Мұндай бұйымдар сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі Наурызбай ауданы аумағында орналасқан Қарағайлы қорымындағы ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататын апатты жағдайдағы қорғанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Алматы қаласының Мәдениет басқармасы.
Зерттеу барысында б.з.д. IV–III ғасырларға жататын қорғаннан алтын бұйымдар, қыш ыдыстардың сынықтары мен адам сүйектері табылды. Алдын ала болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін.
Табылған олжалардың ішіндегі ерекше құнды зат – бас киімді безендіруге арналған аю бейнесіндегі алтыннан құйып жасаған шағын мүсін. Алтын әшекейдегі ойықтар оның бас киімге тағылатынын аңғартады.
Мұндай бұйымдар сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Осыған ұқсас заттардың өзге де археологиялық ескерткіштерден табылған үлгілері бар.
Атап айтқанда, «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей табылса, 2014 жылы Көк-Қайнар қорымынан бас киімнің сәндік элементі болған барыстың шағын мүсіні анықталған.
Археологиялық зерттеулердің толық кешені аяқталып, табылған материалдарға тиісті ғылыми өңдеу жүргізілгеннен кейін ең құнды заттарды Алматы музейінің экспозициясына орналастырып, көпшілік назарына ұсыну жоспарланған.