Ашина Цзыну эпитафиясы 1955 жылы Қытайдың Шэньси провинциясының Сиань қаласының шығыс іргесінен қазып алынған[1, 152 б]. Қақпақтас та, көртас та шаршы пішінді, Қақпақтастың ұзындығы мен ені бірдей 60 см; көртастың ұзындығы мен ені бірдей 59.5 см. Қақпақтаста чжуаньшу үлгісімен төрт жолға (әр жолда 3 иероглифтен) келесідей жазу қашалған: «大唐故阿史那府君墓誌之銘» (Ұлы Тан елінен марқұм Ашина мырзаның құлпытасындағы жазу). Көртас мәтіні 21 жолдан, толық жолдар 24 таңбадан тұрады, кайшу үлгісімен жазылған, барлығы 501 иероглиф; мәтіннің авторы көрсетілмеген. Қақпақтас пен көртас қазіргі күнде Сиань қаласындағы Бейлин музейінде сақтаулы[2, 45 б].
Эпитафиялық ескерткішті бұған дейін Тайвань Чжунчжэн ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры Чжу Чжэньхун зерттеп, түсініктеме жазған. Біз көртас мәтінін қазақ тіліне аударғанда, Чжу Чжэньхун ұсынған нұсқаны пайдаландық.
Мәтіннің қазақ тіліндегі аудармасы:
Ұлы Тан (елінен) марқұм Ашина мырзаның⌠1⌡ құлпытасындағы жазу
Ұлы Тан (елінің) Сенімді әрі жауынгер қолбасшысы ⌠2⌡, Сол гвардия⌠3⌡ құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны міндетін атқарушы⌠4⌡ Ашина Чжэ марқұмның құлпытасындағы арнау мен баян
Ұлы бабасы Циминь қаған Ямар терістіктегі жатжұрттық (тайпалардың) шаньюйі еді. Даенің алғашқы жылдары Суй (әулеті Циминь қағанға) Ичэн ханшайымды берді. Қабылдау рәсімінде аты (тіке) аталмай, барша хоу мен ваннан жоғары тұрды. (Бұл жайында) Ұлы Тан туралы шынайы жазбаларда нақты баяндалған.
Бабасы – Шора қаған Сичунь шаньюй. Суй (әулеті) екінші санаттың жоғары сатысына тән Сол Даңқты дафу (лауазымымен) жарылқап, Ли ханымды сыйға берді.
Суй (әулетінің) соңғы жылдары (елді) бүлік жайлап, баһадур ерлер билікке таласты. Ұлы Танның күні туып, Цзиньеде асыл ер атқа қонды. Тайшанхуан Сун Цзиньганның (әскерін) талқандағанда, Шора қаған үкімет шерігімен жолығысуға інісі Бөрі шадты әскерімен жіберді.
Ізінше Шора қаған көтеріліске қалың қолмен көмекке келіп, жәрдемші күштерді Бинчжоу (қаласына) орнықтырғаннан кейін кері қайтты.
Атасы – Юйшэ шад Момо шаньюй. Ол Шора қағанның (бәйбішесінен туған) ұлы. Тан (билігінің) бастапқы жылдарында қарауындағы он мыңнан астам отбасымен тізе бүкті, Сары өзеннің оңтүстік алқабын қоныс тұтып, шекараны Линчжоу аймағымен (шектеді), оған Оң тұрғауыл тай қолбасы (лауазымы) берілді.
Тайцзун арнайы жарлықпен көңілін сұрады, (жарлықта) «Түріктің Юйшэ шады мен аяулы ханшайым менің көз көрген жақындарым, бір атаның баласындай көңіл жетер (тумаластарым) еді. Суй (әулетінің билігі кезінде екеуі) бас құрағанда, тиісті рәсімдер біздің үйде өтеліп, оны мен де өз көзіммен көрген едім. Сол оқиға ешқашан ұмытылмай, есіме орала береді» делінген еді.
Әкесі -- Уши арлы һәм адал болды, мансап жолын ланцзян (лауазымынан) бастады.
Мырзаның⌠7⌡ мінезі өжет, болмысы асқақ, кеудесі кенен, көрген-білгені көп еді. Қанатын жазған аққудай көк жүзіне самғауды, бауырын жазған тұлпардай жер түбіне жортуды армандайтын.
(Цзыну) мансап жолын ланцзян (лауазымынан) бастады. Мырза қабілетінің арқасында шығыс (бағыттағы) жаза жорығын басқарып⌠8⌡, қолбасшының көмекшісі⌠9⌡ қызметін атқарды, күлгін (халат киінуге), алтын дәндәку (тағынуға) рұқсат алды⌠10⌡.
Іскерлігімен, еңбегімен көзге түсіп, Сол гвардиялық күзет әскері құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны (қызметіне) тағайындалып, жоғары ел тірегі⌠11⌡ (атағымен) жарылқанды әрі солтүстік бағыттағы Ючжоу⌠12⌡ Цзинлюэ әскері⌠13⌡ (губернаторының) орынбасары (қызметін) қоса атқарды. Бір-ақ күнде кенеттен келмеске сапар шегер деп кім ойлаған? Кайюаньның оныншы жылы оныншы айдың жиырма алтыншы күні⌠14⌡ Хэнань аймағында түнгі күзет кезегінде⌠15⌡ алпыс тоғыз жасында⌠16⌡ өмірден озды.
Кайюаньның он бірінші жылы оныншы айдың он жетінші күні⌠17⌡ астананың Яньсинмэнь қақпасынан⌠18⌡ бес ли⌠19⌡ қашықтықтағы Луншоуюань (қорымына) жерленді. Аһ, қандай ауыр қасірет! Ізбасары⌠20⌡ Дачэнь мен қалған ұлдары Яньчэнь, Дичэнь, Минчэнь, Цзяньчэньдер⌠21⌡, табанымен тікен кешкендей қайғыға батып⌠22⌡, төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды⌠23⌡. Жазылған арнау:
Меруерт аппақ ай сынды,
Қас тасы түнде нұрланған.
Жас мәуленнің көзі отты,
Аңқиды сүйсін бүр жарған.
Көз жетпес аспан жолына⌠24⌡,
Дария тынбай ағады.
Мәңгілік мекен тар мола,
Кең сарай артта қалады.
Жатаған шөпке шық қонып,
Үйеңкі желмен шулайды.
Айырылдық екі дүниеге,
Қауышар сәт қайта тумайды.
Түсіндірмелер:
⌠1⌡ 府君 – Қытайда Хань және Вэй әулеттері билік құрған кезеңде, аймақ басшылары(太守) қарауындағы мемлекеттік қызметкерлерді өз бетімен тағайындай алатын еді, олардың өкілеттіктері сарайдағы жоғары шенді кеңесші-шенеуніктерден (әскери кеңесші, білім ісі жөніндегі кеңесші және қоғамдық жұмыс жөніндегі кеңесші) олқы соқпаған, сондықтан оларға фуцзюнь (府君) деген құрметті атақ берілген. Тан әулеті билікке келгеннен кейін, құлпытастарда мола иесі лауазымы мен шеніне қарамастан біріңғай фуцзюнь деп аталатын болды[3, 1005 б]. Біз бұл ұғымды қазақ тілінде мырза сөзімен бейнеледік.
⌠2⌡ 忠武將軍 – Әскери лауазым атауы. Алғаш рет Оңтүстік әулеттер кезеңіндегі Лян әулетінің У-ди императоры 508 жылы енгізген. Ол әртүрлі әскери қолбасшылар арасында дәрежесі айтарлықтай жоғары әскери лауазымдардың бірі болды, әскери қызметтің жиырма төрт сатылы жүйесінде бесінші сатыға орналасты. Чэнь әулетінде бұл лауазым төртінші санатқа жатқызылды. Тан әулетінің Гаоцзу императоры 624 жылы бұл атақты төртінші санаттың жоғары сатысына тән номиналды әскери шен ретінде қайта анықтады[4, 532]. Нақтырақ айтқанда, бұл жалақысы жоғары, бірақ нақты өкілеттігі жоқ номиналды лауазым.
⌠3⌡ 左衛 -- Суй әулеті билік құрған кезеңде, Сол гвардия «Он екі күзеттің» (кей әдебиеттерде он екі алай делінеді) бірі ретінде белгілі болды, оның құрамында бір Сол гвардия Бас қолбасшысы және екі Сол гвардия қолбасшысы қызмет етті. Гвардия император сарайының қауіпсіздігін сақтауға және императордың күзет жасағын бақылауға жауапты болды. 607 жылы Сол құрметті күзет болып қайта аталып, ішкі күзет (亲卫), құрметті ардагерлер күзеті (勋卫) және құрметті күзет (翊卫) басқармаларын басқарды. Тан әулетінің Гаоцзу императоры Ли Юаньның тұсында, 622 жылы Сол гвардия басқармасы деп аталып, «Он алты күзеттің» біріне айналды. 662 жылы қайтадан Сол гвардия аталып, император сарайының тұрақты күзет қызметін ұйымдастыруға жауап берді[4, 252].
⌠4⌡ 行左衛翊府中郎將– Тіркестегі чжунланцзян (中郎将) термині Цинь және Батыс Хань әулеттері кезінде чжунлан (Сарай күзетінің офицері) қызметіндегі жоғары лауазымды басшыны білдірген. Оның құзіретіне сарайдың ішкі күзетін ұйымдастыру, император сапарға шыққанда сақшылық қызмет атқару, сондай-ақ ланчжунлиннің (сарай күзетін ұйымдастырушы мекеменің басшысы) сарай қызметкерлерін тексеруі мен іріктеуіне жәрдемдесу кірді. Сонымен қатар императордың жарлығымен елшілік миссиясын орындауға жиі жіберілді. Бұл лауазым мәртебелі әрі беделді қызмет саналды. Оған көбінесе императордың нағашы жұрты мен қайын жұртынан шыққан тұлғалар мен әміршіге жақын шенеуніктер атқарды. Шығыс Хань әулеті билік құрған мезгілде, сол және оң чжунланцзяндар әлі де күзетші-нөкерлерді іріктеу, даярлау және олардың жұмысын бағалау ісіне жауапты болды. Ал сарай күзеті пен императорға оққағар болу міндеттері хубэнь чжунланцзян және юйлинь чжунланцзян лауазымдарының құзіретіне берілді. Бұдан бөлек, елші-чжунланцзян лауазымы тағайындалып, Оңтүстік ғұндармен қарым-қатынас ісін басқарды. Үш патшалық, Батыс және Шығыс Цзинь, Оңтүстік және Солтүстік әулеттер кезеңінде чжунланцзян термині қолбасыдан төмен, сяовэйлерден (офицер) жоғары тұратын әскери лауазым атауына айналды. Тан әулетінің Гаоцзу императоры тұсында, 624 жылы, Сол және Оң гвардиялардың үш күзеті мен бес басқармасындағы, сондай-ақ, құрметті күзет немесе қосымша күштер басқармаларындағы, тақ мұрагерінің гвардиясына қарасты екі күзет пен үш басқарманың басшылары — пяоцзи қолбасылар (жеңіл атты әскердің қолбасшысы, қазақтілді кей әдебиеттерде шығауыл санғұн деп көрсетілген) чжунланцзян қызметіне тағайындалып, сарайдың күзет басқармаларының әскерін басқарып, сяовэй, люйшуай, ішкі күзет, құрметті ардагерлер күзеті және басқа да әскери қызметшілерге жетекшілік етті[4, 156 б]. Тіркестегі 行 иероглифі тұлғаның белгілі жұмысқа уақытша тағайындалғанын білдіреді. Сондықтан, тұтас тіркесті қазақшаға құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны міндетін атқарушы деп аудардық.
⌠5⌡ 自奴 – Қабір иесінің есімі. Көртастың иесі Ашина әулетінен шыққан, шын аты Цзыну, екінші аты Чжэ (哲). Ежелгі қытай дәстүрі бойынша адамның өмір есігін ашқанда қойылған өз атын жасы, жолы үлкен немесе лауазымы жоғары кісілер ғана атай алады. Бала ержетіп, кәмелет жасына жеткенде, оған екінші ат беріледі де, әлеуметтік қарым-қатынаста осы аты қолданылады. Бүгінге жеткен тарихи әдебиеттерде Ашина Цзыну туралы мәліметтер кездеспейді. Сондықтан қолымыздағы құлпытас мәтіні оның ататек шежіресі мен өмір жолын көрсететін бірден-бір дереккөз саналады.
Құлпытас мәтінінде «Мырзаның аты Цзыну, екінші аты Чжэ» деп нақтыланған. Құлпытас мәтінің тақырыбында «Ашина Чжэ» есімі көрсетілген, яғни бұл жерде марқұмның екінші аты аталған. Сонымен қатар мәтінде шын аты-жөні де тікелей көрсетілген. Бұл жағынан құлпытас мәтіні Цзынудың әкесі Ушидің басына қойылған көртастың жазу үлгісімен үндес. Чжу Чжэньхунның пікірінше, мұндай жазу тәсілі қабіртас мәтіндерін рәсімдеудің қалыптасқан үлгісіне сәйкес келмейді[2, 47 б].
Құлпытас мәтінінен белгілі болғандай, марқұмның ұлы бабасы Ашина Ямар (阿史那染干) Суй әулеті тарапынан Циминь қаған (啟民可汗) деп танылып, Қытай империясына бағынады. Ашина әулетінің Ямар тармағының қытайлық әмірші әулеттермен тығыз байланысы ешқашан үзілмеген. Ямардан Цзынуға дейінгі бес буын — Ямар, Сичунь, Момо (Махмат?), Ши және Цзыну — Қытай сарайына қызмет етіп, қытай дәстүріне мойын ұсынды. Олар өздерінің этникалық жөнін білдіретін түркілік Ашина тегінен бас тартпағанмен, Ши мен Цзыну қытайлық дәстүрге сай екінші ат қолданған. Бұл олардың қытай мәдениетіне айтарлықтай деңгейде сіңісіп кеткенін көрсетеді.
Цзыну есімінің құрамындағы 自 – өз, өзі мағынасын білдіреді және септік (-нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен) қызметін атқарады. Ал 奴 иероглифінің негізгі мағыналарына 1) құл, күң; 2) мен, өзім (сыпайыгершілік, кішіпейілдік үшін); 3) тексіз, төмен адам ұғымдары тән. Сондай-ақ кей ретте адамның бала күніндегі еркелеткен атында еркелік пен жақындықты білдіретін компонент ретінде де қолданылған, мысалы, Қытай императорлары Лю Юй (356∼422 жж.) мен Ли Чжи (628∼683 жж.) бала күнінде сәйкесінше Цзину (寄奴) және Чжину (雉奴) деп аталса, Оңтүстік Сун әулеті кезеңінде өмір сүрген қытайлық саясаткер Жэнь Чжунның еркелеткен есімі Маньну (蠻奴) болған.
Алайда көртас мәтінінде Цзыну құлпытас иесінің өз аты ретінде көрсетілген. Сондықтан бұл есім қандай да бір түркілік есімнің қытай иероглифтерімен (ерте ортағасырлық қытай тілінде бұл екі иероглиф dzʰinuo болып дыбысталуы ықтимал) бейнеленген дыбыстық баламасы немесе тікелей аудармасы ма (мысалы, Анадолы түріктері арасында Özkul есімі жиі кездеседі, тура мағынасында Цзынумен бірдей), әлде нақтылы қытайлық дәстүрмен қойылған ат па, бұған тілдік деректердің тапшылығына байланысты қазірше анық кесім айту қиын.
⌠7⌡ 君 – Біз қарастырып отырған құлпытас мәтінінің «Ұлы бабасы Циминь қаған Ямар» деп басталып, «Қанатын жазған аққудай көк жүзіне самғауды, бауырын жазған тұлпардай жер түбіне жортуды армандайтын» деп аяқталатын айтарлықтай бөлігі Ашина Уши құлпытасының тиісті бөлігімен сөзбе-сөз сәйкес келеді, айырмашылық тұлғалардың шежірелік ретіне байланысты: Уши құлпытасында шежіре әкеден бабаға дейін жалғасса, Цзыну құлпытасында әкеден ұлы бабаға дейін өрбиді.
697 жылдың 9 қыркүйегіне Хэнань аймағының Синьань ауданында қайтыс болған Ашина Ушидің сүйегі арада 26 жылдан кейін, 723 жылғы 19 қарашада Чанъань шаһарының іргесіндегі Луншоуюань қорымына көшіріліп, қайта жерленген. Дәл сол күні Цзынудың да денесі жер қойнына тапсырылады. Демек, екі құлпытастың мәтіні бір адамның қолынан шығуы бек мүмкін. Осы тұста өте қызықты текстологиялық аргумент көзге түседі: Уши мәтініндегі құлпытас иесін білдіретін 君 (мырза) иероглифі Цзыну мәтініне механикалық түрде өзгеріссіз көшіріле салған, яғни бұл жерде «мырза» сөзі Цзынуды емес, оның әкесі Ушиді меңзеп тұр.
⌠8⌡ 東麾伐罪 – Сөзбе-сөз аударғанда: шығысқа жорық тартып, кінәлілерді жазалауға қолбасшылық етті. Чжу Чжэньхунның пайымынша, бұл жерде 714 жылы қидандарға (қытан) жүргізілген әскери жорық айтылған болуы мүмкін[2, 79 б].
«Цзю Таншу» жылнамасына сәйкес, 714 жылдың ақпан айында, Бинчжоу губернаторлығының басшысы және Сол гвардия бас қолбасшының міндетін атқарушы Сюэ Нэ (649~720 жж.) бастаған қалың қол татабы мен қытандарды шабуға аттанады. Осы жылдың тамыз айында, Сюэ Нэ басқарған 60 мың әскер Луаньхэ өзенінің (қазіргі Қытайдың Чэндэ (Халуунгол) қаласының аумағындағы Баянкүрті тауынан бастау алып, Бохай теңізіне құятын өзен, жалпы ұзындығы 885 шақырым) бойында қытаннан күйрей жеңіліп, әскербасылар әзер қашып құтылады: «Сол уақытта қытан мен татабы түрікпен мәмілеге келіп, шекараға жиі қауіп төндірді. Сюэ Нэ оларға жаза жорығын жүргізуді ұсынды. Кайюаньның екінші жылы жазда, император Сюэ Нэге, Сол сақтауыл қолбасы Ду Бинькэ мен Динчжоу аймағының губернаторы Цуй Сюаньдаоға және басқаларға жиырма мың сарбазбен Таньчжоу бағытымен (қытандарға) жорыққа шығуды бұйырды. Ду Бинькэ жаздың ми қайнаған ыстығында көк темір құрсанып, азық-түлігін арқалаған сардар-сарбаздар қарақшылардың жеріне сұғынып кіргенмен жеңіске жете алмас деген күдігін айтты. Оның пікірін Сарай хатшылығының жетекшісі Яо Юаньчун құптады. Сюэ Нэ ғана «Жаз айында шөп мол, тоқты-торпақ күйлі болады, азық қорын шығындамай-ақ жаймен жылжи аламыз. Бір жорықпен еліміздің айбарын асқақтатуға берілген бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек» деді. Пікір білдіргендердің бәрі оның айтқанын жөн деп санамады. Император Сюань-цзун шартараптағы жатжұрттықтарды күшпен иліктіруге бел буған еді, сондықтан Сюе Нэнін мәртебесін Сарай хатшылығы мен Сарай кеңесінің жетекшілерімен теңестіру туралы арнайы жарлық шығарып, оған татабы мен қытандарға қарсы қол бастап жорыққа аттануды тапсырды. Осыдан кейін талас-тартыс та толастады. Алтыншы айда аламан қол Луаньхэ өзенінің бойында қарақшыларға тап болды. Жаз қапырық ыстық еді, шербасылар дұрыс шешім жасай алмады да, қытандар мен олардың жақтастарынан ойсырай жеңілді. Сюэ Нэ қашып келді және бар кінәні Цуй Сюаньдао мен бодам қолбасы Ли Сыцзин бастаған сегіз адамның мойнына артты. Императордың өкімімен олардың барлығы өлім жазасына кесілді, Ду Бинькэ ғана жазадан босатылды»[5, 2984 б].
⌠9⌡ 副將 –Қосалқы қолбасшы, бас қолбасшысының көмекшісі. Тан дәуірінде бұл термин жорық кезінде бас қолбасшының көмекшісі ретінде әскери операцияны ұйымдастыруға қатысқан әскери қызметшілерге қатысты қолданылған. Біз қарастырып отырған мәтінде бұл сөз Ашина Цзынудың әскери қызметін білдіреді. Чжу Чжэньхун өз зерттеуінде Ашина Цзыну 714 жылы қытандарға қарсы жорықта Бас қолбасшы Сюэ Нэнің көмекшісі ретінде қызмет атқарған болу керек деп болжайды. Алайда бұл болжал тарихи деректермен растамайтынын ескерген жөн.
⌠10⌡ 借紫金魚 – Тан дәуіріндегі жоғары лауазымды тұлғаларға арналған қызметтік киім үлгісі мен арнайы белгілерге қатысты қалыптасқан тұрақты тіркес. Сарай тәртібіне сәйкес, үшінші санаттағы және одан жоғары деңгейдегі шенеуніктер күлгін түсті ресми киім (紫衣) киіп, белдігіне қызметтік мәртебенің нышаны ретіндегі балық пішінді белгі салынатын зерлі қапшық (魚袋, біз оны дәндәку деп атадық) тағып жүретін болған. Ал біз қарастырып отырған тіркестегі 借紫 сөзі қызметтік шені үшінші санатқа жетпейтін кей шенеуніктерге арнайы рұқсатпен күлгін түсті ресми киім киюге рұқсат берілгенін көрсетеді. Осылайша тұтас тіркес шенеунікке өз дәрежесінен жоғары мәртебелі киім киіну мен қызметтік белгіні пайдалануға арнайы рұқсат берілгенін білдіреді. Дегенмен осы кезеңде ерлік көрсетпеген әскери қызметшілерге еңбек жазу, төмен дәрежелі қызметкерлердің жоғары шенді лауазым иелеріне арналған ресми киім мен қызметтік белгіні пайдалануы жиілеп кеткен еді. Сюань-цзун императордың 714 жылы шығарған жарлығы осы мәселенің өзектілігін көрсетті. Жарлықта әскери бөлімдер мен гарнизондардың белгілі бір дәрежеден жоғары қолбасшылары мен шербасыларына қажетті ресми киім мен қызметтік белгіні алдымен сарайдан уақытша ала тұруға өтініш енгізуге рұқсат етілді. Өз дәрежесінен жоғары қызметтік белгі пайдалануға рұқсат алған тұлға жорықта ерлік көрсетіп, еңбек сіңірген жағдайда, сол марапатқа лайық әлде лайық еместігі қайта қаралуға тиіс еді. Ал осы рәсімдердің барлығы тиісті жазбаша мәлімдемен императорға баяндалуы қажет еді[2, 80~81 б].
⌠11⌡ 上柱國 – Жоғары лауазым атауы. Кейде Ел тірегі (柱國) деп те айтылады. Қазақтілді кей әдебиеттерде «аға баған» деп те аударылған. Тан дәуірінде бұл атақ нақты әскери лауазымнан гөрі тұлғаға әскери ерлігі үшін берілетін құрметті дәреже ретінде қолданылған.
Бұл атақ алғаш Чжаньго дәуіріндегі Чу мемлекетінде пайда болды; бастапқыда ел астанасын қорғауға жауапты ең жоғары әскери қызметшінің атағы болды. Сарайда линъинь (бас уәзір) лауазымынан кейінгі екінші тұлға саналатын жоғары ел тірегі әскери және мемлекеттік басқару жүйесінде айтарлықтай зор билікке ие болды. Солтүстік Вэй және Батыс Вэй әулеттері кезеңінде бұл атақ Бас қолбасшылық штабқа қарасты әскери бөлімдерге басшылық ететін нақты өкілеттігі бар әскери қызметке айналды. Солтүстік Чжоу әулетінің У-ди императоры тұсында тоғыз сатылы құрметті атақ жүйесінің бірі ретінде бекітіліп, жоғары дәрежелі марапаттар жүйесінің бастауы болды.
Суй және Тан әулеттерінің билігі кезінде құрметті атақтардың ресми иерархиясына енгізілді. Суй әулетінде ол кіші бірінші санаттағы нақты өкілеттігі жоқ мәртебелі атаққа жатқызылса, Тан әулетінде он екі сатылы құрметті әскери шен жүйесінің ең жоғары деңгейі (жоғары екінші санатқа сәйкес келеді) ретінде бекітілді. Бұл атақ әскери жорықтарда айрықша ерлік көрсетіп, еңбек сіңірген тұлғаларға берілген[4, 58 б].
⌠12⌡ 幽州 – Тарихи-географиялық аймақ. Тан әулетінде қазіргі Бейжің қаласы, Тяньцзинь қаласының Уцин ауданы, Хэбэй провинциясының Юнцин және Ланфан уездері сияқты аумақтар Ючжоу аймағына қараған.[6, 2767 б]
⌠13⌡ 北道經略軍 – Тан дәуірінде Ючжоу өңірінде орналасқан әскери құрылым. Чжу Чжэньхунның анықтауынша, Ючжоудағы Цзинлюэ әскері патшайым У Цзэтянь билік құрған кезеңде, нақтырақ айтқанда, 694 жылы құрылған. Цзинлюэ әскері Ючжоу қаласына орналасты және Фаньян генерал-губернаторлығының қарамағына кірді. Әскердің негізгі міндеті империяның солтүстік-шығыс шекарасын сыртқы жаудан қорғау, әсіресе татабы және қытан тайпаларына қарсы әскери бақылау жүргізу болды. «Цзю Таншу» ұсынған дерекке сәйкес, Цзинлюэ әскерінің құрамында 30 мыңға жуық сарбаз болған[2, 83 б].
Ашина Цзыну қытандарға қарсы жорықта ерігімен көзге түсіп, еңбегі үшін Сол гвардиялық күзет әскері құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны қызметіне тағайындалып, «жоғары ел тірегі» деген құрметті атақпен марапатталады. Сонымен қатар ол Ючжоудағы Цзинлюэ әскері қолбасшысының орынбасары қызметін қоса атқарған.
⌠14⌡ 開元十年十月廿六日 – 722 жылы (қара Иіт жылы) 9 желтоқсан.
⌠15⌡ 當上宿衛 – Тіркестегі 宿衛 сөзі император сарайының түнгі күзетін қадағалау мағынасын білдіреді. Мәтіннен белгілі болғандай, Ашина Цзыну Сенімді әрі жауынгер қолбасшы деген құрметті атақтың иегері болған. Баста айтқанымыздай, Тан әулетінің билік иерархиясында бұл атақ төртінші санаттың жоғары сатысына тән номиналды әскери шен саналады. Чжу Чжэньхунның зерттеуіне сәйкес, Ашина Цзыну шығыс астана – Лоян қаласында Сол гвардияның құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны қызметінде болған, ал Цзинлюэ әскері қолбасшысының орынбасары деген лауазымды қызметті сарттай атқарған. Сол кездегі тәртіп бойынша Сенімді әрі жауынгер қолбасшы атағының иегерлері ай сайын сарайдың түнгі күзетіне шығуға міндетті болған. Демек, құлпытас иесі түнгі күзет кезінде жұмыс үстінде қайтыс болса керек[2, 84 б].
⌠16⌡ 春秋六十有九 – Мәтінге сәйкес, Ашина Цзыну 722 жылы 69 жасқа қараған шағында өмірден өткен. Ендеше ол 654 (көк Барыс жылы) жылы әкесі Ашина Ушидің 18 жасында туған.
⌠17⌡ 開元十一年十月十七日 – Біздің жыл санауымыз бойынша 723 жылғы 19 қараша. Бұл марқұмның сүйегі Лояннан Чанъаньға көшіріліп, қайта жерленген мезгілі болуы мүмкін. Ашина Цзынудың әкесі Ашина Ушидің көртасындағы дерекке сәйкес, Уши 697 жылдың 9 қыркүйегіне науқас себебінен қазіргі Лоян қаласының аумағындағы қызметтік үйде алпыс екі жасында қайтыс болған, сүйегі 723 жылғы 19 қараша Чанъань қаласының іргесіндегі Луншоуюань қорымына көшіріліп, 698 жылы Чанъаньда қайтыс болған жұбайының қасына жерленген. Назар аударарлық бір жайт, әкелі-балалы Уши мен Цзынудың жерленген күні бірдей, екі таста да олардың Луншоуюань қорымына жерленгені көрсетілген. Осы деректерге сүйене отырып, әкелі-балалы екеуінің сүйегі бір мезгілде Лояннан Чанъаньға көшіріліп, әулеттік қорымға (Ушидің әкесі, Цзынудың атасы – Ашина Момо да Луншоуюань аумағында жер қойнына тапсырылған) жерленген болуы мүмкін деп болжал жасауға болады.
⌠18⌡ 延興門 –Ескі Чанъань шаһарының сыртқы қамалының шығыс қабырғасының оңтүстік бөлігіне жақын орналасқан қақпа. Қақпа Яньсинмэнь атауы 584 жылы берілген. Қақпаның орны қазіргі Шэньси провинциясының Сиань қаласының Яньта ауданының Телумяо ауылының оңтүстігіне қарай орналасқан.
Мәтінде марқұмның Яньсинмэнь қақпасынан бес ли қашықтықтағы Луншоуюань қорымына жерленгені көрсетілген. Ашина Цзыну Лоян қаласында қайтыс болып, сүйегі жылға таяу уақыттан кейін Чанъаньға жеткізіліп, Луншоуюань қорымына жерленген. Чжу Чжэньхун Телумяо ауылының маңында Ашина Момо әулетінің қорымы орналасқан болуы мүмкін деп болжайды[2, 85 б].
Демек, Яньсинмэнь топонимын құлпытас иесінің жерленген орнын анықтауға көмектесетін тарихи-географиялық бағдар ретінде қарастырған жөн.
⌠19⌡ 里 –Ежелгі Қытайда қолданылған ұзындық өлшем бірлігі. Тан дәуірінде ли түсінігінің қазіргі метрлік жүйемен сәйкестігі жайлы зерттеушілер арасында түрлі пікір бар. Тан дәуірінде бір ли шартты түрде шамамен 0,45–0,53 шақырым деп есептеледі.
Құлпытас мәтініндегі «Яньсинмэнь қақпасынан бес ли қашықтық» тіркесі қазіргі өлшеммен шамамен 2,2–2,7 шақырымға сәйкес келеді. Дегенмен бұл есептің тарихи қашықтықты жуықтап түсіндіруге арналғанын ескерген жөн.
⌠20⌡ 嗣子 – Чжу Чжэньхунның түсіндіруінше, ақсүйектік дәреже мен әлеуметтік мәртебені мұрагерлік етуге хақы бар және бәйбішеден туған үлкен ұл[2, 86 б]. «Цыхай» энциклопедиясында ежелгі дәуірде қайтыс болған княздар мен ақсүйектердің ұлдары қаралы күндерде өзін 嗣子 деп атағаны да көрсетілген[6, 2148 б]. Мәтінде Цзынудың кіндігінен тараған бес ұлдың ішінен тек Дачэньнің осылай аталуы бұл жерде осы сөздің қаралы ұл мәнісінде емес, әулеттің мұрагері мағынасында қолданылғанын аңғартады.
⌠21⌡ 大臣、彦臣、帝臣、名臣、諫臣 – Ашина Цзынудың бес ұлының есімі құлпытас мәтінінде Дачэнь (大臣), Яньчэнь (彦臣), Дичэнь (帝臣), Минчэнь (名臣) және Цзяньчэнь (諫臣) деп көрсетілген. Айрықша назар аударуға тұрарлығы – осы есімдердің барлығында бірдей «臣» (чэнь) иероглифі қолданылған. Бұл қытайлықтардың балаға ат қойғанда бір атадан тараған ұрпақтың буындық жүйесін білдіретін ортақ таңбалар тізбегін қолдану дәстүрінің көрінісі[2, 86 б]. Қытайлықтардың дәстүрлі ат қою мәдениетінде бір буынға жататын жолы бірдей ер адамдарың есімдеріне ортақ иероглиф енгізіліп, сол арқылы олардың туыстық және буындық сабақтастығы (шежірелік тізбектегі орны) білдірілген. Ортақ иероглиф екі таңбалы есімнің бірінші немесе екінші бөлігінде келуі мүмкін. Ал мәтінге сәйкес, «臣» иероглифі бір әкеден туған бес ұлдың есімдерінің соңғы таңбасы ретінде қолданылған. Чжу Чжэньхун бұл жайтты Ашина әулетінің Қытайдың дәстүрлі мәдениетіне бейімделуінің көрінісі ретінде бағалайды.
⌠22⌡ 悲深陟岵 – Тура мағынасында бұталы тауға шығып, терең қайғыға бату. Тіркестегі 陟岵 орамы ежелгі қытай әдебиетінің классикалық шығармасы «Шицзин» (Өлеңдер) кітабына енген «Бұталы тауға шығу» (《陟岵》) өлеңінен алынған. Өлеңде қиыр шалғайда жорықта жүрген жігіттің бұта-бүргені мол биік жотаға көтеріліп, туған жеріне көз салғаны, ата-анасын, аға-бауырын, туыс-туғанын аңсап аһ ұрғаны суреттеледі. Көркем әдебиетте бұл сөз көбінесе әкеге деген сағынышты білдіретін метафораға айналған[3, 3271 б]. Мәтінде тіркестің эмоциялық реңкін жеткізу үшін оны «табанымен тікен кешкендей қайғыға батты» деп баламаладық.
⌠23⌡ 痛結聞雷 – Тура мағынасында: күннің күркірін естігенде қайғыдан жүрегі түйілу. Тіркестегі 聞雷 (найзағайдың дауысын есту) орамы қытай тіліндегі 聞雷泣墓 (күннің күркірін естіп, мола басында көз жасын ағызу) деген тұрақты тіркеспен байланысты. Аңыз бойынша, Вэй-Цзинь дәуірінде (б.з. 220~420 жж.) Ван Поу деген опалы, қайрымды жан өмір сүрген екен. Оның шешесі тірі кезінде күннің күркірегенінен жаны қалмай қорқады екен. Анасы қайтыс болып, сүйегі жер қойнына тапсырылғаннан кейін де күн күркіреп, дауыл соққан сайын Ван Поу тау бөктеріндегі моланың басында шарт жүгініп, «шеше, қорықпаңыз, мен қасыңыздамын» деп көз жасын көлдетеді екен[7, 51 б]. Кейін бұл аңыз өмірден озған ата-анаға деген сарқылмас сағыныш пен перзенттік адалдықты білдіретін әдеби ишараға айналған. Демек, құлпытас мәтінінде ата-анаға деген сағынышпен байланысты悲深陟岵 және 痛結聞雷 тіркестерінің қатар қолданылуы әкесін жоқтаған ұлдардың қайғысын күшейтіп көрсетеді.
⌠24⌡ 天道 – Қытайдың дәстүрлі дүниетанымында тәңірлік тәртіп пен табиғат заңдарын, кейде адам еркіне бағынбайтын тылсым күшті белгілейтін ұғым. Бұл жерде оны аспан денелерінің жолы деп түсінуге болмайды. Көртас мәтініндегі «天道蒼茫,川流日夜» деген жоқтау жолдарында бұл сөз адам баласы танып-біле алмайтын, аясы кең аспан заңын меңзесе, 川流日夜 өзеннің күндіз-түні толассыз ағуын білдіреді. Екі бейнелі тіркес қатар қолданылғанда, дүниенің үздіксіз қозғалысы мен уақыттың тоқтаусыз жылдамдығын және өткінші өмірдің шолақтығын білдіреді. Сондықтан дәл осы мәтінде бұл сөзді «аспан заңы» немесе «табиғаттың тылсым тәртібі» деген мәнде қабылдауға болады.
Соңғы сөз
Ашина Цзыну — VIII ғасырдың басында Қытай империясына қызмет еткен түрік текті қолбасшы. Ол Түрік қағанатын билеген Ашина әулетінен шыққан және бірнеше ұрпақ бойы Қытай аумағында өмір сүріп, империялық әскерде лауазымды қызметтер атқарған.
Құлпытас жазбасында оның ұлы бабасы Циминь қаған (Ашина Ямар) Суй әулетімен тығыз байланыста болған, Қытай императорының ықыласына бөленген билеуші ретінде сипатталады. Бабасы Сичунь Шора қаған деген атпен белгілі, ал атасы Ашина Момо — Шора қағанның ұлы, Тан әулетіне бағынып, Оң тұрғауыл тай қолбасы қызметін атқарған. Цзынудың әкесі Ашина Уши де Тан әскерінде ланцзян лауазымына дейін көтерілген.
Ашина Цзыну әскери мансабын ланцзян қызметінен бастаған. Құлпытас мәтініне сай, ол шығыс бағыттағы жаза жорығына қатысып, ерлігі мен еңбегі үшін күлгін киім киюге және алтын дәндәку – зерлі қапшық тағуға рұқсат алған. Кейін Сол гвардия құрметті күзет басқармасының чжунланцзяны қызметіне тағайындалып, Сенімді әрі жауынгер қолбасы, Жоғары ел тірегі атақтарын иеленген. Сондай-ақ Ючжоу аймағындағы Солтүстік Цзинлюэ әскері қолбасшының орынбасары қызметін қоса атқарған. Өмірінің соңғы кезеңінде елдің шығыс астанасы – Лояндағы императорлық күзет құрамын басқарған.
Зерттеуші Чжу Чжэньхун Ашина Цзыну ерлігімен көзге түскен жорықты 714 жылы қытандарға қарсы жүргізілген әскери операциямен байланыстырады. Оның пайымдауынша, Цзыну Сюэ Нэ бастаған Тан әскерінің көмекші қолбасшыларының бірі болуы мүмкін. Бұл болжал құлпытастағы Цзынудың «қабілетінің арқасында шығыс бағыттағы жаза жорығын басқарып, қолбасшының көмекшісі қызметін атқарғаны», жорықтан кейін жоғары лауазымды қызметке көтерілгені туралы мәліметке және сол кезеңдегі Тан әулетінің қытандарға қарсы соғыстары туралы тарихи деректерге сүйенеді. Алайда жылнамаларда Цзынудың осы жорыққа қатысқанын дәлелдейтін тікелей дерек жоқ, сондықтан мәтіннің осы бөлігі әлі де анықтауды, жүйелеуді қажет етеді.
Ашина Цзыну 722 жылғы 9 желтоқсанда Хэнань аймағында (Лоян шаһары) түнгі күзет үстінде 69 жасында қайтыс болды. Келесі жылы, 723 жылы, астананың Яньсинмэнь қақпасынан бес ли қашықтықтағы Луншоуюань қорымына жерленді.
Қытай аумағынан табылған Ашина Момо, Ашина Уши және Ашина Цзыну эпитафиялары Шығыс Түрік қағанатын билеп, Қытай империяларымен тату байланыс орнатқан Циминь қағаннан тараған әулеттің шежіресін жүйелеуге негіз ұсынады. Әрине, құлпытас жазбалары мәселені толық шешпейді. Мәселен, Ашина Момо ескерткішінде Циминь қаған атанған Ашина Ямар Апа шадтың ұлы ретінде аталады. Алайда, Қытай жылнамаларында Апа шад лауазымымен хатқа түскен нақты тарихи тұлға аталмайды. Циминь қағанның тумысы жайлы қытайлық жылнамаларда екі дай дерек кездеседі. «Суйшу» жылнамасының «Түрік» тарауы бойынша, Циминь қаған Ышбара қағанның баласы, аты Ямар (кей әдебиеттерде Жамғар немесе Намған делінеді), ол Тули (Төлес?) қаған деген атпен қағанаттың солтүстік аумағында билік құрған[8, 1872 б]. Ал осы жылнамадағы «Чжансунь Чэннің өмір баянында» Ямар Шораға (Чулохоу) қағанның баласы деп көрсетілген[8, 1333 б]. Белгілі қытайлық тарихшы Цэнь Чжунмянь Ямарды Шораға қағанның ұлы деп ұйғарады[9, 512 б]. Чжу Чжэньхунның зерттеуі бойынша, Циминь қағанның тумысы туралы пікірталас Тан әулеті алғаш билікке келген жылдары-ақ басталған. Ол Дулань (Тұлан) қаған атанған Юнъюйлюй (Оңиоллұғ?) мен Циминь қаған ағалы-інілі, екеуі де Ышбара қағанның кіндігінен тараған деп болжайды. Оның пікірінше, 597 жылы Тули қаған (Ямардың әлі Циминь қаған атанбаған кезі) мен Дулань қаған (Юнъюйлюй) бір уақытта Қытай астанасына қыз айттырып, елші жібереді. Дулань қағанның күші басым екенін, болашақта бой бермей кетуі мүмкін екенін ескерген Суй әулеті ағайынды екеуін араздастыру үшін Аньи ханшайымды мол сыйлықпен Ямарға ұзатады. Осылайша Ямар мен Юнъюйлюй арасына жік түсіп, Далада қанды қырғын басталады. Ал тарихи әдебиеттерде Циминь қағанның бірде Ышбара қағанның, енді бірде Шораға қағанның баласы ретінде хатталуының себебін Чжу Чжэньхун дала көшпенділері ұстанған әменгерлік жолымен түсіндіреді. Оның жазуынша, Циминь қағанның туған әкесі Ышбара қаған; Ышбара қаған қайтыс болғанда, оның жесірлері Шораға қағанға қаратылған, сондықтан, Ямардың туған әкесі жайлы қытайлық жылнамашылардың жаңылысатын жөні бар[10, 183-185 б]. Алайда, «Суйшу» жылнамасындағы Юнъюйлюй Ямардың ордасын қапыда басып, оның аға-інілерін, балаларын, немере інілерін түгел қырып тастады[8, 1872 б] деген дерек Чжу Чжэньхунның болжалын теріске шығарады. Жапон тарихшысы Икэда Томомаса «VI ғасырдың аяқ шеніндегі Түрік қағандарының шежіресі мен мұрагерлік тәртібі» атты зерттеуінде Ямарды Шораға қағанның туған баласы деп көрсетеді. Оның пікірінше, Суй әулеті Түрік қағанатын ыдырату, әлсірету мақсатында жақтаушысы аз, күші әлсіз Ямарға үнемі қолдау көрсетіп, оны Ордаға қарсы айдап салып отырған; қытай жылнамаларындағы Циминь қағанның тумысы жайлы қым-қиғаш деректер, шындығына келгенде, сол жылдары қағанатта болып қайтқан Чжансунь Чэн секілді қытай елшілері Дала элитасын өзара қырқыстыру үшін қолдан жасаған қауесеттердің салдары. Оның пікірінше, көшпенді халықтардың таққа мұрагерлік тәртібі туралы қытайлық жылнамалардағы деректерге сенім артуға болмайды, өйткені ондай деректердің хатталуына император сарайының әртүрлі дипломатиялық мақсаттары мен айла-тәсілдері ықпал етіп отырады[11, 115-146 б].
Қысқасы, құлпытас жазулары Циминь қағанның тумысы жайлы пікір-таласқа нүкте қоя алмайды. Біз Момо, Уши және Цзыну эпитафиялары мен өзге деректердегі саралай келе, осы әулеттің шежіресін келесідей тізбеледік:
Осы әулеттің Қытай императорларымен «сары сүйек» құдандалығы айрықша назар аудартады. 597 жылы Ямар Солтүстік Чжоу елінен Түрік қағанатына ұзатылып келген Цяньцзинь ханшайымды Суй императоры Вэнь-дидің тапсырмасымен өлтіреді. Суй әулеті оған сыйлыққа Аньи ханшайымды береді. Аньи ханшайым 599 жылы көз жұмады. Сол жылы Қытай империясы қытайшыл бағыт ұстанатын Циминь қаған Ямарға Ичэн ханшайымды ұзатады. Ичэн ханшайым түрік елінде 30 жылға жуық уақытын өткізіп, Циминь өлгеннен кейін ретімен Шібір, Шора және Ілік қағандарға жар болады. Тан әулеті билікке келгеннен кейін түрік-қытай қатынастарының ушығуына Ичэн ханшайымның айтарлықтай ықпалы тиді. Ол 630 жылы қытай қолбасшысы Ли Цзиннің қолынан қаза тапты. Осы жылы Ілік қаған да Тан әскеріне тұтқынға түсті, Шығыс Түрік қағанаты жойылды.
Ашина Цзынуға арналған эпитафиялық жазбаға сәйкес, Суй әулеті Шора қаған Сичуньды Сол Даңқты дафу лауазымымен жарылқап, сыйлыққа Ли ханымды берген. Шора қағанның ұлы Момо шамамен 10-11 жасында болашақ Тан әулетінің негізін қалаған Ли Юаньның жықын туыстарының бірінің қызын (болашақ Пин-и сяньчжу) әміріне алды. Алайда одақтастық қажетімен бекітілген бұл неке оған саяси ұпай бола алмайды. Шора қаған өмірден озғанда, қағанатта мәртебесі асқақтап тұрған И-чэн ханшайым Дала жауынгерлерінің күшімен Суй әулетін қалпына келтіру мақсатында Тан әулетіне күйеу болып келетін Үзе (Юйшэ) шад Момоны ұсқынсыз әрі қайратсыз деген желеумен тақтан шеттетіп, Ұлы қағандыққа Шора қағанның інісі Добиды көтерді.
Ашина Момоның інісі Шээр де 11 жасында шад атанып, Юқұқ шатпен бірге теле, қырғыз, тоңра тайпаларын басқарды. Ол сюеяньто және ұйғыр тайпаларының бүлігі салдарынан елден кетіп, шамамен 628 жылы Қаған-пагода қаласын (қазіргі Шығыс Түркістандағы Жемсары ауданының аумағында) басып алып, өзін Дубу қаған деп жариялайды. Ол 636 жылы Қытай империясына беріледі. Қытай сарайы оған Сол тоқсауыл Бас қолбасы шенін береді. Көп ұзамай Тайцзун императордың (Ли Шиминь) қарындасы Хэнъян ханшайымға үйленеді.
Ашина Момоның ұлы Уши қытай қызы Чжао ханыммен үйленеді. Онан туған ұл Цзыну да, мәтінде тілге алынбаса да, қытай қызын алған болуы бек мүмкін. Қысқасы, Ямардан тараған ұрпақ көбінесе қытай қызымен бас құраған.
Момо, Уши және Цзыну бітіктастары VI ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың алғашқы ширегінде Қытайдың Суй және Тан әулеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан Ашина әулетінің бір тармағы біртіндеп қытай мәдениетіне бейімделгенін көрсетеді. Бұл үдерістің бастауында Шығыс Түрік қағанатын билеген Циминь қаған (Ашина Ямар) тұр.
Ол Суй империясы Түрік қағанатының ішкі саясатына белсенді түрде араласа бастаған күрделі кезеңде билікке келді. Дулань қағанмен билікке таласта, ол Суй әулетіне арқа сүйеді. Суй әулетінің саяси-әскери қолдауы дипломатиялық достықты нығайтумен шектеліп қалған жоқ. Оның астарында Түрік қағанатының билеуші әулетін іштен іріту, саяси бәсекелестер арасындағы тепе-теңдікті бұзу және Қытайға қолайлы билеушіні билікке әкелу мақсаты жатты. Бұл ретте Қытай империясы Ямарға әскери-саяси қолдау көрсетумен тынбай, император әулетінен қыз беру арқылы оның мәртебесін көтеруге ұмтылды.
Ямардың 599 жылы Циминь қаған атанып, Шығыс Түрік қағанатының ұлы қағаны ретінде танылуы Қытаймен жақындасудың маңызды кезеңіне жол ашты. Алайда қалыптасқан жағдай оның саяси тәуелсіздігін шектеп, Қытай сарайына кіріптар халге жеткізгені де анық еді. Циминь қаған Суй империясының қолдауымен өз билігін нығайтуға мүдделі болса, Қытай сарайы оны Даладағы саяси ықпалын нығайтудың құралы ретінде пайдаланды.
Осы тұрғыдан көз жібергенде, Циминь қағанның қытайшыл саясаты жай дипломатиялық шешім емес, өзінен тараған ұрпақтың кейінгі тарихи тағдырына ықпал еткен маңызды бетбұрыс болды.
Циминь қағанның немересі, Шора қағанның ұлы Ашина Момоның өмір жолын әулеттің қытайылану үдерісіндегі келесі маңызды кезең ретінде қарастыруға болады.
Момо шамамен 607 жылы дүниеге келген. Түрік-қытай келісіміне сәйкес, шамамен 618 жылы Момо қарауындағы елу мыңдай адаммен Сары өзеннің оңтүстігіндегі Уюань өңіріне қоныс аударды. Сөйтіп, оның ел-жұрты Қытай шекарасына жақын аймақта ұзақ уақыт бойы мекен етті. Ол Тан әулетінің алғашқы кезеңіндегі саяси оқиғаларға белсене араласты: бірде Қытай билігімен одақ құрса, енді бірде Ілік қағанның әскери жорықтарына қатысып, Қытай билігіне қарсы күресті.
629 жылы Момо тоғыз іркін елмен Тан империясына біржола берілді. Ендігі жерде оның өмір жолы мен саяси мәртебесі түбегейлі өзгерді: ол дербестікке ұмтылған түрік билеушісі емес, Тан империясының әскери қызметіндегі ақсүйекке айналды. Оның міндетіне император резиденциясының қауіпсіздігін қорғау, сарай күзетін басқару және империялық әскери қызметті атқару болды.
Демек, Момоның тағдырында екі бірдей саяси болмыс қатар көрініс тапты: ол шыққан тегі бойынша Ашина әулетінің өкілі әрі түрік қолбасшысы, бірақ өмірінің соңғы кезеңінде Тан империясының әскери қызметкері ретінде танылды.
Момоның інісі Ашина Шээрдің өмір жолы да осы үрдістің айқын көрінісі. Ол жас кезінен шад атағын алып, түрік тайпаларын басқарған. 636 жылы Тан империясына бағынды. Ол Тан императорының қарындасын алып, күріген дәрежесіне дейін көтерілді.
Қысқасы, Циминь қағаннан тараған ұрпақтың бірнеше буыны бойы қытай қыздарымен неке құрауы әулеттің Қытай қоғамымен әлеуметтік-әулеттік байланысын тереңдете берді. Әулеттің күнделікті өмірі, отбасылық ортасы, тәрбиесі мен қоғамдық қызметі қытайлық мәдени кеңістікпен тығыз байланыста қалыптасты.
Әрине бұл құбылыс әулеттің этникалық тегінің түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Алайда бірнеше буын бойы өзге мәдени ортада өмір сүріп, сол қоғамның әлеуметтік нормалары мен ұлттық дәстүрлерін қабылдау олардың дүниетанымы мен қоғамдық болмысына ықпал еткені сөзсіз.
Бұл әулеттің қытайылану үдерісін зерттеуде олардың аты-жөндеріне айрықша назар аударған жөн. Өйткені адамның есімі, түптеп келгенде, оның бөтен ортаның әлеуметтік және мәдени дәстүрлерін қаншалықты қабылдағанын көрсететін маңызды белгілердің бірі.
Қытайдың дәстүрлі мәдениетінде адамның екі аты болады, бірі туғанда қойылатын өз аты; енді бірі ержеткен соң берілетін екінші аты. Ашина Уши мен Цзынудың құлпытастары осы дәстүрдің Ямардан тараған әулеттің кейінгі буыны арасында түбегейлі орныққанын көрсетеді. Ал Цзынудың балаларының атында ұрпақтың буындық жүйесі мен сабақтастығын білдіретін ортақ таңбалар тізбегінің қолданылуы қытайылану үдерісінің тереңдей түскенін білдіретін өте маңызды жайт.
Бір қызығы, бұл әулет қытайлық аты-жөн дәстүріне бой ұрғанмен, өздерінің түркілік төркінін білдіретін Ашина тегінен бас тартпаған. Бұл олардың қытай мәдениетіне бейімделгенмен, этникалық тәуелділігін анықтайтын тарихи жадтың өзгеріссіз қалғанын көрсетеді. Олардың өз тегін ежелгі ғұн шаньюйлерімен байланыстыруы да осының айғағы.
Қысқасы, осы әулеттің қытайылану үдерісін шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең – Циминь қағанның Суй империясымен саяси одақ құруы. Бұл кезеңде Қытай сарайымен құдандалық байланыс орнатылып, императорлық биліктің қолдауына сүйену әулеттің саяси стратегиясына айналды.
Екінші кезең – Ашина Момо мен оның ұрпақтарының Тан империясының мемлекеттік және әскери жүйесіне енуі. Момо, оның інісі Шээр және кейінгі ұрпақтары Қытай сарайының әскери қызметіне қабылданып, жоғары лауазымдарға ие болды.
Үшінші кезең – мәдени және әлеуметтік бейімделу. Ашина Уши мен Цзыну құлпытастары осы үдерістің айқын мысалы.
Жинақтап келгенде, Ямардан Цзынуға дейінгі бес буынның тарихи тағдыры Қытай империясының саяси ықпалына түскен түркі ақсүйектерінің мәдени бейімделуін зерттеуге мүмкіндік беретін ерекше мысал ретінде қарастырылуы керек.