Кенже ұлдың жүгі неге ауыр?

Бөлісу

04.11.2026 648

Қазақ халқы үшін шаңырақ – жай ғана баспана емес, отбасының бірлігін, ұрпақ сабақтастығын, ата-баба аманатын білдіретін қасиетті ұғым. Халқымыздың «Шаңырағың биік болсын!», «Керегең кең, босағаң берік болсын!», «Шаңырағың шайқалмасын!» деген ақ тілектерінің астарында терең мән жатыр. Ал осы шаңырақтардың ішінде «қара шаңырақтың» орны ерекше. Өйткені  бірнеше ұрпақтың ізі қалған, атадан балаға мирас болып келе жатқан әулеттің негізгі үйі болып саналады. Ендеше, қазақ неге ата қонысын «қара шаңырақ» деп атаған? Оның иесі кім және бұл дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы маңызы қандай?


Киіз үйдің ең жоғарғы бөлігінде орналасқан шаңырақ уықтардың басын біріктіріп, бүкіл үйдің құрылымын ұстап тұрады. Шаңырақ арқылы үйге күн сәулесі түсіп, ошақтан шыққан түтін сыртқа тарайды. Сондықтан қазақ дүниетанымында баспананың ғана емес, отбасының тұтастығы мен тіршіліктің жалғасуының да нышанына айналған.

Шаңырақтың жасалуында да өзіндік ерекшелік бар. Қазақтың дәстүрлі қолөнерін зерттеген қаламгер Сейіт Кенжеахметұлының еңбектерінде шаңырақтың тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деп аталатын бөліктерден тұратыны айтылады. Тоғын – шаңыраққа дөңгелек пішін беретін негізгі шеңбер. Күлдіреуіш оның күмбезін қалыптастырса, кепілдік күлдіреуіштердің орнынан қозғалмауын қамтамасыз етеді. Шаңырақ көбіне қайың ағашынан жасалып, ою-өрнекпен әсемделген. Қазақ танымында осы құрылымның өзі ерекше мағынаға ие. Бір шаңырақ астына жиналған уықтар секілді отбасы мүшелері де өзара бірлік пен сыйластықта өмір сүруі тиіс. Шаңырақтың беріктігі үйдің беріктігін білдірсе, отбасының беріктігі оның мүшелерінің татулығына байланысты.

Ал «қара шаңырақ» ұғымының мәні бұдан да терең. «Қара» сөзін тек түске қатысты түсіндіру жеткіліксіз. Қазақ тіліндегі «қара орман», «қара жер», «қара қазан» секілді тіркестерде бұл сөздің қадірлі, байырғы, негізгі деген мағыналық реңктері де кездеседі. Осы тұрғыдан қара шаңырақ – әулеттің бастауын білдіретін, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын үлкен үй деп айтсақ болады. Бұрын қазақ отбасында ұлдары ержетіп, шаңырақ көтерген кезде оларға енші беріліп, жеке отау шығарылған. Ал ата-анасы отырған негізгі үй қара шаңырақ аталып, әулеттің ортақ құндылығы ретінде сақталған. Қара шаңыраққа алыстағы ағайын арнайы сәлем беріп келген. Туған-туыс бас қосып, қуанышты бірге бөліскен, қиын кезеңде ақылдасқан. Осылайша ол тұтас әулеттің басын қосатын ыстық ұяға айналған.

Алысқа ұзатылған қыздар төркіндеп келгенде, енші алып бөлек шыққан ұлдар ата-анасына сәлем бергенде ең алдымен осы үлкен үйге бас сұққан. Ата-анасы дүниеден өткеннен кейін де бұл дәстүр жалғасын тауып, бауырлар қара шаңыраққа жиналуды тоқтатпаған. Қара шаңыраққа келген адам сол үйде отырған кенже ұлға ғана емес, ата-бабасының рухына, әулеттің үлкен үйіне келдік деп құрмет көрсеткен. Мұндай дәстүрдің тәрбиелік маңызы зор. Өйткені балалар үлкендердің әңгімесін тыңдап, ата-бабасының өмір жолын таныған. Өзінің шыққан тегін, жеті атасын, әулеттің тарихын біліп өскен. Қара шаңырақ осылайша ұрпақтан ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиенің, отбасылық естеліктер мен құндылықтардың сақталатын ортасына айналған.

Қазақтың дәстүрлі отбасылық салты бойынша қара шаңырақтың иесі – кенже ұл. Отбасындағы үлкен ұлдар үйленгеннен кейін еншілерін алып, бөлек отау құрып, өз алдына жеке үй болады. Ал ең кіші ұл ата-анасының қолында қалып, олардың қартайған шағында қамқоршысына айналады. Әке-шешесі дүниеден өткен соң, сол үйдің түтінін түтетіп, әулеттің үлкен шаңырағына иелік еткен. Халқымыздың «Кенже ұл – қара шаңырақ иесі» деуі осыдан шыққан. Дегенмен қара шаңыраққа ие болу – тек үй мен дүние-мүлікті мұраға алу деген сөз емес. Бұл – ата-ананың аманатын орындау, отбасының ынтымағын сақтау, ағайын арасындағы байланысты үзбеу, ата-баба дәстүрін жалғастыру міндеті. Кенже ұлдың жасы кіші болғанымен, жолының үлкен саналуы да осы жауапкершілікпен байланысты. Ол әке отырған орынның иесі болғандықтан, үлкен ағалары мен әпкелері де қара шаңырақты ерекше құрметтеген. Қара шаңырақтағы кенже келіннің де орны бөлек. Ол ата-енесіне қамқор болып, үлкен үйдің берекесін сақтауға атсалысқан. Қонақ күту, ағайынның басын қосу, отбасылық дәстүрлерді жалғастыру сияқты міндеттер ерлі-зайыптылардың ортақ жауапкершілігі саналған.

Атақты тұлғалардың қара шаңырағы да ел жадында сақталған. Мәселен, этнографиялық материалдарда Шақшақ Жәнібек батырдың қара шаңырағы кенже ұлы Тоқтамысқа қалғаны айтылады. Мұндай мысалдар атадан қалған шаңырақтың ұрпақ үшін тарихи әрі рухани мәнге ие болғанын көрсетеді.

Қара шаңырақ ұғымы қазақ әдебиетінде де кеңінен көрініс тапқан. Ақын-жазушылар бұл тақырып арқылы отбасы құндылығын, ата-ана алдындағы перзенттік борышты, туған жерге деген сүйіспеншілікті және ұрпақтар арасындағы байланысты суреттеген.

Дулат Исабековтің «Қара шаңырақ» әңгімесі – осы тақырыпты тікелей арқау еткен шығармалардың бірі. Жазушы қара шаңырақтың қадірін ауыл өміріндегі өзгерістермен, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынаспен байланыстыра суреттейді. Шығармада ауылдан қалаға көшу, дәстүрлі отбасылық құндылықтардың әлсіреуі және қартайған ата-ананың жалғыздығы секілді мәселелер қозғалады. Әңгімедегі Шәмішбай қарттың тағдыры арқылы жазушы үлкен үйдің бұрынғы берекесі мен қазіргі тыныс-тіршілігінің арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Бір кездері бала-шағаның қызығына толы болған шаңырақтың иесізденуі – қарапайым тұрмыстық өзгеріс қана емес, адамдар арасындағы рухани байланыстың әлсіреуінің белгісі. Дулат Исабеков қара шаңырақтың құндылығын оның материалдық сипатына емес, сол үйде сақталған адамгершілік қатынастарға негіздейді. Жазушының көтерген басты мәселелерінің бірі – заман өзгерген тұста ата-ана алдындағы парыз бен ұлттық дәстүрді қалай сақтап қалуға болатыны.

Ал Жарасқан Әбдіраштың «Кенже бала» өлеңінде қара шаңырақтың иесі болудың жауапкершілігі терең психологиялық толғаныс арқылы беріледі. Қазақ дәстүрінде кенже ұл ата-анасының қасында қалып, қара шаңырақты сақтаушы саналады. Алайда осы мәртебенің артында қаншама міндет пен жауапкершілік жатқанын ақын өлең кейіпкерінің тағдыры арқылы көрсетеді. Шығармадағы кенже бала ата-анасының көңілін қимай, олардың аманатына адал болуды өзінің жеке арманынан жоғары қояды. Ол үлкен үйдің отын өшірмеуді өмірлік парызы санайды. Ақын осы арқылы кенже ұл болудың тек құрмет пен мұрагерлік емес, үлкен жауапкершілік екенін аңғартады. Өлеңнің әсерлілігі де осында. Бір жағынан, ата-ананың соңғы аманатына адалдық пен перзенттік борыш көрінсе, екінші жағынан, сол аманатты арқалаған адамның ішкі күйзелісі сезіледі. Бұл – дәстүрдің адам тағдырына ықпалын көрсететін маңызды көркемдік шешім. Жарасқан Әбдіраштың шығармасында қара шаңырақ – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Ал кенже бала – сол байланысты үзбеуге міндеттелген ұрпақ өкілі ретінді көрінеді.

Осы шығармаларда қара шаңырақ әртүрлі қырынан бейнеленгенімен, олардың барлығын біріктіретін ортақ ұғым бар. Ол – ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен өткенге деген құрмет.

Уақыт өткен сайын қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі өзгерді. Көшпелі өмір салтының орнын отырықшылық басты. Ауылдан қалаға қоныс аударған отбасылар көбейді. Бұрынғыдай әр әулеттің ата қонысында қалып, қара шаңырақты күзету барлық жағдайда мүмкін бола бермейді. Бүгінде кенже ұлдың басқа қалада білім алуы, қызмет істеуі немесе отбасымен өзге өңірде тұруы қалыпты жағдайға айналған. Кейбір отбасыларда ата-анасына үлкен ұлы немесе қызы қамқорлық жасайды. Ал енді бірінде ата-анасы балаларымен бірге қалаға көшеді. Демек, қара шаңыраққа қатысты дәстүрдің орындалу жолдары өзгергенімен, оның негізгі мәні жойылған жоқ. Қара шаңырақты сақтау дегеніміз міндетті түрде атадан қалған ескі үйде өмір сүру емес. Ең алдымен, ол – ата-анаға құрмет көрсету, туған-туыспен байланысты үзбеу, әулеттің тарихын ұмытпау және кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу. Қазақтың дәстүрлі түсінігінде қара шаңырақтың иесі кенже ұл болғанымен, ата-ананы құрметтеу мен оларға қамқорлық жасау – барлық перзенттің ортақ парызы. Ата-бабамыздан қалған шаңырақтың қадірін үйдің қабырғасы немесе оның көлемі анықтамайды. Оның шынайы құндылығы – сол шаңырақта өмір сүрген адамдардың өнегесі, отбасының бірлігі мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұрасы.

Бүгінде Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасының ортасында шаңырақ бейнеленуі де кездейсоқ емес. Шаңырақ – ортақ үйдің, бірлік пен тұтастықтың символы. Оның айналасындағы уықтар бір орталыққа тоғысқан елдің ынтымағын білдіреді. Қазақ үшін отбасы шаңырағынан басталған бұл ұғым осылайша бүкіл елдің бірлігін бейнелейтін мемлекеттік рәміз дәрежесіне көтерілді.

Қара шаңырақ – кешегі күннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа жүктелген аманат. Оның иесі болу – атадан қалған үйге иелік ету ғана емес, сол үйдің берекесін, әулеттің бірлігін, үлкендердің өнегесін сақтай білу. «Шаңырағың биік болсын!» деген бір ауыз тілекке қазақ халқының отбасы туралы тұтас дүниетанымы сыйып тұр. Өйткені шаңырақ биік болуы үшін оның керегесі кең, босағасы берік, ал астындағы адамдардың ынтымағы мықты болуы керек. Қара шаңырақтың шын қадірі де осында.

Бөлісу