Бір әннің тарихы: «Әнім сен едің»

Бөлісу

12.08.2026 100

15 тамыз – қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. 1930 жылы дүниеге келген әйгілі сазгердің туғанына биыл 96 жыл толып отыр. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің әндері бірнеше буынның рухани серігіне айналды. «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Ақмаңдайлым», «Қайықта», «Бақыт құшағында» секілді туындылары әлі күнге дейін халықпен бірге жасап келеді. Осы атаулы күнге орай композитордың махаббат пен айырылысу мұңын қатар өрген белгілі шығармаларының бірі – «Әнім сен едің» әнінің шығу тарихына тоқталуды жөн көрдік.


Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Япурай»

«Әнім сен едіңнің» қалай туғаны туралы Тұманбай Молдағалиевтің өзі естелік қалдырған. Ақынның айтуынша, оқиға Алматыдағы Құрманғазы көшесі мен сол кездегі Коммунист даңғылы қиылысындағы үйінде болған. Бір күні Шәмші Қалдаяқов ақынның үйіне келіп, пианиноға отырып жаңа әуенін ойнай бастайды. Мұңға толы, бірақ әсем саз ақынды бірден баурап алады. Ол Шәмшіден жаңа туындының не жайында екенін сұрайды. Сонда композитор бір-бірін сүйгенімен, тағдырлары тоғыспаған екі жастың оқиғасын айтады. Шәмшінің ойынша, бұл сүйген қызы басқа жігітке тұрмысқа шығып кеткен адамның өкінішін жеткізетін ән болуы керек еді. 

Осы бірнеше ауыз сөз Тұманбайға өлеңнің бүкіл мазмұнын табуға жеткілікті болды. Ақын бірден қағаз бен қаламын алып, Шәмшінің әуеніне сөз жаза бастайды.  Осылайша сүйгеніне жете алмаған жігіттің жан күйзелісі өлең жолдарына айналады. Лирикалық кейіпкер бала кезінен бірге өскен, бір кездері бақытым деп білген жанға сыр шертеді.  Әннің бүкіл мазмұнын бір ғана бейнеге сыйғызған ең әсерлі жолдардың бірі де осы кезде туады: «Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым...». Кейін композитор ақынның қолын қысып, дәл осы тармақта ерекше сыр жатқанын айтқан.

Ән мәтіні дайын болған соң Шәмші қағазға қарап отырып, жаңа сөздерді пианиноға қосып орындай бастайды. Артынша оған Тұманбай қосылады. Біраздан кейін ақынның жары Күлтай да бірге ән салады. Тұманбай бұл сәтті: «Сөйтіп арманына жете алмай өкініш күйін кешкен жігіттің ішкі зарын сыртқа шығардық», – деп еске алады.

Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығында махаббат лирикасы үлкен орын алды. Оның өлеңдері Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді қазақтың белгілі композиторларының сазымен үйлесіп, көптеген әнге айналды. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Қайран менің жүрегім» секілді шығармалар осы шығармашылық байланыстың белгілі үлгілері саналады. Ал Шәмші Қалдаяқовтың әуендеріндегі қарапайымдылық пен терең лиризм бұл әнде де анық сезіледі. Композитор алдымен махаббатынан айырылған адамның көңіл күйін сазбен жеткізсе, Тұманбай сол мұңды сөзге айналдырды. Екі автордың шығармашылық үндестігінен қазақ ән өнерінің өміршең туындыларының бірі дүниеге келді.

Арада қанша жыл өтсе де, «Әнім сен едің» тыңдарманын жоғалтқан жоқ. Ән бүгін де түрлі буын өкілдерінің орындауында шырқалып келеді. Оның өміршеңдігінің бір сыры да қарапайым адам сезімінің – сүйіспеншіліктің, айырылысудың, сағыныш пен орындалмаған арманның – шынайы берілуінде болса керек.