Қазақстан саяси жүйенің ауқымды трансформациясынан өтті - тарихшы

Бөлісу

27.08.2026 46

Құрылтай депутаттарын сайлауында назар аударатын басты мәселе менің ойымша, бұл – партиялық бәсекелестіктің сапалық сипаты. Жаңа заң шығарушы органның қалыптасу үдерісі жай ғана дауыс санау емес, қоғамдағы алуан түрлі саяси-идеологиялық ұстанымдардың заңды түрде көрініс табу тетігі ретінде қызмет атқарды. Дәл осы тұрғыдан алғанда, өткен сайлауды қазақстандық саяси плюрализмнің жаңа сатыға көтерілгенінің нақты дәлелі деуге болады. 


Құрылтайдағы 145 орын үшін жеті саяси партиядан 545 кандидат бақ сынады. Яғни орта есеппен бір депутаттық орынға шамамен төрт кандидаттан келді. Сайлау науқаны телевизиялық және онлайн дебаттармен, белсенді саяси пікірталаспен, заманауи цифрлық технологияларды қолданумен және сайлаушылармен коммуникацияның алуан түрлі формаларымен қатар жүрді.

Бұл Қазақстандағы саяси бәсекелестіктің сапалық тұрғыдан дамып келе жатқанын айтуға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, бұл бәсекелестік саяси жүйені бұзбайды, керісінше, оның ішінде жұмыс істеп, әртүрлі қоғамдық мүдделерді білдіру тетігіне айналып келеді.

Экзитполдардың алдын ала нәтижелері осы тұрғыдан өте қызықты көрініс береді. Президент бағытын нақты қолдайтынын мәлімдеген «Әділет» партиясы 70 пайыздан астам дауыс жинауда. Мұндай нәтиженің өзі мықты саяси сигнал.

Әрине, түпкілікті қорытындыларды алдағы зерттеулерде жасау қажет. Дегенмен қазірдің өзінде сайлаушылардың Президент саясатын жалғастыруды жақтайтын саяси күшке елеулі қолдау көрсеткені анық. Соңғы жылдары Қазақстан саяси жүйенің ауқымды трансформациясынан өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттілікті және саяси тұрақтылықты бұзбай, елді эволюциялық әрі институционалдық жаңғырту моделін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді.

Дәл осы реформалар мен тұрақтылықтың үйлесуі Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінің басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Мемлекет адамға бағдарлана өзгеруде, бірақ бұл өзгерістер дәйекті әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Саяси жүйе жаңаруда, алайда деструктивті текетіреске жол берілмейді. Қоғамның саяси қатысуы кеңейіп келеді, сонымен бірге мемлекеттік процестердің басқарылуы сақталуда.

Осы тұрғыдан алғанда, «Әділет» партиясының нәтижесін Президент бағытына берілген елеулі қоғамдық сенім кредиті ретінде бағалауға болады.
Кейінгі орындарға ие болған партиялардың нәтижелері де жеке назар аударуға лайық. «Ауыл», «Ақ жол», ЖСДП және Respublica жаңа заң шығарушы органда өз сайлаушыларының мүдделерін білдіру мүмкіндігіне ие болды. Алайда енді олардың алдында маңызды міндет тұр. Ол өздерінің саяси қабілетін сайлау науқаны жағдайында емес, күнделікті парламенттік жұмыста дәлелдеу.

Бұл партиялар үшін саяси жауапкершіліктің жаңа кезеңі басталады. Тек электоралдық межеден өту жеткіліксіз. Олар мазмұнды заңнамалық күн тәртібін қалыптастырып, сайлаушыларының мүдделерін тиімді қорғап, нақты шешімдер ұсынып, нәтижеге жұмыс істей алатынын көрсетуге тиіс.
Жаңа саяси жүйенің артықшылығы да осында. Саяси бәсекелестік және ой-пікір алуандығы сайлау күнімен аяқталмайды. Керісінше, дәл сайлаудан кейін саяси күштердің кәсібилігіне және сайлаушыларға берген уәделерін орындау қабілетіне нақты баға берілетін кезең басталады.

Пұсырманов Нұрбек Серікұлы, 

PhD, қауымдастырылған профессор, 

Мемлекет тарихы институтының директоры

Бөлісу