Бір әннің тарихы: «Ақ бантик»

Бөлісу

28.04.2026 212

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, халық ақыны Мұхтар Шахановтың дүниеден өткеніне де бір апта болды. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақын көзі тірісінде көптеген әнге сөз жазып, олар халықтың сүйікті туындыларына айналып, оның қаламынан туған өлеңдерге жазылған әндер қазақ эстрадасының алтын қорына енді. Солардың бірі – талай буынның жүрегінен орын алған «Ақ бантик» әні. Бүгін осы әннің шығу тарихына тоқталайық.


Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Қимай сені барамын»

«Ақ бантик» – қазақ музыка өнеріндегі ең нәзік әрі өміршең туындылардың бірі. Әннің әуенін қазақ вальсінің королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқов жазса, сөзін Мұхтар Шаханов дүниеге әкелген. Бұл ән жайдан-жай туа салған шығарма емес, нақты өмірлік оқиғаға байланысты жарыққа шыққан. 1966 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың жақын досы Қаражан Әбіләзімов шаңырақ көтереді. Оның жары – мектепті жаңа ғана бітірген, шашына ақ бантик таққан жас қыз Патима Төреханова еді. 

Тойға дайындық кезінде Шәмші мен Мұхтар достарына ерекше тарту жасауды ойлайды. Әдеттегі сыйлықтың орнына екеуі ән арнауды жөн көреді. Осылайша олар жас келіннің бейнесінен шабыт алып, жаңа туынды жазуға кіріседі. Мектеп партасынан енді ғана үлкен өмірге қадам басқан қыздың балғын келбеті, пәктігі мен аңғалдығы әннің негізгі өзегіне айналады. Әу баста әннің мәтіні өзгеше болғанымен, кейін толықтырылып, бүгінгі нұсқасына келтірілгені айтылады. Ән кейіпкерінің сөзінше, авторлар оны тойға дейін жақын танымаған, тек бір рет көрген. Кейін әнді оның суретіне қарап отырып жазғанын айтып берген. 

Дайын болған ән алғаш рет дәл сол үйлену тойында орындалады. Жиналған қонақтар үшін бұл тосын сый ғана емес, ерекше әсерлі сәтке айналады. Жастардың қуанышына арналып туған ән бірден жұрттың көңілінен шығып, той үстінде-ақ көпшілік қосылып айтып кетеді. Сол кезеңдегі естеліктерге қарағанда, әнді тойға келгендер бірден жаттап алып, кейін ел арасына тарата бастаған.

Уақыт өте келе әннің шығу тарихы туралы түрлі әңгімелер де тараған. Кейбіреулер оны өзіне теліп, «Шәмші біздің үйге жиі келетін. Мен ол кезде ақ бантик киген кішкентай қыз едім», «Ақ бантик тағып жүрген мына маған Шәмші ән жолдаған», т.с.с. әртүрлі нұсқаларын айтқан. Бірақ Патима апай мұндай әңгімелерге аса мән бермейтінін, бұл әннің шынайы тарихы өзгермейтінін сабырмен жеткізеді. Ол үшін ең бастысы – әннің халықтың жүрегінен орын алуы.

Өмір жолына көз жүгірткенде Патима Әшірқызы өзін ерекше тұлға ретінде емес, қарапайым адам ретінде сипаттайды. Жастайынан тұрмыс құрып, кейін білім алып, отбасы тәрбиесіне басымдық берген. Жолдасымен бірге бес бала өсіріп, олардың тәрбиесіне көңіл бөлген. Алайда отағасы 1994 жылы Ташкент қаласында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшілігінде істеп жүрген кезінде 54 жасына қараған шағында аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, дүниеден озыпты. 

Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйлесімінен туған бұл ән жылдар өткен сайын өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жаңа буын оны қайта тыңдап, өз көңіл күйімен байланыстыра қабылдайды. Әр кезеңнің тыңдарманы бұл әннен өзінше мән табады. Бүгінде «Ақ бантик» – қазақ музыкасының алтын қорына енген, уақыт сынынан өткен классикалық туындылардың бірі. Бұл ән тек әсем әуен мен әсерлі сөзден құралған шығарма ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухын жеткізетін мәдени құбылысқа айналды. Оны тыңдаған сайын өткен ғасырдың жастық шағы, сол кезеңнің тазалығы, аңғал сенімі мен шынайы сезімдері көз алдыңа келеді. Әннің өміршеңдігінің сыры – оның қарапайымдылығында. Әуен де, сөз де күрделі емес, бірақ әр жолы жүрекке жақын. Мектеп бітірген қыздың балғын бейнесі арқылы берілген ой – әр адамға таныс сәт. Сондықтан бұл әнді тек белгілі бір уақыттың туындысы деп қарау қиын. Ол – бірнеше буынның ортақ естелігіне айналған шығарма.