Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғайым» әні – қазақ эстрадасындағы уақыт өткен сайын құнын жоғалтпаған лирикалық туындылардың бірі. 1970-жылдары дүниеге келген әнге соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызығушылық қайта күшейді. Бүгін біз сол әннің тығу тарихына тоқталуды жөн көрдік.
Әннің туу тарихы Жезқазған қаласымен тікелей байланысты. 1973 жылы Жезқазған жеке облыс болып құрылғаннан кейін өңірдің мәдени өмірін жандандыру бағытында бірқатар жұмыс қолға алынды. Сол кезеңде жаңа облыстың өнер ұжымын қалыптастыру, жергілікті жас таланттарды сахнаға шығару, жаңа репертуар жасау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатпен Алматыдан белгілі өнер адамдары шақырылып, «Ұлытау» ән-би ансамблін құру жұмыстары басталады. Сол шақта Жезқазғанға арнайы барғандардың қатарында Ескендір Хасанғалиев пен Бәкір Тәжібаев та болды. Олар қаладағы «Жезқазған» қонақүйінде біраз уақыт тұрып, жергілікті өнерпаздармен жұмыс істейді. Ақын мен композитор жаңа құрылған ансамбльге лайық әндер жазып, оның репертуарын қалыптастыруға атсалысады. Дәл осы шығармашылық сапар кезінде «Бозторғайым» әнінің алғашқы идеясы пайда болған.
Әннің тууына себеп болған оқиға қарапайым ғана көріністен басталған. Қыстың суық күндерінің бірінде Бәкір Тәжібаев пен Ескендір Хасанғалиев қонақүй терезесінен сыртқа қарап тұрған кезде, аязға қарамай ағаш бұтағында дән іздеп жүрген бозторғайды көреді. Суықтан бүрсеңдеген кішкентай құстың тірлігі ақынның көңіліне әсер етеді. Осы сәттен кейін әннің мәтініне арқау болған бейне қалыптасады. Бәкір Тәжібаев Ескендірден терезеден не көріп тұрғанын сұраған. Композитор сырттағы адамдарды айтқанда, Бәкір ағаш бұтағында отырған торғайды көрсеткен. Суықта тоңып тұрған құсты ішке кіргізгісі келіп, терезені ашқанымен, торғай ұшып кетпей, сыртта қала берген. Осы әсер кейін ән мәтініне айналған.
«Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан,
Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан.
Аяздарда тоңбайсың ба, бозторғайым,
Жылы ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым...»
Осы жолдардағы бозторғай бейнесі жай ғана құс емес. Ол – туған жерінен алыс кетпейтін, қандай суық болса да өз мекенін тастамайтын тіршілік иесі. Әннің әсерлі шығуының бір себебі де осы. Кішкентай құстың тағдыры арқылы ақын адамға жақын сағыныш, мұң, төзім мен туған жерге байланған көңілді жеткізген.
Ескендір Хасанғалиев кейінгі бір сұхбатында бұл әннің астарында қазақ тіліне қатысты ой жатқанын да айтқан. Оның түсіндіруінше, бозторғай – қоныс аудармайтын, қиындыққа қарамастан туған жерінде қалатын құс. Композитор осы образ арқылы өз жерінде жүріп ана тілінде еркін сөйлей алмаған халықтың ішкі күйін жеткізгісі келгенін меңзеген. Сондықтан «Бозторғайым» сырттай табиғат туралы нәзік ән болып көрінгенімен, мазмұнында туған жер, тіл және ұлттық болмысқа қатысты терең ой бар.
Ән алғашында «Ұлытау» ансамблінің репертуарына арналған туындылардың бірі ретінде дүниеге келген. Кей деректерде оны алғаш осы ансамбль әншілері бірнеше дауыста орындағаны да айтылады. Кейін Ескендір Хасанғалиевтің өз орындауында кең таралып, Қазақ радиосының қорына жазылды. Әннің 1979 жылғы жазбасы бүгінде «Алтын қорда» сақталған.
«Бозторғайым» уақыт өте келе Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», «Анаға сәлем», «Ескірмеген махаббат», «Әдемі-ау» сияқты ел сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарына қосылды. Бұл әнді әр кезеңде түрлі орындаушылар шырқап, әр буын өз қабылдауымен тыңдады. Мәселен әнші Нұрболат Қанай «Бозторғайымды» жаңаша өңдеп кейінгі толқын тыңдармандарға қайта танытты. Оның нұсқасында әнге қазіргі қоғамдағы ауыр тақырып – әскерге кетіп, қаза болған сарбаздар тағдырына қатысты жаңа мағына берілді. Бұл да әннің өміршеңдігін көрсетеді. Себебі жақсы шығарма әр дәуірде жаңа мазмұнмен қабылдана алады.