, Ғиззатта «Назар-Жекей» ісі бойынша тұтқындалған. Кейін 1933 жылы 1 тамызда ОГПУ тарапынан қайта тұтқындалып, 8 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. Біздің қолымызға 1927 жылы Темір қаласында түскен Ғиззаттың отбасылық суреті тиіп отыр. Міне, бұл бүгінгі күнге Каналиндер отбасынан қалған жалғыз дүние. Сондықтан Каналиндердің тағдыры әлі де болса нақты зерттеуді талап ететін тақырып ретінде қала бермек. 

Жоғарыдағы деректерге сүйене отырып Каналиннің расында 1917-1920 жж. Алаш қайраткерлері мен бір жолда болғанын аңғару қиын емес. Сол үшін 1926 жылы «Назар-Жекей» жаласы кезінде «Жекей» тобына жетекшілік етті деген жалған айып тағылып жер аударылған. Осы кезден Каналиннің өмірі Кеңестік билік тарапынан айдауда өтіп, Темір өңіріне келуге мүмкіндігі болмаған. 1930 жылдары үкіметке қарсы контрреволюциялық ұйымға жетекшілік етті деп қайта тұтқындалып, арты 1937-1938 жж. саяси қуғын-сүргінге жалғасты. Осы жағдайдың өзі Каналиннің тағдыры қаншалықты қиын болғанын анық көрсетеді. Тіпті, бүгінгі күні жоғарыда көрсетілген екі баласының қайда қалғаны белгісіз. Сөйте тұра әлі күнге тарих беттерінде аты да аталмай келеді. Бұл не деген қасірет? Осы қасіретке толы тағдырдың иесі Каналин Елтайда тарихтан шынайы бағасын алуы тиіс.

Жұбаныш Райымбек.,

тарихшы, өлкетанушы.

Ақтөбе қаласы

Бөлісу