Алтай аймағындағы рулардың орналасу картасы

Бөлісу

06.10.2026 563

Алтай аймағы — Шығыс Түркістанның он екі облысының бірі. Жер аумағы 119 мың шаршы шақырым. Әкімшілік орталығы — Алтай қаласы. 


Алтай аймағы 7 әкімшілік бірлікке бөлінеді: Алтай қаласы, Көктоғай ауданы, Қаба ауданы, Шіңгіл ауданы, Буыршын ауданы, Бурылтоғай ауданы және Жеменей ауданы.
Аймақтың шығысындағы Көктоғай мен Шіңгіл аудандары бірігіп, тарихи-географиялық тұрғыдан Өр-Алтай деп аталады. Ал қалған бес әкімшілік бірліктің аумағы Төменгі Алтай (Төр Алтай) деп аталады.
Алтай қаласының аумағында бір жабық әкімшілік-аумақтық құрылым (ЗАТО) бар. Ол — Дөрбілжін (Бейтон) қаласы. 

Алтай қаласының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

Алтай қаласына 120 елді мекенді қамтитын 12 ауылдық округ пен кент, сондай-ақ мал шаруашылығы фермалары қарайды.
Алтай қаласының негізі 1871 жылы Сарысүмбе деген атаумен қаланды. Сарысүмбе 1889 жылға дейін Алтай өңірінің орталығы болды. 1889–1906 жылдары Алтай өңірі Қобда әкімшілік аймағына қарады. 1906 жылы Алтай аймағы құрылып, Сарысүмбе өзінің әкімшілік орталық мәртебесін сақтап қалды.
1912 жылы Алтай аймағы Алтай автономиялық өлкесі ретінде қайта құрылып, тікелей Пекиндегі орталық үкіметке бағындырылды.
1919 жылы Алтай автономиялық өлкесінің мәртебесі өзгертіліп, Алтай аймағы ретінде Шыңжаң (Шығыс Түркістан) өлкесінің қарауына берілді, әкімшілік орталығы Үрімжіге бағындырылды.
1945 жылы Алтай аймағы Шығыс Түркістан Республикасының Алтай аймағы ретінде қайта құрылды. Осы кезеңде Оспан батыр Исламұлы Алтай аймағының әкімі қызметін атқарды. Сарысүмбе бұл кезеңде де аймақтың әкімшілік орталығы болып қала берді.
1947 жылы Оспан батыр қолы бүкіл Алтайды өзіне қаратқанда, Сарысүмбе ауданы Алтай қазақ үкіметінің Сарысүмбе ауданы ретінде танылып, кейін қайтадан Шығыс Түркістан үкіметіне қарады. 
1950 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының құрамындағы Алтай аймағы қайта ұйымдастырылған кезде, Сарысүмбе өзінің орталық мәртебесін сақтады. 1953 жылғы 20 қарашада Сарысүмбенің атауы Алтай қаласы болып өзгертілді.
1954 жылдың қарашасында Алтай аймағы Іле және Тарбағатай аймақтарымен бірге қазақ автономиясын алғанда, Алтай қаласы Алтай аймағының әкімшілік орталығы қызметін жалғастырды. 

 

Алтай қаласының ауыл-кенттері және ру-тайпалық құрамы 

1. Әбитан (Суқайты) кентіне Көбеш батыр, Көктал, Ақтөбе, Аққұдық, Жаңатам, Дөңқырман, Аққарын, Қызылүйеңкі, Жайылма, Қарағандықора, Айдартал, Қобы, Биікқабақ, Қаратерек, Қаратас қатарлы 21 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің Тасбике руы. 
2. Қызылтас (Тұлты) кентіне Көксаз, Бөкенбұлақ, Майқолтық, Ұтыбұлақ, Саятерек, Долаты, Сарықамыс, Қияөткел, Ақтас, Көкбұқа, Қамысты, Келтекей, Бітеуірге, Шібеті, Қызылжар қатарлы 18 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің Базарқұл руы. Одан кейін Құлтайболат руы тұрады. 
3. Шеміршек ауылына Қоғалы, Қаратас, Қайнар, Қоңыртоқты, Бесбастау, Бәйгетөбе, Шеміршек, Сынтас, Шұбарши, Кендірлік, Балқамыс, Екіаша, Ертіс қатарлы 17 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің Шақабай руы. Одан кейін Жастабан руы, Ашамайлы Керейдің Шимойын руы мен Қожалар тұрады. 
4. Алағақ ауылына Ақши, Алағақ, Топүйеңкі, Қарақұм, Тесікбейт, Сексеуілтүбек, Арал, Бітеутал, Қаратал қатарлы 13 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары. 
5. Шірікши ауылына Қызылшілік, Қызылқайың, Қызылүйеңкі, Қызылқабақ, Қызылбел, Ақбел қатарлы 10 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есіргеп, Базарқұл рулары мен Жастабан руы. 
6. Ақтұмсық мал фермасына Мойын, Қамыстықұдық, Қиғанқұдық, Қызылқабақ, Ақтұмсық, Ақтас, Қарасу қатарлы 8 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есіргеп, Базарқұл рулары мен Жастабан руы. 
7. Қараағаш мал фермасына Қаратөбе, Шапқантас, Ақдала қатарлы 7 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары —  Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары. 
8. Қарашілік ауылына Бітеутерек, Ақбұлғын, Ақтерек, Қарашілік, Жалши қатарлы 6 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары. 
9. Хандығаты (Бұланды) ауылына Хандығаты, Аршаты, Жосаты қатарлы 6 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Молқы руы мен Жәнтекейдің әр тармағы. 
10. Балбағай ауылына Балуантас, Балбағай, Сарықарын, Қараағаш қатарлы 5 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Қарақас руы. Одан кейін Тасбике руы. 
11. Сарғусын ауылына Сандыққұм, Сарғусын, Құрғақтоған, Қаратерек, Күрті қатарлы 5 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің Шақабай руы. 
12. Ласты ауылына Ласты, Ноғайты, Көксу қатарлы 4 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің әр тармағы. 

Қорыта келгенде, Алтай қаласы қазақтарының 80 пайыздан астамын Абақ Керейдің Жәнтекей руы құрайды. Жәнтекей құрамындағы рулардың үлесі бойынша шамамен Шақабай – 25 пайыз, Есағасы – 17 пайыз, Базарқұл – 16 пайыз, Тасбике – 15 пайыз, Қазыбек – 14 пайыз, Есіргеп – 6 пайыз құрайды.
Қарақас, Молқы руларының саны 6 мыңнан асады. Найман руы ауылдық жерлерде аз болғанымен, қала ішінде біршама шоғырланған. 


Көктоғай ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

Көктоғай ауданы 1937 жылы құрылды. 1944 жылы аудан Оспан батыр құрған Алтай қазақ үкіметінің құрамындағы екі ауданның бірі ретінде қайта ұйымдастырылды. Ал 1945 жылы Көктоғай ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағына қарасты аудан ретінде құрылды.
1946 жылы Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметінен бөлініп шыққаннан кейін, Көктоғай ауданы Алтай қазақ үкіметінің қарамағындағы Көктоғай ауданы ретінде қалды.
1950 жылы Көктоғай ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. Дегенмен, 1951 жылдың қыркүйегіне дейін аудан аумағы Оспан батырдың жақтастарының бақылауында болды.
1959 жылы аудан орталығы Көктоғай кентінен Қу-Ертіс қаласына көшірілді. 

Көктоғай ауданына 76 елді мекенді қамтиын 10 ауылдық округ пен кент қарайды. 

1. Қу-Ертіс қаласы — аудан орталығы. Қала құрамына Сержан Шығыс, Сержан Батыс, Мәдениет Шығыс, Мәдениет Батыс, Бақыт атты бес тұрғын алабы және Ертіс елді мекені кіреді.
Қаланың «Қу-Ертіс» деп аталуы оның Ертіс өзенінің көктұнжыр болып ағатын алғашқы саласының аңғарында орналасуымен байланысты. Бұл өзен бұрын «Көк-Ертіс» деп аталып, кейін келе «Қу-Ертіс» атауына ие болған.
Қалада 13 мыңнан астам қазақ тұрады. Мұндағы негізгі қазақ рулары — Қарақас, Молқы, Сарбас, Шеруші және Ителі.
2. Тұрғын ауылына Қозыке, Кеңқолтық, Көктал, Дәркен, Топтерек, Төлеубайқызылы, Жігербай, Тұрғын, Қараой, Бәйгетөбе, Тастөбе, Көктерек, Қосарал, Қаражыра, Ұябай, Қызылтас, Аққарын қатарлы 17 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қарақас, Шеруші, Сарбас. 
3. Дөре ауылына Дөре, Құжырты, Шабыра, Қызылжар, Тесіпаққан, Дамба, Сойылты, Ұзақты, Ойқора, Ұялытерек, Үшкеріш қатарлы 15 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қарақас, Ителі, Меркіт, азырақ Сарбас. 
4. Күрті ауылына Далаауыз, Ашылы, Күрті, Сарбас, Жыраты, Қалбағай, Табынбелшер, Сұпты, Бұраты, Өндірқара (Оспанқара), Шүкірті қатарлы 11 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қарақас, Молқы, Ителі. 
5. Қарабұлғын ауылына Қаратас, Көктерек, Жәміке, Қарасу, Бала-Ертіс, Қалшағай, Қаражол, Жебеті, Қосқора қатарлы 9 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Қарақас. 
Ертіс өзенінің Қу-Ертістен кейінгі екінші саласы — Бала-Ертіс өзені осы ауылдың таулы аймағы арқылы ағып өтеді.
6. Қайырты ауылына Қайырты, Тұзбай, Көлаузы, Сарытерек (Ителі Сарытерегі) қатарлы 7 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Молқы, Қарақас, Ителі. 
7. Қаратүңке ауылына Қаратүңке, Орта-Арғылтай, Тастақ, Қызылқұдық, Теректі қатарлы 5 елді мекен және Мыскен кенті қарайды. 
Қаратүңкенің төңірегінің ең басты руы — Молқы, азырақ Көнсадақ. Ал, жан саны өсіп келе жатқан Мыскен кентінде Қарақас, Шеруші, Сарбас рулары жиналған. 
8. Қызылшілік ауылына Сарытоғай, Ақжар, Жанқара, Егізтөбе, Қаражігіт би, Көшесай қатарлы 6 елді мекен қарайды. 
Сарытоғай, Ақжар, Қаражігіт төңірегінің ең басты руы — Молқы, азырақ Көнсадақ. Жанқара, Егізтөбе, Көшесай төңірегінде Қарақас, Сарбас, Шеруші рулары жеткілікті. 
9. Шәкүрті кентіне Керуенсарай тұрғын алабы және Қашуын (Қызылшілік), Шошанбай, Шәкүрті деген 3 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қарақас, Сарбас, Шеруші. 
10. Көктоғай кентінің құрамына Бірлік, Мәдениет Батыс, Мәдениет Шығыс, Береке атты төрт тұрғын алабы және Тараты елді мекені кіреді. Көктоғай кенті 1959 жылға дейін аудан орталығы болған.
Ең басты руы — Жәнтекей, одан кейін Қарақас. 

Қорыта келгенде, Көктоғай ауданы қазақтарының шамамен тең жартысын Қарақас руы иелейді. Ал Молқы — 23 пайызын, Сарбас — 8 пайызын, Шеруші — 8 пайызын, Ителі — 6 пайызын құрайды. 

 

Қаба ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

Қаба ауданы — Алтай өңіріндегі ең ерте құрылған екі ауданның бірі. 1903 жылы Алтай аймағы әлі құрылмай тұрған кезде Қаба әкімшілігі құрылып, Қобдаға қарады.
1906 жылы Алтай аймағы құрылғаннан кейін, Қаба оның құрамындағы маңызды әкімшілік бірлікке айналды.
1912 жылы Алтай аймағы Алтай автономиялық өлкесі ретінде қайта құрылып, тікелей Пекиндегі Орталық үкіметке бағындырылды. Осы кезеңде Қаба ауданы Алтай автономиялық өлкесінің маңызды әкімшілік аудандарының бірі болды.
1945 жылы Қаба ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағының әкімшілік ауданы ретінде құрылды.
1947 жылы Оспан батырдың қолы бүкіл Алтай өңіріне бақылау орнатқан кезде, Қаба ауданы Алтай қазақ үкіметінің құрамындағы Қаба ауданы ретінде қарады. Кейін аудан қайтадан Шығыс Түркістан үкіметінің қарамағына өтті.
1949 жылы Қаба ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. 

Қаба ауданына 65 елді мекенді қамтитын 7 ауылдық округ пен кент қарайды. Бұл өңір тарихи тұрғыдан «Жеті Қаба» деп аталады. «Қаба» атауымен аталатын 12 өзеннің үлкен-кішісін біріктіріп, жалпы «Жеті Қаба» деп атайды. Олар:
Ағүлгін Қаба (Үлкен Қаба) — 283 км;
Қарақаба — 132 км;
Нарынқаба — 100 км;
Аққаба — 99 км;
Нарсын Қаба (Арасан Қаба, Наршын Қаба) — 52 км;
Темірқаба (Темірті Қаба);
Тұлым Қаба (Тұлымды Қаба, Үш Тұлымты);
Теректі Қаба;
Жебеті Қаба;
Мойылты Қаба;
Жаманқаба;
Шабырты Қаба. 

1. Ақши қаласы
Ақши қаласы — Қаба ауданының әкімшілік орталығы. Қала құрамына Орта Азат, Батыс Азат, Шығыс Еркін, Орта Еркін, Батыс Еркін, Құрылысшы, Байсын атты жеті тұрғын алабы және Ақши мен Кемер атты екі елді мекен кіреді.
Қалада 11 мыңнан астам қазақ тұрады. Мұндағы негізгі қазақ рулары — Шұбарайғыр, Жәдік, Жарболды және Қазыбек.
2. Көлбай ауылына Қарабұлақ, Көлбай Қарақобысы, Балта, Көлбай Қосаралы, Қарашілік, Көлбай Ақшиі, Сарытақтай, Қараөткел, Үштөбе, Қайыңдыарал қатарлы 14 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәдік. Аздаған Жарболды. 
3. Сарыбұлақ ауылына Сарыбұлақ, Үшаша, Қараүңгір, Алқабек, Білезік, Жалғызағаш, Көктоғай, Алқабек Қызылқайыңы, Жалаңаш қатарлы 13 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жарболды, Шұбарайғыр. 
4. Сарытам ауылына Сарытам, Қабырғатал, Қараой, Сарытам Ақтөбесі, Сарыөлең, Көктас, Тектұрмас қатарлы 13 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қазыбек, Есағасы, Жәдік. 
5. Жайылма ауылына Жайылма, Көлденең, Орта Қабырғатал, Қараағаш, Көксаз, Кердала, Ақтөбе, Бәйгетөбе, Шығыс Жайылма қатарлы 11 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәдік. Қалғандары Есағасы, Қазыбек, Шұбарайғыр, Жарболды. 
6. Шұбар ауылына Көксу, Қызылжар, Шұбар, Шұбар Қызылқайыңы, Айдарүйеңкі, Қосарал, Қаратал қатарлы 8 елді мекен қарайды. 
Ауылдағы негізгі ру — Шұбарайғыр. Сонымен қатар Қазыбек пен Есенбай руларының да аздаған өкілдері тұрады.
Ауылда Шұбарайғыр руының өкілдері көп болғандықтан, ауыл Шұбар атанған.
7. Теректі (Теректі Қаба) ауылына Теректі, Аққаба, Шұбаршілік, Ақбұлақ қатарлы 4 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәдік, Қазыбек, Есенбай. 

Қорыта келгенде, Қаба ауданы қазақтарының шамамен 39 пайызын Жәдік руы, 26 пайызын Шұбарайғыр руы, 17 пайызын Найманның Жарболды руы құрайды. 

 

Шіңгіл ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

1919 жылы тікелей Пекиндегі Орталық үкіметке бағынған Алтай автономиялық өлкесінің мәртебесі өзгертіліп, Алтай аймағы ретінде Шыңжаң өлкесінің қарауына берілді, ал әкімшілік орталығы Үрімжіге бағындырылды. Сол жылы Бұлғын ауданы құрылды.
1941 жылы Бұлғын ауданының атауы Шіңгіл ауданы болып өзгертілді. 1944 жылы Шіңгіл ауданы Оспан батыр құрған Алтай қазақ үкіметінің құрамындағы екі ауданның бірі ретінде қайта құрылды. 1945 жылы Шіңгіл ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағының әкімшілік ауданы ретінде құрылды.
1946 жылы Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметінен бөлініп шыққаннан кейін, Шіңгіл ауданы Алтай қазақ үкіметінің қарамағындағы Шіңгіл ауданы ретінде қалды. 1951 жылы Шіңгіл ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. 

Шіңгіл ауданына 51 елді мекенді қамтиын 8 ауылдық округ пен кент қарайды. 

1. Аудан орталығы болып табылатын Шіңгіл қаласының құрамына Бірлік, Еркін, Достық, Мәдениет Оңтүстік және Мәдениет Солтүстік атты бес тұрғын алабы, сондай-ақ Ақалаңқы елді мекені кіреді.
Қалада 11 мыңнан астам қазақ тұрады. Негізгі қазақ рулары — Молқы, Жәнтекей, Сарбас және Шеруші.
2. Арал ауылына Көлденең, Тараты, Қобы, Дөңті, Бөлек, Ласты, Қараңғытоғай, Кеңмойнақ, Тастөбе, Дабаты, Бұқпа қатарлы 14 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Молқы. 
3. Аралтөбе (Көктас) ауылына Қызылсай, Қызылшілік, Көктөбе, Аяққы Аққарын, Басқы Аққарын, Шошқатүбек, Қараөлең, Қосарал, Қараағаш, Көктас қатарлы 12 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Молқы. 
4. Ағашоба ауылына Ағашоба, Құлынтөбе, Ақжар, Шарықтас, Құмқарын қатарлы 7 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Сарбас, Шақабай. 
5. Шағанғол ауылына Жалтыртас, Жамбытас, Көкүй, Сарыбұлақ, Ботамойын, Қызылсай қатарлы 6 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Шеруші, Сарбас. 
6. Сарытоғай ауылына Сарытоғай, Қарашора, Үйтас, Сарықарын, Бестерек, Қызылүйеңкі қатарлы 6 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Шақабай. 
7. Тайкешкен кентіне Керуенсарай, Достық сынды 2 тұрғын алабы және Сарыбұлақ, Аққарын, Моншық қатарлы 4 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәнтекейдің әр тармағы. 
8. Ақдала кентіне Бейбіт, Жаңа Малшылар, Кәсіпкер сынды 3 тұрғын алабы және Ақдала елді мекені қарайды. 
Ең басты рулары — Молқы, Жәнтекей, Сарбас. 
9. Шіңгіл ауданының аумағында орналасқанымен, әкімшілік жағынан оңтүстіктегі Санжы облысының Шонжы ауданына бағынатын, 4,5 мыңнан астам қазақ тұратын Бәйтік мал фермасының құрамына Бәйтік, Малшылық-1, Малшылық-2, Малшылық-3 қатарлы 6 елді мекен кіреді. 
Ең басты руы — Қарақас. 

Қорыта келгенде, Шіңгіл ауданы қазақтарының шамамен 45 пайызын Молқы руы, 29 пайызын Жәнтекей руы (Шақабай тармағы — Жәнтекейлердің 62 пайызын), 12 пайызын Сарбас руы құрайды. 

 

Буыршын ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

1912 жылы Алтай аймағы Алтай автономиялы өлкесі ретінде қайта құрылып, тікелей Пекиндегі Орталық үкіметке бағындырылды. Сол жылы Алтай автономиялық өлкесінің құрамындағы Буыршын ауданы құрылды.
1919 жылы Алтай автономиялық өлкесінің мәртебесі өзгертіліп, Алтай аймағы ретінде Шыңжаң өлкесінің қарауына берілді және әкімшілік орталығы Үрімжіге бағындырылды. Осы кезеңде Буыршын ауданы Алтай аймағының маңызды әкімшілік аудандарының бірі болды.
1945 жылы Буыршын ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағының әкімшілік ауданы ретінде қайта құрылды. 1947 жылы Оспан батырдың қолы бүкіл Алтай өңіріне бақылау орнатқан кезде, Буыршын ауданы Алтай қазақ үкіметінің қарамағындағы Буыршын ауданы ретінде басқарылды. Кейін аудан қайтадан Шығыс Түркістан үкіметінің қарамағына өтті.
1949 жылы Буыршын ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. 

Буыршын ауданына 74 елді мекенді қамтиын 7 ауылдық округ пен кент қарайды. 

1. Аудан орталығы болып табылатын Буыршын қаласының құрамына Буыршын, Қосөзен, Ертіс, Бояукеріш, Перікөлі, Жетісу және Мұзтау атты жеті тұрғын алабы, сондай-ақ бір елді мекен кіреді.
Қалада 9 мыңнан астам қазақ тұрады. Негізгі қазақ рулары — Жәдік, Жәнтекей, Шеруші және Найман.
2. Оймақы ауылына Еламан, Мұңайтпас, Қызылқабақ, Жалғызтал, Қатай, Шаңтүбек, Тоқымты, Ақтүбек, Көпбала, Шарбақөткел, Қақ, Алтыбай, Ақбұлғын, Ақжар, Киікбай, Оймақы, Қаракөл, Егізтөбе, Ой Көкпек, Ақбейт, Қаражал, Түңке қатарлы 23 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәдік (Құланбай, Жақа, Жантай, Жарасбай, Баян, Байқазан), Найман, Ботақара. 
3. Шұңқыр ауылына Қаракемер, Қарабұлақ, Қызылтас, Көкбай, Ақайрық, Құмтоған, Ақши, Көктерек, Шұңқыр, Бортөбе, Шұбартобылғы, Қызылқайың, Бұланай қатарлы 17 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Шеруші, Секел, Тайлақ. 
4. Дулайты (Қоянды) ауылына Дулайты, Ақтам, Сарытерек, Ертіс, Қаратал, Бестерек қатарлы 12 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Жәдік (Байқара, Баян). 
5. Қостық ауылына Қостық, Көкдала, Қостоған, Қарадөң, Қызылүйеңкі, Ақтерек, Сарықұм, Шығыс Тоған, Жиделі, Жетіағаш қатарлы 10 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәдік (Байқара, Баян), Ботақара, Есағасы. 
6. Егізтөбе ауылына Топтерек, Қызылжар, Қызылтоғай, Қосарал, Егізтөбе, Жиделі, Қараағаш қатарлы 9 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жәдік (Құланбай, Жарасбай, Байқазан), Құлтайболат, Найман (Қаратай, Төртуыл), Қазыбек, Тасбике. 
7. Қом-Қанас ауылына Қом, Қанас деген 2 елді мекен қарайды. 
Ең басты руы — Найман (Қаратай). 250 үй қазақ тұрады. 

Қорыта келгенде, Буыршын ауданы қазақтарының шамамен 52 пайызын Жәдік руы, 22 пайызын Жәнтекей руы, 15 пайызын Шеруші руы құрайды. 

 

Бурылтоғай ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

1762 жылдан бастап Алтай өңірі Қобда аймағының қарамағында боллы. 1867 жылы Алтай өңірі Бурылтоғай аймағы ретінде құрылып, дербес әкімшілік аймақ ретінде қалыптаса бастады. Алайда екі жылдан кейін Бурылтоғай аймағы таратылып, қайтадан Қобда аймағының қарамағына берілді. 1903 жылы Қобда аймағына қарасты Бурылтоғай ауданы құрылды.
1906 жылы Алтай аймағы құрылған кезде, Бурылтоғай Алтай аймағының құрамындағы әкімшілік бірлік ретінде қарастырылды. 1912 жылы Алтай аймағы Алтай автономиялық өлкесі ретінде қайта құрылып, тікелей Пекиндегі Орталық үкіметке бағындырылған кезде, Бурылтоғай ауданы Алтай автономиялы өлкесінің маңызды әкімшілік аудандарының біріне айналды.
1945 жылы Бурылтоғай ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағының әкімшілік ауданы ретінде қайта құрылды. 1946 жылы Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметінен бөлініп шыққаннан кейін, Бурылтоғай ауданы оның билігіндегі Алтай қазақ үкіметінің қарамағындағы Бурылтоғай ауданы ретінде басқарылды. 1947 жылдың соңында аудан қайтадан Шығыс Түркістан үкіметінің қарамағына өтті. 1949 жылы Бурылтоғай ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. 

Бурылтоғай ауданына 63 елді мекенді қамтитын 6 ауылдық округ пен кент қарайды. Аудан орталығы Үліңгір көлінің жазық атырабына орналасқандықтан, бұл өңір бұрын «Жалпақ» атанған. 

1. Бурылтоғай (Жалпақ) қаласы — ауданның әкімшілік орталығы. Қалаға Халық, Бейбіт, Батыс Қала, Шығыс Қала, Жылыкөл, Құрылыс, Айналма және Қылы атты 8 тұрғын алабы қарайды.
Қалада 7,5 мыңнан астам қазақ тұрады. Негізгі қазақ рулары — Қыстаубай, Ителі, Қазыбек, Меркіт, Бура және Уақ.
2. Жетіарал ауылына Көне Көмей, Көктерек, Тошалаүй, Жалпақ,, Қаратақыр, Бозтал, Алға, Жетіарал, Сарықұм, Қаратеріскен, Сарытақтай, Ботамойын қатарлы 18 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Ителі, Қазыбек. 
3. Қарамағай ауылына Сарытал, Қызылүйеңкі, Таңбалы, Ақкеріш, Бестерек, Келтекей, Қарабұйра, Қарақойын, Дөрбілжін, Ақарал, Сарықұм, Жиделі, Ойқора, Қарасу, Қараөткел қатарлы 17 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қыстаубай, Уақ. 
4. Көкағаш (Мәйек) ауылына Көпберген, Сарықамыс, Бесікбай, Көкағаш, Есікқұм, Қаратақыр, Көпқора, Көкжорға, Шұбарой, Дүзгенді, Шиліқарын қатарлы 14 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Меркіт, Қыстаубай. 
5. Шығанжиде (Үшбұлақ) ауылына Жалаңаш, Шығанжиде, Қызылүйеңкі, Қызылкеріш, Ақарал, Бөлектөбе, Астауша қатарлы 8 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қыстаубай, Жастабан, Қарақас, Елшібай, Уақ, Бура. 
6. Арда, Ақжыра қатарлы 6 елді мекенді қамтиын, қазағы аз, қытай ауыл есептелетін Арда ауылын арнайы атамадық. 

Қорыта келгенде, Бурылтоғай ауданы қазақтарының шамамен 28 пайызын Қыстаубай руы, 16 пайызын Ителі руы, 13 пайызын Уақ руы, 12 пайызын Меркіт руы, 11 пайызын Қазыбек руы құрайды. 

 

Жеменей ауданының қысқаша тарихы мен әкімшілік құрылымы 

1912 жылы Алтай аймағы Алтай автономиялық өлкесі ретінде қайта құрылып, тікелей Пекиндегі Орталық үкіметке бағындырылды. 1916 жылы Сауыр тауының күнгей бетінде Алтай автономиялық өлкесіне қарасты Жеменей ауданы құрылды.
1919 жылы Алтай автономиялық өлкесінің мәртебесі өзгертіліп, Алтай аймағы ретінде Шыңжаң өлкесінің қарауына берілді және әкімшілік орталығы Үрімжіге бағындырылды. Осы кезеңде Жеменей ауданы Алтай аймағының маңызды әкімшілік аудандарының бірі болды. Алайда қазақтар аудан атауы ретінде «Сауыр» атауын ұзақ уақыт бойы қолданып келді.
1945 жылы Жеменей ауданы Шығыс Түркістан Республикасы құрамындағы Алтай аймағының әкімшілік ауданы ретінде қайта құрылды. 1947 жылы Оспан батырдың қолы бүкіл Алтай өңіріне бақылау орнатқан кезде, Жеменей ауданы Алтай қазақ үкіметінің қарамағындағы Жеменей ауданы ретінде басқарылды. Кейін аудан қайтадан Шығыс Түркістан үкіметінің қарамағына өтті.
1949 жылы Жеменей ауданы Қытай Халық Республикасының құрамындағы әкімшілік аудан ретінде қайта құрылды. 1962 жылы аудан орталығы Жеменей кентінен Топтерекке көшірілді. 

Жеменей ауданына 41 елді мекенді қамтитын 7 ауылдық округ пен кент қарайды. Аудан Сауыр тауының Мұзтау бөктеріне орналасқандықтан, бұл өңір халық аузында «Сауыр», кейде «Құлын-Сауыр» деп аталуын жалғастыра берді. 

1. Топтерек қаласы — ауданның әкімшілік орталығы. Қалаға Өркениет, Құрылыс, Бірлік және Халық атты 4 тұрғын алабы қарайды.
Қалада 8 мыңға жуық қазақ тұрады. Негізгі қазақ рулары — Меркіт, Қазыбек, Жастабан және Есағасы.
Топтерек 1962 жылдан бері Жеменей ауданының әкімшілік орталығы болып келеді.
2. Ласты (Топтерек) ауылына Шаңдыжұрт, Аршалы, Байкүшік, Ақжар, Сарытам, Қызылжар, Ласты, Батпақбұлақ, Бөріктал қатарлы 14 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Меркіт, азырақ Ботақара. 
3. Тосты ауылына Тасты, Аққолтық, Жаңатоған, Тосты, Базарқұл, Қойтас, Сынтас, Қарашоқы, Аққолтық қатарлы 8 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Қазыбек, Меркіт, Төре, Қожа. 
4. Қаржау ауылына Қаражыра, Көкқора, Қаржау, Бұрқыстай, Қызылқора, Сапақ, Сарыбұлақ қатарлы 7 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Есағасы, Жәдік. 
5. Жеменей (Беларық) кенті — Беларық, Шарықты, Сарыөлең, Қызыладыр және Топан атты 5 елді мекенді қамтиды. 
Кенттегі негізгі қазақ рулары — Жастабан мен Ителі. Сонымен қатар Найманның Төртуыл және Сарыжомарт тармақтары, сондай-ақ Меркіт руларының өкілдері тұрады.
Жеменей кенті 1962 жылға дейін 48 жыл бойы Жеменей ауданының орталығы қызметін атқарды. 
6. Бестерек (Ошарбай) ауылына Ошарбай, Сарыағын, Жалғызқарағай қатарлы 4 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Меркіт, Қазыбек, Жастабан. 
7. Шалшықай (Ақмырза) ауылына Шалшықай, Ақмырза қатарлы 3 елді мекен қарайды. 
Ең басты рулары — Жастабан, Самырат, Ителі. 

Қорыта келгенде, Жеменей ауданы қазақтарының шамамен 35 пайызын Меркіт руы, 33 пайызын Жәнтекей руы (Қазыбек тармағы — Жәнтекейлердің 48 пайызын, Есағасы тармағы — 44 пайызын), 14 пайызын Жастабан руы құрайды. 

Жинақтай келгенде, 8 қала, 51 ауылдық округ пен кент, 490 елді мекеннен тұратын Алтай аймағындағы қазақтардың рулық құрамын зерттеу нәтижесінде Жәнтекей руының тармақтары 216 мыңнан асып, өңірдегі қазақтардың шамамен 38 пайызын құрайтыны анықталды.
Жәнтекейден кейінгі екінші орында — 71,5 мыңға жуық адамды құрайтын Жәдік руы, оның үлесі шамамен 12,5 пайыз. Үшінші орында — 66,5 мыңға жуық адаммен Қарақас руы (12 пайыз), төртінші орында — 65,5 мыңға жуық адаммен Молқы руы (11,5 пайыз).
Шеруші руының саны 25 мыңнан (4,5 пайыз), Ителі руы 23 мыңнан (4 пайыз), Шұбарайғыр руы 21,5 мыңнан (3,8 пайыз), Меркіт руы 21 мыңнан (3,7 пайыз), Сарбас руы 19 мыңнан (3,3 пайыз), Жарболды руы 14 мыңнан (2,5 пайыз) асады. 

 

Көкбөрі Мүбарак, зерттеуші

Бөлісу