Отамалы, бесқонақ, құралайдың салқыны: қазақ ұғымындағы табиғат амалдары

Бөлісу

16.04.2026 117

Қазақ халқы бір жылдың 365 күнін әрқайсысы шамамен 90 күннен тұратын төрт мезгілге бөліп қарастырған. Кейбір зерттеушілер мұны төрт дүлей деп атайды. 


Бұларды күнделікті өмірде көктем, жаз, күз, қыс деп атағанымызбен, ата-бабаларымыз бұл мезгілдерді су, от, топырақ және ауа секілді төрт жаратылыстың үстемдік ететін уақыты деп түсінген.

Көктемде дүниені су басады, табиғат оянады. Жазда от (көк шалғын) пен ыстық ауа райы орнайды. Күзде шөп сарғайып, топырақ беті көрінеді, жер демалады. Қыста алдыңғы үш дүлей тынышталып, боран мен ұйытқыған желдің уақыты келеді. Осы төрт дүлейдің әр түрлі құбылыстары – қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран – амал деп аталған. Халық амалға қарап ауа райын болжап, малын төлдетіп, көшін түзеген.

Жеті амал ұғымы 

Қазақтың дәстүрлі ұғымында жеті түрлі басты амал бар:

Күннің тоқырауы – күн мен түннің ең ұзақ мезгілдері. Жазғы тоқырау 21-22 маусымда (күн ұзарып, түн қысқарады), қысқы тоқырау 21-22 желтоқсанда (түн ұзарып, күн қысқарады).

Ай тоғамы – айдың Үркер шоқжұлдызымен тоғысуы. Ай мен Үркер бір-бірінен алыс тұрса, жайсыз ауа райы келеді деп алдын ала қам жасап, малды жайлы жерге айдаған. Керісінше, жақын тұрса, мал-жанға жайлы болады деп жорамалдаған.

Қарашаның қайтуы – жаз бітіп, күз басталатын шақ. Құстар жылы жаққа қайтып, ауа райы құбылмалы болады.

Мұздың қатуы – судың бетін жұқа мұз басқан, алғашқы қар жауған кез. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» кезеңі наурызға дейін жалғасады.

Киіктің матауы (немесе теке бұрқағы) – қыркүйек аяғы, қазан, қараша басы. Киік, таутеке, арқардың текесі үйірге түсетін уақыт.

Үркердің батуы – Үркердің мамырдың 10-ы шамасында батып, маусымның 20-сына дейін 40 күн көрінбейтін кезеңі. «Үркер жерге түспей жер қызбайды», «Үркер суға түссе, жаз жаңбырлы болады» деген сөздер осыдан шыққан.

Сонымен қатар батыс өңірлерде Бесқонақ пен Кіші қараша амалдары да кеңінен айтылады.

Бесқонақ – наурыздың 8-20 күндері аралығындағы жауын-шашынды, бұрқақты күндер. Халық бұл күндері өте сақ болған. Аңыз бойынша, тойдан қайтқан бес қонақ боранға ұшырап үсіп өлген.

Кіші қараша – 20 қазан мен 10 қараша аралығы. Ауа райы құбылып, қар аралас жаңбыр жауып, ызғырық жел соғады.

Тоғыс  – Үркерге негізделген төл күнтізбе

Қазақтың Үркер шоқжұлдызының қозғалысына негізделген дәстүрлі күнтізбесін Тоғыс есебі деп атаған. Бұл есеп бүгінде аз зерттелген, көнекөз қариялардың азаюына байланысты ұлттық танымнан айырылып қалу қаупі бар. Дегенмен белгілі зерттеуші Қадан Қабисатұлы сияқты азаматтар бұл тақырыпты зерттеп келеді.

Қадан ағаның айтуынша, әр тоғыс үш күнге созылады. Ай Үркерді басып өткенде тоғыс болады. Халық «Үркер шаңырақтан көрінсе – үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша Үркер жанбасқа келсе – жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген. Күзде Үркер іңірде күншығыстан, қыста төбеде, көктемде күнбатыстан көрінеді.

Тоғыс кезінде Үркер айдың арғы жағында тасада қалып, көрінбейді. Тоғыс аяқталған соң қайта көрінеді. Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзім – тоғыс айы. Тоғыс айының ұзақтығы шамамен 27 күн 7 сағат 43 минут, халық 28 күн деп есептеген. Жылына 13 тоғыс болады.13 тоғысты 28 күнге көбейтсек – 364 күн. Жыл соңында қалған 1-2 күн тоғыстан тыс қосылады. Жыл басы – 1-тоғыс айы, ол әрдайым мамыр айына сәйкес келеді. «Жыл құсы» деген атау да осыдан шыққан.

Тоғыс айларының әдеттегі айлармен сәйкестігі (Қадан Қабисатұлы бойынша):

23 тоғыс – шілде 

21 тоғыс – тамыз 

19 тоғыс – мизам 

17 тоғыс – қазан 

15 тоғыс – қараша 

13 тоғыс – желтоқсан 

11 тоғыс – қаңтар 

9 тоғыс – үштің айы 

7 тоғыс – бірдің айы 

5 тоғыс – көкек 

3 тоғыс – мамыр 

1 тоғыс – маусым

Қадан Қабисатұлының нұсқасындағы басқа амалдар

Тоқырауын амалы – қаңтардың 20-25-і. 

Ақпан амалы (Үт айының 10-15-і). Аңызда Ақпан мен Тоқпан атты ағайындылар қой бағып, Ақпан үсіп өледі. 

Үт амалы – Үт айының 20-25-і. 

Наурыз амалы – бірдің айының 10-15-і. 

Әз амалы – бірдің айының 20-25-і (ақ сақалды қария бейнесінде). 

От амалы – көкектің 10-15-і. От алуға барған әйел бұрқақта адасып үсіп өледі. 

Сәуір амалы – мамырдың 10-ы. «Сәуір болмай тәуір болмас». 

Саратан Зауза амалы – маусымның 10-15-і. 

Құралайдың салқыны – мамырдың 20-сы шамасында, аң төлдейтін кез. 

Бұлбұл торғай – жаз басында. 

Аласапыран – Наурыздың 20-сы шамасында.

Есенгелді Нұршаевтың нұсқасы

Қазбек наурызы – 23 ақпан. Тышқан іннен шығып, қайта жатады. 

Наурыздың ақша қары – 10-15 наурыз. 

Ескі күнтізбедегі жыл басы, «Наурыз-айт» мерекесі. 

Отамалы – 22-27 наурыз («ойылған қыс»). 

Бесқонақ – 8-20 сәуір. 

Құралай – 28 мамыр шамасында. 

Кіші қазан – 28 қыркүйектен кейін. 

Үлкен қазан – 8 қазаннан кейін. 

Кіші қараша – 28 қазан – 8 қараша. 

Үлкен қараша – 18-28 қараша. 

Киіктің матауы (бұрқағы) – 19-29 желтоқсан.

Осы амалдар мен тоғыс есебі – қазақтың табиғатпен тілдескен, ғасырлар бойы қалыптасқан терең танымының айғағы. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл тек ауа райы болжамы емес, ұлттық дүниетанымның, экологиялық мәдениеттің және астрономиялық білімнің маңызды бөлігі.

Бөлісу